Мәжіліс депутаты: Кенесары ханның сүйегін елге қайтаратын кез жетті

12690

«Әділетті Қазақстан үшін Кенесары ханның сүйегін және мылтығын Қазақстанға қайтаратын кез жетті» деп есептейді ҚР парламент мәжілісінің депутаттары, «Amanat» фракциясының мүшелері Бақытбек Смағұл және Ләззат Рамазанова

Кенесары ханға ескерткіш, Астана қаласы
Кенесары ханға ескерткіш, Астана қаласы
ФОТО: © Depositphotos/photographer-20

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың атына жолдаған депутаттық сауалында олар: «Қазақтың соңғы ханының сүйегін елге қайтарып, Астанадағы Ұлттық пантеонда жерлеу керек» деген ұсыныс жасады.

«Жошы ханның ұрпағы, атақты Абылай ханның немересі Кенесары Қасымұлының туғанына 220 жыл толды. Ол қазақтың үш жүзінің Ұлы ханы, батыр, көрнекті мемлекет қайраткері. 1837–1847 жылдардағы Кенесары бастаған ұлт-азаттық қозғалыс – қазақтардың отаршылдыққа қарсы бағытталған жаппай бұқаралық және ұзаққа созылған көтерілістерінің бірі. Оны патша үкіметі де жеңе алмады», - деп жазады депутат Бақытбек Смағұл өз ұсынысында.

Ол, сондай-ақ Кенесары ханға «патша әкімшілігінің өкілдері де құрметпен қарап, оны «Қазақ даласының Митридаты», «ержүрек батыр» деп атаған» деп қосады.

Мәжіліс депутаты, қазіргі уақытта Кенесары ханның бас сүйегі мен оның мылтығы Мәскеуде этнографиялық мұражайда уақытша сақтауда тұр деп көрсетеді: «2021 жылы географиялық қоғам ұйымдастырып, Қазақстаннан арнайы барған комиссия және мамандар Ұлы ханның бас сүйегі мен мылтығын сәйкестендіру жұмыстарымен айналысты. Тарихи, антропологиялық, мұражайлық және мұрағаттық зерттеулер кешенінің қорытындысында мылтықтың ханға 100% тиесілі екені, ал бас сүйек Кенесарының бас сүйегі екені анықталды (сәйкестік 90%-дан жоғары)».

Премьердің атына жолдаған сауалында мәжіліс депутаттары, биыл «Кенесары ханның туғанына 220 жыл», ал «Ұлы ханымыз бастаған көтеріліске 185 жыл толады» дегенді еске салып, үкімет басшысынан –  «тарихи әділдікті қалпына келтіру мақсатында» Кенесары ханның сүйегі мен мылтығын Ресейден Қазақстанға қайтаруға қолдау көрсетуді сұрайды.

«Хан сүйегін Астанадағы Ұлттық пантеонда жерлеуді, ал мылтықты Ұлттық мұражайға тапсыруды ұсынамын. Бұл шара ел рухының  асқақтауына, отаншылдықтың күшеюіне және ел астанасындағы  туризмнің дамуына ықпал етері сөзсіз», - деп жазады мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл премьердің атына жолдаған депутаттық сауалында.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить