Мемлекеттік үлестің артқанын қаламаймын

4373

Пандемия білім саласына қандай өзгеріс әкелді? Онлайн білім берудің болашағы қандай? IT саласы неге қазақша «сөйлемейді»? Осы сұрақтарға Bugin.Holding директоры Айбек Қуатбай жауап берді

Bugin.Holding директоры Айбек Қуатбай
ФОТО: © Данияр Асылбек
Bugin.Holding директоры Айбек Қуатбай

– Былтыр карантин басталып, мектеп онлайнға көшкенде, салаға жауапты ведомство да, мұғалім де, ата-ана да, оқушы да жаңа жүйеге дайын болмай шықты. Сіздер көмекке келіп, Daryn.Online барлық оқушы үшін тегін болды. Бұл шешім өзін ақтады ма?

– Бұл оқиға былтыр наурыз айында болған еді. Одан бері бір жарым жыл уақыт өтіпті. Әрине, ол шешім өзін-өзі толық ақтады. Онлайн бизнесте әр оқушыны тарту, яғни жарнама жасап, тіркелудің құны 1000 теңге. Бізге қазір 3,8 млн адам тіркелген. Платформаға тегін тіркегеннің арқасында пиарға жұмсайтын 3,8 млрд теңге үнемделіп, ол қаржы басқа жобалардың көтерілуіне септігін тигізді.

Біз жұмысымызды пандемиядан алты ай бұрын бастағанбыз. Әлемді дүрліктірген бұл індеттің болатынын білген де, сезген де жоқпыз. Мектеп бағдарламасының 60 пайызын бердік. Карантин басталған кезде 16 күннің ішінде 3 айдың жұмысын істедік. Төртінші тоқсанның бағдарламасын түгелдей түсіріп, дайындап үлгердік. Төртінші тоқсан біткенше, қалған бағдарламаны түсіріп, жазда сапасын арттырумен айналыстық.

Бір қызығы, бұл он минуттың ішінде қабылданған шешім еді. «Forbes» журналының «30 under 30» тізіміне енуіме осы жобаның бірден көтерілгені әсер етті.

– Пандемия басталғалы бері Daryn.online платформасының ауқымы қаншалықты өсті? Қаржы айналымы артты ма?

– Пандемияға дейін бізде 15-ке жуық адам жұмыс істейтін. Қазір Daryn.online-ның бас кеңсесінде 60-тан астам, бөлімшелерінде 200-дей қызметкеріміз бар. Адам саны он есе көбейіп, бүкіл холдингтің табысы 40 есе өсті.

– Былтыр сіздің бизнесіңіздің айналымы 1,7 млрд теңгеге жеткен. Оның 70 пайызы Daryn.online платформасынан түсті. Бұл шамамен 1,2 млрд теңге. Платформа табысының негізгі бөлігі қайдан келеді? Министрліктің тапсырысы ма, әлде жеке тұлғалардың сатып алған курстарынан түсе ме? Әрқайсысының үлес салмағы қандай?

– Қазір біз В2С, В2G деген форматта жұмыс істейміз. В2В форматын да қосуға ниеттеніп отырмыз. Мысалы, «Сөйлеу өнері» туралы курсты барлық банктердің менеджерлеріне, колл-центр қызметкерлеріне өткізуді ойластырып жатырмыз. Бұл жаңа өнім. Негізгі табыстың 80 пайызы жеке тұлғаларға жазылым сатудан, 20 пайызы мемлекеттік тапсырыстан түседі. Осы ара-қатынасты ұстап қалғымыз келеді. Мемлекеттік үлес 20 пайыздан өскенін қаламаймын. Біз өз тарапымыздан мемлекеттік тапсырысқа тоқтау бере алмаймыз, ал мемлекеттік тапсырыс келген сайын бізде жаңа мақсат пайда болады.

– Курстардың баға диапазоны қандай?

– Баға 900 теңгеден басталып, 169 мыңға дейін жетеді. Орташа баға 40 мың теңгенің төңірегінде. Өңірлерге байланысты баға өзгеріп отырады. Ауылды жерлерде орташа баға айына 10 мың теңге. Демек, Қазақстанда орташа жалақы 100–150 мың теңге болса, әр адам табысының 10 пайызын білімге жұмсауға дайын.

– Сіздің өнімдеріңіз негізінен қазақ тілді аудиторияға бағытталған. Платформаның интерфейсі жүз пайыз қазақша, контент те толық қазақ тілінде ме?

– Контенттің шамамен 90%-ы қазақ тілінде, 10%-ы пайызы орыс тілінде. Назарбаев зияткерлік мектебі мен Білім инновациялық лицейлеріне дайындық курстары орыс тілінде жасалған. Сондай-ақ Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық курстары бар. Қалғанының бәрі қазақша.

– Пандемия басталғалы білім және ғылым министрлігімен бірлесіп жұмыс істеп келесіздер. Мемлекеттік тапсырыс платформаның дамуына қаншалықты ықпал етті?

– Біз келесі жылы айына 1 млрд теңге табысқа шықсақ деп армандап, жоспар құрып отырмыз. Егер біз мемлекеттік тапсырыстың 70 пайызына шыға алсақ, ол жоспар орындалуы мүмкін.

Жалпы алғанда, білім беру платформалары саласындағы мемлекеттік тапсырыстың сомасы 2 млрд теңге. Яғни бүкіл мектептердегі онлайн білім беретін платформаға осынша қаржы бөлінеді. Қазір біз сол нарықтың 20–30 пайызын алып отырмыз. Бұл біздегі табыстың 20 пайызын береді. Қалғаны біздің бәсекелестердің үлесінде.

ФОТО: © Данияр Асылбек

Мемлекеттік тапсырыстағы үлесімізді де, жеке тұлғаларға сатуды да көбейтіп, екеуін тең ұстап отырмыз. Бұдан не ұтамыз? Мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істеп отырған мектептерде жарнама болады. Сыйлық береміз, семинар, зум-конференциялар өткіземіз. Есесіне олар біздің платформаны күнде көреді. Сонымен қатар мектеп бағдарламасына кірмейтін, мәселен, журналистика, қаржы саласы бойынша курстарымыз бар. Оны сату оңай. Себебі тұтынушылар платформаға күнде кіріп, қолданып жүр. Оларға тіпті мобильді телефонға push жіберудің өзі жеңіл. Сондықтан мемлекеттік тапсырыстағы біздің үлесіміз ұлғайған сайын, басқа курстарымыздың табысы да ұлғая береді.

– Сіз салаға бөлінетін мемлекеттік тапсырыстың 70 пайызын алуға ниеттіміз деп қалдыңыз. Бұл саланы монополиялап алып, әділ бәсекелестікке кедергі келтіру емес пе?

– Сұрағыңыз орынды. 25 пайыздан асса монополия дейді. Қазір біздің бір ғана бәсекелесіміз бар. Ол – Bilim Media Group, 70 пайызды сол компания алып отыр. Ол жұмысын 8 жыл бұрын бастаған, біз секілді жекеменшік платформа. Тек мемлекетпен жұмыс істеген. Ал біз тікелей халықпен біргеміз. Кез келген мұғалімнен сұрасаңыз, олар Daryn.online-ды біледі және жақсы көреді. Ал мектеп директорлары Bilim Media Group компаниясының қолданушылары. Олар бұған дейін мемлекеттік тапсырыстың 100 пайызын алып отырған.

– Мектептердің қайта ашылып, балалардың партаға оралуы сіздің платформаңыздың кірісін азайтпай ма?

– Жоғарыда айтқан компания пандемия жоқ кезде де сол 2 млрд теңгені игеріп отырды. Сәйкесінше, пандемияға дейін болған бизнес жұмысын жалғастыра береді. Пандемия аяқталса да, бұл оқу жүйесі мектептерге көбірек керек. Өткенде министр (Асхат Аймағамбетов – авт.) жиналыс жасап, облыстық білім басқармаларын онлайн платформалармен жұмыс істеуді жалғастыруға шақырды. Не үшін? Ауырып қалған немесе басқа да себеппен мектепке бармаған бала сабақты үйде оқи береді. Жалпы, қосымша білім алғысы келетіндердің бәрі онлайн білім ала алады. Егер мұғалім дұрыс түсіндіре алмаса, бала онлайн платформаны ашып, түсініп алады.

– Ауыл-аймақтағы мектептермен байланыстарыңыз қай деңгейде? Пандемия кезінде онлайн оқудың зардабын ауылдағы оқушылар көрді. Интернет пен компьютердің жетпеуі бөлек әңгіме. Әлеуметтік проблема тағы бар. Ауыл мектептеріне жеңілдік қарастырылған ба?

– Біз мүмкіндігі шектеулі жандарға өнімдерімізді тегін береміз. Жартылай жетімдерге – 20%, жетім балаларға тегін беріледі. Көп балалы отбасыларға 30% жеңілдік жасалады. Әуел бастағы принципіміз осындай. Ауылдағы жеткіншектерге бонус ретінде қосымша курстар бар. Мысалы, ауылдың балалары ҰБТ-ға дайындалады, бірақ ағылшын тіліне мән бермейді. Оларға ағылшын тілі курстары тегін беріледі. Сондай-ақ ауыл-аймақтарға тегін кітап таратуды қолға алдық. Бұл ауылдағы балаларды қолдап, дарынды балалардың суырылып алға шығуы үшін жасалған жағдай. Одан бөлек, «Орда жолы» деген миссиямыз бар. Біздің әріптестеріміз Нұр-Сұлтан қаласынан шығып, Қазақстанның өңір-өңірлерін, бүкіл мектептерді аралайды. Жақсы оқитын балаларға кітап, т.б. оқуға керек-жарақты сыйлайды. Мұны дәстүрге айналдырып, қыркүйек айының басында Білім күні қарсаңында қайталап отырамыз. Кейде балалар «сабақ тағы басталды» деп қиналып жатады. Біз осы экспедиция арқылы Білім күнін мейрамға айналдырғымыз келеді.

Тағы бір жобамыз – бук-тректі қолға алғалы жатырмыз. Бұл ауыл-ауылды аралайтын кітап сататын көлік-дүкен.

ФОТО: © Данияр Асылбек

– Болашақта «егер оқушы қаламаса мектепке бармай-ақ Daryn.Online оқып, аттестат алу мүмкіндігін қарастырып жатырмыз» деген едіңіз. Сіздің ойыңызша, мектептегі сапалы білім онлайн оқығанда ақсап қалмай ма? Мамандарыңыз бұл үдеден қаншалықты шыға алады, оқушылардың сенімін ақтай ала ма?

– Білім бағдарламасын тұтасымен онлайнға көшіру мүмкін емес. Біздің менталитет басқа, бұл жерде қоғамның дайындығын ескеру керек. ҰБТ онлайн өтіп жатқанын білесіздер. Алғашқы жылдарға қарағанда сапасы артты, заң бұзғандар күн өткен сайын көбейіп, анықталып жатыр дейміз. Ал шындығында, оның сапасы артқан жоқ, тек бұрынғы көзге көрінбей келген өзекті мәселелерді нақтылап, көрсетіп берді. Сондықтан онлайн білімнің сапасын арттыру үшін алдымен қадағалау құралдарын жетілдіру керек. Мысалы, телефон не компьютердің алдыңғы камерасының көмегімен бақылауға болады. Бірақ бұл заң бойынша адамның еркіндігін шектеуі мүмкін.

Қазір ведомстволық мекемелер заң жобасын әзірлеп жатыр. Яғни қашықтан оқыту заңдастырылады. Сол заң бойынша, онлайн мектептер лицензия алып, сабақ бере алады. Емтихан кезінде офлайн қабылдау мүмкіндігі болуы керек деген талап бар. Логикалық тұрғыдан алғанда, әрине, бұл дұрыс. Біздің қоғамның менталитетіне қарап, дәл қазіргі жағдайда толықтай академиялық адалдыққа сенбейміз. Жалпы, онлайн жүйелер арқылы білімнің сапасы артады. Оқитын бала онлайн-офлайн дегенге қарамайды, оқиды. Бір мысал келтірейін, алғаш рет кинолента пайда болғанда, театр өкілдері бұл уақытша құбылыс, киноның ғұмыры қысқа деген екен. Қазір керісінше. Театрдан гөрі киноға жиі барамыз. Осы мысалға салсақ, дәстүрлі білімді – театрға, онлайн білімді – киноға теңеуші едім. Дәстүрлі білім жақсы, бірақ онлайн білім даму жағынан дес бермейтін болады. Әрине, адами қарым-қатынастың орнын баса алмайтыны сөзсіз. Менің ойымша, мектептерде осы қасиеттерді дамытатын өнер, музыка, дене шынықтыру секілді сабақтар дәстүрлі форматта қалатын шығар.

– Онлайн білім беретін платформалар ойын форматына көшіп жатыр. Себебі бұл өнімге сұраныс жоғары. Мысалы, АҚШ-тағы Kahoot платформасын әрбір екінші америкалық оқушы қолданады екен. Кей елдерде гейминг компаниялар EdTech бірігіп, гибридті стартаптар құруда. Сіз осы бағытта жұмыс істеуге дайынсыз ба? Бұған қанша шығын кетуі мүмкін?

– Бұл бағытты қазір edutainment деп атап жүрміз. Бұл education (білім) және entertainment (ойын-сауық) деген сөздердің қосындысы. Бұған бірінші кірісіп кеткен Қытай, Kahoot кейін келді. Қытай WeeChat желісі арқылы бастады. Бұл бағытты мен қолдаймын. Балаларға мұғалімді тыңдату үшін смартфон мен интернетті өшіріп тастап, ақпараттық вакуум жасауымыз керек. Бұл демократиялық ашық қоғамда мүмкін емес. Менің ойымша, бұл тренд тек ойындарда ғана емес, TikTok форматтағы сабақтар өтімдірек. Болашақта онлайн-білім беру кино сияқты болуы мүмкін. Сол кезде адам сабақ оқып отырмын деп ойламайды. Мен көңіл көтеріп отырып, білім алып отырмын деген ойда болады. Қазақстанда дамытуға келсек, қазір мәселе қаржыда емес. Маман жоқ. Қазақ тілді, қазақ тілінің құндылықтарын түсінетін, балалардың қажеттілігін ұғатын маман жоқ. Бар болған күннің өзінде орыс тілді.

– Сіздің кәсібіңіздің тағы бір ерекшелігі бизнес-процестердің бәрі қазақ тілінде жүреді. Осылайша, IT-саласын қазақша «сөйлетуге» болатынын дәлелдедіңіз. Десе де, бұл саланы әлі қазақша сөйлете алмай келеміз. Себеп неде деп ойлайсыз?

– Бұл жерде мәселе тереңде. Қазақша ойлайтын қоғам қай салаға жақын болды және қай жақтың өкілдері? Осы сұраққа жауап беріп алайық. Қазақ тілді мамандар негізінен ауылдан шығады. Ауылда ІТ, жаңа технологиялар туралы ақпарат аз болғандықтан, олар өздері білетін мамандықты таңдайды. Бұған кәсіби бағдар берудің жоқтығы да себеп. Осы ретте біз бір нәрсені мойындауымыз керек, ауылдың білімі қаладағы білімнен төмен. Бірақ бұл ауыл баласының потенциалы қала баласынан төмен дегенді білдірмейді. Ауыл баласының назары бұзылмайды, сондықтан олардың кез келген саланы жарып шығатын әлеуеті бар. Өкінішке қарай, қазір ІТ-ге келетін қазақ балалары өте аз. Біз қазір «қазақша түс көретін» ІТ-мамандарын жан-жақтан жинап жатырмыз. Мүмкін, осы ауыр жүк біздің мойнымызда тұрған шығар.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить