Мемлекеттің әлеуметтік шығындары 10%-ға өскен

14232

Бұл тұрғыда жергілікті бюджеттердің шығындары бір жылда 12,6%-ға өскен, яғни 326,1 млрд теңгеге дейін

ФОТО: © Depositphotos/Valeriy_Golovin

Мемлекеттік бюджеттен бөлінетін әлеуметтік көмек және әлеуметтік қамтамасыз ету шығындары бір жылда 10%-ға, жергілікті бюджеттердің шығындары 13%-ға өсті, деп хабарлайды Finprom.kz.

Сарапшы қауым алға тартқан деректерге сай, 2022 жылдың қаңтары мен қыркүйегі аралығында мемлекеттік бюджеттің әлеуметтік көмек және әлеуметтік қамтамасыз ету тармағына қатысты шығындары 3,3 трлн теңгеге жеткен, алдыңғы жылмен салыстырғанда бұл 10,2% жоғары көрсеткіш (2021 жылы – 3 трлн теңге).

Finprom.kz мәліметінше, республика бойынша әлеуметтік көмек және әлеуметтік қамтамасыз ету тұрғысында бюджеттен мейлінше көбірек шығын шыққан өңір Түркістан облысы – 36,7 млрд теңге: 2021 жылмен салыстырғанда 6,2%-ға жоғары.

Бұдан кейінгі орындарда Алматы қаласы (28 млрд теңге) мен Шығыс Қазақстан облысы тұр (24,9 млрд теңге). Шығын көрсеткіші мейлінше төмен өңірлер қатарында жаңадан құрылған Ұлытау және Абай облыстары және Атырау облысы бар.

Отандық сарапшылар мәлім еткен деректерге сай, 2022 жылдың үшінші тоқсанында республика бойынша жас шамасы бойынша зейнетақы төлемдері 9,5%-ға өскен (74,2 мың теңгеге дейін). Сондай-ақ, мемлекеттік орташа базалық зейнетақы төлемі 8,7%-ға (33,7 мың теңгеге дейін), орташа мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы 9,2%-ға (50,9 мың теңгеге дейін), мемлекеттік арнайы жәрдемақы 9,3%-ға (8,4 мың теңгеге дейін) өскен.

Сол сияқты, мемлекеттік тұрғын үй көмегінің орташа мөлшері 5,6%-ға төмендеген (7,2 мың теңгеге дейін). Ал мемлекет тарапынан берілетін атаулы әлеуметтік көмек қаңтардан қазанға дейінгі аралықтың қорытындысы бойынша 19,2%-ға ұлғайған (6,7 мың теңгеге дейін).

Finprom.kz мәліметінше, елімізде жасына қарай зейнетақы алатындар мен мемлекеттік базалық зейнетақы алатындардың, сондай-ақ мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылардың қатары азайған. Сонымен қатар, мемлекеттің арнайы жәрдемақысын, мемлекеттік тұрғын үй көмегін және мемлекеттің атаулы әлеуметтік көмегін алатындар саны да азая түскен.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить