Мектеп ашу – үлкен жауапкершілік

Қазақстандағы ең дәулетті және ең беделді кәсіпкердің бірі не үшін инновациялық мектеп ашып, білімге инвестиция салып жатыр?

Берік Сералыұлы
ФОТО: © Данияр Асылбек
Берік Сералыұлы

– Берік Сералыұлы, карантин кезінде үлкен өзгеріске түскен, көп сыналған сала – білім беру саласы. Бірақ биыл тікелей сіздің қатысуыңызбен жаңа мектептің ашылуы болды. Ол не үшін керек? Еліміздегі ең проблемалы саланың біріне неге осынша қаржы салып жатырсыз?

– Білім беру – қоғамды дамытушы негізгі элементтердің бірі. Бірақ бүгін елімізде жақсы, сапалы білімнің тапшы екенін көріп отырмыз. Сондықтан білім беру процесінің қатысушысы болуымыз керек деген шешім қабылдадық.

Мен Республикалық физика-математика мектебінің Директорлар кеңесін басқарамын, яғни білім беру саласына менің де қатысым бар. Қазақстанға сапалы білімнің қаншалықты қажет екенін және бұл мәселенің өзекті екенін бақылап жүрмін. Мемлекеттік мектептер әлі де жетіспейді, сол сияқты қоғамға сапалы білім беретін жекеменшік орталықтар да жетіспейді. Иә, физика-математика мектептері, Назарбаев зияткерлік мектебі, халықаралық жүйеде таралған қазақ-түрік лицейлері бар. Бірақ Қазақстанның барлық жерін қамтитын жекеменшік мектептер жүйесі жоқ. Сондықтан, досым Айдын Рақымбаев екеуміз Гарвардта оқып жүріп, Quantum STEM School мектебін ашу туралы жоспар құрдық. Оның барлық елге таралған үш тілде сапалы білім беретін STEM (Science Technology Engineering Mathematics – ред.) бағдарламасы бар. Бұл жекеменшік STEM бағдарламасы бар алғашқы мектеп. Оны бітірген соң оқушыларымыз әлемнің алдыңғы қатарлы университеттеріне түсуге дайын деуге болады. Яғни, ең алдымен білім берудің тапшылығы себеп болды. Сондай-ақ қазір елдегі демография қарқынды өсіп келеді, халықтың әлеуметтік жағдайы да жақсарды. Енді қоғамға бағасы мен сапасы, стандарттары бір-біріне сай келетін өнімдер керек.

Осы себептерді ескере отырып, биыл астанамыздан Quantum STEM School мектебін аштық. Стратегиялық даму жоспарына сәйкес, келесі жылы Алматыдан ашылатын болады. Ол халықаралық Quantum International мектебі, кейінірек қалада жеке STEM School мектебі ашылады. Бұдан әрі бұл мектеп Қазақстанның барлық жерінде ашылады деп жоспарлануда.

– Пандемия кезінде жекеменшік мектептер Білім министрлігінен офлайн режимге өтуді өтінген еді. Жекеменшік мектептердің өкілдері мектепті жабуға тура келетінін, 40%-ға жуық қызметкерлердің жұмыссыз қалатынын айтты. Карантиннен қалай өттіңіздер, онлайн оқу қалай болды?

– Онлайн оқу біз үшін аса қиынға түскен жоқ. Онлайн оқуға біз әлдеқайда дайын болдық, себебі оған дейін-ақ РФММ-де көптеген онлайн-платформалар жасалған еді, карантинде біз соларды қолдандық. Оқу процесін ұйымдастырумен қиындықтар болып жатқанда, біз бұл істі дұрыс жолға қоя білдік. Әрине, карантин басталғанда бәрінде түсініксіз жағдайлар көп болды, онлайн оқудың оқу процесіне қалай әсер ететінін ешкім болжай алмады. Білім беру сапасы да айтарлықтай төмендеді, бірақ РФММ болғандықтан, біз осы мәселеге көп көңіл бөлдік.

Learning платформалары, ютубқа жазылған сабақтар дайын болған еді, интернет ресурстарымен жақсы жұмыс істей алдық. Енді пандемия жағдайында көп нәрсені қуып жетіп алу керек. Қазір көпшілігі бұл соңғы пандемия емес деген болжам айтып жүр. Сондықтан барлық мектептерге, білім беру процесінің барлық қатысушыларына қосымша ресурстар, құрал-жабдықтарды реттеп, осындай тәуекелдерге дайын жүру керек деген кеңес берер едім.

Біз карантинде бірде-бір қызметкерді жұмыстан шығармадық, мұғалімдерімізге барынша қолдау көрсеттік, қорларымыз да жұмысын тоқтатқан жоқ. Мойнымызға алған барлық міндеттемелерді орындадық. Тіпті құрылыс жұмысын жасайтын ресурсымыз болғандықтан, жоспардағы құрылысты да аяқтап, физматтың жаңа корпусын бітірдік. Яғни, пандемияны барынша өз пайдамызға қарай пайдалануға тырыстық.

– Жекеменшік мектептер оқушыларда қандай құндылықтарды қалыптастырады? Олардың білім алу сапасы жағынан, атап айтқанда, мемлекеттік мектептегі оқушылардан қандай айырмашылығы болады?

– Менің ойымша, мемлекеттік немесе жекеменшік мектептердің құндылықтарын ажыратуға болмайды. Біздің мақсатымыз – балаларға сапалы білім беру. Мемлекеттік мектептерде министрлік тағайындаған жалпы стандарт бар, ол бойынша бұл мектептер жұмыс істейді. Ал жеке мектептерде жалпы мемлекеттік стандарттан басқа балаларды оқыту үшін өздерінің арнайы бағдарламаларын енгізуге мүмкіндіктері бар. Ең бастысы – оқушыларға керекті қолданбалы білім беру. Біздің мектептерде STEM бағдарламасы, жоғары сыныптарға арналған ІТ сабақтары бар, үш тілділікке бас назар аударамыз. Оқушылар AP (Advancement Placement – ред.) және «Яндекспен» бірлесіп жасаған бағдарлама бойынша да білім алады. Одан бөлек заманауи зертханалар, сапалы инфрақұрылым, материалды-техникалық базасы бар. Соңғы жылдары мемлекеттік мектептер де өздерінің техникалық базасын жақсартуға тырысып жатыр, бұл – жекеменшік мектептерге осы жұмысты тоқтатпай, бұдан әрі де техникалық базасын жетілдіре беру керек деген белгі.

– Ал оқушыларға берілетін жеке құндылық қандай?

– Мектеп – жай ғана ғимарат емес, ал мектеп ашу – жай ғана ғимарат салу емес. Шын мәнінде мектеп деген не? Мәселен, келесі жылы физика-математика мектебіне елу жыл болады. Ол – өзінің мәдениеті, дәстүрлі құндылықтары бар орта. Мен командама: «Тек мектеп ашамыз деп жүгіре бермеңдер, оның өз бренді, мәдениеті, дәстүрі, құндылықтары болу керек», – деп жиі айтамын. Неге оқушы ол мектепке баруы керек, қандай құндылықтарды бойына сіңіруі қажет деген сұрақтарға жауап табу маңызды.

Қазір бізде жаңа Quantum мектебі ашылды. Оның аясында оқушылар үш тілде оқып, STEM бағдарламасын меңгеріп, тек білім ғана емес, мықты тәрбие де алып шығатын болады. Екінші жағынан, біз батыстық білім мен өз мәдениетіміздің бір-біріне тигізетін пайдасын қолдандық. Оқушыларымыз шетелге оқуға кеткенде өз құндылықтарынан алыстап кететіні құпия емес, сондықтан мектеп ашуды жоспарлағанда олардың өз мәдениетін де, дәстүрін де білуін ойластырдық. Кез келген мектеп танымал болуы керек, бірақ мәселе тек оның атауында ғана емес. Оның оқушыларды тартатын өз философиясы, мақсаты, миссиясы болуы тиіс. Егер соны жасай алсақ, бұл мектеп елу жылдан кейін РФММ сияқты өзіндік тарихы бар брендке айналады.

ФОТО: © Данияр Асылбек

Мәселен, физмат мектебі математика мен физикадан терең білім беруден бөлек дәстүрге адал болу, үлкенді сыйлау деген құндылықтарды насихаттайды. Мектепте тек кітап пен жаңа құрылыстың болуы жеткіліксіз, жоғарыда айтылғандардың болуын да қадағалауымыз керек. Мәселен, Америка немесе Сингапурда әр мектептің ұзақ жылғы тарихы, туы мен ұраны сияқты өз төлсипаттары бар. Мәселен, Англияда Итон колледжі, АҚШ-та Philips Academy бар. Олар көпшілікке танымал, мектептің атын естігенде, қандай білім беретінін, қандай құндылықтарды насихаттайтынын бәрі біледі.

– Бірнеше жыл бұрын БАҚ-та РФММ түлегінің ақылы бөлім қосылғаннан кейін білім сапасына қойылатын талаптың төмендегені туралы пікірі жарияланған еді. Ақылы бөлімдердің қосылуы мектептің білім беру жүйесіне қандай өзгерістер енгізді?

– Қоғамда әрдайым қарама-қайшы пікірлер көп болады, бірі мақтайды, бірі даттайды. Соған байланысты жазылып жатқан мақалалар да көп. Біз үнемі оқушылармен, мұғалімдермен кездесіп: «Физика-математика мектебі бүгінгі стандарттарға қаншалықты сай?» – деп сұрап, пікірлерін біліп отырамыз. Біз үнемі қанағаттану тестін жасап отырамыз (Satisfaction Index – ред.). Негізінде біздің мектепте ол 80 пайыздан асса, өте жақсы рейтинг деп ойлаймын.

Қазір қоғамда ашықтық, әлеуметтік желілер бәріне қолжетімді. Бір жағынан, сын-пікір айтқандарды іздеп, сұрастырып, тікелей байланысқа шығуға тырысамыз. Жақында ғана фейсбуктегі парақшама РФММ мектебінің жетістігі, түлектеріміздің оқуды қалай аяқтап, қандай университеттерге түскені туралы жазба қалдырдым. Көбінесе жекеменшік мектептер өз нәтижелерін ашық айта бермейді, бұл жағынан біз осы істі дәстүр ретінде жыл сайын үзбей жариялап отырғымыз келеді. Бұл алдымен ата-аналарды, оқушылар мен мұғалімдерді ынталандырады.

Екіншіден, қоғамда жариялылық, ашықтық болғанын қалаймын. Егер барлық жекеменшік мектептер осылай жыл қорытындысын жариялап отырса, біз рейтинг жасап, қандай деңгейде, қандай ортада жүргенімізді көре алған болар едік. Ал жалпы сын-пікір конструктивті, әділ болса, мен оны жақсы қабылдаймын. Сын-пікір адамды өсіреді. Негізі сыни пікір айтқан адамдар менімен байланысқа шықса жақсы болар еді, мен кездесіп, сөйлесуге, пікірлесуге дайынмын. Егер біреу жұмыстарды жақсартуға байланысты өз ұсыныстарын айтатын болса, мен оны сол бөлімге жауапты басшы етіп тағайындар едім. Сын айтқан екенсің, міне саған жауапкершілік, қажетті ресурс. Сол мәселені өзің реттеп көр.

– Келіскендер бар ма?

– Бәрі келісе бермейді. Қазір қоғамда сын-пікірлер көп, сын айтушылар да, мін тағушылар да аз емес. Мысалы, Геннадий Головкин бір жекпе-жектен жеңіліп қалса, бірден сынауға шебер бірнеше адам табылады. Бірақ ол сол жарыстарға бару үшін қанша тер төгіп, еңбек етті. Сол сияқты физика-математика мектебін жетілдіру үшін көп жұмыс істелді.

– Ал неге ақылы бөлім енгізілді?

– Алғашында тоқсаныншы жылдары тоқырау жылдары болатын, мектептің жағдайы төмен еді. Мемлекет тарапынан бөлінетін грант материалды-техникалық базаны жақсартып, тиісті жағдайда ұстап тұру үшін жеткіліксіз болды. Соңдықтан досым Нұрлан Қаппаровпен, басқа да түлектермен бірлесіп, мектепте қамқоршылық кеңесін құрдық. Сол кезде түлектерден 2 миллион доллар жинап, физмат мектебіне көмек көрсеттік.

Уақыт өте келе 2017 жылы біз бұл мектепте Endowment Fund қорын құрдық. Бұл – мемлекеттік мектептер арасында алғашқы рет ашылған қор. Қор арқылы біз мектептің жағдайын жасап жатырмыз.

Бір оқиға есімде. Бір қазақстандық оқушы қыз Америкада өткен халықаралық жарысқа қатысып, екінші орын алды. Ол сол жерде бір зертханалық құралмен қалай жұмыс істеу керектігін білмеген, себебі бұрын ол құралды пайдаланып көрмеген. Әйтпесе, бірінші орынды алайын деп тұрған оқушы болатын. Осы жағынан алғанда мемлекеттік мектептерде техникалық базаның ақсап жатқаны жасырын емес.

Екіншіден, ақылы бөлімнің ашылуы. Қазіргі нарықта ашық-тық, бәсекелестік бар. Мектепте ақылы бөлімде оқитын оқушылар саны көп еместігін айта кету керек. Бірақ соның арқасында білікті кадрларды өзімізде ұстап қала алдық. Білікті кадрларды ұстап қалу үшін, бәріне жағдай жасадық. Егер мұғалімдердің жағдайын жетілдірсек, олардың мектепте қалуға талпынысы өседі. Себебі, мектептегі балалардың барлығы талантты. Ал мұғалімнің миссиясы – ұстаздық ету, шәкірт оқыту, егер баланың талантты екенін көрсе, оның да жұмысқа деген құлшынысы артады.

ФОТО: © Данияр Асылбек

– Мектептің табысында мемлекеттік бюджеттің және ақылы бөлімнен түсетін қаржының үлесі қандай? Қаржы қалай бөлінеді?

– Қазір Алматыдағы РФММ-де 7–11 сыныптарда 1308 бала оқиды, оның 1186-ы грант арқылы білім алады. Ал 122 бала – ақылы негізде. Яғни, ақылы бөлімде оқитын оқушылар саны – он пайыз. Астаналық РФММ-де 7–11 сыныптарда 644 бала оқиды, оның 400-і грант арқылы білім алады. Ал 244 бала – ақылы негізде. Яғни, астанамызда ақылы оқитын оқушылар саны – отыз бес пайыз шамасында. Бірақ астанада бізде Оралда сияқты ақылы Fizmat Primary мектебі бар: 1-ші сыныптан 6-шы сыныпқа дейін арналған. Ақылы бөлімге түсу де оңай емес. Біз грантқа бірнеше балы жетпеген оқушыларды ғана ақылы бөлімге қабылдаймыз. Кей-бір кезде спортта немесе өнерде ерекше жетістікке жеткен оқушыларды мектебімізге қабылдаймыз.

– РФММ түлектерінің халық-аралық олимпиадалардың жүлдегері атануы жағынан көрсеткіштері қандай?

– Біздің мектеп директорларының өздері халықаралық олимпиадалардың қатысушылары және жүлдегерлері бола отырып, біздің балаларымызды халықаралық олимпиадаларға дайындауға белсенді қатысады.

Бірақ Олимпиаданың өзі мақсат емес екенін ескеру керек, бізде Олимпиада дәстүрлі түрде өтіп тұрады. Мен кеңес заманында РФММ-де оқыдым. Мектебіміз өзінің мәдениетімен, ерекше ағартушылық ортасымен ерекшеленеді. Мектебімізде Олимпиадаға қатысу біздің біліміміздің ең жоғарғы көрсеткіші болатын. Мектебіміздің 10–11 сыныптарындағы кез келген оқушы, егер қаласа, олимпиадаға қатыса алады. Бірақ олимпиадаға дайындалып қатысу – өте жауапты мәселе, оңай деп айта алмайсың. Біріншіден, оған мектептің бағдарламасын меңгеру керек, оның үстіне біз бірнеше жыл қатар тағы қосымша халықаралық бағдарлама енгізген болатынбыз. Сондай үлкен жүктемеге қарамастан балалар жыл сайын олимпиадаларға қатысып, информатикадан, математикадан жүлделі орындарды иеленіп, медальдар алып жүр.

2021 жылы Алматыдағы РФММ кезекті рет «үздік олимпиадалық мектеп» атағын және республикалық олимпиада нәтижелері бойынша бас жүлдені жеңіп алды. Астанадағы РФММ 5 жылдық тарихына қарамастан, алтын медаль саны жағынан Қазақстан бойынша үздік үштікке және үздік олимпиадалық мектептердің бестігіне кірді. Бізден басқа Назарбаев Зияткерлік мектебі, «Білім-инновация» лицейі (бұрынғы қазақ-түрік лицейі – ред.) бар, осы үш мектеп жүлделі орындарда қатар жүреді. Соңғы 5 жылдың ішінде Алматы қаласы бойынша түлектердің жалпы саны – 1192, оның ішінде 203-і – халықаралық, 199-ы – республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 4 жылда 391 түлек, оның ішінде 15-і – халықаралық, 10-ы – республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары.

Жоғары сыныптарда бізде Advanced Placement бағдарламасы бойынша бейінді оқыту ұйымдастырылған, ол балаларға 10-сыныптан бастап университеттік курстардан өтуге және әлемнің үздік университеттеріне түсуге мүмкіндік береді. Біздің балаларымызды Ivy лигасының университеттеріне (Принстон, Йель, Корнел, Дартмут) және басқа да жоғары оқу орындарына (Беркли, Уильямс, Дьюк және басқалар) оқуға шақыру жалғасуда.

Мұғалімдеріміз де оқушылардан қалыспай, үздік мемлекеттік және халықаралық мараппатарды иеленді.

– Физмат мектебі туралы айтқанда, алдымен Жәутіков олимпиадасы еске түседі. Жалпы олимпиадалық байқаулар бұл оқу ордасының мәдениеті десек болады. Оны ары қарай насихаттау үшін қандай шараларды қолға алып жатырсыздар?

– Жәутіков олимпиадасы – өте танымал олимпиада, отызға жуық ел қатысады. Өте жоғары деңгейде өтетін халықаралық олимпиада, оны физика және математикамен айналысатындардың барлығы біледі, арнайы осы шараға қатысуға тырысады.

Біздің де бұл олимпиаданы ЮНЕСКО сияқты халықаралық ұйымдардың тізіміне енгізіп, солардың аясында өткізу керек деген ойымыз бар. Себебі дәл осы олимпиада сияқты ауқымды масштабта өтетін шаралар аз. Қатысқысы келетін мектептер көп, бірақ ол үшін іріктеуден өтуі керек. Жыл сайын «Дарын» орталығымен бірлесіп РФММ базасында өткіземіз. Олимпиаданың ашылуы мен жабылуына міндетті түрде қатысуға тырысамыз, әрдайым аншлаг болады. Бірақ бұл шара физика-математикамен тереңдете айналысатындарға ғана арналған шара болғандықтан, көпшілік білмеуі мүмкін.

Олимпиада үнемі және тиісті деңгейде өтеді. Біздің өз ортамызда өз беделіміз бар. Жәутіков олимпиадасы – бұл тек оқушылар үшін ғана емес, ең алдымен мұғалімдер үшін де мереке. Жәутіков олимпиадасы аясында бізде мұғалімдерге арналған International Math, Physics and Computer Science Teachers Olympiad – IMPACT олимпиадасы өткізіледі. Қазір бүкіл әлемнің ең керемет мұғалімдері осы олимпиадаға қатысады.

– РФММ сияқты елімізде ұзақ уақыттан бері жұмыс істейтін Назарбаев зияткерлік мектебі, «Білім-инновация» лицейі сияқты брендке айналған мектептер бар. Оқушылардың білім деңгейі, халықаралық сайыстағы жетістіктері жөнінен араларыңызда бәсекелестік бар ма?

– Қазір шетелде оқимын, жақында оқуда бір қызықты кейспен таныстық. Бәріне белгілі Coca-Cola және Pepci Cola деген екі бренд бар. Бәсекелестік туралы сөз болғанда Coca-Cola президенті: «Егер Pepci Cola шықпаса, қазіргі Coca-Cola соншалықты дамыған, танымал болмас еді», – деген ойын айтады.

Егер біреу жұмыстарды жақсартуға байланысты өз ұсыныстарын айтатын болса, мен оны сол бөлімге жауапты басшы етіп тағайындар едім. Сын айтқан екенсің, міне саған жауапкершілік, қажетті ресурс. Сол мәселені өзің реттеп көр

Даму үшін қоғамға да, бизнеске де бәсекелестік керек. Кез келген ұйымда, адамдар арасында да бәсекелестік жүреді, оның болғаны да дұрыс. Қазір Назарбаев зияткерлік мектебі біздің акционеріміз, бірақ РФММ жеке бренд болып қала береді. НЗМ-нің акционер болғаны да қажет, оның көптеген жақсы бағдарламаларын еркін пайдалана аламыз. Бірақ оқу процесі жеке құрылады. Әрқайсысының өз ортасы, мәдениеті бөлек, мысалы, БИЛ-де тәртіпке басымдық беріледі, буындар арасындағы байланыс мықты.

Осындай түрлі мектептердің болғаны жақсы, балалардың таңдау еркіндігі де кеңейеді, әрқайсысы бір отбасын табады. Мәселен, қазір Quantum атты жаңа отбасы пайда болды. Балалар үшін көбірек сапалы өнімдер жасай білу керек, олар ішінен қажеттісін таңдап алады.

Ал негізі екі мектеппен де қарым-қатынасымыз жақсы, бір-бірімізбен серіктеспіз. Халықаралық олимпиадаға команда дайындағанда ортақ құрама болып шығамыз. Тіпті бір өнімдерді қолданамыз, инновация енгіземіз.

– Жыл сайын физика-математика бағытына бөлінетін гранттар саны көбейіп жатыр, көптеген оқушылар осы бағытты таңдауға тырысады. Бірақ 2018 жылы жарияланған PISA қорытындысы бойынша, қазақстандық оқушылардың білімі төменгі деңгейде болды, математикадан білімдерінің нәтижесі жоғары емес. Министр Асхат Аймағамбетов бұған тесттің компьютер форматында өткені себеп дейді. Дегенмен, мектепте жаратылыстану пәндерін оқыту әдістемесі қаншалықты дұрыс? Ғылыми пәндерді оқушылардың өміріне көбірек енгізу үшін не істеу керек?

– Бұл тестті РФММ балалары тапсырған жоқ. Бірақ министрдің сөзіне қосылуға болады, балалар онлайн оқудан кейін тапсырған соң қобалжығандары да әсер етуі мүмкін. Дегенмен, біз технологиялық ел болғымыз келсе, мұндай рейтингілерді көтеру керек, білімді жақсарту керек. Ол рейтингілер, емтихандар бекер дайындалмайды, арнайы агенттіктер жасап, қорытындысына сай нәтиже шығарады. Quantum жұмысын енді бастады, болашақта бұл мәселелерге де мән береміз.

Сондай-ақ біз әрқашан оқу бағдарламасын жаңғыртуды қарастырудамыз, халықаралық тәжірибеге сүйенуге тырысамыз.

– РФММ-нің елордамызда филиалы бар, аймақтардан бірінші Орал қаласында ашылды. Неге Оралды таңдадыңыз?

– Біз Қазақстан бойынша РФММ желісін құрып, аймақтарда еншілес филиалдарын ашқымыз келеді. Ол үшін 1–6 сыныптар аралығында мектептер жұмыс істейді. Аймақтардағы дарынды балаларды жас кезінен таңдап алып, дайындағымыз келеді. Бұл физика-математика мектебін дамыту бойынша стратегия аясында атқарылып отыр. Бұрын бізде аймақтардағы оқушыларды іріктеу үшін комиссия шығатын, енді өз базамызды жасаймыз. Бірақ неге Оралдан бастадық? РФММ негізін қалаушылардың бірі – Асан Тайманов деген кісі болған, ол Оралдан шыққан және Қазақстандағы математиканың дамуына үлкен үлес қосқан. Біз Оралда мектеп ашып, осы қаладан бастауды жөн көрдік. Батыс Қазақстан облысының әкімі біздің ұсынысымызды естіп, тез жауап берді – ғимарат, қажетті ресурс бөлді. Ол STEM білім берудің маңыздылығын, бастауыш мектептерде жалпы физика-математикалық білім беруді дамыту үшін осындай хаб құрудың маңыздылығын түсінеді.

– Ғылыми пәндерді оқушылар өміріне көбірек енгізу үшін не істеу керек?

– Біріншіден, оқушылар үшін қолданбалы пәндерді көбірек енгізу керек – ІТ, робототехника, зертханалық жұмыстар. Ол жерде балалар білім алып қана қоймай, оны іс жүзінде пайдалана алады.

Неге Quantum-ға сингапурлық модельді енгіздік, себебі тәжірибемен көбірек жұмыс істегіміз келді. Мектепте тігін, аспаздық бойынша қарапайымынан бастап, IT саласындағы күрделі зертханаларға дейін бар. Қазір физика-математика мектебі туралы айтқанда, ол жердегі білімді балалар қалай қолдана алады, өмірге, тұрмысқа қалай енгізеді дегенді де қатар ойлаймыз. Сол кезде ғана сабақтарды дұрыс құрылымдап, реттей аламыз.

Мен командама: «Тек мектеп ашамыз деп жүгіре бермеңдер, оның өз бренді, мәдениеті, дәстүрі, құндылықтары болу керек», – деп жиі айтамын

Мектепте тағы hard skills және soft skills дегенге мән береміз. Мұндағы soft skills – коммуникация, қарым-қатынас жасай білу, баланың ойын ашық айтып, өз көзқарасын қорғай білуі, презентация жасай білу қабілеті. Бұл баланы көшбасшы болуға тәрбиелеу үшін қажет. Қоғамда әртүрлі саланың адамдары болуы керек, барлық баланың бірдей болуы міндетті емес, осы жағынан өз ойын айтып, өзі қалаған бағытпен айналысуына soft skills көмектеседі.

Егер оқушыға сапалы білім беріп, оны өмірде қалай қолдануды үйретсек, сонымен қатар бойындағы икемді қабілеттерін дамыта білсек – мақсатымыздың орындалғаны.

– Биыл астанада Quantum STEM School атты жаңа мектеп ашылды, сіз құрылтайшыларының бірісіз. Оны БАҚ «алғашқы инновациялық мектеп» деп атады. Ол қандай мектеп, инновациялығы неде?

– Ол – STEM бағдарламасы, Қазақстандағы жаңа бағыт. Алғашында физика-математика мектебіне енгізуге тырыстық, себебі қолданбалы бағдарлама. Оның аясында балалар оқып, білім алғаннан бөлек оны іс жүзінде қолданып көре алады.

STEM – тұтас сала. Мектептің инновациялығы да осында, барлығын STEM стандартына сай жасауға тырыстық. Тағы бір өніміміз бар, соншалықты инновациялық өнім деуге келмейтін шығар, ол Advancement Placement бағдарламасы. Оны физика-математика аясында енгіздік. Бұл бағдарламадағы пәндерді оқыған балалар бірден шетелдік оқуға түсуге мүмкіндік беретін диплом алып шығады. Осы екі бағдарламаны біріктіріп, бір мектепке енгізуге тырыстық. Бұл – өте үлкен инновация. Үш тілділік оқу, STEM және AP бағдарламалары Quantum мектебінің негізін қалады.

– Мектепте жаратылыстану бағытына аса мән беріледі, демек бұл мектеп оқушылары РФММ оқушыларымен бәсекелестікте болады ғой?

– Бұл жерде екеуінің екі бөлек орталық екенін түсіну керек. РФММ – ол мемлекеттік мектеп-интернат, тек қана Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында орналасқан, онда еліміздің түкпір-түкпірінен өте дарынды балалар жиналған. Олардың басым көпшілігі грантта оқиды. Ал Quantum толығымен жекеменшік мектеп, Қазақстанның бүкіл өңіріне таралады. Бұл екі мектепте көптеген қолданбалы пәндер оқытылады және әр мектептің өзіндік ерекшеліктері мен артықшылықтары бар.

– Инновациялық мектепте қандай мұғалімдер сабақ береді? Талапқа сай мамандарды табу қиын болмады ма?

– Мамандар арасында Quantum-ға түсу үшін үлкен конкурс болды. Бәлкім, менің ұзақ уақыттан бері осы салада жүргенімді, менің командамды білгеннен кейін шығар. Әрі жаңа мектеп – жаңа мотивация. Мектепке тәжірибеден өткен жастардан жақсы команда дайындап шығардық. Бір бөлігі нарықтағы кадрлар, кейбіреуі басқа өңірден арнайы көшіп келді. Қазір қалыптасу кезеңі жүріп жатыр, соған қарамастан үлкен буын мен жастар арасындағы симбиоз жақсы. Көзінде оты бар жастар келді, көпшілігі робототехникадан, ІТ пәндерінен сабақ береді, өте талантты, халықаралық жарыстардың жүлдегерлері. STEM бағдарламасы бойынша оқушыларды ынталандырып, өз қабілетін, талантын ашуға көмектеседі деп ойлаймын.

– Бұл мектепте шетелдік мамандардың үлесі қандай?

– Қазір Quantum мектебінде жүз мұғалім бар, оның ішінде екеуі Мәскеуден, біреуі Бейруттен, біреуі Лиссабоннан келген. Көпшілігі – «Болашақ» бағдарламасының түлектері. Басым бөлігі үш тілді қатар меңгерген.

Келесі жылы Алматыда STEM International мектебін ашамыз, ол шағын болады, шамамен 500–600 адам оқиды. Міне, сол мектептегі мұғалімдердің 20–30%-ы шетелден келеді, себебі мектеп халықаралық болу керек. Қазір бізде бұл сегментте Haileybury, Almaty International School мектептері бар. Біз де сол қатарға кіргіміз келеді. Сапалы болу үшін барлық АР сабақтары ағылшын тілінде өтеді, халықаралық емтихан тапсырамыз. Шетелдік мамандар келіп, біздің екі брендіміз қалыптасады: Quantum STEM және Quantum International.

– Мұндай суперзаманауи мектептің шығыны қанша? Салынған инвестицияны қалай қайтаруды көздеп отырсыздар?

– Қазір Quantum STEM-дегі оқу ақысы – 2 миллион теңге. Айдын екеумізде өзіміздің жеке бизнестеріміз бар, мектептен табыс табу мақсатымыз жоқ. Бұл – әлеуметтік-коммерциялық жоба, жиналған ақша мектептің қажетілігіне жұмсалады.

– Quantum STEM School тәрізді алдағы уақытта тағы 20 мектеп ашылмақ. Аймақтарда жекеменшік мектептерде оқу құны арзанырақ бола ма?

– Иә, алдын-ала барлығы жоспарланған, арнайы маркетинг бөлімі жұмыс істейді. Құрылыс шығыны, әр аймақтың төлем қабілеті, балалар саны бойынша жоспар дайындаймыз. Әрине, Алматы мен астанамыз көшбасшы, бірақ өзге облыстардың деңгейі әртүрлі. Олардың ЖІӨ-ін, адамдардың материалдық жағдайын сараптап, қанша оқушы қабылдаймыз, қандай мұғалімдер барады, жергілікті кадрлардың біліктілігі қандай деген мәселелерді шешіп аламыз.

ФОТО: © Данияр Асылбек

– Оқу жылының басында берген сұхбатында Асхат Аймағамбетов осы жылы елімізде 150-ге дейін жекеменшік мектептердің ашылатынын айтты. Бұл тенденцияға не себеп? Жекеменшік мектептердегі білім сапасы мемлекеттікке қарағанда сапалырақ па, балаларын жеке мектепке беретіндей төлем қабілеті жоғары азаматтар көбейді ме, әлде табысты бизнес түріне айналды ма?

– Қазір елде демография деңгейі жоғары, бірақ балаларға керек мектептер жетіспейді, орын тапшы. Мысалы, Нұр-Сұлтанда жыл сайынғы бірінші сынып оқушылар саны мектеп бітіруші түлектерден үш есе көп. Егер өткен жылы мектепті 7 мың оқушы аяқтаса, биыл мектепке 24 мың оқушы келіп отыр. Бірақ орын тапшылығы мәселесін мемлекет толық шеше алмай отырғаны да жасырын емес. Ал сұраныс бар жерде ұсыныс бар. Мемлекет қамтып үлгере алмағандарға жекеменшік мектептер есік ашады.

Кейбір дамыған елдерде мемлекеттік және жекеменшік мектептер үлесі 60/40 пайыз, қай қоғамда болмасын жекеменшікке қарағанда мемлекеттік мектептің көп болғаны дұрыс. Дегенмен жекеменшік мектептердің де көбейгені жақсы, бұл бәсеке үшін қажет. Кейін нарық бәрін реттейді, егер мектеп нашар болса, тұтынушысынан айырылады. Қазір бізге жекеменшік мектептер де керек. Үш ауысымды білім ошақтары әлі де бар, аймақтарда мектептер жетіспейді. Сондықтан министрлікке жеке сектор керек, жеңілдік те беруге дайын.

– Министрліктің жекеменшік және мемлекеттік білім беру секторына қарым-қатынасы бірдей ме?

– Министрлік мемлекеттік секторға да, жеке секторға да көңіл бөлуге тырысады. Өзіне қажетті деңгейде бақылап отырады. Бірақ жекеменшік секторда еркіндік көп екені рас, база жақсы, өзіне тән мәдениет бар. Мемлекеттік мектепте қағазбастылық көп екені жасырын емес, стандарттар, есеп бойынша олар министрлікке көбірек бағынышты, әрине. Дегенмен, жекеменшік сектор да министрлікпен жақсы жұмыс істейді, ортақ стандарттардан ауытқымауға тырысады.

– Сұхбатыңызға рахмет! Жобаларыңызға сәттілік тілеймін!

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
606 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Об авторе:

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить
Как управлять 280 аптеками, развивать супермаркеты, строить новые рестораны и открывать гостиницы Смотреть на Youtube