Вакцина: аурудың алдын ала ма жоқ әлде дертке дерт қоса ма?

15793

Соңғы кезде ата-аналардың балаларына профилактикалық екпе жасаудан бас тарту оқиғаларының арта түсуі денсаулық сақтау саласы үшін өзекті проблемалардың біріне айналып отыр. Тек Астана қаласында 2016 жылы осындай 154 жағдай тіркелсе, былтыр, яғни 2017 жылы бұл көрсеткіш 2 есеге артып, 302-ге жеткен

Фото: pixabay.com

Астана қаласы бойынша Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің директоры Нұрқан Олжабайұлы Сәдуақасовтың айтуынша, профилактикалық екпелер жоспарына сәйкес 2017 жылы Астана қаласы үшін вакциналар мен шприцтер сатып алуға республикалық бюджеттен 1 млрд. 564 млн. теңгеге жуық қаражат бөлінген. 11 түрлі инфекцияға қарсы 221 мың адамға, оның ішінде 141 мыңнан астам балаға екпе жасалған. Сондай-ақ, жергілікті бюджет қаражаты есебінен 107 млн.-нан астам теңгеге А гепатитіне және тұмауға қарсы вакциналар сатып алынған.      

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының талабы бойынша балалар арасында екпемен қамтамасыз ету деңгейі 95%-дан кем болмауы тиіс. Астанада өткен жылдың қорытындысында аталған көрсеткіш 98,2% құраған. Яғни, бұл көрсеткіш халықаралық талапқа сай келеді.

Дегенмен, балаларына екпе жасатудан бас тартатын ата-аналар саны да жыл өткен сайын артып барады. Тек Астана қаласында 2016 жылы осындай 154 жағдай тіркелсе, 2017 жылы ол көрсеткіш 302-ге жеткен. Яғни, екі есеге жуық көбейген. Ата-аналар мұндай шешімге баруға түрлі себептер итермелегенін алға тартқан. Атап айтқанда, 106 адам діни себептермен, 147-сі жеке наным-сенімдеріне байланысты екпе жасатудан бас тартса, 31 ата-ана вакциналарға мүлдем сенбейтінін айтқан және 18 адам бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерден оқып-білген келеңсіз материалдардан соң осындай шешімге барған көрінеді.

Мамандар біртіндеп белең алып бара жатқан осы жағдайға байланысты алаңдаушылық білдіріп, өз уәждерін алға тартып келеді. Өйткені, иммунопрофилактика 20-ғасырда адам баласы ойлап тапқан ең үлкен 10 жетістіктің бірі саналса, екпе жасау денсаулық сақтау жүйесін нығайтудың басты элементі болып есептеледі. Мәліметтер бойынша, соңғы 150 жылдың ішінде адамдардың өмір сүру жасы 30 жылға артса, оның 25 жылы вакцинаның арқасында мүмкін болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бастамасымен әлемнің көптеген елдерінде жыл сайын сәуір айында Бүкіләлемдік иммунизация аптасы атап өтіледі. Биыл ол «Біздің жалпы қорғанысымыз: вакциналар жұмыс істейді» деген ұранмен 2018 жылғы сәуірдің 24-30 аралығында өткізіледі. Ондағы мақсат - вакциналардың көмегімен алдын алуға болатын түрлі аурулардан адамдарды қорғау үшін ұжым болып әрекет етуге қоғамның назарын аударту. Ол үшін ел үкіметтері иммунизациялау бойынша күш-жігер жұмсап, белсенділер екпенің пайдасы туралы насихаттап, қарапайым адамдар тиісті вакцина жасап, отбасы мүшелерін ауру-сырқаудан қорғауға атсалысуы керек.     

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, иммунизация - миллиондаған адамның өмірін құтқарады және денсаулық сақтау саласындағы ең әсерлі және шығынды аз талап ететін шара ретінде кеңінен мойындалған. Соған қарамастан, қазіргі уақытта әлем бойынша екпе салынбаған немесе жеткілікті көлемде егілмеген 19 млн.-нан астам балаға қатерлі ауруға шалдығу қаупі төніп тұр. 2012 жылы Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ассамблеясында әлемнің 194 мемлекеті мақұлдаған Вакцинаға қатысты іс-шаралардың ғаламдық жоспары бойынша иммундауға қолжетімділікті арттыру жолымен миллиондаған адамның өмірін сақтап қалу көзделген.  

Мамандар вакциналардың сапасына қатысты айтылатын күмәннің де негізсіз екенін үнемі айтып келеді. Өйткені, Қазақстанға әкелінетін барлық вакциналар еуропалық сапаға сай келеді және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сертификатын алған. Оған қоса, республикалық иммундық-биологиялық зертханада орналастырылған озық құралдармен еліміздің аумағына жеткізілетін барлық препараттарға қосымша зерттеу жүргізіледі екен. Сондықтан, түрлі себептермен екпеден бас тартатын ата-аналарға оның ықтимал зардаптары туралы түсіндіру жұмыстарын тұрақты негізде жүргізу қолға алынған.

Нұрқан Сәдуақасов
Нұрқан Сәдуақасов

- Астанада құрамына жеті жетекші дәрігер кіретін консультативтік топ құрылды. Оның ішінде Астана медициналық университетінің балалар және инфекциялық аурулар кафедрасының үш өкілі бар. Олардың нақты міндеттері айқындалып, дін істері және жастар саясаты жөніндегі мекемелермен байланыс орнатылды. Қаланың 23 медициналық ұйымында екпелерден бас тартудың алдын алу бойынша шаралар бекітіліп, ата-аналармен жұмыс істейтін кеңесшілер тобы құрылды, - дейді Астана қаласы бойынша Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің директоры Нұрқан Сәдуақасов.        

Қолға алынған бұл жұмыстардың нәтижесі де жоқ емес. Мәселен, 2017 жылы бұған дейін ата-аналары екпеден бас тартқан 88 балаға, ал 2018 жылдың 2 айы ішінде сондай 12 балаға вакцина салынған. Және бұл бағыттары кешенді шаралар болашақта да жалғаса бермек.

Жалпы профилактикалық екпеден бас тарту проблемасы республиканың барлық өңірлеріне тән болып отыр. 2018 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша елімізде осындай 12873 оқиға тіркелген. Бұл - арғы жылмен салыстырғанда 24,7%-ға артық көрсеткіш. Вакцина салдырудан бас тарту оқиғалары, әсіресе 1 жасқа дейінгі балалар арасында жиі кездеседі екен. Яғни, жалпы санның 60%-дан астамы осы жастағы кішкентай балалардың үлесіне тиіп отыр. Ал өңірлер арасында екпе салдырудан бас тарту оқиғалары Ақтөбе (20,1%), Қарағанды (9,7%), Оңтүстік Қазақстан (9,6%), Маңғыстау (8,9%) облыстарында және Алматы  қаласында (18,7%) жиі тіркеледі.

Негізгі себептеріне келсек, 47,2% немесе 6077 ата-ана мұндай шешімге баруға жеке себептері, 37,6% немесе 4841 адам діни наным-сенімдері итермелегенін айтқан. 9,6% немесе 1242 ата-ана бұқаралық ақпарат құралдары, оның ішінде интернет арқылы вакцинаның «зияны» туралы жағымсыз ақпаратқа қанық болып, екпеден бас тартуды жөн деп тапқан.

Айта кететін жайт, қазіргі уақытта Қазақстанда мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен вирустық гепатит, туберкулез, полиомиелит, оба сияқты 21 түрлі қауіпті ауруларға қарсы, оның ішінде 11 инфекцияға қарсы міндетті вакцинация жүргізіледі.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить