Дәрігер мен пациент арасындағы онлайн-кеңес қалай қызмет етеді

17018

Бұл жайында Forbes.kz тілшісіне жоба авторы, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Жақсылық Есельбаев айтып берді

F: Жақсылық, медициналық мобильді қосымшаны құру идеясы қалай пайда болды?

-Біріншіден, менің анам қашықтықта медициналық кеңес беруді 20 жыл бұрын бастаған. Ол дәрігер, 35 жыл жұмыс өтілі бар. Кішкентай кезімде балалары ауырған туыстар, таныстар үйге қоңырау шалып, кейде анамды өз үйлеріне шақырып алатын. Анам өте қарапайым әрі бауырмал, өз жалақысының төмен әрі үйде балалары күтіп отырғанына қарамастан ешбір пациентке жоқ деген емес. Бірақ, көптеген адамдар, өкінішке орай, анамның және өзге дәрігерлердің еңбегі мен уақытын бағалай бермейтінін түсіндім. Дәрігер мен пациенттің арасын жалғайтын қосымшаны ойлап табуыма осы жағдай түрткі болды. Екіншіден, «Zumcare» – ол әлеуметтік жоба. Яғни, шалғай жерде, ауыл тұрғындарына медициналық қызметті қолжетімді ету. Қазақстандық пациенттерге шетелдік дәрігер кеңесін алуды қолжетімді болуына ықпал ету.

F: Бұл қосымша несімен тиімді?

-Біздің мобильді қосымша кез келген жерден, тәулік бойы дәрігерге бейне, аудио қоңырау,чатпен немесе анономиді түрде хабарласып мамандандырылған медициналық кеңес алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл мобильді қосымша көмегімен Қазақстанның кез-келген өңірінде тұратын, Қаратау, Хромтау, Түркістан немесе шалғай жерде тұратын қазақстандықтар Астаналық, Алматылық, тіпті шет елдік дәрігерлердің кеңесін 24/7 алуға мүмкіндік алады әрі бағасы дәстүрлі клиникадағы қызметтен 2 есе арзан болмақ.

F: Қызмет қалай көрсетіледі? Дәрігер қалай табыс табады?

-Мәселен бұл қосымша дәрігер телефонына орнатылады және пациент өз телефонына жүктеуі тиіс. Олар онлайн байланыс орнату арқылы тілдесе алады. Емханаға барып, уақыт жоғалтып кезекке тұрудың қажеті жоқ. Үйде немесе жұмыс орнында отырып кез келген мәселе бойынша дәрігерден кеңес алуға болады. Қандай дәрігер қажет, қандай қызмет түлерін қолдануға болатыны қосымшада нақты көрсетілген. Ал Қазақстандық дәрігерлер бұл арқылы күніне 2-ақ сағат жұмыс істеп, айына 300 мың теңгеге дейін қосымша табыс табады, бұдан артық істесе табысы еселене береді. Яғни, қаржы біз арқылы өтеді және 20% комиссия ұсталады. Бір сөзбен айтқанда біз дәрігер мен науқас арасын жалғайтын көпір болып табыламыз. Қазір осы жүйе бойынша жұмыс істейтін медицина мамандарын дайындап жатырмыз.

F: Қандай дәрігерлер қызмет көрсете алады? Бұл медицинаның барлық саласын қамтиды ма?

-Қосымшада қызмет түрлері көрсетілген. Мәселен, педиатр, терапевт,акушер-гинеколог, аллерголог, анестезиолог,эндокринолог, жалпы тәжірибедегі дәрігер, хирург, гастроэнтеролог және т.б. Міне осылардың бәрімен онлайн кеңес алуға немесе оларға алдын ала жазылуға болады. Әрине, барлық дәрігер бірдей жұмыс істей алмайды, бұл үшін арнайы іріктеуден өтеді.

F: Дәрігерді таңдау мүмкіндігі бар ма?Бұл олардың негізгі жұмысына кедергі келтірмей ме?

-Иә, кез-келген тұтынушы дәрігерді алдыңғы пациенттер қалдырған пікірге, яғни рейтинге сүйеніп, бекітілген баға бойынша таңдай алады. Ал дәрігерлер үшін телемедицина саласында қызмет көрсететін компаниямен жұмыс істеу – бұл қосымша табыс көзі ғана емес, өзінің негізгі жұмысынан бөлек, сонымен қатар жұмыс уақытының икемді кестесін құру болып табылады. Сонымен қатар, біз емханалармен келісіп жатырмыз, яғни бұл арқылы олар да пайда таба алады. Өйткені қазіргі таңда инновациалық медициналық стартаптар венчурлық инвестиция тартудың және емханалар желісі үшін әрқилы серіктестік құрудың нысаны болуда. Ал көптеген емханалар желісі емханаға келуді қажет етпейтін немесе ауруханаға қайта жатқызу керек жағдайларды қысқартып, үйде медициналық қызмет көрсетуді жандандыруды көздеп отыр.

F: Дәрігер ақылы кеңес беріп қана шектеле ме, әлде пациенттің жағдайын бақылап отыра ма?

-Иә, бізде ортақ база болады. Онда науқастарға қатысты мониторинг жүргізіліп отырады. Бүгінгі таңда телемедицина саласында қызмет алудың тұтынушылары болып көбіне өз денсаулығына қарауға, емханаға барып, кезекте тұруға уақыты тапшы мегаполис тұрғындары болып табылады. Сондықтан, жақын арада дәрігерлер ауру туралы өздері біліп, пациенттерге алдын-ала өздері хабарласатын болады. Азаматтардың жағдайын бақылап, дәрі-дәрмегінің уақытылы ішкен-ішпегеніне дейін қадағалап отырады.

F: Ал бұл жүйені ойлап таппас бұрын қандай да бір зерттеу жасадыңдар ма? Онлайн жүйенің үлесі қандай болуы мүмкін?

-Иә, әрине, статистикалық мәліметтер бойынша 2017 жылы Қазақстанда 19 млн дерт жағдайлары тіркелген. Көптеген ауыр емес немесе психологиялық аурулар бұл тізімге кірмейді. Ал бұл аурулардың 15% жуығын қоңырау шалу не онлайн кеңес алу арқылы қабылдауға болады, яғни ол шамамен 280 мыңнан аса дерт жағдайларын құрайды.

F: IT бизнесте шекара жоқ. Шет мемлекеттердің нарығына шығу ойда бар ма?

-Әлемдік тенденцияға келетін болсақ, телемедицина нарығы 2020 жылға дейін шамамен $60 млрд құрайды. Жақын арада әлемдік нарыққа шығуды жоспарлап отырмыз. Қазақстандық мобильді қосымшасымен шет елдің түкпір-түкпірінен миллиондаған тұтынушылар қолданып, қазақстандық дәрігерлер әлемнің кез-келген жерінен емделуші-пациенттерге кеңес бере алады. .

F: Команда кімдерден құралған?

-Біздің тобымызда қаржы, медицина, ақпараттық технологиялар, маркетинг саласында, шет елде білім алған мамандар қызмет жасайды. Олар Жобаның негiзiн калап, басынан бастап идеяны дамытып, толық құрылғанына дейін ат салысып келедi. Бірі – «Болашақ» бағдарламасының түлегі, Лондонда қаржы мамандығын бітірген, ал медицина саласынының басқарушысы Англияда 9 жыл медицина мамандығын меңгерген, енді бірі Американың медицина саласында білім алып, Назарбаев университетінде дәріс береді. Сонымен қатар, Ұлыбританияда оқып келген маманымыз маркетинг саласын басқарады.

F: Бұл бағыттағы әлемдік нарықтың көрсеткіші қандай және ол қаншалықты өсіп отыр?

- Uber-медицина АҚШ-та бірнеше жыл бұрын негізін алып, дәл сондай қызмет түрі Еуропа және Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттерінде де дами бастады. Қазіргі уақытта телемедицина әлемдік медицина нарығындағы өте қарқынды дамып келе жатқан бағыттардың бірі, ол жылына шамамен 19% өсімді көрсетіп отыр. RNCOS E-Services Private Limited жүргізген, Global Telemedicine Market Outlook зерттеу деректеріне сүйенсек, 2017 жылы телемедицина нарығы $29,6 млрд құраса, 2018 жыл мен 2022 жылдар аралығында жылдық өсім 19% құрайды. 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында телемедицина саласына құйылған инвестиция көлемінің артқанын көреміз: Doctor on Demand ($74 млн), American Well ($59 млн), Tyto Care ($25 млн), Simple Contacts ($16 млн).

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить