Бюджет есебінен шетелдерде емделу

Жақында көмекке мұқтаж қазақстандықтарды шетел клиникаларына емдеуге жіберуге республикалық бюджеттен 1 млрд 646 млн. теңге қаражат бөлінгені туралы ақпарат жарияланды. Ол көмек кімдерге тиесілі? Ол тізімге тұрудың тәртібі мен ережелері қандай? Қандай шетелдік клиникаларға жіберіледі және олар қалай таңдалады?

Майра Бейсен
Майра Бейсен

Осы және өзге де сауалдарға жауап алу үшін Қазақстан Республикасының азаматтарын бюджет қаражаты есебінен шетелге емдеуге жіберу мәселелері бойынша жұмыс органы жетекшісінің орынбасары Майра Боранбанбайқызы Бейсен ханымды әңгімеге тартқан едік.

F: Майра Боранбайқызы, алдымен түсіндіріп өтіңізші, бюджеттен бөлінетін қаражат есебінен жоғары технологиялық медициналық көмекке мұқтаж Қазақстан азаматтары нақты қандай медициналық қызмет түрлері бойынша шетелдердің клиникаларына жіберіледі?

- Өздеріңіз білесіздер, елімізде соңғы жылдары жоғары технологиялық медициналық қызмет түрлері жақсы дамып келеді. Оған бірінші кезекте ұлттық бірыңғай денсаулық сақтау жүйесі енгізіліп, республика көлемінде қызмет етіп жатқан емдеу мекемелері арасында бәсекелестік орта пайда болғаны мықты серпін бергенін айта кету керек. Мемлекет тарапынан күшті қолдау жасалып, әлемде бар көптеген озық құрал-жабдықтар сатып алынды. Отандық мамандар халықаралық жетекші медициналық орталықтарға барып, біліктіліктерін арттырып, тәжірибе жинақтауға мүмкіндік алды. Соның нәтижесінде осыдан 10 жылдай бұрын ғана біз үшін қол жетпес армандай болып көрінетін көптеген күрделі оталар қазіргі уақытта өзіміздің отандық емдеу мекемелерінде көптеп жасалады. Олардың қатарында озық диагностикалық тәсілдердің кеңінен енгізілуін, акушерлік-гинекология, балалар хирургиясы, балаларды оңалту, трансплантология, онкология, кардиохирургия, нейрохирургия және тағы да басқа салалардағы елеулі жетістіктерді айтуға болады. Дей тұрғанмен, елімізде әлі де енгізілмеген немесе жетілдірілмеген жоғары технологиялық қызмет түрлері де аз емес. Міне, осындай әзірге еліміздің аумағында жасалынбайтын немесе толықтай игерілмеген медициналық көмекке мұқтаж азаматтарды мемлекет шетелдердің озық клиникаларына республикалық бюджет қаражаты есебінен емдеуге жолдайды.   

F: Қандай ауру түрлері бойынша және кімдер жіберілетінін атап айтсаңыз.

- Бюджет қаражаты есебінен шетелдердің тәжірибесі мол озық клиникаларына емдеуге жіберілетін азаматардың санаты және аурулардың тізбесі Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрінің тиісті бұйрығымен бекітілген. Сол бойынша еліміздің медициналық ұйымдарында диагностика мен емдеудің қолдануға рұқсат етілген барлық әдістері пайдаланылған, бірақ оң нәтиже бермеген жағдайда 18 жасқа дейінгі балалар жіберіледі. Сонымен қатар, ерекше жағдайларда қызметтік міндеттерін атқару кезінде ауыр жарақат алған әскери қызметшілерге де отандық дәрігерлер қолынан келгенінің бәрін жасап, емдей алмаған жағдайда осындай көмек көрсету мүмкіндігі бар. Ал аурулардың тізбесіне келсек, олар негізінен онкология, ағзалар мен тіндер трансплантациясы сияқты салаларға қатысты, сондай-ақ өңеш, трахея стеноздары сияқты аурулардан тұрады. Оның ішінде мидың радиохирургиялық емдеу әдісін, яғни гамма пышақты талап ететін ісіктерді, артериялық аневризмдерді, көздің қатерлі ісіктерін айтуға болады. Сондай-ақ, шетелде емдеуге жіберу кезінде ол жақта ем алуға жолдаудың маңыздығылығы мен кезектіліктің есепке алынатын атап айтқым келеді.

F: Ал бюджет қаражатына шетелдерге емделуге жолдама алудың тәртібі қандай? Ол үшін не істеу керек?        

- Жоғарыда айтып өткенімдей, егер отандық клиникаларда барлық ем түрлері жасалып, бірақ оң нәтиже болмаған жағдайда бейінді республикалық денсаулық сақтау ұйымы Қазақстан азаматтарын бюджет қаражаты есебінен шетелге емдеуге жіберу туралы жұмыс тобына тиісті құжаттар топтамасын ұсынады. Яғни, науқасқа қандай зерттеулердің жасалғаны, қолданылған ем түрлері сияқты өзге де мәліметтер. Содан кейін жұмыс тобы аталған ұсынысты комиссияның қарауына енгізіп, әрі қарай науқасты бюджет қаражаты есебінен шетелге емдеуге жіберу, халықаралық жетекші орталықтардан білікті мамандарды Қазақстанға тарта отырып, шеберлік-сабақтары шеңберінде отандық клиникалардың базаларында емдеу немесе жолдама беруден бас тарту сияқты шешімдердің бірін қабылдайды. Жұмыс тобы шетелге жіберу туралы мәселенің мақсаттылығы туралы қорытынды жасау үшін мынандай жұмыстар атқарады: алдымен тізімдегі шетел клиникаларынан мұндай ауру түрлерін қалай әдістермен емдейтіндерін, бұл саладағы тәжірибелерін және емдеудің құны қанша болатыны туралы жан-жақты мәлімет сұрастырады. Сосын өзіміздің отандық білікті мамандарды қатыстыра отырып, ұсынылған емдеу бағдарламаларын қарастырып, пысықтайды. Егер қосымша ақпарат қажет болса, телемедицина арқылы кеңес ұйымдастырылады. Кейін комиссияның шешіміне қарай ең оңтайлы деп танылған шетел клиникасымен келісім-шарт жасалып, науқас емдеуге жіберіледі.     

F: Сонда Қазақстан азаматтарын негізінен қандай елдердің клиникаларына емдеуге жібересіздер?

- Әлемнің ең озық деп саналатын жетекші клиникаларымен, медициналық орталықтарымен ынтымақтаса жұмыс істеп келеміз. Егер атап айтатық болсақ, олар - Германия, Израиль, АҚШ, Оңтүстік Корея, Түркия, Жапония, Франция, Испания, Чехия, Украина, Ресей, Беларусь, Үндістан, Сингапур сияқты елдердің аллдыңңы қатарлы медициналық орталықтары. 

F: Осы кезге дейін қанша Қазақстан азаматы шет елдердің клиникаларына емделуге жіберілді?

- Қазақстан Республикасының азаматтарын бюджет қаражаты есебінен шетелге емдеуге жіберу туралы жұмыс органы 2017 жылғы мамыр айынан бері «University Medical Center» корпоративтік қоры жанында жұмыс істеп келеді. 2018 жылдың 19 наурыздағы жағдайы бойынша 2017 жылдан бастап жұмыс тобына барлығы 311 өтінім келіп түсті.

2017 жылы республикалық бюджет қаражаты есебінен 45 пациент, оның ішінде 36 бала шетелдерге емделуге жіберілді. 26 пациентке халықаралық деңгейдегі білікті мамандарды шақырып, республикалық клиникалар базасында жоғары технологиялық медициналық қызметтер көрсетілді.

Сондай-ақ, ағымдағы жылы 55 пациентке шеберлік-сабағы шеңберінде жоғары технологиялық медициналық қызметтер көрсету жоспарланып отыр. Ал 124 өтінім бойынша бюджет есебінен шетел клиникаларына жіберуге көрсетілімдері жоқ деген шешім шығарылды. 2018 жылы 5 пациент шетелде емдеуге жолданып, қазіргі уақытта 17 пациент кезекте тұр. Қалған  пациенттерге жоспарлы түрде шетелдік клиникалар іздестіріліп жатыр.

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
8002 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Об авторе:
Загрузка...
21 октября родились
Именинников сегодня нет
Самые Интересные

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить