Қазақстанда ЭКО жасату құны 650 мың теңгеден 1,2 млн теңгеге дейін жетеді

Талай отбасын бала сүю бақытынан айырып, көптеген шаңырақтың шайқалуына себеп болатын бедеулік, белсіздік проблемасы соңғы уақытта тіптен өзекті бола түсті. Қазақстанда қазіргі уақытта жұбайлардың шамамен 15-20 пайызы осы мәселеге тап болған. Дей тұрғанмен, қосалқы репродуктивті технологиялардың дамуы арқасында табиғи жолмен дүниеге бала әкеле алмайтын ата-аналар нәрестелі бола алады. Бірақ, бұл қызмет түрі қаншалықты қолжетімді және сапалы? Оны кімдер пайдалана алады? Осы және өзге де сұрақтар төңірегінде Астанадағы Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының ЭКО бөлімінің меңгерушісі Өтепова Гүлнар Тлеулесқызын әңгімеге тартқан едік

F: Гүлнәр Тлеулесқызы, бала сүйе алмай жүрген ата-аналардың біразы экстракорпоральді ұрықтандыру әдісіне жүгінетіні белгілі. Бірақ, оны елдің бәрінің бірдей қалтасы көтере бермейді. Қазір бұл қызмет түрі қанша тұрады?

- Қазақстанда экстракорпоральді ұрықтандыру құны шетелдерге қарағанда әлдеқайда арзан. Ол жақта шамамен 10-15 мың доллар болса, бізде 650 мың теңгеден 1,2 млн. теңгеге дейін шығады. Және қызмет құны әр жұпқа жасалатын диагностикалық шаралардың түріне, қолданылатын дәрілеріне қарай анықталады. Осы орайда Қазақстанда экстракорпоральді ұрықтандыру әдісін мемлекет есебінен тегін жасауға болатынын да естен шығармаған жөн.

F: Нақтырақ айтып өтсеңіз. Кімдерге тегін жасалады?

- Бедеулік мәселенің өзектілігін ескере отырып, мемлекет 2010 жылдан бастап ЭКО әдісінің біразын бюджет қаражаты есебінен жасауды қолға алды. Сол жылы алғаш рет бала сүюге мүмкіндік беретін бұл шараны қолдануға 100 квота бөлінді. Және оның саны жылдан жылға артып, 2017 жылы республика бойынша жалпы 950 квота бөлінді. Ол әр өңірге бедеулік бойынша тіркеуге тұрған адам санына байланысты бөлінеді. Бюджет есебінен жасалатын ЭКО бойынша квотаға ие болу үшін әйел тұрғылықты мекенжайы бойынша өзінің емханасына барып тіркелуі қажет. Сол жерде алғашқы тексеруден өтіп, ЭКО әдісінің қажеттілігі анықталады. Егер тексеру нәтижелері бойынша ЭКО жасалуы тиіс деп танылса, ол «Отбасын жоспарлау орталығына» жіберіліп, тиісті тізімге енгізіледі. Сосын кезегі келгенде, өзі қалаған еліміздегі ЭКО орталықтарының бірін таңдап, жасанды ұрықтандыру жолымен бала сүюге талпыныс жасайды.

F: Қазір Қазақстанда қанша ЭКО орталық жұмыс істейді?

- Бүгінге таңда еліміз бойынша мұндай 20 орталық бар, екеуі мемлекеттік, қалғаны жекеменшік мекемелер. Олардың ішінде 10 орталықта ғана квота бойынша қабылдау рұқсаты берілген. Бір айта кететін жайт, бюджет есебінен тегін жасалатын квота бір жұпқа жылына бір рет қана беріледі. Сондай-ақ, өзге аймақтардан келгендер: пәтер жалдау, жол жүру, тамақтану сияқты шығындар және ЭКО процедурасынан бұрын жасалатын бір реттік кешенді тексерілу квота есебіне кірмейтінін ескерулері керек.

F: Сонда ЭКО жасатқанның бәрі бірдей балалы бола алмайды ғой?

- Әрине. Ол бүкіл әлемде солай. Экстракорпоральді ұрықтандыру әдісін жасатқан жұптардың шамамен 30-40 пайызы алғашқы талпыныстан балалы болады. Бұл - өте жақсы көрсеткіш. Дамыған елдерде де жағдай сондай. Сондықтан, көп әйелдер үміт үзбей, оң нәтиже болғанша жасай береді.

F: Экстракарпоральді ұрықтандыру жолымен елімізде бүгінге дейін қанша бала дүниеге келді?

- Жасанды жолмен ұрықтандыру әдісімен Қазақстанда ең алғашқы бала осыдан 22 жыл бұрын, яғни 1996 жылы дүниеге есігін ашты. Қазір ол өзінің отбасын құратындай жасқа жетті десе болады. Содан бергі уақытта бір балаға зар болған 30 мыңдай отбасы ата-ана бақытын сезінді.

F: Жасанды жолмен ұрықтандырылған балалар «кәдімгі» балаларға қарағанда әлсіздеу, аурушаң келеді деген сөздерді естіп қаламыз.

- Жоқ, ол - жаңсақ пікір. Жасанды ұрықтандыру арқылы дүние есігін ашқан балалардың өмірге табиғи жолмен келген балалардан ешқандай да айырмашылығы жоқ. Жалғыз ерекшелігі – ер мен әйелдің аталық ұрығы мен аналық жасушасы ананың құрсағында емес, пробиркада қосылғанында. Жалпы, әлем бойынша соңғы 40 жылдың шамасында осындай жолмен 6 миллиондай бала туылды. Олардың арасынан ғалым да, ақын да, батыр да шыққаны анық. Қайта, керісінше, ЭКО арқылы туылған балалар қабілеттірек келеді деген де тұжырым бар. Ата-анасы ұзақ күтіп, тілеп алған баласынан ештеңесін аямай өсіріп, барлық жағынан дамытуға күш-жігерін жұмсайды.

F: ЭКО әдісін кез-келген жұп жасата ала ма, жоқ әлде жасына қарай шектеулер бар ма?

- Заңдық тұрғыдан ешқандай шектеулер жоқ. Бірақ, медициналық жағынан бар. Өйткені, кез-келген әйелдің денсаулық жағдайы оған келе бермейді. Дегенмен, жалпы алғанда 40-тан асқан соң мұндай мүмкіндіктер азая түсетінін ескерген жөн. Әйелдердің аналық безі қалыпты, гормондар деңгейі жеткілікті болуы шарт. Өкінішке қарай, әйелдердің жасы ұлғайған сайын репродуктивтік жүйесінің саулығы біртіндеп төмендей береді. 50-ге келген әйелдердің де осы әдіспен дені сау бала туған кездер болды, бірақ бұл өте аз жағдайда кездеседі. Тағы айта кетер жайт, 40-тан асқаннан әйелдерде балалардың генетикалық ақаулармен туылу ықтималдығы арта түседі.

F: Бедеуліктің негізгі себептерін айтып бере аласыз ба?

- Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша 20-дан астан себебін бөліп айтуға болады. Соның ішінде ең жиі кездесетін себептердің бірі әйел және ер адамдардың жыныс ағзаларының қабыну ауруларын өз беттерімен емдеп, медициналық көмекке кеш жүгінуі. Сондай-ақ, алғашқы балаға түсік жасату, темегі шегу, алкоголдік ішімдіктер ішу, спортпен шұғылданбау, жалпы денсаулыққа немқұрайлы қарау және өзге де түрлі жағдайлардың кесірінен көп адам балалы болу мүмкіндігінен айырылып қалады.

F: Осы орайда көптеген отбасы, әсіресе жастар жағы бала сүйе алмауының себебін ең алдымен әйелдерден көретіні жасырын емес. Ал шын мәнінде әйелдермен қатар ер азаматтардың бедеулігі де өзекті мәселе екенін мамандар айтып жүр.

- Дұрыс айтасыз. Тек біздің елімізде ғана емес, бүкіл әлемде ерлердің бедеулігі мәселесі жиі көтеріліп жүр. Соңғы 20 жылдың ішінде бүкіл әлемде ер азаматтар бедеулігінің жиілігі 30 пайыздан 55 пайызға дейін өсіп отыр. Бізде де шамамен осындай жағдай. Сондықтан отбасында әйел адам жүкті бола алмай жүрсе, біз алдымен тексеруді ер азаматтан бастаймыз. Егер ер азаматтың бедеулігі анықталған жағдайда, біздің орталықта қазіргі заманғы және тиімді емдеу әдістерінің барлық түрлерін ұсына аламыз. Тіпті ең ауыр патологиялық жағдайлардың өзінде де қол ұшын созып, бар көмегімізді аямаймыз.

F: Кейбір отбасында ер азаматтың шәуеттінде сперматозоидтар болмайды, ол инфекциялардың немесе генетикалық ақаулардың әсерінен болуы мумкін. Сол кезде донор шәуеті қолданылатынын естіп едік. Осындай жағдайларда кім донор бола алады? Және оларға ақша төлене ме?

- Заңға сәйкес, 18 жасқа толған және 35 жастан аспаған, өзінің баласын дүниеге әкелген ер азаматтар донор бола алады. Қойылатын талап - психиатр, наркологта есепте тұрмауы керек. Донор болуға үміткер алдымен шәуетін бізде тапсырады. Егер шәуетінің нәтижесі барлық талаптарға сай келіп жатса, қалған қажетті зерттеулер орталықта тегін жасалады. Тексерілу кезінде донор болуға үміткерден ешқандай инфекциялар табылмаса, оның шәуеті мұздатылады. Сосын карантинге қойып, алты айдан кейін қосымша тағы тексеріледі. Осы кезеңде бәрі дұрыс болып шықса, онда ол қорға алынады. Егер азамат тұрақты донор болам деп шешсе, әр үш айда инфекцияға анализдер өткізіп тұруы тиіс. Донор болуы үшін - ең бастысы денсаулығы мықты болуы шарт. Бағасына келсек, біз шәуеттің әрбір порциясы үшін 12 мың теңге төлейміз.

F: Әңгімеміздің басында Қазақстанда ЭКО жасату құны шетелдерге қарағанда әлдеқайда арзан екенін айттыңыз. Және сапасы да жоғары көрінеді. Олай болса, өзге мемлекеттерден келіп, сіздердің көмектеріңізге жүгінген жағдайлар бар шығар?

- Ия. Расында медицинаның бұл бағыты бойынша дамыған елдердің ешқайсынан кем емеспіз, тереземіз тең деп толық сеніммен айта аламын. Мамандарымыз білікті, құрал-жабдықтарымыз жаңа. Мәселен, біздің орталықта осы уақытқа дейін 1,5 мыңнан астам бала экстракорпоральді ұрықтандыру арқылы дүниеге келді. Және олардың арасында шетелдерден келген отбасылар да бар. Атап айтқанда, АҚШ, Франция, Германия, Иран, Ирак, Сауд Арабиясынан, Біріккен Араб Әмірліктерінен келгендер болды. Германияда алты мәрте ЭКО көмегіне жүгініп, нәтиже болмаған соң бізге келіп, мамандарымыздың арқасында нәрестесін құшақтап кеткен жағдайды мақтанышпен айта аламын.

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
5733 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Об авторе:
21 июля родились
Именинников сегодня нет
Самые интересные материалы сайта у тебя на почте!
Подпишись на рассылку
Самые Интересные

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить