Мақсатымыз – бизнестің үнін билікке жеткізу

2844

Кәсіпкерліктің мәдениеті өзгеріп жатыр. Қазір бизнесмендер жеке-дара жол іздемей, қауымдастықтарға бірігіп, бірлесе дамуды жөн көреді. «Атамекен» ҰКП-ның мәліметінше, биыл елімізде 199 қауымдастық тіркелген екен. Ал ондай қауымдастықтар кәсіпкерлерге не береді?

 

Болатбек Дәлелханұлы - Damu Business Group қауымдастығының басшысы
ФОТО: © Данияр Асылбек
Болатбек Дәлелханұлы - Damu Business Group қауымдастығының басшысы

– Болатбек мырза, Damu Business Group ресми тіркелген қауымдастық па? Әлде бір бағытта ойлайтын кәсіпкерлердің бейресми комьюнитиі ме?

– Damu кәсіпкерлер ұйымы басқа бизнес-қауымдастықтармен қатар дамып келеді. YPO туралы естіген боларсыздар, бұл – әлемдегі ірі ұйымдардың бірі. YPO-ның қалыптасу тарихына зер салсаңыз, бір америкалық бизнесменнің баласы, 27 жастағы Рей Хикок отбасылық кәсіпті өз қолына алады. Бірақ әкесі жоқ болған соң, оны қалай басқаруды білмейді. Сөйтіп, өзіне ұқсас, бір бағытта ойлайтын бизнесмендерді іздейді. Бірақ, бастапқыда тек шайдың төңірегінде ғана әңгімелесетін пікірлестер жинайды. Уақыт өте келе жарна жинап, бір-біріне көмектесетін жүйеге келеді. Бізде де дәл солай. Алты жыл бұрын өзара таныс кәсіпкерлер бір-бірімізге көмек не кеңес керек болғанда шай төңірегіне жиналатынбыз. Кейін жаңа кәсіпкерлер қосыла берді. Санымыз оннан асқаннан кейін бизнес-қауымдастық құрсақ деген идея туындады. Басында ресми емес қауымдастық едік. Былтыр тіркеліп, ресми статусқа ие болдық.

– Damu Business Group-тың ортақ идеясы қандай?

– Ортақ мүддеміз бен мақсатымыз – бірге даму, бір-бірімізді қолдау және тәуекелдерден қорғау. Кейде мемлекеттің теріс заңдары мен әкімшілік кедергілерден қорғануға тура келеді. Мемлекет әрбір бизнестің мүддесін ойлап отырмайды. Билік ауқымды шешімдер қабылдап, белгілі бір заң енгізеді. Ал енгізілген тәртіп бизнестің мүддесіне қайшы келуі мүмкін. Соның салдарынан кейбір кәсіпорындар жабылып, жұмыс орындары қысқарып қалуы ықтимал. Біз сондай кезде бірігеміз.

– Қандай өзгеріске қарсы шығып, нені өзгертуге түрткі бола алыңыздар?

– Мен өзім логистика саласындағы кәсіпкермін. Бір жарым жыл бұрын қазақ-қытай шекарасында міндетті тазалау процесі жүрді. Бұл іс-шара біз секілді кәсіпкерлерге мүлде тиімсіз болды. Ондаған кәсіп жабылудың алдында тұрды. Біз басқа да бизнес-қауымдастықтармен бірлесе отырып, заңгерлерді шақырып, Мемлекеттік кірістер комитетіне ресми хат жаздық. Мекеменің төрағасымен елордада жолығып, өз проблемамызды айтып, кәсіпкерлік жабылып қалуы мүмкін екенін жеткіздік. Олар бізді тыңдап, түсініп, біраз кәсіпкерлерге «дәліз» ашып берді. Соның арқасында қаншама кәсіпкерлік пен жұмыс орны аман қалды.

Тек биліктен ғана қорғанамыз демейміз, бір-бірімізді де қорғаймыз. Бірде бір мүшеміздің қоймасы өртеніп кетті. Қайтарымсыз негізде әр кәсіпкер 1 млн теңгеден жылу жинап бердік. 20 жігіт 8 сағаттың ішінде 20 млн теңге жинады. «Бәріміз біріміз үшін, біріміз бәріміз үшін» деген қағиданы ұстанып, демеу көрсетеміз. Біреуге шұғыл ақша керек болып қалса, қарызға өз арамыздан жинап бере саламыз. Оған банк несиесін алғаннан гөрі, өзімізден ала салған тиімдірек. Тез әрі пайызсыз.

– Қатарыңызға қосылу кәсіпкерлерге не береді?

– Біздің командамызға қосылғысы келетін кәсіпкерлер көп. Бірақ ақшасын төлеп, тіркеле салу деген жоқ. Арамызға іріктеу жүйесі қиын. Бизнес-қауымдастығымыздың беретін пайдасы көп. Ең алдымен, нетворкинг, тиімді байланыс орнататын ортамыз бар. Екіншіден, қорғануға жақсы. Үшіншіден, өзара қолдауға үміт арта алады. Мысалы, біздегі жиырма кәсіпкердің оны – менің тұрақты клиенттерім. Олар жыл он екі ай менің тұрақты табыс табуыма кепілдік бере алады. Осындай пайданы байқағаннан кейін көбісі қауымдастыққа кіргісі келеді. Тағы бір тиімді тұсы – клиенттермен кері байланыс орната аламыз. Яғни, қызметім ұнамаса, ашық айта алады. Бұл маған да пайдалы, үнемі қамшылап отырады.

Біздің командамызға қосылғысы келетін кәсіпкерлер көп. Бірақ ақшасын төлеп, тіркеле салу деген жоқ

Біз қазір қауымдастыққа жаңа модель енгізгелі жатырмыз. Жылына бір отырыс жасап, кемшіліктерімізді айтып, қатемен жұмыс істемекшіміз. Коммуникацияның мұндай форматы бізді тек өсіреді. Бір-бірімізге құнды кеңестер айтып, кәсіби тұрғыдан өсіп, кәсіпті дамытуға ықпал ете аламыз. Тағы бір артықшылығы – жоғарыда айтып өткенімдей, қаржылық кепілдік бере аламыз. Сондықтан, біздің ортамызға кірген адам шыққысы келмейді. Егер кәсіпкер кездесулерге уақытылы келмесе, дұрыс қарым-қатынас жасамаса, өзіміз шығаруға құқылымыз. Бізде фильтр қатаң: кәсіптің жылдық айналымы 1 млрд теңгеден жоғары, іскерлік беделі мықты болуы керек. Қауымдастықтың басқа мүшелері «иә» десе ғана қабылдаймыз. Оның бәрін жеңілдетуді жоспарлап, қатарымыздағы кәсіпкерлердің санын қырыққа жеткізуді көздеп отырмыз.

– Damu қауымдастығына кірудің бір шарты – резиденттер арнайы жарна төлеуі керек. Оның көлемі қандай және жиналған қаржы қандай мақсатта жұмсалады?

– Damu бизнес-қауымдастығы коммерциялық ұйым емес, ешкімнің пайда көруіне рұқсат берілмейді. Жылына бір рет 500 мың теңге көлемінде жарна төленеді. Одан жиналған ақша бизнес-тренерлер жалдауға, ұйымдастыру жұмыстары мен атқарушы директордың жалақысына жұмсалады. Ай сайынғы шығындарымызды есептеп, қатысушыларға көрсетіп отырамыз. Біздегі шаралардың 80 пайызы қайырымдылықпен ұштасып жатады. Мысалы, пандемия кезінде жасанды тыныс алу аппараттарын алып, ауруханаларға сыйладық. Қаңтар оқиғасы кезінде мыңға жуық дәрігерге ыстық тамақ ұйымдастырып, мың отбасыға азық-түлік жеткізіп бердік. Әр кәсіпкер өз мүмкіндігіне қарай қалаған сомасын жібереді.

– Қауымдастық өкілдері еліміздегі қандай жобаларға ақша құйды?

– Біздің түпкі мақсатымыз – қазақстандық өнімдерді көбейту. Қазір импорттық тауарларды сатып алу арқылы біздің ақшамыз шетелге кетіп жатыр. Егер біздің шығаратын өнімдеріміз көп болса, ақша өз ішімізде қалар еді. Қазақстанда экономикалық тәуелсіздік жоқ. Себебі, өзімізде өндіріс жоқ. Егер киім, аяқ киім, тұтыну тауарларын, тамақты елімізде өндірсек, біз импортқа тәуелді болмас едік. Біз осыны қолға алғымыз келеді және арамыздағы өндірісі бар кәсіпкерлерге қолдау көрсетуге басымдық береміз.

Біз қазір қазақша цифрлы пернетақтаның дамуына қаржы құйып жатырмыз. Біз жүктеп алатын пернетақтаның иесі қытайлықтар, демек олар біздің не жазып, не іздейтінімізді көріп отыр. ІТ мамандардың шығынын көтеріп, осы бағытта жұмыс атқарып жатырмыз. Біз бұл жобаны Тілдер комитетіне де ұсындық, олар қуана қолдап, қаржыландыруға дайын екендерін жеткізді. Жұмыстың 60 пайызы орындалды. Қазақ тілі техникалық тілге айналуы үшін осындай іс атқарып жатырмыз. 1,5 жылдың ішінде мақсатымызға жетеміз деп ойлаймын. Бұл жобаның іс жүзінде қолданылуы былай: сіздің диктофонға айтқан аудио форматтағы сөзіңізді мәтінге айналдырып беретін шешім шығардық.

ФОТО: © Әлихан Төлегенов

– Айналамызда соңғы айларда болып жатқан геосаяси жағдайды отандық кәсіпкерлер өз пайдасына жарата ала ма?

– Ресейге жүктелген санкциялардың бізге тигізген ең үлкен зардабы – оның салдарынан жүк тасымалы тоқырап, шекараларда кептеліс болып жатыр. Десе де, жақсы жақтары да көп. Ресейліктер SWIFT арқылы доллармен есеп айырысу үшін Қазақстанда компания ашып жатыр. Бұл – қосымша салықтық түсімдер келеді деген сөз. Қытайдың «дағдарыс» деген сөзі екі иероглифтен тұрады: «қауіп-қатер» және «мүмкіндік». Алдымен қиындыққа тап болады, оны жеңе білсең, мүмкіндікке ұласады деген идеяға саяды. Сондықтан кез-келген дағдарыстан мүмкіндік көре білу керек.

Мен екі нәрсені құптамаймын: «русофобия» және «синофобия». Көршімен тату болуымыз керек. Олардан қорқып, изоляцияға түскенше, әлеуетімізді арттыруға ұмтылуымыз қажет. Ресейлік компаниялар релокация жасап, көшіп келіп жатыр. Бұл – инвестиция келеді, жаңа жұмыс орындары ашылады, салық түседі деген сөз. Оларды қорқытуға немесе қайтарып тастауға болмайды. Қытай қалай дамыды? Канадалықтар, америкалықтар, ағылшындар, өндіріс ошақтарын дамытты. Айналып келгенде, ол өндіріс ошақтарының бәрі өздерінде қалды. Біз сапа мен сан жағынан мықты ұлтқа айналсақ, экономикалық экспансиядан қорықпайтын едік.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить