Maqpalsher: Алматыда ақын, музыкант Мақпал Жұмабайдың анимациялық жобасы жарық көрді

14143

Автор қалайша өз туындысының кейіпкеріне айналды

Бұл туралы Мақбал Жұмабай Forbes.kz  тілшісіне берген сұхбатында айтып береді.

F: Мақпал, саған бұл идея қай кезде және қалай келді?

- 2017  жылы «Мақпал шер» деген атпен поэтикалық кітабым  жарық көрді.  Осы кітабымның иллюстарциялы болуын армандадым. Әр  өлеңнің тереңіне бойлап, бүтіндей бір ойға қызмет ететін бас кейіпкер жасағым келді. Ол кейіпкер  «жүректі табу» мен «жүректі жоғалту» арасындағы  сан күреске түсіп, өзінің шындығын табуы қажет еді. Бірақ,  бірнеше  суретшімен бірге жұмыс істегеніммен, жоба ойымдағыдай шықпай жатты.  Сол аралықта  көзқарасымды, дүниетанымымды төңкерген кішкентай оқиға болды.   Ұлыммен Алакөл жағажайында жүрген едік, ол маған жүрек тастар жинасақ деген ойын айтты. Баламның көңілін қалдырғым келмей,   келіскеніммен, мен аяғымның астынан жүрек тас таба алмадым. Ол болса, 30-ға жуық жүрек формасындағы тастарды алдыма қойды. Осы оқиғадан кейін кәдімгідей  ойға баттым. Ойлардың арасынан түлеп шықтым.  Біз – үлкендер біртіндеп дүниенің ғажайыптарын  көре алмайтын,  жақсылықтарын сезе алмайтын күйге душар болады екенбіз. Осы сәбидей таза қалыпты сақтап қалуға бола ма?  Сақтап қала алмасақ да, бізге тазаруға сәт сайын мүмкіндік беріледі екен. Жақсы болуға мүмкіндік беріледі екен. Осы сәтте мен иллюстрацияға қатысты ісімнің кездейсоқ тұралап қалмағанын түсіндім,  ойымды жеткізу үшін қолыма қылқалам алдым.  Өз кітабымды өзім көркемдеп шықтым.  Нәтижесінде, кітабымда  айтқым келген ойларды иллюстрацияларым арқылы  толық  қамтып шықтым.  Бірақ, кітабымдағы бұл Мақпал шер образы – басқа бір үлкен идеяға барар жолдағы әрекеттерім болатын. Ол –  анимациялық кейіпкерге айналу идеясы еді. Сонымен, өзіңіз сезіп отырғандай, бұл ойлардың өзіне менің бес жылдай уақытым кетті. Нақты жобаға 2018 жылдың басында кірістік.

F: Кімдер қолдады және жүзеге асырды?    

- Бұл  кейіпкер  –  менің музыкалық-поэтикалық  Maqpalsher жобамның  анимациялық бағыты. Бұл –ұзақмерзімдік  өнер жобасы. Енді  Maqpalsher  тұрақты анимациялық кейіпкер ретінде  дамып,  өлеңдерге түсірілген   циклді фильмдерін ұсынады. Фильмдер әр түрлі өлеңге түсірілгенімен,  ортақ концепция үшін қызмет етеді.   Бас кейіпкер бір оқиғадан екінші оқиғаға өтіп, өзінің дүниеге деген философиялық көзқарасын ұсынады.  Мұндай жобаны рухтас, мұраттас адамдармен бірге істемесеңіз, жүзеге асыруға ғұмырыңыз жетпеуі мүмкін.  Режиссер, аниматор досым Дильшат Рахматуллин  жобаны жүзеге асырғысы келетінін айтты. Мен жолдың басында тұрып-ақ бұл жолдың ұзақ әрі қиын болатынын, шегінуге мүмкіндік болмайтынын  ескерттім. Біз бұл кейіпкерді әбден зерттеп,  пікірталасқа да бардық. Maqpalsher-дің 100-ден астам эскизін жасадық. Есімде,  өткен жылы дәл 30-желтоқсан күні біз кейіпкеріміздің образын таптық. Ал сценарий желісіне ешкімді араластырмаймын. Оны тек өзім жазамын. Раскадровканы бүге-шігесіне дейін талқылаймыз. Мен жобама қосылған шығармашылық адамдарына алғашында өз идеямды барынша сіңіремін. Сол үшін көп кездесуге, бірлесе көп жұмыс істеуге, әңгімелесуге тырысамын. Олар ортақ ойға бірігіп, менің материалымды жан-дүниесімен сезініп, өз баласындай аялай  бастағанда, бір қадам шетке шегінемін. Ол адамның  еркін жұмыс істеуіне жағдай жасаймын. Дильшатпен де солай болды. Мен өзімнің асыл идеямның оның да идеясы болып кеткенін сездім. Енді біз бұл жобаны тұрақты түрде жалғастырамыз.  Алғашқы «AÝA» фильмінің түсірілімі толық аяқталып, көрерменге жол тартты. Көрермен  бұл фильм арқылы «AÝA» мақамды жырын  өзінше түйсінуге, саралауға  мүмкіндік алады.   Кейіпкердің әрекеті мен шешімдері   көрерменге ой салып,  ішкі әлеміне үңілуге мүмкіндік береді деп ойлаймын.  Жалпы жобаның түсіріліміне Асхат Ысмағұлов, Зоя Борисенко, Әміржан Қазиев, Арыстанбек Хасенов, Жанаділ Байдарбек, Нұрия Елбаева, Гулбақыт Тазабекова, Айдар Жұмажанов, Данияр Кулбашев  сынды мамандар қатысты.

F: Қаржы мәселесі қалай шешілді? Қанша жұмсалды?

- Сізге  шындықты айтайын. Мұндай дүниені жасауға көп қаражат керек. Қаражат болмаса, жанкештілік. Біздікі – екіншісі. Мұны – өнерге адал адамдардың кішкентай ерлігі десеңіз болады.

F: Туындының мазмұны, форматы қандай, не туралы, аудиториясы кімдер?

- Жоба авторлық әрі арт-хаус жанрында түсіріледі. Сюрреализм элементтері көрініс табады.  Біз бұқараға бейімделмейміз. Керісінше, бұқара талғамын биіктеткіміз келеді. Әдебиет сыншысы Құлбек Ергөбек:  «Сен өз өнеріңді бізге түсіндіруге тырыспа, керісінше, біз сені түсінуге тырысайық» деген еді бір кешімде. Міне, сол күннен бастап, өнеріме қатысты түсіндіру жұмыстарын аяқтадым. Ең бастысы, мен өз жанымды толғандырған  нәзік те күрделі,  терең  да көкейкесті мәселелерді көтеретін боламын. Әр адам көкірек көзі жеткен жерге дейін бойлайды. Ал Maqpalsher  көркем кейіпкер болғандықтан, оның мүмкіндігінің  шегі жоқ. Ол шектеліп тұрған дүниені бұзып-жарып өтуімен, оның ар жағында не бар екенін зерттеуімен құнды әрі ерекше.  Бұл кейіпкер менің поэзиямдағы ойлардың кең қанат жаюына қызмет етпек.  Ал жобаның аудиториясына келер болсам, меніңше, бұл жоба жас талғамайды.  Бірақ, ойлы, зерделі, білімді көрермен үшін қызмет етеді. Және оларды көбейтуге тырысады.   Мен бәрібір де  шын өнердің үстемдік құрарына сенетіндердің қатарында қаламын. Және осы жолдағы күресімді тоқтатпаймын. Бұл жобам да – сол күресімнің бір көрінісі әрі белесі  деп білемін.

F: Неліктен өзің туралы?

- Мен өзім туралы ғана білемін. Басқа адам туралы айтуға қақым жоқ деп есептеймін. Бұл кейіпкердің прототипі өзім болғаныммен, оны өз жанымнан бөліп қарастырамын.  Ол -  менің шығармашылық  жобам. Ал бұл кейіпкерге айналуға не ықпал етті десеңіз, оның жауабы мұңды әрі күлкілі боп көрінуі мүмкін.  Интеллектуалды өнер жасап жүргендіктен,  оның үстемдік құрар уақытын күтуіңіз керек. Мен ол уақытты күте-күте жабырқадым. Оны жақындату үшін қолымнан келгеннің бәрін істеп келемін.  Ал ол уақыт келмесе ше? Өз кезеңімде түсінілмей, ұғынылмай қалсам ше? Бұдан шығатын жалғыз жол – осы анимациялық кейіпкер деп түйдім.  Ол енді мәңгі жас күйінде, уақыт пен кеңістікті талғамай өмір сүреді.

Мұндай формат қайда қолданылды?

- Әлемдік кеңістікте мұндай кейіпкерлер көп емес.   Бұл кейіпкерді дамытып, жаңа кеңістіктерге шығаруға жігерім мен күшім жетеді деп сенемін. Өйткені, оның дамуына қалтқысыз және күмәнсіз қызмет ететін – мен бармын.


F: Анимациялық клиптің тұсауы қайда және қашан кесілді? Кідерк елді? Кезекті  туынды қай кезде жарық көреді? 

- «AÝA» клипінің тұсаукесері Алматы қаласында 10-тамыз күні өтті. Оған музыка, кино, жалпы өнер саласының өкілдері қатысты. Атап айтсақ, халықаралық кинофестивальдердің лауреаттары, кинорежиссерлер  Елзат Ескендір, Асхан Кученчереков, Адай Әбілда, Мейіржан Сандыбай келді. Мұндай бағыттағы кино туынды бұрын-соңды елімізде түсірілмегендіктен, қонақтар оны ерекше ықыласпен қабылдады. Өзіме  «Ер Төстік», «Күлтегін»  толықметрлі анимациялық фильмдерінің режиссері Адай Әбілда досымыздың пікірі өте әсер етті. Ол  фильмнің  сапасы мен мазмұнына баса назар аударып, «фильмнің  мағыналық әрі  көркемдік шешімі  отандық анимация үшін жаңа белес» екенін айтты.   Клипті  интернет арқылытаратуды жоспарлап отырмыз.  Екінші фильміміз келесі жылдың басында жарық көреді. Оған дайындық жұмыстарын бастап  кеттік.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить