Әлия Жүсіпова: Басты мақсат- әлемнің 10 үздік командаларының құрамында өнер көрсету

11388

Қазақстан көркем гимнастикасының бүгіні мен болашағы қандай?

Әлия Жүсіпова-Қазақстанның мақтанышы, көркем гимнастикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебер, Қазақстанның 5 дүркін чемпионы, Азия және әлем біріншіліктерінің бірнеше дүркін жеңімпазы болды. Мәскеудегі олимпиадашыларды дайындайтын әйгілі ресейлік жаттықтырушы Ирина Винердің қолында тәлім алып, кезінде Афина және Пекин олимпиадаларына жолдама алып, керемет нәтиже көрсеткен еді. Қазіргі кезде көркем гимнастикадан ұлттық құраманың бас бапкері болып қызмет етеді. Әлия Мақсұтқызының алдағы жоспары қандай, Токио олимпидасына деген дайындық қалай жүріп жатыр, кімдерге үміт артамыз, жалпы отандық гимнастикаға не жетіспейді? Бұл жайында талай биікті бағындырған танымал әрі тәжірибелі спортшы, ұлттық құраманың бас бапкері Forbes.kz тілшісіне берген сұхбатында айтып береді.

F: Әлия, Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері екеніңізді білеміз. 2018 жыл Сіз үшін, шәкірттеріңіз үшін қаншалықты нәтижелі болды. Қазақ гимнастикасы қандай биіктерді бағындырды?

-2018 жыл Қазақстан Ұлттық құрамасы үшін өте жемісті болды. Біздің қыздар Азия Чемпионатында 3 алтын, 2 күміс және 1 қола медальдарын жеңіп алды. Ал , Индонезияда өткен Азия ойындарында екі мүмкіндіктен 2 алтынды иеленіп 100%-дық көрсеткішті көрсетті.

F: Үстіміздегі жылға деген жоспар қандай? Токио олимпиадасына жолдама алатын мүмкіндік бар ма? Кімдерге үміт артамыз, сенім артатын спортшылар кімдер?

-2019 жыл Олимпиадаға дайындық жылы. Осы жылдың қыркүйек айында Бакуде өтетін Әлем Чемпионатында Токио Олимпиадасына алғашқы жолдамалар ойнатылатын болады. Негізгі сенім біздің қазіргі лидерлеріміз Алина Адилханова мен Адиля Тлекеноваға артылатын болады.

F: Сіз өзіңіз Мәскеудегі атақты жаттықтырушылардың қолында шыңдалдыңыз. Қазіргі гимнастшылар қайда дайындалады, оларды шет елде жаттықтыру немесе оларға өзге елдерден арнайы бапкерлерді шақыру қарастырылған ба?

-Біздің гимнастшыларымыз менің және өздерінің жеке жаттықтырушыларының басқаруымен жаттығады. Ал, шетелдік мамандармен біз әр уақытта жұмыс істей бермейміз, тек Мәскеу қаласында қысқа уақытқа оқу–жаттығу жиындарына қатысып тұрамыз.

F: Сізді бұған дейін шет мемлекеттер талай жұмысқа шақырған екен, бірнеше ұсыныстар жасалыпты. Қай елдер шақырды, нақты не ұсынды? Неліктен бас тарттыңыз?

-Өзімнің спорттағы карьерамды аяқтаған соң мен Жапония мен Италия елдеріне жұмысқа шақырту алдым, бірақ мен өз елім Қазақстанда қалуды жөн көрдім. Өйткені, өзімнің барлық жинаған тәжірибемді өзіміздің қыздарымызбен бөлісіп, ең бастысы өз еліме пайдамды тигізгім келеді.

F: Әрбір спортта қаржы мәселесі маңызды рөл ойнайтыны белгілі. Көптеген спорт түрлерінде солай. Ал гимнастикада қалай? Әлемдік деңгейдегі кәсіпқой гимнастты дайындау үшін не ең алдымен не қажет?

-Әлемдік деңгейдегі гимнастшыларды дайындау үшін ең алдымен уақыт және қаражат керек. Әлемдік деңгейдегі гимнастшылармен бірлесіп жұмыс істемейінше, әлемдік ареналарда тәжірибелі түрде иық тіресе өнер көрсететін мықты гимнастшы болу мүмкін емес.

F: Шыментте жеке мектеп ашқаныңызды білеміз. Онда қанша шәкірт дайындалады?

-Иә, мен Шымкент қаласында көркем гимнастика мектебін ашқан болатынмын, бірақ менің қазіргі таңда спортта және қоғамдық жұмыстардағы жүктемелеріне байланысты уақытша жаба тұруды ұйғардым. Біздің шырайлы Шым қаламызда 2010 жылы мамандандырылған мемлекеттік көркем гимнастика спорт мектебін ашқан болатынбыз, қазіргі уақытта мектебімізде 400-ден аса қыз жаттығуда.

F: Жалпы бұл спорт түріне қанша жастан басап алынады? Оны меңгерудің қиындығы неде? Көркем гимнастикаға келгендердің қаншасы, егер пайызбен айтсақ кәсіби деңгейге дейін жетеді?

-Біз көркем гимнастика спорт түріне 5 жастан бастап түр-сипаты мен табиғи жаратылысы сай келетін қыздарды қабылдаймыз. Бірақ өкінішке орай уақыт өте келе 50% -дан астам қыздарымыз кәсіби деңгейде шұғылданбастан тастап кетіп қалып жатады.

F: Көптеген қыздар гимнастикадағы қатаң талапқа шыдай алмай кетіп қалатынын айттыңыз? Оның басты себебі неде?

-Гимнастикада тек сабырлы, шыдамдылығы жоғары және осы спорт түріне деген махаббаты оянған қыздар ғана қалады.

F: Сізден кейін олимпиада биігінен көрінген қыздарды көре алмадық. Жалпы оның дамуына қалай баға бересіз, даму үшін не керек?

-Олимпиада ойындарында жоғары көрсеткішке ие болу үшін ең алдымен үлкен сабырлық, жаттығуларға белсенді түрде қатысу, әр уақытта орындайтын бағдарламаларыңды жетілдіріп және құралдардың техникасын жақсы игеру керек. Біздің көптеген үздіктерімізге осы қасиеттер жетіспей жатады.

F: Бүгінде бұл спорт түрінен қай мемлекеттер көш бастап тұр? Қазақстан қандай сатыда?

-Әлемдегі үздік позицияларды қазіргі таңда Ресей , Украина, Беларусия, Израиль , Болгария құрамалары алып келеді. Біздің мақсатымыз әлемнің 10 үздік командаларының құрамында өнер көрсету.

F: Алдағы жоспар қандай? Көркем гимнастиканы 2019 жылы қандай белестер күтіп тұр?

-Алдағы уақыттағы біздің ең басты мақсатымыз Токио Олимпиадасына жолдаманы жеңіп алу.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить