Әлемдегі ең көп ақы төленетін гольфшылар

3142

Сауд арабияның түбі көрінбейтін мұнай құдығынан түсетін долларлардың арқасында әлемдегі ең көп ақы төленетін спортшылардың ондығында екеуі – гольфшылар. Гольф ойнайтын кәсіби ойыншылардың ішінде қаржылық жағдайы ең жақсыcы – 52 жасар солақайда

ФОТО: © CODY PICKENS

АҚШ-тың әуесқойлар арасындағы бұрынғы чемпионы Брайсон Дешамбо PGA Tour-ды сегіз рет жеңіп, кейін LIV Golf-ке кеткен. «Мен Турды және оның маған бергенін жақсы көремін. Бұл ең үздік балама» деген еді ол.

Кәсіби гольф әлеміндегі жаңалық іспеттес болған LIV Golf турнирі Сауд Арабиясының Ұлттық әл-ауқат қорына тиесілі (активтері – $620 млрд). Оның басқа турнирлерден айырмашылығы да көп. Ол PGA-ге қарағанда қысқа, – үш күнде 54 шұңқыр (LIV – 54 санының рим цифрімен жазылуы). Шулырақ та: музыка бірінші соққыға дейін ойнайды. Турнирлер сирек өтеді. Бірақ ол турнирдің ең басты ерекшелігі – қаржылай ресурсы. LIV Golf – ол ақша. Өте үлкен ақша.

LIV Golf-тің басындағы екі маусымына Сауд Арабиясы $2,4 млрд бөлген дейді әрі бұл соманың басым бөлігі ойыншыларды тартуға жұмсалады. Жалпы алғанда, LIV арқасында ең көп ақы төленетін он гольфшының табысы осы жылдың мамырынан бастап $370 млн-ға өскен, нәтижесінде $650 млн көлемінде рекордтық табыс деңгейін тіркеу мүмкін болды.

«Мен басынан бастап осының бір бөлігі болғым келді, – дейді 27 жасында АҚШ-тың гольфтан 2020 жылғы Ашық чемпионатын жеңіп алып, осы жылы маусымда LIV-ке қосылған Брайсон Дешамбо. – Ресурстар, ақша, демалыс әрі процестен ләззат алу, осы факторлар үшін мен ауыстым».

Әрине, солай екені даусыз. Бірақ LIV-ке ауысқаны үшін бонус ретінде Дешамбоға $125 млн астам берілгенін де ескерте кету керек. Forbes мәліметінше, ол аталған соманың жартысын аванс ретінде алып та үлгерген. Сол $62 млн арқасында Дешамбо әлемдегі ең көп ақы төленетін гольфшылар тізімінде үшінші орынға шықты. Соңғы 12 ай ішінде оның табысы салықты алып тастағанға дейін $86 млн болды. Осы мәміле арқылы ол әлемдегі ең көп ақы төленетін спортшылар тізімінде Том Брэдиді басып озып, 11-орынға жайғасты.

Бұл қарын майда бір құмалақ бар ма? Иә. Енді PGA, Players Championships және Ryder Cup турнирлері Дешамбо үшін есіктерін жапты. Басқа да PGA «қашқындары» үшін олардың мүшеліктері тоқтады. Сауд Арабиясы қамқоршыларының қанатының астына кірген гольфшылар әлі де Masters және PGA Tour басқаруы мен қадағалауына кірмейтін мейджор сериясының басқа да үш турниріне қатыса алады.

ФОТО: © CODY PICKENS

Мейджор сериясының екі дүркін жеңімпазы Дастин Джонсон одан да асып түсті. Жақында Уэйн Грецкидің қызы Паулинаға үйленген 38 жастағы кәсіби гольф ойыншысы былтыр $97 млн табыс тапты, оның шамамен $62 млн LIV-ке қосылғаны үшін берілген бонус. Саудиялықтардың ақшасы Джонсонды әлемдегі ең көп ақы төленетін спортшылар ренкингінде бесінші орын-ға шығарды, сондықтан оған шешім қабылдау қиынға соқты дей алмаймыз: «Аз гольф ойнап, көп ақша табу ақылмен жасалған таңдау сияқты».

Бұл жерде бәрінен кім көп табыс тапты? Фил Микелсон. Мейджор сериясындағы турнирлерден бес ірі чемпиондық титулы әрі PGA турнирінде 45 жеңісі бар, өз буыны арасында нәтиже жөнінен екінші орындағы ойыншы жаңа турнирді алғашқы болып қолдағандардың бірі болды. Ақпан айында ол сынға ұшырады, тіпті мансабында қысқа үзіліс жасауға мәжбүр болды, өйткені «PGA Tour әдеттегі ұйымдастырған ойындарды өзгерте алатындай бірегей мүмкіндік» үшін Сауд Арабиясындағы адам құқықтарының сақталуы жағдайына көз жұмды деп сыналды. Кейбір демеушілер Микельсонмен келісімшарттарды бұзды. Бірақ оны бұл алаңдатпайтын да тәрізді. Қауесеттерге сенсек, LIV оған шамамен $200 млн төлеуге кепілдік берген, бұл өте жақсы өтемақы, бұл соманың жартысын аванспен алатын сияқты. Өткен жылы 52 жастағы гольфшы жалпы $138 млн табыс тапты, бұл оған «ең көп ақы төленетін спортшы–2022» атағын әкелді, осының арқасында ол әлемдік футбол жұлдызы Лионель Мессиден ($130 млн) оза алды.

Десе де қатерлер жоқ емес. LIV Golf турнирлерінде АҚШ-та телехабар таратуды ұйымдастыру үшін маңызды серіктесі жоқ. LIV-қа қызығушылық танытқандар YouTube-тегі көрсетілімді көруге мәжбүр. Сонымен қатар, турнир ақшаны «жағып жіберді» десе болады. Табыс көздері шектеулі әрі қол қою үшін үлкен бонустардан және әр жеке іс-шараны өткізуге бөлінген миллиондаған долларлық бюджеттерден басқа, тек 2022 жылдың өзінде LIV қатысушыларға $255 млн сыйлық қорын уәде етті. «Кез-келген стартап сияқты бұл жерде де капиталды «жағып жіберудің» белгілі бір жылдамдығы бар. Amazon, Uber және сол сияқтылар белгілі бір уақытқа дейін пайда тапқанша ақша жұмсауға мәжбүр болды», – дейді LIV Golf президенті Атул Хосла.

PGA Tour бұл уақытта бос отырған жоқ. Шілде айында олар сегіз турнирдің жүлде қорын жалпы сомасы $53,8 млн дейін көбейтті, бұл жерде Players Championship бәйгесі $25 млн дейін өсті. Екінші жа-ғынан, PGA Tour өз мүшелеріне LIV турнирлеріне қатысуға рұқсат беру туралы қатаң ұстанымы АҚШ Әділет министрлігі осы мәселеге қатысты антимонополиялық тергеуді бастауына түрткі болды.

LIV ойындарына қатысудан бас тартқан гольфшылардың арасында Тайгер Вудс болды. LIV Golf бас директоры әрі өзінің жарқын спорттық мансабы жылдарында «Үлкен ақ акула» лақап атымен танымал болған Грег Норман Washington Post-қа берген сұхбатында Вудс LIV-тің тоғыз таңбалы сандар көрсетілген «керемет үлкен» ұсынысын қабылдамағанын айтты. Бұл шешім Вудсты бұған дейін өзіне таныс болмаған төменгі позицияларға тастады: он жыл бойы әлемдегі ең көп ақы төленген спортшы бүгінде $68 млн табысымен гольфшылар арасында бесіншісі ғана. Бірақ ол өкінбейді: «Мен мұның бәрін түсінбеймін. Бұл шешім ұзақ мерзімді перспективада қаншалықты жағымды болатынын көріп тұрғаным жоқ».

Үздіктер ондығы

Әдістемесі. 2021 жылғы 3 шілдеден 2022 жылғы 3 шілдеге дейінгі кезеңдегі салық шегерілгенге дейінгі табыс. Ойын табысы жүлде мен бонустарды қамтиды. Ойынға қатысы жоқ табыстар – демеушілік келісімшарттар бойынша сыйақыларды, қатысқаны үшін гонорарларды, кәдесыйлар мен лицензиялық келісімдерді сатудан түсетін кірістерді, сондай-ақ басқа да коммерциялық жобалардан түсетін түсімдерді шамамен есептеу. Бағалау ашық ақпарат пен гольф-индустриядағы он-даған инсайдерлермен болған әңгімелерге негізделген. Агенттік комиссияларды шегергенге дейін.

1. Фил Микельсон, 52 • Жалпы табысы: $138 млн
Алаңда: $102 млн • Алаң сыртында: $36 млн

Өз мансабында Солақай $1 млрд астам табыс тапты, оның ішінде LIV-пен мәмілеге келудің арқасында. PGA Tour-дың өмірлік мүшесі болу құрметіне ие болған аз ойыншылардың бірі (арасында Тайгер Вудс, Дастин Джонсон, Виджей Сингх және Том Уотсон бар), бірақ LIV-пен келісімге отырғаннан кейін бұл артықшылығынан айырылды.

2. Дастин Джонсон, 38 • Жалпы табысы: $97 млн
Алаңда: $68 млн • Алаң сыртында: $29 млн

Жақында ғана әлемнің ең үздік гольфшылары тізімінде 16-орынға жайғасқан Джонсон алғашқылардың бірі болып LIV-ке қосылып, осы үшін шамамен $125 млн алды. Ал қарашада өзінің BodyArmor-дағы үлесін сатты (мәміле сомасы айтылмады). PGA Tour-дан кеткеннен кейін онымен бірге қалған демеушілер қатарында Adidas пен TaylorMade бар.

3. Брайсон Дешамбо, 28 • Жалпы табысы: $86 млн
Алаңда: $66 млн • Алаң сыртында: $20 млн

LIV турнирлер сериясы шеңберіндегі алғашқы ойын оған $560 000 әкелді, бұл 2022 жылдың бұған дейінгі жеті турнирдің табысынан үш есе көп.

4. Брукс Кепка, 32 • Жалпы табысы: $69 млн
Алаңда: $53 млн • Алаң сыртында: $16 млн

Төрт мэйджорды жеңіп алған, сондай-ақ, Дешамбоға біраз уақыттан бері мықты бәсекелес боп келе жатқан Кепка LIV-тен өзіне тиесілі $100 млн кепілдік соманы қамтамасыз етті деген қауесет бар.

5.Тайгер Вудс, 46 • Жалпы табысы: $68 млн
Алаңда: $43,5 тыс. • Алаң сыртында: $68 млн

Гольфшылар арасындағы жалғыз миллиардер саудиялық долларларға мұқтаж болмай шықты.

6. Рори Макилрой, 33 • Жалпы табысы: $43 млн
Алаңда: $9 млн • Алаң сыртында: $34 млн

Макилрой болса, PGA Tour-ды қолдайтынын ашық айтты, мысалы, CBS-ке берген сұхбатында «гольф әлемінде LIV Golf-қа орын жоқ» деген пікір білдірді. Ұстанымына осыншалық беріктігі нәтиже беруі мүмкін. Ақпан айында Workday компаниясы Микельсонмен келісімшартты жаңартпау туралы шешімін жариялағаннан кейін көп ұзамай Солтүстік Ирландияның тумасына демеуші болды.

7. Серхио Гарсия, 42 • Жалпы табысы: $42 млн
Алаңда: $35 млн • Алаң сыртында: $7 млн

Masters-2017 сериясындағы турнирлер чемпионы LIV-ке ойыншылардың ауысуы кезеңінің алғашқы толқынында қосылды.

8. Джордан Спит, 29 • Жалпы табысы: $39 млн
Алаңда: $8 млн • Алаң сыртында: $31 млн

Бұрынғы №1 гольф ойыншысы шілде айында PGA Tour-ға адалдығын тағы бір мәрте дәлелдеді: «Менің PGA Tour-дан басқа турнирлерде өнер көрсететінім жайлы кез-келген жаңалық шындыққа мүлде жанаспайды». Жаңа келісімшартқа қол қойылғаннан кейін Спит 2029 жылға дейін Under Armour-дың гольфке арналған киімінің бейнесі болатын болды.

9. Патрик Рид, 32 • Жалпы табысы: $37 млн
Алаңда: $34 млн • Алаң сыртында: $3 млн

Рид бірнеше жыл бойы Ryder Cup жұлдызы болып, Капитан Америка деген лақап атты иеленді. Қазір америкалық-еуропалық жарыстарға қатысу мүмкіндігінен айырылғандықтан, жаңа тудың астында болуды үйреніп жүр: Ұлыбританияның ашық чемпионатында ойын көрсеткен Ридтің кепкасында, сондай-ақ, формасының жағасында әрі жеңінде LIV логотипі болды.

10. Карл Шварцель, 37 • Жалпы табысы: $34 млн
Алаңда: $30 млн • Алаң сыртында: $4 млн

2011 жылы Шварцель Masters сериясында өнер көрсеткені үшін $1,4 млн жүлдені алды, бұл оның осы деңгейдегі турнирлердегі алғашқы және жалғыз жеңісі болатын. Оңтүстік Африкалық гольфшының Лондонда өткен LIV тұңғыш жарысындағы жеңісі оған 3 есеге жуық көбірек табыс әкелді.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить