Кайдзен менталитетке тәуелді емес

Кайдзен жемқорлықты жойып, мұнайға тәуелді экономикадан шығуға көмектесе ала ма?

Құмар Мұсаев
ФОТО: © Данияр Асылбек
Құмар Мұсаев

Қазақстандағы алғашқы кайдзен орталықтың құрылтайшысы Құмар Мұсаев қоғамның кайдзенге деген қызығушылығы, жапон ілімінің жергілікті менталитетпен селбесуі және оның елімізді дамытуға тиетін көмегі жайында айтты.

– Жапониядан бастау алған кайдзен ілімі әлемнің басқа елдеріне өткен ғасырда тарала бастады. Елімізге 2000-жылдардың басында келген кайдзен іліміне қазір көзқарас қандай?

– Қазақстанға кайдзен ұғымы 2000-жылдардың басында келді. Алғашында тосырқай қарап қарсы болғанымен, артынан қажеттігін түсінгендер өздері ізденіп оқи бастады. Ол кезде оның технологиясын, құрылымын жан-жақты, тереңірек түсіндіріп айтып беретін ешкім болмады. Толыққанды білгісі, зерттегісі келетіндер берісі Ресейге, арысы шетелге барып оқыды. Ресей қазір бізден әлде-қайда алда келе жатыр. Себебі арнайы орталықтары, мемлекеттік мекемелерге насихаттайтын құрылымдар бар. Ресейлік кәсіпорындар кайдзеннің көмегімен жетістікке жете бастаған кезде біздің отандастар да қызығып, елімізге кеңесшілер шақыратын болды.

Қазір кайдзенге деген қызығушылық 2000-жылдармен салыстырғанда өте жоғары. Оның пайдасын түсінетіндер көбейді. Нақты іс жүзінде бизнесін дамытып, өндірісін кеңейткен кәсіпкерлер көп. Біздің орталығымыз ашылғалы бері небәрі 4 жылдың ішінде 5 мыңнан астам кәсіпкер кайдзен технологиясын үйреніп, өз бизнесінде қолданып жүр. Біздің орталықтың шәкірттері өмірлерінде үлкен өзгеріс болғанын жарыса айтады. Міне, осындай мысалдардан кейін кайдзенді оқып-білгісі келетін жандардың қатары артуда.

– Бұл философияның біздің менталитетке қарама-қайшы келетін тұсы бар ма?

– «Біз жапон емеспіз, біздің санамызға сай келмейді» деген пікірді жиі естимін. Кайдзен жаңалық емес. Әл-Фараби да өз заманында ысырапшылдықтың зардабы туралы жиі айтқан. Бір мысал келтірейін, «Тойотаның» әлем бойынша жүзден аса зауыты бар. Олардың бәрінде жапондар жұмыс істемейді, ілімді сол елдегі жергілікті халықты үйретеді. Бұдан шығатын қорытынды – кайдзен менталитетке тәуелді емес.

– Кайдзеннің көмегімен жемқорлық мәселесін шеше аламыз ба?

– Әрине! Кайдзеннің негізгі мақсаты – жүйе ашық әрі түсінікті, қарапайым болу. Оны енгізу үшін алдымен үнемділік идеясын санаға сіңіру қажет. Бұл – ойлау жүйесінің бір тәсілі. Яғни, шығынды анықтай отырып, өткен қателікке жол бермеу үшін арнайы әдіс-тәсілдерді қолдану. Осыдан бастау керек. Бірінші қадам – философия, екінші қадам – шығынды анықтауға көмектесу, үшіншісі – үнемдеудің технологияларын пайдалану.

Кайдзенді бизнеске енгіземін деген кәсіпкер ең алдымен өзі үйренуі керек. Егер ол өзі білмейтін болса, процеске кедергі келтіруі мүмкін

– Қазақстандағы алғашқы кайдзен орталығы 2017 жылы құрылды. Төрт жылдың ішінде орталық қандай жетістіктерге жетті?

– Орталық ашылғанға дейін ауқымды жұмыс атқарылды. Оған дейін Toyota Engineering Corporation компаниясының әдіснамасын қолдану бойынша ресейлік әріптестерімізбен жұмыс істедік. Соның арқасында біз «Тойотаның» тәжірибесінде тиімді нәтиже көрсеткен технологияларды қолдандық. Қазір Қазақстанда кайдзенді үйренгісі келетіндердің бәрін оқытамыз. Соңғы төрт жыл ішінде оқытқандарымыздың арасында алты квазимемлекеттік компания бар, қалғаны шағын және орта кәсіпкерлік. Кез келген компанияның жетістігі тұтынушының келесі тұтынушыны тартуымен есептеледі. Біздің тұтынушылардың 99 пайызы «сарафан радиосы» арқылы келеді. Яғни, біздің жұмысымыз тұтынушыларға ұнайды. Төрт жылда жеткен ең басты жетістігіміз осы.

– Түсінуімізше, кайдзен орталығының негізгі келушілері – кәсіпкерлер. Барлық кәсіпкер бірдей бұл жүйені өз кәсібіне енгізе бермейді. Кайдзенді іздеп келетіндердің ортақ портреті қандай?

– Біздің тұтынушыларымыздың ортақ портреті – шағын және орта бизнестің өкілі. Яғни, стартап емес, бірнеше жылдық тарихы бар қалыптасқан кәсіп. Бұл – бір. Екіншіден, басшысы өзін дамытумен айналысатын, жаңа трендтерге ілесіп жүретін жаңашыл кәсіпкерлер. Үшіншіден, тұтынушыларына қызмет көрсетіп үлгермейтін кәсіпорын басшылары. Сонымен қатар жұмыс өнімділігі төмен, жиі қателік жіберетін немесе қызметкерлері үлгермейтін қордаланған мәселелері бар кәсіпкерлер жиі келеді.

– Келетін кәсіпкерлердің көпшілігі мемлекеттік тіл – қазақ тілінде сөйлей ме әлде орыс тілді ме? Қай аудиторияға сұраныс басым?

– Негізінен бізге орыс тілділер келеді. Бұл қазақ немесе ағылшын тілінде сөйлейтін аудиториямен жұмыс істемейміз дегенді білдірмейді. Тәжірибе көрсеткендей, топ-менеджерлердің көпшілігі тоқсаныншы жылдары кәсібін бастағандар. Олардың дені орысша сөйлейді. Екінші мәселе, қазақ тілінде кайдзен туралы ақпарат мүлде жоқ десе болады. Кітап, қосымша материал табу қиын. Қазақ тілді аудиторияның сұранысын арттырып, қажетін өтеу үшін біз орыс тілінен аударуға мәжбүрміз.

– Бизнес процеске кайдзенді енгізу барысында кәсіпкерлер қандай қате жібереді?

– Қате көп қой. Мен негізгі төрт қатені айтар едім. Біріншіден, кайдзенді мәжбүрлі түрде үйреткісі келеді. Бұл қызметкерлердің қарсылығын тудыруы мүмкін. Екіншіден, кеңесшілерді шақырғанымен, бірінші жетекшілердің өздері оқығысы келмейді. Кеңесшіні шақыруын шақырды, бірақ неге шақырғанын өздері толық түсінбейді. Үшіншіден, кайдзенді үйретуді басқа біреуге тапсырады. Бұл ең алдымен бірінші жетекшінің өзіне қызық болуы керек. Масааки Имаидың (кайдзен ілімі туралы кітаптардың авторы – автор) айтуынша, кайдзенді сәтті енгізудің 90 пайызы басшыға байланысты. Төртіншіден, бәрі кайдзенді «сиқырлы дәрі» деп ойлайды. Кайдзенді енгізе сала табысқа кенелемін деп есептейді. Ең алдымен, қызметкерді ақшамен ынталандырғысы келеді. Бұл жұмыс істемейді.

– Ал қызметкерін қалай ынталандырады?

– Қызметкерлердің әрқайсысына жеке-жеке мотиватор, яғни ынталандырушы дүние табуы керек. Бұл тұрғыда, ең маңыздысы – кәсіпорынның жүйесін қызметкерлерін ынталандыра алатындай етіп құру.

ФОТО: © Данияр Асылбек

– «Аз шығындалып, көбірек табыс табу». Бұл кайдзеннің «үнемді өндіріс» деп аталатын басты идеяларының бірі. Шығынды азайтып, табысты көбейтудің негізгі құралы қандай? Кайдзен бойынша, еңбекақы қорын және операциялық шығындарды азайтпай, өнімнің өзіндік құнын қалай түсіруге болады?

– Кәсіпкерлердің бірінші жіберетін қатесі, бірден тауардың бағасын көтереді. Біз бағаны көтермей тұрып, шығынды азайтуға кеңес береміз. Әдетте олар шығынды азайту үшін ең алдымен еңбекақы қорын қысқартады. Мұның салдары білікті кадрлардың кетуіне әкеледі. Себебі олар өздерінің бағасын біледі. Екінші, шикізаттың көлемін азайтып, арзан шикізатты алады. Нәтижесінде, сапасыз шикізатпен жұмыс істейді. Салдары белгілі, соңғы өнімнің сапасы нашарлайды. Яғни, еңбек жағдайы нашарлаған сайын, өнімділік те төмендей береді. Сондықтан, ең алдымен шығынның нақты қайда кетіп жатқанын түсіну керек. Мысалы, көлік жөндеушінің жұмыс орны шашылып жатса, оның қажет құралын біреу алып кетсе де, ол байқамайды. Егер құрылғылардың бәрі орын-орнымен тұрса, бірден байқап, түсінеді. Ал жоғалған құрал жұмысқа өз кедергісін тигізеді. Нәтижесінде, тұтынушыға қызмет көрсету уақыты ұзарып, еңбектің өнімділігі төмендейді. Бұл бір ғана мысал. Негізінен, шығынның көзін анықтап алуы керек.

– Бизнеске кайдзен жүйесін енгізу үшін кәсіп иесі неден бастауы және басты назарды қайда аударуы қажет?

– Кайдзенді бизнеске енгіземін деген кәсіпкер ең алдымен өзі үйренуі керек. Егер ол өзі білмейтін болса, процеске кедергі келтіруі мүмкін. Кайдзен – бұл өзгеріс. Өзгеріске қарсылықтың үш себебі бар. Бірінші – адам мүлде түсінбейді, екінші – сәтті кейстерді білмейді, үшінші – өзі істеп көрмейді. Алдын алу, болдырмау үшін кайдзен туралы базалық білім алуға кеңес береміз.

«Естігеніңді – ұмытасың, көргеніңді – есте сақтайсың, істеп көргеніңді – түсінесің» дейтін қытайдың жақсы сөзі бар. Біз кайдзеннің барлық теориялық ілімін іс жүзінде көрсетуге тырысамыз. Неге? Себебі, біздің орталықта көбіне ересек адамдар оқиды. Олардың ой-санасы, көзқарасы қалыптасып кеткен. Кейбіреулер жаңа ақпаратты тез сіңіре алмауы мүмкін. Сондықтан, тренинг барысында айтқанымыздың бәрін арнайы құралдар, ойындар мен тренажерлер арқылы түсіндіріп, жеткіземіз.

– Өзгеріс болғанда адамның миы қарсыласа бастайды. Психологияның тілімен айтқанда, мұны «саботаж» дейміз. Онымен қалай күресуге болады?

– Біріншісі, үйреншікті әдеттерді өзгерту керек. Ол үшін әр адам өзіне мотивация табуы керек. Екіншісі, жүйені өзгертуге тырысу. Яғни, адам өзінің мүмкіндіктерін жүзеге асыруға болатын орта қалыптастыру. Біріншісі – жеке әдіс, екіншісі – жүйелік әдіс.

– Қазір елімізде кайдзенді белсенді насихаттап жүрген адам ретінде Марғұлан Сейсембайды айта аламыз. Ал «Қазатомөнеркәсіптің» бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішев бұл тәжірибені 2000-жылдары енгізе бастағанын айтады. Олар кайдзенді қалай енгізді және қандай нәтижеге қол жеткізді? Бизнес-процестерге кайдзенді енгізіп, сәтті жұмыс істеп жатқан отандық кәсіпорындарды атасаңыз?

– Иә, Марғұлан Сейсембай кайдзенді белсенді түрде насихаттап жүрген жандардың бірі. Сол кісінің арқасында Қазақстан қоғамы кайдзен туралы біліп жатыр. Осы кайдзен орталықтың негізін Марғұлан ағамыз қалады. Өзінің айтуынша, 2017 жылы осы орталықтың іргетасын қалағаннан кейін, кайдзенді жақсы білетін, бизнесті басқаратын адам іздеген. Сөйтіп, маған хабарласып, осы жауапты істі тапсырды. Ол кісі орталықтың жұмысына ешқашан араласқан емес. Кейін бұл істен мүлде шығып кетті. Қазір Марғұлан ағамызды Қазақстандағы кайдзеннің философиясының көшбасшысы десек те болады. Осы үшін Марғұлан Қалиұлына өз атымнан алғыс айтқым келеді.

Өмірдің мәнін іздеп, бас қатырудың керегі жоқ. Өмірдің мәні деген – өмірдің өзі

Ал Мұхтар Жәкішев «Қазатомөнеркәсіп» компаниясын басқарып тұрғанда кайдзен философиясын басқару жүйесіне сәтті енгізе алды. Одан басқа «Лондон-Алматы» сақтандыру компаниясының басшысы Ерғали Бегімбетов те – Қазақстандағы кайдзеннің алғашқы қарлығашы. Кайдзеннің арқасында компанияның ауқымы өскені сонша, «Тұран Әлем банкінің» активтерінің ішіндегі нарықтық бағаға сатылған жалғыз компания болды.

Қазір біздің орталықтың да өз мысалы бар. Атап айтқанда, «Белый куб» жиһаз зауыты, Marden Property басқару компаниясы, «Алматы желдеткіш зауыты» ЖШС және т.б. мекемелер қолданып келеді. BI Group та жақсы мысал бола алады. Айдын Рақымбаев пен оның командасы кайдзен философиясын жақсы меңгерген, бүгінде өз оқу орталықтары жұмыс істейді.

– Қазақстандық психологтардың пікірінше, біздің азаматтар психологтың алдына өмірден мән таппай, көмек сұрап келеді екен. Кайдзеннің тілімен айтқанда, икигай таба алмайды. Осындай дағдарысқа тап болған адамдарға кайдзен қалай көмектесе алады?

– Өмірдің мәнін іздеп, бас қатырудың керегі жоқ. Өмірдің мәні деген – өмірдің өзі. Өз өміріңізден рахат ала біліңіз. Өмір балансының дөңгелегі деген теория бар. Сол бойынша нені жіберіп алғаныңызды көруге болады. Хобби, денсаулық, карьера бәрін тепе-теңдікте ұстау керек. «Ертең өміріңіздің соңғы күні болса не істер едіңіз?» Осы сұрақты өзіңізге қойып көріңіз. Сондықтан айналаңыз сізді ұмытпай, есте сақтау үшін жақсы іспен айналысқан дұрыс.

– Кайдзен орталығының жоспарымен бөліссеңіз. Алға қойған мақсат қандай?

– Біздің мақсатымыз – қазақстандық бизнеске үлгі болатын 400 кәсіпкерді оқытып шығару. 400 кәсіпкер 19 млн халыққа шаққанда ЖІӨ-ді 6–10% көлемінде өсіреді. Яғни, экономикада драйв жасай алады.

– Ал мұнайға тәуелді экономикадан қалай шығамыз?

– Кайдзен дегеніміз – еңбекті ұйымдастырудың ғылыми әдіснамасы. Егер біздің ұлтымыз мимен жұмыс істесе, ең алдымен, өндірісті жолға қоюды үйренеді. Алдымен, қарапайым заттар экономикасы. Одан кейін ғылымға негізделген сала. Мысалы, Жапонияны алсақ, соғыстан кейін күйреп қалған ел мардымды ештеңе өндірген емес. Қазір ол елде ғылымға негізделген экономика бар. Оңтүстік Кореяда да дәл солай. Қазіргі біздің мақсатымыз да – халықты ойлануға дағдыландыру.

ФОТО: © Данияр Асылбек

– Айналысып жатқан жұмысыңызды қалай айқындайсыздар? Білім беру нарығындағы орындарыңыз қандай?

– Біздің орталық Қазақстан қоғамының кайдзенге деген қызығушылығын қанағаттандырады. Сұхбатымыздың басында айтқанымдай, бұрын кайдзенге қызығатындар шетелге барып оқыса, қазір біздің орталығымызға келіп, білім ала алады. Бұл, әрине, қолжетімді әрі ыңғайлы. Бізде оқыған кәсіпкерлер бизнесінің басын оң бағытқа бұрады.

Бұрын кайдзенді тек ірі, ақшалы компаниялардың өкілдері ғана оқи алатын. Ал қазір бұл ілім қоғамға қолжетімді бола түсті. Кайдзенді шағын және орта бизнес иелеріне және осы ілімге қызығатын барша адамға қолжетімді еттік. Бұл біздің білім саласына қосқан үлесіміз деп білемін.

Сондай-ақ, кайдзенге академиялық ортаның да қызығушылығы жоғары. МВА бағдарламаларында курс өткіземіз. Қазір университеттер кайдзенді басқару жүйесіне қосуды көздейді. Тіпті енгізіп үлгергендері де бар. Алдағы уақытта 9-сыныптан бастап оқушылар мен студенттерді қамтысақ деген жоспарымыз бар. Бұл оларға өзінің өмірін жоспарлауды, уақытты босқа өткізбей, тұлға болуды, арман-мақсатына жетуді үйретеді. Ең бастысы, өз өмірінен өзі рахат алуды үйренеді.

– Сұхбатыңызға рахмет! Ісіңіз табысты болсын!

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
5496 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Об авторе:

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить