Жоғары рейтинг бәсекеге қабілеттілікті арттырады

4154

Қазақстанның ең беделді білім ордаларының бірі неліктен бизнес-мектеп ашты?

Жансейіт Қансейітұлы
ФОТО: © Данияр Асылбек
Жансейіт Қансейітұлы

– Жансейіт Қансейітұлы, он жыл бұрын білім министрі ретінде осы салада жұмыс істеп, тікелей ЖОО-лар жұмысын қадағаладыңыз. Енді 11 жыл өткеннен кейінгі жағдай қандай? Еліміздің жоғары оқу орындары трансформациядан өткен бе?

– Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін саяси-экономикалық бағытта дамып қана қоймай, ғылым мен білім саласына жан-жақты көңіл аудара бастады. Егер 1991 жылы Қазақстанда барлығы 55 ЖОО болса, 2007 жылы олардың саны – 186-ға жетті.

11 жыл бұрын Білім және ғылым министрлігі алдында қазақстандық жоғары білім беру жүйесін оңтайландыру мәселесі тұрды. Білім беру сапасын қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қабылдау қажет болды және біз бұл міндетті орындадық. Білім беру сапасын қамтамасыз ету жөніндегі халық-аралық талаптарға сәйкес келмейтін жоғары оқу орындарының лицензиялары кері қайтарылып алынды.

Екінші міндет – халықаралық білім беру кеңістігіне ену болды. 2010 жылы көптен күткен Болон декларациясына қол қойдық. Халықаралық сарапшылардың пайымдауынша, Қазақстанның Болон процесіне қосылуы отандық жоғары оқу орындары мен студенттер үшін мол артықшылық берді. Білім беру бағдарламалары мен оқу жоспарларын еуропалық стандарттарға сәйкестендіруге жол ашты. ЖОО-лар студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлық стратегиясын, қосдипломды білім беру бағдарламасын белсенді түрде жүзеге асыра бастады. Біліктілік пен академиялық дәрежелерді тану бойынша тәсілдер әзірленді.

Соның нәтижесінде ҚазҰУ бүгінгі таңда 300-дей әлем университеттерімен және ғылыми-зерттеу орталықтарымен ынтымақтастық орнатып отыр. Университеттердің Халықаралық, Еуропалық және Еуразиялық Қауымдастықтарының мүшесі болып табылады. 200 үздік университеттер қатарына кіреді, еліміздің жетекші ЖОО ретінде шетелде кеңінен танымал.

– Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов соңғы жылы білім сапасының төмендеуіне байланысты бірнеше колледждер мен ЖОО-ның лицензиясын қайтарып алды. Сіздің ойыңызша, бұл бастама білім нарығына қалай әсер етуі мүмкін?

– Бүгінгі еңбек нарығына сұранысқа ие және бәсекеге қабілетті мамандар қажет. Осы талаптарға сай келмейтін жоғары оқу орындарының қызметі тоқтатылуда. Бұл, ең алдымен, уақыт талабы және уәкілетті орган тарапынан жүргізілген кешенді талдау мен жүйелі жұмыс негізінде қабылданған шешім. Бұл шаралар жалпы білім беру жүйесін жақсартуға бағытталған. Бізге сан емес, сапа қажет.

ФОТО: © Данияр Асылбек

– Министр білім ошақтарын жабуға «ғылыми-техникалық базаның әлсіздігі себеп» дегенді айтқан еді. Қазір ғылыми жаңалықтар, ғылым технологиясы жылдам өзгеріп отырғанда, университеттердің жыл сайын базасын жаңартып отыруға мүмкіндігі бар ма?

– Бұл жерде мәселе университеттің ғылыми-техникалық базасы бір жыл ішінде емес, жылдар бойы жаңармағанынан туындаса керек. Жұмыс жоспарлы, жүйелі түрде ұйымдастырылса, алынбайтын қамал жоқ. Мемлекет ғылым мен білім саласына жыл сайын тиісті деңгейде қолдау көрсетіп отыр.

Мысалы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің материалдық-техникалық базасы үлкен. Оқу орнының ғылыми-инновациялық инфрақұрылымына жаратылыстану бойынша 8 ғылыми-зерттеу институты және әлеуметтік-гуманитарлық бағыттағы 6 институт пен 12 ғылыми орталық кіреді.

Жыл сайын гранттық және бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру арқылы жүзеге асырылатын ғылыми жобалар аясында қажетті ғылыми жабдықтар, соның ішінде кеңсе техникасы, жинақтауыштар мен шығын материалдары сатып алынады. Соңғы 3 жылда 300 миллион теңгеге 200-ге жуық заманауи техника мен зертханалық қондырғылар сатып алынды.

Енді ҚазҰУ-дың 2022–2025 жылдарға арналған Даму бағдарламасын іске асыру жөніндегі мемлекеттік инвестициялық жоба аясында тағы 10 млрд теңгеге қажетті жабдықтар сатып алу жоспарланған. Қазіргі заманғы қымбат ғылыми жабдықтарды пәнаралық зерттеулер жүргізуге, жаратылыстану және гуманитарлық ғылымдар саласындағы пәнаралық міндеттерді шешуге бағыттау көзделуде. Техникалық базаны қажеттілігіне қарай кезең-кезеңімен жаңартып отыру қиындық тудырмайды.

– Осыған дейін «соңғы бес жылда ҚазҰУ-ға түскісі келетін студенттер саны 10 мыңға артты» деген едіңіз. Тиісінше, мемлекеттік грант та көбірек бөлінеді. Одан бөлек ақылы оқитын студенттер де бар. Жалпы екі жақтан келетін бюджет қалай жоспарланады? Ең көп шығындар қандай? Университет министрлікке қаншалықты ашық есеп береді? Жыл сайын ЖОО-ның оқу ақысын өсіруіне не себеп?

– Бюджеттің кіріс-шығысын реттеп отыратын оқу орнының Даму жоспары бар. Бұл университеттің негізгі бағыттары мен қаржы-шаруашылық қызметінің көрсеткіштерін айқындайтын басты құжат. Мемлекеттік грант және ақылы оқу қаражатынан бюджетті қалыптастыру бюджеттік заңнамамен және университеттің ішкі құжаттарымен реттеледі. Алдағы жылдарға арналған Даму жоспарын Қоғамның Директорлар кеңесі бекітеді. Қызмет нәтижесінде алынған табыс жоғары оқу орнын дамытуға және оның қызметкерлері мен білім алушылары үшін барлық қажетті жағдайлар жасауға жұмсалады.

Университет өзінің білім беру бағдарламалары мен зерттеулерін ілгерілетуге, бәсекеге қабілеттілікті арттыруға жол ашады

Білім беру қызметін мемлекеттік тапсырыс бойынша қаржыландыру арнайы заңнамада белгіленген тәртіппен, бір оқушыға белгіленген стандарт бойынша уәкілетті органмен жүзеге асырылады. Жыл сайын Директорлар кеңесіне Білім және ғылым министрлігімен келісілген Даму жоспарының орындалуы туралы есеп береміз. Оқу ақысын жыл сайын көтеру мәселесі бойынша, соңғы 2 жыл ішінде университет шектеулі шараларды ескере отырып, оқу ақысын көтермегенін атап өткім келеді. Жалпы оқу құнының өсуі инфляция деңгейіне, коммуналдық қызметтердің өсуімен байланысты болуы мүмкін.

– QS World University рейтингінде былтыр ҚазҰУ 175 орынды иеленген. Халықаралық рейтинг ЖОО-ға не береді және оның іріктеу талаптары қандай?

– Quacquarelli Symonds (QS) беделді халықаралық рейтингтік агенттігі жүргізген QS WUR рейтингі бойынша ҚазҰУ әлемдегі 200-үздік ЖОО қатарына кіреді. Бұл деңгейге посткеңестік кеңістікте тек екі университет қана жетіп отыр: Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті (78-орында) және Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (175-орында).

QS компаниясы «QS Stars Rating System» халықаралық рейтингін де жүргізіп, Орталық Азия өңірінен алғаш рет біздің университетті «Бес жұлдыз» марапатына лайық деп тапты. Британдықтар кешенді бағалау барысында бірқатар көрсеткіштерге басымдық берген. Атап айтқанда: оқу процесі, жұмысқа орналасу мүмкіндігі, зерттеу нәтижелері, интернационалдандыру, қызмет көрсету, инновациялық жобалар, өнер және мәдениет жетістіктері.

Бұған қосымша, биыл International Achievements Research Center (IARC) (Монреаль, Канада) халықаралық конкурс комитеті «Жыл университеті – 2021» байқауын ұйымдастырды. Осы үздіктер бәйгесінде ҚазҰУ-ға білім мен ғылымдағы озық жетістіктері үшін «Басқару және көшбасшылық» аталымының сертификаты тапсырылып, жыл университеті атанды.

Бұл конкурс БАҚ пен интернет-дереккөздерін зерттеу және тұрақты мониторинг, контент-талдау жасауға негізделген. Сондай-ақ басқа университет, ғылыми және білім беру орталықтарындағы әріптестердің, тәуелсіз ғалымдардың, зерттеушілердің, оқытушылардың ұсыныстары ескеріледі.

Әлемдік академиялық қоғамдастықтың мойындауы – университеттің жаһандық бәсекеге қабілеттілігінің айқын көрінісі. Оқу орнының халықаралық беделге ие екендігін және жаһандық ғылыми-білім беру кеңістігінде көшбасшылық позицияларды бағындырып отырғанын білдіреді. ЖОО серіктестеріне, білім беру саласындағы халықаралық сарапшыларға және шетелдік, сондай-ақ отандық талапкерлерге оқуға түсу үшін дұрыс бағдар береді. Өйткені әрбір рейтинг егжей-тегжейлі талдау жүргізу арқылы жасалады.

Университет өзінің білім беру бағдарламалары мен зерттеулерін ілгерілетуге, бәсекеге қабілеттілікті арттыруға жол ашады. ЖОО жетістіктерін әлемдік қоғамдас-тыққа көрсету мен насихаттауға да мүмкіндік береді.

ФОТО: © Данияр Асылбек

– Студенттерге сабақ беретін мамандарды іріктеуде талап күшейді ме? Теория мен тәжірибенің ұштасуына қаншалықты мән беріледі?

– Қазақстандық жоғары оқу орындарының білім беру қызметіне заман талабына сай қатаң талап қойылып отыр. Мәселен, оқытушылар білімінің оқытылатын пәндер бейініне сәйкестігі, сондай-ақ, «ғылым кандидаты», «ғылым докторы» немесе «философия докторы» (РhD) ғылыми атақтары мен тәжірибесінің болуы есепке алынады.

Біздің университетте биылғы оқу жылында оқытушы-профессорлар құрамын іріктеу конкурс арқылы жүргізілді. Ол үшін тиісті ереже Директорлар кеңесімен бекітілді. Конкурс туралы хабарландыру бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде жарияланды. Бақ сынаушылар арасында ашық бәсекелестік қамтамасыз етілді. Білім беру саласындағы, ғылыми мекемелердегі, халықаралық жобалардағы еңбек өтілі, шет тілін білуі ескерілді.

Бұдан бөлек, АҚШ-тың Уэйн университетінің профессоры, математик ғалым Уалбай Өмірбаев пен Ұлыбританиядағы Кембридж университетінің профессоры, нейробиолог Базбек Дәулетов арнайы ұсынысымызбен дәріс оқуға кірісіп кетті.

Профессор Намазалы Омашев, Қали Сәрсенбай, Нұржан Жалауқызы, Қайнар Олжай бастаған бас редакторларымыз – журналистика факультетінде, Игорь Рогов, Мұсабек Әлімбеков сияқты белгілі заңгерлер – заң факультетінде білімі мен білігімен қатар бөлісуге келісім берді. Мұндағы мақсат – Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан сияқты ғұламалар жолын жалғастырып, теориямен қатар практикалық білім беру үрдісін қалыптастыру. Алдағы уақытта да еңбек нарығының сұранысына қарай тәжірибелі мамандарды жұмысқа тарту көзделіп отыр. Сонымен қатар, теорияны өндіріспен ұштастыру дуалды оқыту жүйесі де енгізілді.

– Пандемия кезінде мектептер мен қатар жоғары оқу орындары да біршама қиындықтарға тап болды. Онлайн оқу білім сапасының төмендеуіне қаншалықты әсер етті?

– Әлемдік эпидемиологиялық ахуалға байланысты қашықтықтан оқытудың өзіндік артықшылықтары мен кемшіліктері болды. Алғашқы кезде, порталдардың дұрыс жұмыс істемеуі, ауылдық жерде тұратын білім алушылардың интернетке қол жеткізе алмауы сияқты мәселелер туындағаны белгілі. Сондай-ақ, практикалық бағыттағы пәндерді қашықтан оқыту қиындық тудырады.

Бірақ, осындай қолайсыздықтарға қарамастан, қашықтан оқытуды ұйымдастыруда және жоғары білім сапасын түсірмеуге университетіміздің оқытушы-профессор құрамының біліктілігі мен жоғары кәсіби деңгейі үлкен ықпал етті.

– Жақында университет жанынан Al-Farabi Business School ашылды. Бұл жерде не оқытады? Кімдер сабақ береді?

– Al-Farabi Business School бизнес мектебі Әл-Фараби бабамыздың мерейтойлық жылы аясында ашылған. Бизнес-мектептің басты міндеті – жаңа инновациялық экономиканың дамуын басқаруға қабілетті кәсіпкерлер мен бизнес көшбасшыларын даярлау. Бүгінде бизнес мектеп іскерлік әкімшілендіру магистрі (МВА), іскерлік әкімшілендіру докторы (DBA) білім беру бағдарламаларын, сондай-ақ басшылардың кәсіби даму бағдарламаларын іске асырады. Қазір Farabi Business School қалыптасу үстінде, дегенмен бизнес мектеп Швейцария, АҚШ, Испания бизнес-мектептерімен серіктес болып, оқу бағдарламаларын жан-жақты дамытып және болашақта екі дипломдық бағдарламаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

MBA бағдарламалары – әлемдегі ең беделді және сұранысқа ие білім беру форматы

Мектепте сабақ беретін бизнес-тренерлердің ғылыми дәрежелері ғана емес, сонымен қатар әртүрлі салалардағы халықаралық компанияларда жинақтаған мол тәжірибесі бар. Олардың әрқайсысы өз саласының өте сауатты маманы және ақпаратты оқытудың жаңа технологиялары арқылы тиімді жеткізу қабілеттері жоғары.

– ҚазҰУ жанында тарихы 1949 жылдан бастау алатын Экономика және бизнес жоғары мектебі бар. Farabi Business School-дың бұл мектептен қандай айырмашылығы бар? Екі мектеп бірін-бірі көшіріп отырған жоқ па?

– Экономика және бизнес жоғары мектебі бизнес және басқару бағыты бойынша бакалавриат, магистратура, PhD деңгейлерінде фундаменталды және практикалық білім беру бағдарламаларын жүзеге асырады. Танымал экономистерді, ғалымдарды, менеджерлерді даярлап шығарған тарихы терең факультет.

Экономика және бизнес жоғары мектебінде жүзеге асырылатын білім беру бағдарламаларынан Farabi Business School-дың бағдарламасы мүлде басқа. MBA, DBA бағдарламалары ең алдымен табысты компаниялардың тәжірибесі негізінде басқару дағдыларын қалыптастыруға және жетілдіруге бағытталған. Көбінесе бұл бағытты компания басшылары мен жеке кәсіп иелері, орта және жоғарғы менеджерлер таңдайды. Қазіргі сәтте денсаулық сақтау, білім беру, туризм, спорт және HR Пероналды басқару саласындағы МВА және DBA бағдарламалар әзірленуде.

MBA бағдарламалары – әлемдегі ең беделді және сұранысқа ие білім беру форматы. Мақсаты – менеджерлерді жаңа деңгейге көтеру, стратегиялық ойлауды қалыптастыру арқылы бизнестің кез келген саласында практикалық мәселелерді шешуге үйрету.

Сондықтан Farabi Business School-дың MBA, DBA және Экономика және бизнес жоғары мектебінде жүзеге асырылатын білім беру бағдарламалары мазмұны, мақсатты аудитория, контингенті, оқу нәтижелері бойынша бірін-бірі қайталамайды, қайта толықтыра түседі.

– Америкада – Гарвард, Ресейде – Сколково. Ал Қазақстанда сондай брендке айналдыруға болатын бизнес-мектеп бар ма?

– Қазір отандық бизнес-мектептер тек қана елімізде емес, шет мемлекеттерде де танымалдыққа ие болып, нарықта табысты жұмыс істеуде. Олардың қайсысы әлемдік нарықта аса танымал болатынын дәл қазір болжап айту қиын. Дегенмен барлығы осы бағытта талпыныс жасау үстінде деп ойлаймын. Farabi Business School өз оқу үдерісін ұйымдастыру барысында табысты, рейтінгі өте жоғары шетелдік бизнес-мектептердің тәжірибесін алға ұстап отыр.

Батыстық үлгідегі бизнес-білім туралы диплом халықаралық мансапқа ұмтылатындар үшін үлкен артықшылық деп айта аламыз. Бірақ беделді құжат алу жолында оқуға түсуде бағдарламалардың қымбаттығы, әлеуметтік сипаттағы проблемалар елеулі кедергілер келтіреді.

ҚазҰУ-де бизнес-білім алу – оқу бағдарламаларын қазақстандық бизнестің нақты жағдайларына бағыттаумен ерекшеленеді. Қол жетімді әрі тілдік кедергі жоқ.

ФОТО: © Данияр Асылбек

– Бизнес-мектеп бітірген түлектер қаншалықты табысты кәсіпкер болады? Сараптама, статистика жүргізіле ме?

– Қазіргі экономикалық даму жағдайында кәсіпкерлік білім беру дамыған елдерде жаһандық трендке айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жаппай кәсіпкерлікті дамыту және кәсіпкерлердің жаңа буынын дайындау бойынша жаңа міндеттер жүктеді. Осы міндеттерді шешу мақсатында Экономика және бизнес жоғары мектебі «Кәсіпкерлік», «Бизнесті ұйымдастыру», «Бизнес сараптама», «Бизнес этикасы», «Бизнес-жоспарлау», «Инвестициялық жобаларды модельдеу», «Қаржылық стратегия», «Қаржылық сауаттылық», «Салықтар және салық салу» сияқты т.б. қолданбалы талдау және практикалық бағыттағы пәндерді оқытады.

Тәжірибе барысында білім алушылардың кәсіпкерлік қабілеттіліктерін анықтауға тырысады. Бизнес бастау туралы құлшынысын оятады. Қаржылық сауаттылық қалыптастырып, бизнес-жоспарлауды үйретеді. Студенттік стартап жобаларының жүзеге асырылуын кәсіпкерлік қабілеттіліктің анықталуы деп бағалауға болады.

Әрине, білім алушылардың барлығы бірдей табысты кәсіпкер болуы екіталай. Бұл – қалыпты тәжірибе. Кәсіпкерлік білім беру soft skills – «жеке дағдыларды» қалыптастыру тұрғысында маңызды.

– Әңгімеңізге рахмет! Университет қызметіне табыс тілейміз!

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить