Жақсыдан үміт үзбеу

5708

Постковидтік іскерлік әлемді қалыптастыратын трендтер қандай?

ФОТО: © Depositphotos.com/frantic00

Соңғы бір жыл бизнес үшін шешуші болғаны рас. Компаниялардың коронавирус пандемиясы әсерінен болған өзгерістерге бейімделуі де оңай болған жоқ. Көпшілік кәсіпорындарға жабылуға тура келді. Ал жұмысын жалғастырғандардың өздері пандемия аяқталғаннан кейін де бұрынғысынша болмайтынын түсінеді. Бірақ вакцинаның шығарылуы іскерлік белсенділік қайта қалпына келер деген үміт береді. McKinsey & Company консалтинг агенттігінің сарапшылары постковидтік әлемнің негізгі трендтерін анықтап көрді.

Сарапшылардың сөзінше, осы жыл транзитті жыл болады. Егер форс-мажор болмаса, адамдар үйде отырып, мониторға телміргеннен бұрын өз болашағын қайта жоспарлай алады. XX ғасырда Екінші Дүниежүзілік соғыс әлемді «бұрынғы» және «кейінгі» деп қалай бөлсе, XXI ғасырда пандемия дәл солай бөлетін секілді. Әдетте біз «соғысқа дейінгі» және «соғыстан кейінгі» кезең дегенде, қай соғысты меңзеп тұрғанымыз бірден түсінікті бола қояды. Сол тәрізді болашақ ұрпақтың лексиконына «ковидқа дейінгі», «постковидтік» деген ұғымдар енеді.

Өмірге құштарлық

McKinsey сарапшылары алдағы жылдары бизнес-климатты қалыптастыратын трендтер қатарында «компенсаторлы шопингті» атайды. Ол – адамның пандемия әсерінен кері шегеруге мәжбүр болған заттарды сатып алуға деген құштарлығы. Тарихтан білеміз: әрбір экономикалық дағдарыстан кейін тұтынушылық белсенділік артады. Бұл жолы да солай болатын тәрізді. Рекордты уақыт ішінде пандемиядан есін жыя алған Қытайда тұтынушылар ақша шашуды бастап та кетті. Осындай жағдай Австралияда да қайталанды. Ол жерде 2020 жылдың үшінші тоқсанында тауар мен қызметке кеткен шығындар 7,9%-ға көбейген.

Адамдар белсенді бола түсетін тағы бір сала – саяхаттау. Сарапшылардың болжамынша, туристік сапарлар ковидке дейінгі деңгейіне тез жетіп алады. Адамдар саяхатқа шыққанды, демалғанды жақсы көреді. Іскерлік сапарлар ғана азаюы мүмкін.

Цифрлық технологияларға байланысты кеңсе қызметкерлерінің үйден шықпай-ақ шетелдік әріптестермен байланыс орнатуға мүмкіндігі бар. Көпшілігі бұл мүмкіндікті қуана пайдаланып жүр.

Бизнес және технология

Белгісіздік – бизнес катализаторы. Цифрлардан кәсіпкерлер қатарының өскенін көруге болады. 2020 жылдың үшінші тоқсанында америкалықтар жаңа кәсіпорын ашуға 1,5 млн өтініш берген. Бұл 2019 жылдың сәйкесінше кезеңімен салыстырғанда екі есеге дерлік көп.

Жаңа бизнестің көпшілігі – шағын отбасылық бастамалар. Дегенмен ондай кәсіпорындардың үлесі нарықта қаншалықты болатыны белгісіз. Бизнестің орташа табысының төмендеуі де мәселе болып тұр. АҚШ-та шағын кәсіптің табысы 2020 жылдың қаңтары мен желтоқсаны аралығында 30%-ға төмендеген. Алайда McKinsey позитивті трендтер шығынның есесін қайырып, пандемия аяқталғанда іскерлік белсенділік қайта қалпына келеді деп болжап отыр.

Дағдарыстан кейін қайта ес жию үшін кәсіпкерлерге жаңа технологиялар көмектесетін сияқты. McKinsey сауалнама жүргізген топ-менеджерлер цифрлық шешімдердің арқасында кейбір тапсыр-
маларды орындауда өнімділік 20–25 есе өсті деп отыр. Бірақ олар өнімділіктің өсімі қаншалықты ұзақ уақытқа дейін сақталатынын білмейді. Дегенмен технологияның күн сайын жетілуі мен жасанды интеллекттен әлі де үміттенуге болатын тәрізді.

Көңіл-күй түсі – жасыл

Пандемия қоршаған ортаның ластануын да ашық көрсетті. Осыған дейін экожүйедегі баланстың сақталуына аса үлкен мән бермей келген елдер де баламалы энергетикаға барынша инвестиция сала бастады. Қытай, Үндістан, Парсы шығанағындағы елдер бірауыздан жасыл технологияны дамытумен айналысып жатыр. Еуропа бұрынғысынша климаттың өзгеруімен күресте бірінші орында. Ал Америка электрокарлар мен күн энергиясын барынша пайдаланып, көмір мен жанармайдан бас тартуға тырысып жатыр.

Бизнеске уақытпен қалыспай қатар жүру керек. Біріншіден, инвесторлардың белгілі компаниялардың іскерлік белсенділігінің қоршаған ортаға әсеріне қатысты қауіппен қарайтынына назар салу керек. McKinsey байқағандай, қазіргі COVID-19 болашақтағы климат дағдарысының алдындағы «дайындық» болуы мүмкін. Егер бола қалса, пандемия тәрізді аяқасты пайда болып, аз уақыт ішінде әлемге жайыла кетеді. Сол үшін де кәсіпкерлердің қоршаған ортаға тигізер зияны туралы ертерек ойланған жөн.

Қорғаныс дайын

COVID-19 толқыны азайған соң мемлекеттер артқа қайта қарап, жасалған жұмысқа сараптама жасауға көшеді. Қай жерден қателік кетті? Үкімет қай жерінде дұрыс реакция танытып, ал қай жерде қателік жіберді? Басқаша қалай істеуге болатын еді? Бұл сұрақтар шенеуніктерге ұзақ уақытқа дейін маза бермесі анық. McKinsey сарапшылары кінәлілерді анықтағанша, қателіктермен жұмыс істеу керек деп есептейді. Пандемияның сабағын ескергеннен кейін ғана оның алдын ала аламыз.

Дәл осы тәжірибе Оңтүстік Кореяға коронавирус дағдарысын тиімді шеше алуға көмектесті. 2015 жылы таяушығыстық респираторлық синдромнан зардап шеккеннен кейін мемлекет бес жылдан кейін келетін COVID-19 індетімен күресте көмектесетін шаралар легін құрастырды. Иә, 2020 жылдың желтоқсанында Оңтүстік Кореяда таралған екінші толқынның алдын алуға көмектесе алмады, бірақ жаппай құрбандар болудан сақтап қалды. Өткен жылы коронавирус мыңға жетпейтін кәрістің өмірін алып кетті.

Форс-мажорға дайын болу – тек мемлекеттің ғана емес, бизнестің де тапсырмасы. Кәсіпкерлер қызметкерлерінің денсаулығын қалай қорғауды және оларға жақсы физикалық, психологиялық формада болу үшін қалай көмектесуді ойлануы керек. Өзгерістер оған дайын болған кезде жақсы. Бұл дайындықты ең бірінші мемлекеттік органдар мен бизнес көшбасшылары қамтамасыз етуі керек дейді McKinsey. Егер көшбасшылар дұрыс шешім қабылдай білсе, ковидтен кейінгі кезең біз үйренген әлемнен де қолайлы бола алатыны сөзсіз.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить