Жанат Махатаева «Microsoft» компаниясының стипендиясын қалай жеңіп алды

Бұл туралы Назарбаев университетінің студенті әрі ғылыми қызметкері Forbes.kz тілшісіне берген сұхбатында кеңінен айтып береді

Жанат Махатаева Назарбаев Университетінің ақылды жүйелер және жасанды интеллект институтының ғылыми қызметкері. Университеттің Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебінің робот техникасы саласындағы үшінші курс (PhD) студенті. Жанат өзінің зерттеулерін негізінен НУ ARMS зертханаларында және ақылды жүйелер мен жасанды интеллект институтында (ISSAI) жүргізеді. Ал оның супервайзері профессор Хусейн Атакан Варол.

-Мен шынайы толықтырылған көзілдіріктерге арналған көмекші-қосымшаларды әзірлеп жатырмын. Яғни, жасанды интеллектпен кеңейтілген жүйенің мүмкіндіктерін пайдалана отырып, адамның орнына ақпаратты танитын, есте сақтайтын және өңдейтін смарт, яғни ақылды жүйелерді құрумен айналысамын. Бұл жоба есте сақтау, көру және есту қабілеті бұзылған адамдарға көмектеседі. Мен ISSAI-дағы басқа зерттеушілермен жұмыс жасай отырып, AR- серверлік көзілдірік жүйесін әзірледім. Ол қосымша әрі шынайы толықтырылған көзілдіріктегі деректерді серверге жіберуге, деректерді өңдеуге және нәтижелерді көзілдіріктерге қайта жіберуге мүмкіндік береді. Осы функцияларды пайдалана отырып, пайдаланушыға оның орналасқан жерін және бұрын көрген нысандарын есте сақтай алатын жад көмекшісін жасадым. Оның тиімділігі эксперименттік мәліметтер негізінде расталды және мен енді зерттеу деректерін жариялау үшін дайындық жұмыстарын жүргізудемін-деді Жанат.

Ғылым тілімен айтсақ, Жанаттың жобасы кеңейтілген, дәлірек айтқанда толықтырылған шынайы қосымшаның (AR) негізінде және жасанды интеллект көмегімен адамның есте сақтау, қабылдау қабілетін жақсартумен тікелей байланысты. Ал бұл зерттеудің нәтижелері деменция немесе Альцгеймер ауруынан зардап шеккен адамдарға көмек көрсету технологиясын дамытуға көмектеседі. Жанат өзінің зерттеулері үшін Microsoft HoloLens цифрлық көзілдірігін қолданады. Ал онда AR ортасындағы объектілерді тану және пайдаланушылардың орналасқан жерін анықтау үшін компьютерлік көру алгоритмдерін пайдаланады.

-Біз шынайыланған қосымша мен робототехника тақырыбына арналған шолу мақала арқылы бұл жүйенің адам мен робот әрекетінің тиімділігін қаншалықты арттыратынын, олардың өзара ынтымақтастығы айқын әрі барынша ыңғайлы және қауіпсіз ететінін анықтадық. Сондай-ақ, егер біз барынша шынайыланған жүйенің мүмкіндіктерін жасанды интеллект мүмкіндіктерімен біріктіретін болсақ, адамдарға арналған көмекші жүйелердің жаңа түрлерін жасай алатынымызды анықтадық.

Шын мәнінде, мұндай жүйелерді қолданудың аясы өте кең. Әлемде түстерді, бет-әлпетті, дауысты тануда бірқатар қиындытармен кезігетін адамдар көп. Осы технологиялық мүмкіндіктерді пайдалана отырып, біз осындай мәселелерді шешудің ыңғайлы және тиімді жүйесін жасасақ, тамаша болады,-деді студент.

Жуырда Жанат әлемдік IT-алпауыт жариялаған Microsoft Research PhD Fellowship стипендиясын жеңіп алған еді. Айта кетейік, Microsoft Research PhD стипендиясы – бұл компьютерлік зерттеулер мен есептеу техникасы саласындағы дарынды PhD студенттеріне арналған бірігей әлемдік бағдарлама. Оның иегерлеріне докторлық зерттеу жұмыстарын қолдау үшін 15 000 АҚШ доллары беріледі. Стипендиаттарға шетелдегі Microsoft компьютерлік зертханаларында 12 апталық ақылы тағылымдама ұсынылады.

- Менің жолым болды, өйткені бізде керемет команда бар. Осындай жобаны командамен бірге жүзеге асырғанымыз өте қуантады. Бұл керемет атмосфераның қалыптасуына ықпал етіп, жаңа идеялардың пайда болуына себеп болады және жұмыстың қызықты әрі тиімді дамуына жол ашады. Осы орайда мен өзімнің супервайзерім, профессор Хусейн Атакан Варолдың қолдауы мен тәлімгерлігін айрықша атап өткім келеді. Біз онымен бірге жобаларды жан-жақты талқылап, зерттеулердің шешімін бірге табамыз,-дейді Жанат.

2021 жылы Жанат жеңіп алған стипендия әлемнің ең үздік университеттерінің, оның ішінде Стэнфорд, Цинхуа университеті, Принстон, Иллинойс Урбана-Шампейн университеті, Оксфорд және Вейцман ғылым институты сияқты оқу орындарының 49 студентіне ғана берілді. Ал жерлесіміз осы стипендияның Қазақстаннан шыққан алғашқы иегері атанып отыр. Соңғы екі онжылдықта Microsoft Research PhD Fellowship бағдарламасы бүкіл әлем бойынша 700-ден астам студентке стипендия берді, олардың көпшілігі Microsoft-та жұмыс істеуді жалғастырды немесе ізашарлық зерттеулер жүргізуді жалғастыруда. Ал Жанат осындай әйгілі бағдарламадан, санаулы ғана адам таңдалған іріктеу кезеңінен қалай өтті, оларды еңсеру қаншалықты қиын болды?

-Мен үшін ең алдымен өзімнің жеке қасиетіме қатысты және жұмысыма байланысты екі бет парақты толтыру керек болды, оның ішінде өзім жайлы, зерттеу жоспары мен жұмыстың нақты бағытын көрсетіп, бұл стипендияның маған келешекте не беретінін, менің зерттеулеріме қалай ықпал ететінін жан-жақты түсіндіру қажет болды. Маған мотивациялық хатты жазу қиынға соққан жоқ, себебі мен өтініш беру кезінде маған не қажеттігін, не жасалғанын, келесі қадамымның қандай болатынын және зертеулерімнің, бұл бағыттағы кәсібімнің болашағы қандай болатынын нақты білдім. Мотивациялық хаттан бөлек, маған түйіндіме мен оған қосымша үш адамның маған қатысты жазбаша ұсыным- хаттары қажет болды. Мен бұл жөнінде өзімнің жетекшім және робототехника департаментінің профессорлары Анар Сандығұлова мен Бердах Абибуллаевқа өтініш білдірдім. Себебі мен бұған дейін олардың бірінің курсынан өттім, екіншісінің ассистенті ретінде жұмыс істедім. Әрине, олар мені қолдады. Бізде, Назарбаев университетінде әрдайым көмек беруге, қолұшын созуға әзір тұратын керемет профессорлар бар,-дейді жас ғалым.

Жанаттың айтуынша «Microsoft» стипендиясы зерттеуші ретінде одан әрі кәсіби дамуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ең жақсы тәжірибені алуға және өз зерттеулерін халықаралық зерттеу қауымдастығымен бөлісуге бірден бір жол ашады. Ғалымның пікірінше бұның бәрі Университетте қалыптасқан тамаша ғылыми-зерттеу ортаның арқасында, тәлімгерлік пен бірігей білім берудің нәтижесінде мүмкін болып отыр.

-Жаңа жылға дейін, яғни 2021 жылдың аяғына дейін мен мақала дайындаумен айналысамын және онда есте сақтауға қатысты жад көмекшісі арқылы жасалған, тәжірибе кезінде алынған нәтижелерді жариялаймын. Мен болашақ жобаларымды да жасанды интеллект арқылы шынайыланған қосымшамен әзірлеуді жоспарлап отырмын. Бірақ бұл жолы тек есте сақтау ғана емес, адамның көру және есту қабілетін арттыруға бағытталған проблемаларды шешуге тырысамын. Өйткені көптеген адамдар түстерді, бет-әлпетті, дыбыстарды, дауыстарды ажырата алмағандықтан көптеген когнитивті проблемаларға тап болады және осылайша қоршаған әлем туралы көптеген ақпараттан бейхабар болады. Мен өз зерттеулерім арқылы, 21 ғасырда бізге барынша қолжетімді болып отырған құралдарды пайдалана отырып, осы мәселелердің шешімін табуға тырысқым келеді. Менің жұмысымның нәтижелері когнитивтік проблемалары бар адамдарға, сонымен қатар есте сақтау және Альцгеймер ауруы бар адамдарға көмектессе, бұл бір керемет әрі тамаша нәтиже болар еді,- дейді Махатаева.

Жанат Махатаева өзінің білімі арқылы,сонымен қатар Microsoft HoloLens-тің цифрлық көзілдіріктерінің көмегімен және компанияның қолдауымен есте сақтау қабілеті нашар адамдардың проблемасын шешіп, болашақта көру және есту қабілеті бұзылған жандарды қолдау жүйесін құруды, сонымен қатар өз зерттеулерін одан әрі дамытуды, олардың мүмкіндігін барынша кеңейтуді жоспарлап отыр.

-Докторанттарға айтарым: сіздер ең алдымен өдеріңіз жұмыс істейтін профессорды және жұмыс уақытыңыздың көп бөлігін өткізетін зертхананы таңдап алуларыңыз керек. Бұл таңдауды жасау кезінде зертханадағы немесе ұйымдағы зерттеу ортасына назар аударыңыз. Бұл - жұмыс істейтін адамдар, зерттеушілер мен студенттер арасындағы қарым-қатынас, зертхана жетекшілерінің құндылықтары және олардың зерттеу үшін жасайтын мүмкіндіктері. Болашақ докторанттарға өздеріне ұнайтын оқу саласын тауып, докторантурада оқу барысында армандары мен мақсаттарын жүзеге асыруына тілектеспін. Мен тамаша ғылыми ортасы бар білім ордасында оқығаныма, ISSAI-да жұмыс істеуге және ARMS робототехника зертханасындағы тамаша топтың бір бөлігі болғаныма өте қуаныштымын. Бізде жастардың сүйікті ісімен айналысуына, ғылыми зерттеулер жүргізіп, әлемнің басқа зерттеушілерімен қатар ғылымды дамыту жолында жұмыс істеуге толық мүмкіндіктер бар деп ойлаймын-деді Жанат.

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
10372 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Об авторе:

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить