Жаңа жұлдыз: Рухия Байдүкенова алдағы жоспарымен бөлісті

7629

«Славян базары-2021» Халықаралық байқауының жеңімпазы тура не білеміз?

Рухия Байдүкенова шоу-бизнес әлеміне қалай келді, ол неліктен келісім-шартқа отыруды қаламайды, Димаш Құдайбергенов жас әншіге қандай қолдау жасады, жерлесіміз «Евровидение» байқауына қатыса ала ма? Бұл туралы Қазақ Ұлттық өнер университетінің студенті Forbes.kz тілшісіне берген сұхбатында айтады.

F: Рухия, сізді жеңісіңізбен құттықтаймыз. Сіз «Славаян базары» халықаралық байқауына қалай іріктелдіңіз, оның талабы қандай болды, іріктеу қанша сатыдан тұрды?

-Үлкен рахмет! Жалпы бұл байқау 3 кезеңнен тұрады. Финалға дейін әр ел өз жерінде ұлттық іріктеу өткізеді. Бұл шара біздің елде де жыл сайын өтеді. Мен осы іріктеуден сәтті өттім және нәтижесінде Витебскте, жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін Халықаралық байқауға қатысу мүмкіндігі бұйырды. Мен үшін бұл байқау өте маңызды болды. Беларусь Республикасы маған өте ұнады. Ұшақтан түскен сәттен бастап елге оралғанша ерекше сезімде болдым. Адамдары өте керемет, аққөңіл, қонақжай, өте жылы қабылдады. Жалпы бұл байқауға 16 мемлекеттің өкілі қатысты, мен үшін негізгі қарсыластар болды деп айта алмаймын, себебі бәрі де мықты орындаушылар. Бірақ маған Украина мен Сербия және Беларусь әншілерінің деңгейі өте жоғары болды десем болады. Алайда әділқазылар мені қолдады, басым дауысты маған берді. Менің жеңісім жайлы Беларусь елі және шетел журналистері жарыса жазды. Байқауға дейін және кейін сұхбат алды. Олар негізінен Димаш Құдайбергеновтың фонаттары болатын.

F: Сіздің Талдықорғаннан екеніңізді білеміз. Ал музыкалық білімді қайда алдыңыз? Қандай оқу орындарында оқыдыңыз?

-Иә, мен осы өңірде туып өстім. Музыкалық білімім ең алғаш Талдықорғандағы Өнер мектебінен бастау алды. Онда вокал сыныбы бойынша білім алдым. Содан кейін Қазақ Ұлттық өнер университетінің колледжін үздік бітіріп, қызыл диплом алдым. Ал қазір Қазақ Ұлттық өнер университетінде «Эстрада вокал» мамандығы бойынша 4 курста оқудамын. Яғни, мен қазір студентпін.

F: Сізді осы байқаудан кейін кеңінен таныла бастадыңыз. Ал жалпы үлкен сахналарға қай кезден бастап шықтыңыз? Қайда ән салдыңыз, бұған дейін байқауларға қатыстыңыз ба?

- Ең алғашқы үлкен сахнаға Бейбітшілік және келесім сарайында шықтым, бұл мен үшін жаңа белеске бастаған маңызды қадам болды. Мен онда «Жас қанат-2014» байқауында бағымды сынадым, ол кезде мен небары 15 жаста едім. Осылай аталған байқаудың дипломанты атандым. Менің ондағы мақсатым -оқуға түсу еді. Аллаға шүкір! Бұл жоспарым да орындалды. Осыған дейін бірқатар халықаралық және республикалық байқауларға қатыстым. 16 жасымда «Х-Фактор» жобасында бағымды сынадым. Бұл мен үшін үлкен сабақ болған жобалардың бірі болды, онда өзімді сырттай бақылап, бағамдап көрдім. Сөз жоқ, бұл да болашаққа жолдама мен жаңа мүмкіндік берген байқау болды. Сонымен қатар «Топжарған» жобасында өнер көрсеттім. Әрине, мен онда жеңіске жетпесем де, финалға шықпасам да, байқау кәсіби деңгейімді арттыруға, шығармашылық тұрғыдан өсуге жол ашты. Сондықтан бұл жобалардың маған бергені көп болды, бәрі де менің дамуыма жан-жақты үлес қосты.

F: Сіздің ұстазыңыз бір сұхбатында сізді креативті және орындау барысында батыс техникасын қолданатыныңызды айтты. Бұл бағытта кімдер ән салады, бұл қандай стиль?

- Қазіргі таңда бұл орындаушылық техниканы көптеген әйгілі әншілер қолданады. Бұл бағыттағы әншілер өте көп. Атап айтсақ, мысалы, олардың ішінде Уитни Хьюстон, Бейонсе, Адэль, Мэрайя Кэрей бар. Бұл техниканы қолданатын жандардың ішінде 10 жасар балаға дейін кездеседі.

F: Димаш «Славян базары» байқауында әділқазылар құрамында болды. Оны сіздің жаныңыздан да көрдік. Бірге дайындалған екенсіздер. Димашты қай кезден білесіз? Байқаудан кейін оның тарапынан шығармашылық ұсыныс болды ма? Онымен жұмыс істеу туралы жоспарыңыз бар ма?

- Мен Димаш Құдайбергеновті 13 жасымнан бері білемін. Оның өнерін алғаш теледидардан көрген кезде бірден ұнаттым, тамсандым. Мен ол кезде кішкентай бала болсам да, оның орындаушылық шеберлігіне ерекше қызықтым, ерекше тәнті болдым. Маған өте қызық болды. Әсіресе тембрі керемет, кең тынысты, ғажайып дауысымен бірден баурап алды. Димашты алғаш «Жас қанат» байқауында көрдім. Ал арада 2 жыл өткенде мен де сол байқаудың қатысушысы атандым. Димаш онда қонақ ретінде өнер көрсетті, мен онымен сол 2014 жылдан бастап таныспын. Менде продюсер болған жоқ. Бірақ ол маған барынша көмектесіп, ақылын айтып отыратын. Жалпы Димаштың командасы менің жеңісімнің бір бөлшегі десем артық айтқандық емес. Оның еңбегі, қосқан үлесі көп. Оны мойындау керек. Әсіресе, психологиялық тұрғыдан қолдау жасап, әрдайым жанымнан табылды. Ал, дует ретінде бірге ән айту, бірлесіп жұмыс істеу туралы мәселе әзірге қозғалған жоқ.

F: Жалпы осы жеңістен кейін продюсерлер тарапынан немесе студиялардан бірге жұмыс істеу туралы ұсыныстар болды ма? Кімдермен жұмыс істеуді жоспарлаудасыз?

- Ұсыныстар болды. Ондай ұсыныстар байқауға дейін де болған. Бірақ мен келісім-шартқа отырғым келмейді. Себебі жоспар көп. Болашақта әлі де үлкен жобаларға қатысамын деп үміттенемін және жеңіс шыңынан көрінуге тырысамын.

F: Сізді президент құттықтады. Елге оралған соң меценаттар мен бизнесмендер барынша қолдау жасапты. Қандай сый жасады? Олар кімдер?

- Иә, маған еліміздің президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің құттықтауын жолдады. Әрине мен үшін бұл да бір үлкен жетістік болды. Сондықтан өз атымнан мемлекет басшысына үлкен алғысымды білдіргім келеді. Президенттің жас буынға қолдау білдіргенінің өзі үлкен демеу. Сонымен қатар, мен елге оралғанда таныстарым, достарым, жерлестерім ерекше құрмет көрсетіп, керемет қарсы алды. Менің жеңісімнің құрметіне көлік сыйлады. Оны Жетісу жерінің ел ағалары тарту етті. Әрине, менің жеңісіме барша қуанды, халық қуанды, жақындарым қуанды. Бұл мен үшін өте маңызды.

F: Шәкірттеріңіз бар екен. Олар кімдер? Кімдерге дәріс бересіз?

- Дәл қазіргі уақытта мен сабақ беруді тоқтаттым. Өйткені уақытым өте тығыз, қол тимейді, күндегі жұмыстардан мүмкіндік бола бермейді, оның үстіне шаршайсын. Бірақ уақыт өте оларды қайтадан қолыма алып, дәрісімді одан әрі жалғастырамын деген ойдамын. Балалардың бәрі де өте талантты, өте дарынды. Жалпы қазіргі жаңа буын өте талантты. Мысалы маған келген балалардың жасы 5 жастан басталады және сол өнерлі балалардан кейде өзімнің де үйренетін кезім болады.

Алдағы мақсат-Евровидение деген екенсіз. Бұл үшін қазір не қажет? Сіз дайынсыз ба?

- «Евровидение» байқауына қатысу үшін ең алдымен Қазақстан сол тізімге енуі тиіс. Қазір оған тек балалар ғана қатыса алады. Ал үлкендердің неліктен бұл байқауда бақ сынай алмайтынын түсіне алмай жүрмін. Бұл мемлекет деңгейінде шешілетін мәселе шығар. Бірақ мен бұл байқауда да өнер көрсетіп, бағымды сынап, қазақ елінің атын асқақтатуға дайынмын!

Жуық арадағы жоспарыңыз қандай? Қандай жаңалығыңыз бар?

- Күні кеше ғана «Қазақконцерт» ұйымының солисті атандым. Бұл менің кішкентай кезімнен армандаған, мақсат тұтқан жоспарымның бірі болатын. Бұл күнге де жеттім. Жуық арада үлкен концерттер беріп, түсірілімдерге қатысып, өз шығармашылығымды одан әрі шыңдауға барымды саламын. Уақытымның басым бөлігін соған арнаймын. Келешекте клиптер түсіріп, жаңа әндер шығаруды жоспарлап отырмын. Қазіргі күні бейнеклиптің жұмысы басталып кетті. Мен бұл туындыға үлкен үміт артып отырмын, оған үлкен күш салудамын. Бірақ бұл әзірге құпия болып қала тұрсын, оны жақын арада өздеріңіз көрерсіздер, бағасын берерсіздер деген ойдамын.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить