Ішкі және сыртқы қысым. Қазақстанға төнген қатерлер

2022 жылды Қазақстан екі бірдей тұзаққа түсіп қалумен бастады әрі бұл жағдай келесі президент сайлауына қарай үлкен мәселелер тудыруы мүмкін.

Досым Сәтбаев
ФОТО: © Андрей Лунин
Досым Сәтбаев

Әңгіме елдің әлеуметтік-экономикалық және саяси жүйесіне түсірілген сыртқы және ішкі қысым туралы болып отыр. Жүйенің шектен тыс тұрақсыздығы мен күтпеген уақытта жарылуы мүмкін «соқыр аймақтардың» тым көп болуына байланысты саяси болжамдықтың кішкентай көкжиегі сақталуда. Бұл жерде әңгіме сыртқы факторлар туралы да болып отыр. Ресейдің қаржылай-экономикалық оқшаулануы Қазақстан экономикасына да кері әсерін тигізетіндіктен, ішкі әлеуметтік шиеленісті азайту үшін әлеуметтік салаға шығынды көбейтіп, инфляция мен бағаның өсуімен күреске үміт артқан ел билігі үшін жаңа тәуекелге айналуы мүмкін.

Қазіргі геосаяси жағдайдың қаупі – Украинадағы соғыс үшін Ресей мен Батыс арасындағы текетірес бірінің жеңіп, ал екінші жақтың толық жеңілуімен аяқталатын нөлдік сомадағы қақтығыс болуында. Қазақстан үшін қазіргі басты қатердің бірі – репутациялық қатер. ЕАЭО-ның бес мүшесінің үшеуі – Ресей, Беларусь және Қырғызстан – Украинаға қарсы позициясын байқатты. ҰҚШҰ әскерінің қаңтарда Қазақстандағы элитааралық қақтығысқа араласуын халықаралық қауымдастық Ресейдің Қазақстандағы әскери-саяси ықпалының күшейе түсуі деп қабылдады. Сол үшін Қазақстан басшылығының негізгі мәселесінің бірі республиканың ЕАЭО мен ҰҚШҰ-дағы мүшелігінен туындайтын мүмкін деген қатерлердің барлығын барынша азайту болып тұр. Бірақ Қазақстан билігі бұл ұйымдарға қатысуды тоқтатады дегенге үлкен күмән бар. Біздің бұған дейін 2014 жылы Қазақстанның сол кездің өзінде-ақ саяси қақпанға ұқсаған ЕАЭО-ға кіруіне қатысты білдірген қаупіміз толығымен расталды. Бұл ұйымда Ресейдің геосаяси мүдделері Қазақстанның ұлттық мүддесінен әлдеқайда жоғары тұрғаны сол кезде-ақ анық еді.

Қазір скепсис білдіретін сарапшылардың қатары артып жатыр. Мәселен, экономист Алмас Чукин аурушаң ЕАЭО-ның санаулы күндері қалды, өйткені бұл аймақтық бірлестіктің туа біткен үш ауруы бар деп есептейді. Олар: шешім қабылдау механизмі, кедендік баждан жиналған кірістің бөлшектенуі және Ресейдің ЕАЭО-дағы үстемдігі. Экономистің сөзінше, қазіргі ең үлкен мәселе кеденнен табыс алу, себебі санкция жағдайында бәрі өзгерді. Оны былай түсіндіреді: «Ресейдегі транзит күрт төмендеп кетті делік, ал біз Қазақстанға импортты көбейтуді жалғастырып жатырмыз. Бұрынғыдай Ресей бюджетіне 85%-ды, ал Беларусьқа 5%-ды жібереміз бе? Сондықтан ЕАЭО ішінде шекарадағы ұлттық кеден қызметін уақытша қайтарып, бөлек есеп жүргізу қажет. Өз арада нөлдік мөлшерлемені және шектеусіз сауданы қалдыруға болады. Бірақ баж бен салық алымдары үшін сыртқы сауда айналымын ескере отырып, жаңа тәртіп орнату қажет».

ФОТО: © READY-STEADY

Бірақ негізгі мәселе ЕАЭО пен ҰҚШҰ-дан шығу механизмінде емес, өйткені ол да бір жылға жуық уақыт алатын ТМД-дағы мүшелікті тоқтатумен бірдей. Қазақстанның бұл аймақтық бірлестіктерден шығуға талпынысының өзін Ресей қастық әрекет деп қабылдайтыны қиындық туғызып отыр. Бұл еліміздің басшылығының батыл қадам жасау үшін үрейін туғызуда. Бірақ бұдан алдағы жылдары ел басына қатер төндіретін тағы бір мәселе туындайды.

Әңгіме ЕАЭО мүшесі ретінде республика аумағын санкцияларды айналып өтуге пайдаланар болса, Қазақстанға да қайталама санкциялардың салынуы қатері туралы болып отыр. Мұның шынайы қатер екенін Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Тимур Сүлейменов батыс басылымдарының біріне берген сұхбатында: «Қазақстан АҚШ пен ЕО тарапынан Ресейге салынған санкцияларды айналып өту құралы болмайды. Біз санкцияларды орындаймыз. Ресей, Беларусь және басқа да елдер кіретін Экономикалық одақтың бір бөлігі болсақ та, біз халықаралық қауымдастықтың да бір бөлігіміз. Сол үшін Қазақстанға АҚШ пен ЕО санкцияларының салынғанын қаламаймыз», – деп мәлімдегені растайды. Бұл мәлімдеме ең алдымен халықаралық қауымдастыққа бағытталғаны түсінікті.

Кейінірек еліміздің премьер-министрінің орынбасары, сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді де Қазақстан аумағы антиресейлік санкцияларды айналып өту үшін пайдаланылмауы керек деп мәлімдеді. Десе де, Қазақстан үкіметінің Ресейдің ЕАЭО-ның басқа мүшелерін пайдаланып, санкцияларды айналып өтуге талпынысына қандай реакция танытатыны белгісіз. Мәселен, Ресейдің премьер-министрі Михаил Мишустин Ресейде параллель импорттың заңдастырылатынын жариялады, сол арқылы еуропалық елдерден келетін санкция салынған өнімдерді құқық иесінің рұқсатынсыз елге кіргізуге болады. Яғни «көлеңкелі» импорт жайлы сөз болып отыр. Ресейлік сарапшылардың пікірінше, Түркия және ішінара Қазақстан санкция салынған және тапшы тауарлардың аялдау орындарына айналуы мүмкін. Соған қарамастан, ҚР премьер-министрінің тарапынан бұған қарсы әлі ешқандай мәлімдеме жасалмады, бизнес өкілдері мен экономистердің сөзінше, бұл Қазақстанға қарсы қайталама санкцияларды салуға себеп болуы мүмкін.

Тоқаев мемлекеттік басқару жүйесіндегі «ұжымдық назарбаевтан» бірден арыла алмайды. Нәтижесінде ең алдымен дәл осы себепке байланысты өзі ұсынған «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасы іске аспай қалуы мүмкін

2022 жылы Қазақстан экономикасы үшін белгісіздік, жаңа қатерлер мен қауіптер кезеңі басталды. Олар көптеген бағыт бойынша елдің экономикалық қауіпсіздігіне ғана емес, әлеуметтік-саяси тұрақтылыққа да қауіп төндіруде. Елдегі келесі президент сайлауына қарай геосаяси фактор Қазақстанның саяси күн тәртібіндегі басты тақырыпқа айналуы мүмкін, себебі ол ішкі әлеуметтік-экономикалық жағдайға өте күшті ықпал етеді.

KPMG мәліметінше, егер жұмыссыздар санатына табысы төмен жеке қосалқы шаруашылықтарды, белсенді емес ЖК иелері мен өзін-өзі жұмыспен қамтуы өнімсіз болғандарды қосса, жұмыссыздар саны екі миллион адамға дейін өседі. Бұл Ресейдегі санкциялық қысым әсерінен туындаған қиындық салдарынан Қазақстандағы кәсіпорындардың, қаржылай және басқа да ұйымдардың жұмысы тоқтаған немесе мүлдем жабылып қалған жағдайда жаңа жұмыссыздардың пайда болатынын есептемегенде. Мысалы, кейбір сарапшылардың бағалауынша, елдің құрылыс секторында үлкен мәселе туындаса, бір ғана Алматының өзінде құрылыста істеген, негізінен жастардан құралған он мыңдаған адам жұмыссыз қалуы мүмкін. Олардың басым көпшілігі елдегі кедейлердің санын көбейтетіні түсінікті.

Қазір ресми мәлімет бойынша, елде табысы күнкөріс минимумынан төмен бір миллионнан астам кедейлер болса, Дүниежүзілік банктың Қазақстан бойынша «Дағдарысты еңсеру» атты экономикалық баяндамасында елдегі кедейлер саны 2 млн адамнан асып түсуі мүмкін деп айтылған. Ұлттық валюта курсының төмендеуі, бағаның, инфляцияның өсуі көпшілік қазақстандықтардың, ең алдымен аз қамтылған және әлеуметтік жағынан әлжуаз топтардың материалдық жағдайына қатты қысым түсіріп жатыр. Бірақ бұл Ресейге қарсы салынған санкциялардың Қазақстанға тигізетін салдарының басы ғана. Тағы бір өте маңызды мәселеге келе жатырмыз. Бұл – Қазақстандағы билік пен қоғамның параллель әлемдерде ұзақ уақыттан бері пісіп-жетіліп, қаңтар оқиғасы кезінде сыртқа шығып, 30 жыл бойы құрылған әлеуметтік-экономикалық, саяси жүйенің бар ақауын көрсеткен ішкі әлеуметтік хаос. Өте көп «соқыр» параллель аймақтары пайда болған жүйеде жаңа жарылыс пен хаос қазірдің өзінде пісіп жатуы мүмкін.

ФОТО: © READY-STEADY

Мұнда қосатын тағы бір фактор бар. Ол Ресейдегі Орталық Азиядан шыққан мигранттардың экономикалық стагнация, жұмыс орындарының қысқаруы, тапқан ақшасын өз еліне жібере алмауынан туындаған әлеуметтік-экономикалық жағдайдың қиындауымен байланысты. Мұның салдарынан Қазақстанға мигранттар ағылып-төгіліп келуі мүмкін. Бұл да жергілікті еңбек нарығына үлкен қысым жасап, елдегі жұмыссыздық жағдайын шиеленістіріп жіберуі мүмкін.

2022 жылдан бастап Қазақстан билігі үшін болашақ электораттың одан әрі бөліне түсуі қосымша сын-қатер болмақ. Украинадағы жағдай, Қазақстанның ЕАЭО және ҰҚШҰ-дағы мүшелігі және елдегі тіл саясатына қатысты қоғам онсыз да екіге бөлінді. Нәтижесінде, Қазақстанда «бесінші колонна» қалыптасты. Украинамен созылмалы соғыс жағдайында ресейлік пропаганданың одан әрі радикалдана түсуіне байланысты Қазақстандағы «бесінші колоннаның»да одан әрі радикалдануы қазіргі геосаяси жағдайда үлкен қауіп болып төніп тұр.

Сондай-ақ 2024 жыл туралы ұмытпау керек. Келесі президент сайлауында Владимир Путинге жоғары рейтингті ұстап тұру қажет. Жаппай пропаганданың арқасында бұған қол жеткізуге болады. Десе де, бір «бірақ» бар. Кезінде Ресейдің ішкі істер министрі Вячеслав Плеве 1905 жылғы орыс-жапон соғысының қарсаңында айтқандай: «Революцияға жол бермеу үшін бізге жеңіспен аяқталатын кішкентай соғыс керек». Кішкентай жеңіспен аяқталатын соғыс Украинада болмады. Бұл тағы да 1905 жылды еске түсіреді. Ол кезде кішкентай Жапония Ресейдің әскери күштеріне жойқын соққы жасап, қорлықпен жеңілуге мәжбүрледі.

ФОТО: © READY-STEADY

Ресейлік армияны үлкен адам шығынына ұшыратқан Ресейдің Украинадағы созылмалы әскери қимылдары, Ресей экономикасының зорайып жатқан коллапсы қоғамның басым бөлігінің Путинді қолдауының азаюына алып келуі мүмкін. Ол ресейліктердің көпшілігінің әлеуметтік-экономикалық жағдайының тек қиындай беруіне жетелейтін «жұмылдыру» экономикасынан шаршай бастады (тоңазытқыш теледидарды жеңетін болады).

Бұл Ресей президентінің бұрынғы көмекшісі Владислав Сурковтың: «Империяның мұрагері ретінде әрі өзге де ірі геосаяси ойыншылар тәрізді Ресейдің өз мәселелерінің жиналып қалуынан туындаған ішкі шиеліністі азайту үшін басқа аймақтарға хаосты экспорттауға құқығы бар», – деген тезисімен ұштасып жатыр. Қазақстанға хаосты экспорттауы мүмкін бе? Иә, мүмкін.

2014 жылы Қырымды аннексиялағаннан кейін Ресейде қабылданған әскери доктринада сол елдің ұлттық мүддесіне төнетін қауіп жайлы мағынасы бұлыңғыр бірнеше тұжырымдама бар. Жекелей алғанда, «дұшпандық режим» деген ұғым енгізілген. Бұл Қазақстан үшін де қатер туғызады, өйткені біз сыртқы саясатымызды өз бетімізше жүргізетін болсақ, онда осы категорияға оп-оңай кіріп кетуіміз мүмкін. Дегенмен 2022 жылы Украинадағы жағдай қалай өрбитініне байланыссыз (Ресей әскері сонда ұзақ тұрып қала ма әлде қандай да бір келісімшартқа қол қоя ма), Киев Ресейдің ірі әскери, қаржылай, ақпараттық-насихаттық және басқа да ресурстарын өзіне қарай тарта береді, тиісінше Кремльдің Қазақстанға барынша ден қоюға мұршасы болмайды.

Президенттің легитимділігін нығайтатын немесе жаңа әлеуметтік-саяси жарылысқа әкелетін келесі президенттік сайлауға дейін екінші президенттің толық ашылуына біріншісі кедергі болып келді деген тезис бұдан былай жұмыс істемейді

Басқа жағынан алсақ, Ресейдің Украинадағы соғысы, ЕАЭО мен ҰҚШҰ-дан шығу туралы талаптардың күшеюі елдегі ұлттық-патриоттық көңіл-күйдің етек алуы мен оның танымалдылығының артуына жаңа стимул береді. Осы жерде екі деңгейде шиеленіс сызығы пайда болуы мүмкін. Біріншіден, «бесінші колонна» мен ұлттық-патриоттар арасында, қазір онсыз да ақпараттық соғыс жүріп жатыр.

Екіншіден, Ресеймен экономикалық және әскери-саяси серіктестікті ұстап тұруға мән бере отырып жүргізілетін ресми сыртқы саясатымыз бен қазақ қоғамындағы антиресейлік көңіл-күйдің күшеюінің арасындағы қақтығыс. Бұл солтүстіктегі көршімен қарым-қатынаста елдің ұлттық мүддесін қорғауда әлсіздік танытты деп президенттің легитимділігіне қатысты соққыны күшейте түсуі ықтимал. Бұл – қызметтегі президент үшін ең қауіпті қақпандардың бірі, себебі ондаған жылдар бойы шешімін таппаған бұрынғы көптеген ескі мәселелер мен Ресейге қарсы салынған санкциялардың Қазақстан экономикасына әсер етуінен туындаған жаңа әлеуметтік-экономикалық мәселелерден бөлек қазақстандық қоғамның бір бөлігінде сәйкестік қақтығысы да сақталып отыр.

Бұл тұрғыда мазмұны жағынан келесі президенттік сайлауға дайындықтың басталғанын білдіргендей болған наурыздағы президент жолдауында айтылған саяси реформа бойынша ұсыныстарды жүзеге асырумен байланысты көптеген қосымша мәселелер туындап жатыр. Бірақ әзірге биліктің дағдарыстық жағдайды себеп қылып президенттік сайлаудың мерзімін өзгертуге деген ойы белгісіз болып отыр.

ФОТО: © READY-STEADY

Бір жағынан, бірінші президенттің отбасы мен айналасындағылардың ықпалын азайту арқылы Тоқаев қазақстандықтардың бір бөлігінің қолдауына ие болды, олар президентте жүйені жаңалау үшін карт-бланш пайда болды деп есептейді. Ал, екінші жағынан, ол карт-бланштың жарамдылық мерзімі шектеулі, өйткені президентте бар уақыт қазіргі мәселелердің ауқымымен сәйкес емес. Оның отыз жылы жоқ. Уақыт та, адамдардың шыдамы да шексіз емес. Осы жерде таяқтың екі ұшы бар екенін ескерейік, саяси технология тұрғысынан қарасақ, сайлауды рейтинг жоғары болып тұрған кезде өткізген жақсы.

Бірақ саяси риск-менеджмент жағынан алып қарасақ, елдегі наразылық деңгейінің жоғары екенін нақты көрсетіп берген қаңтар оқиғасынан кейін мұндай сайлау өткізу – өте қауіпті шаруа. Өйткені наразылық ешқайда жоғалған жоқ, тек саяси сахнаға қайта шығу үшін жаңа тағы бір триггерді күтіп жатыр. Сондықтан Тоқаевтың алдында қиын міндеттер туындап отыр. Бір жағынан, сайлауға дейін өзінің легитимділігін сақтау үшін әлеуметтік салаға бөлінетін қаржы көлемін едәуір көбейтіп, жаңа уәделер беріп, бірінші президенттің айналасындағылардың, тіпті отбасындағылардың бірен-сараңын қамауы керек. Екінші жағынан, Тоқаев мемлекеттік басқару жүйесіндегі «ұжымдық назарбаевтан» бірден арыла алмайды. Нәтижесінде ең алдымен дәл осы себепке байланысты өзі ұсынған «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасы іске аспай қалуы мүмкін.

Соның бір жарқын мысалы ретінде Назарбаевтың бұрынғы кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаевтың саяси алаңға қайта оралуын айтуға болады. Оны ұмыт бола бастаған жерінен қайта шығарып, «Қазақстан халық партиясын» басқаруға мүмкіндік берді. Ол президенттікке үміткерлердің бірі болуы да мүмкін. Осылайша, қазіргі мемлекет басшысына «бәсекелес» болатындарды қайтадан қолдан жасауы ықтимал.

ФОТО: © READY-STEADY

Барлық саяси реформалар тек косметикалық сипатта болады деген әңгімені растайтын тағы бір индикатор Nur Otan партиясының ребрендигіне қатысты болып отыр. Келесі парламент сайлауына қатысу үшін ол Amanat деп атауын ғана ауыстыра салды.

Қазақстанда бұрынғы партияларды біріктіріп, жаңа саяси партияларды құруға белсенді кірісіп кетті. Атап айтқанда, бірінші президенттің күйеубаласы Тимур Құлыбаевпен байланысы болған Adal партиясы Amanat партиясына қосылатынын мәлімдеді. Өздерінің партия құратыны туралы қоғам белсенділері: Болат Әбілов, Мұхтар Тайжан, Санжар Боқаев, Тоғжан Қожалиева, Нұржан Әлтаев, Жанболат Мамай жариялады. Өткен жылдан бері Қазақстанның экологиялық партиясы да тіркелуге тырысып жүр. Биыл келесі парламент сайлауына қатысу үшін бірнеше жаңа партия тіркелуі де мүмкін. Десе де, оппозициялық партиялардың құрылуына бөгет болып отырған негізгі кедергі жойылады дегенге сенім аз. Ол кедергі – саяси партияларды тіркеу процесіне және қызметіне қатысты билік тарапынан бейтарап көзқарастың болмауы. Нәтижесінде Әділет министрлігінің белгілі бір партияны тіркеу немесе тіркемеу туралы шешіміне осы жолы да заң емес, президент әкімшілігінің қалауы ғана әсер ететін болады.

Жағдай осылай қала берсе, Қазақстанда партияны ресми тіркеу үшін жақтастарының санын 20 000 адамнан 5000-ға дейін қысқарту туралы квота да ешнәрсені өзгертпейді, өйткені бір саяси күштер қалғандарын түрлі себеп бойынша кемсітіп, артықшылықтарды өзіне ғана қалдыра беретін болса, онда елдегі саяси алаң теп-тегіс болып қала бермек. Сондықтан кез келген саяси партияны тіркеу процесі, немесе оны тіркемеу ашық, жариялы, негізделген әрі, ең бастысы, биліктің саяси қалауымен байланысты болмай, тек жаңарған заңның талаптарына ғана сай болуы керек.

Сондықтан заңгерлердің осыдан он жыл бұрын айтып кеткенімен келісуге болады. Олар барлық қол қою парақтары нақты тұжырымдалған обьективті критерийлер бойынша бірдей тексеру процесінен өтуіне кепілдік беру үшін саяси партиялар туралы заң өте анық болуы керек деген еді. Онсыз партиялық заңнаманы ырықтандыру туралы барлық мәлімдемелер түкке жарамсыз болып қалады.

«Мәселе реформалардың тез бұзылатын тауар екенінде жатыр, егер бір немесе біржарым жыл ішінде президент шынайы реформа жүргізуге ниетті екенін көрсете алмаса, онда елде жаңа наразылық толқындары көтерілуі мүмкін»

Егер Қазақстандағы сайлау процесіне кеңінен қарасақ, Орталық сайлау комиссиясын да терең реформалау керек. Ол жерде тек басшыны ауыстыру жеткіліксіз, органның рөлін де өзгерту қажет. Оны «қалай дауыс беретіні маңызды емес, маңыздысы – қалай санайтыны» қағидасына сүйене отырып, керек нәтижені алу үшін керек сандарды келтіріп бере салатын биліктің қолындағы құрал қызметінен айыру маңызды.

Осындай түбегейлі өзгерістер аумақтық сайлау комиссияларынан бастап учаскелік сайлау комиссияларына дейін барлық сайлау жүйесінде жүруі керек. Сайлау комиссиялары оппозициялық партиялар мен үміткерлердің «көзін жоюшы» рөлінен бас тартуы тиіс. Мұндай өзгерістерсіз ешқандай «Жаңа Қазақстан» болмайды. Жаңа парламенттің тек партиялық тізіммен емес, депутаттық орынның 30%-ы бірмандатты округтің атынан шыққан өзін-өзі ұсынушыларға берілетін мажоритарлы жүйемен құрылса да, осы жолы да шынайы электоралды процеске емес, кезекті саяси театрға ұқсайтын болады.

Түбегейлі саяси реформаларды болдыру үшін жүйені қажет болып отырған альтернативалы бағытпен үдемелі қарқында алып өту керек. Бір кездері Михаил Саакашвили мұны жасай алды. КСРО құлардан бұрын, «Шаталин-Явлинский» бағдарламасының аясында 500 күн ішінде 1990 жылғы экономикалық дағдарысты өткеру мақсатында Кеңес Одағының жоспарлы экономикасын тез арада нарықтық экономикаға көшірудің бағдарламасы ұсынылған еді. Бірақ оны, сарапшылар атап өткендей, «жүйенің жүріс қарқынын күшейту» үшін ұйымдастырушылық, кадрлық және материалдық күш пен ресурстың болмағандығынан да жүзеге асыру мүмкін емес-тін.

Қазіргі билік те осыған ұқсас жағдайға тап болған сыңайлы. Ол ары барса кішкентай қадамдар жасау арқылы немесе, кейбір сарапшылар (шектен тыс орталықтанған жүйелерді реформалауды тілге тиек еткенде) атап өткендей, «ойын ережесін, стратегиясын, идеологиялық матрицаларын өзгерту» арқылы саяси өзгерістердің баламалы нұсқаларын ғана сынап көре алады. «Өйткені әрбір ойын стратегиясы постдағдарыстық альтернативалардың салыстырмалы ықтималдылығын ғана береді».

Бірақ, жоғарыда атап өткендей, Тоқаевтың уақыт лимиті тым аз, сондықтан түрлі альтернативаларды баяу сынақтан өткізуге уақыт болмауы да мүмкін.

Осылайша, уақыт лимитін екі кезеңге бөлуге болады.

ФОТО: © READY-STEADY

Бірінші кезең

Президенттің легитимділігін нығайтатын немесе жаңа әлеуметтік-саяси жарылысқа әкелетін келесі президенттік сайлауға дейін екінші президенттің толық ашылуына біріншісі кедергі болып келді деген тезис бұдан былай жұмыс істемейді. Мәселе реформалардың тез бұзылатын тауар екенінде жатыр, егер бір немесе біржарым жыл ішінде президент шынайы реформа жүргізуге ниетті екенін көрсете алмаса, онда елде жаңа наразылық толқындары көтерілуі мүмкін.

Олай болса, Қазақстанға тіпті «500 күннің» баламасы емес, тым құрығанда жүйені өзгертіп бастайтын «200 күн» керек. Бірақ осы тұста да «жүйенің жүріс қарқынын күшейту» үшін керек ұйымдастырушылық, кадрлық және материалдық күш пен ресурстың бар-жоғына ғана емес, ең бастысы бұл жүйені қорықпай таратып жіберуге саяси ерік-жігердің бар-жоғына қатысты да сұрақ туындап отыр.

Екінші кезең

2024 жылы өтетін президент сайлауынан кейін не болмақ? Осы тұста ең басты сұрақ туындайды. Үшінші президент кім болады? Ол Тоқаевтың өз адамы бола ма әлде әділ және бәсекелі сайлау өткізу нәтижесінде Владимир Зеленскийдің қазақстандық нұсқасы пайда бола ма? Ол популист бола ма әлде ұлттық-патриоттық, тіпті қоғамның діншіл бөлігіне көбірек бағыттала ма? Әлде Тоқаев бұрынғы президент сияқты өзінің билікте отыру мерзімін ұзартудың түрлі нұсқаларын іздестіре ме? Бірақ бұл тағы да жаппай наразылықтарға алып келуі мүмкін. Форс-мажорлы жағдайларды да ұмытпау керек. Тоқаев жас саясаткер емес, биыл 69-ға толады. Қытайлар, әрине, саясаткер ретінде піскен шағы деуші еді. Егер Тоқаев Назарбаев сияқты өз қолына шексіз билікті шоғырландырып, бір адамға жұмыс істейтін саяси жүйені сақтап қалса, шешім қабылдаудың негізгі орталығы әлсірегенде немесе өзі кенеттен саяси сахнадан кетіп қалған жағдайда, елде тағы да ішкі элиталық қақтығыстар басталады. Қоғамдағы наразылықтарға ішкі элиталық қақтығыс қосылса, біз 2022 жылдың қаңтарында куәсі болған тұрақсыздандырушы әсерден де асып түсуі ықтимал. Еліміз бұл жарылыстан аман шығуы екіталай.

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
27661 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Об авторе:

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить