POST-COVID: бизнес-климат мүмкіндігі

10497

Дағдарыс – инвестициялық тетік-құралы ретінде

Коронавирус дағдарысы аясында көрініс берген жаңа мүмкіндіктер мен бизнес-климат жағдайы жөнінде қазақстандық сарапшылардың пікірі әртүрлі: біразы COVID салдарының ел экономикасына ықпалы әлі де нақты бағаланып, талданған жоқ десе, енді бірі – қандай да бір дағдарыс, күйзеліс бұған дейін байқалмаған жаңа сегменттерге жол ашып, жаңа табыс көздеріне дем береді деген сенімде. Қалай болса да, пандемия салдары ел экономикасының барлық саласын түгел шарпып өтті, ал дағдарыстан шығу кезеңі ұзаққа созылатын түрі бары.

Құлдырау мен өсім арасында

Хенли бизнес-мектебінің зерттеушісі (Ұлыбритания) Данияр Медетовтың айтуынша, пандемия салдарында Казақстанның жүйеқұраушы негізгі саласы – мұнай-газ секторы айтарлықтай зардап шекті, соған сәйкес ел экономикасының көрсеткіштері де жаппай төмендей бастады. «Ең алдымен, азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен қызмет түрлерін ұсынатын сала, яғни ретейлерлер, тұрмыстық техника сегменті, көлік компаниялары біраз қиындыққа тап болды, – дейді Данияр Медетов. – Қаржы секторына да мейлінше ауыр тиді. Бұл тұрғыда, ептеп болса да, құрылыс бизнесінің ұпайы түгел деуге болады».

Сарапшы «постковидтік фазада белгілі бір бенефитке», яғни басымдықтарға үміт арта алатын бес саланы бөліп көрсетеді. Оның пікірінше, бұл салалар: ауыл шаруашылығы, фармакология, базалық тауар өндірушілер, онлайн контент индустриясы (онлайн сегменттегі кинотеатрлар, ойын-сауық, онлайн оқулар, т.т.) және құрылыс саласы. «Инвестициялық тұрғыда фармакология және медициналық техника өндірісі – мейлінше қауіпсіз мүмкіндік болмақ», – дейді сарапшы. Бірақ Қазақстан нарығына бұл тауарлар экспорт негізінде келетінін де ұмытпау керек. Дегенмен, жалпылай алғанда, өзге салалармен салыстырғанда, фармакология нарығының тәуекелі біршама төмен. Бүгінде ірі инвесторлардың қомақты салымдары дәл осы салаға бағытталған: мысалы, дәрі-дәрмек әзірлеуге, профилактикалық заттар өндіруге деген сияқты.

Сарапшы маман, сондай-ақ пандемия аясында – күнделікті өмірде аса қажетті тұрмыстық заттар мен гигиена құралдарын шығарушылар, тағам өндірушілер және бұл өнімдерді сатушы субъектілер аса алаңдай қоймайды деген болжам айтады. Тұтынушылардың онлайн арналарға ауысу қажеттілігін қамтамасыз етуші сала да табыстан қағылмауы тиіс: Қазақстанда бұл сала, негізінен, шағын бизнес пен микроұйым өкілдерінің қарамағында. Қазақстан экономикасының 64%-ы шағын және орта бизнес иелігінде, оның ішінде қызмет көрсету саласының үлесі де осы шамалас, соған қарамастан, дейді сарапшы, жоғарыда айтылған бес саланың екеуі еліміздің ішкі жалпы өніміне айтарлықтай үлес қосып отырған жоқ. «Бұл арада мен электронды коммерция, креативті индустрия сынды салаларды есепке де алмадым, олар бізде әлі дұрыс дамыған жоқ», – дейді Данияр Медетов.

Айтқандай, бұл салалар барынша өсіп-кеңейіп, мол табысқа кенеледі деп пайымдау да қисынсыз. Сарапшының айтуынша, «өсім феноменін цифрландыру оңай емес», жалпы, пандемия аясында қандай да бір сала туралы барынша өсіп, өркендеді деп айта алмаймыз. Бұл, мысалы, логистика саласындағы Amazon не FedEx сынды алыптарға да қатысты. «Қарапайым жұрт, пандемия кезінде бұл компаниялар еселеп пайда тапты деген ойда. Иә, алғашқы екі-үш аптада олар бір ғана сатулар сегментінде секундына 11 мың доллар жасай алды, бірақ соған сәйкес олардың шығындары да еселеп артты. Бұл команиялардың қаржылық сарапшылары мен бухгалтерлері мұны оңай дәлелдей алады», – дейді зерттеуші. Ал, мысалы, құрылыс саласының дамуына жұмыспен қамту жөніндегі Жол картасы сынды мемлекеттік бағдарламаның қолға алынуы септік етсе керек.

Бизнес сарапшысы Марина Тютюнникова келтірген деректерге назар аударсақ, 2020 жылдың он айында Қазақстанда қызмет көрсету және тауар шығару көрсеткіштері: құрылыс саласында 10,7%-ға, ауыл және орман шаруашылығы мен балық аулауда 5,2%-ға, байланыс саласында 8,2%-ға өскені байқалған. «Өңдеу саласында өндіріс ауқымы 3,2%-ға дейін өскен, оның ішінде негізгі фармацевтикалық өнімдер мен фармацевтикалық препараттар бойынша 39,7%-ға, қағаз және қағаз өнімдері бойынша – 15,0%-ға, азық-түлік бойынша – 3,4%-ға, дайын металл өнімдері бойынша – 19,5%-ға өскен. Ал былғары өнімдерін шығару көрсеткіші тіпті 160,3%-ға дейін артқан», – дейді сарапшы. Яғни, жалпылай алғанда, ел экономикасының жұмыс қарқыны төмендей түскенімен, кей салаларда айтарлықтай өсім бар.

Брендтер коллаборациясы

Данияр Медетов, әзірше Қазақстанда постковидтік кезеңге сай келетін трендтерді дұрыс танып, қолданып отырған бизнес аса көп емес деп отыр. Бірақ қай кезеңде де дағдарыс бизнес үшін жаңа мүмкіндік деп есептелген. Таяу келешекке негізделген болашаққа қатысты айтар болсақ, әлемдік тренд – өндірісті тараптандыру және бірлесу дегенге келіп тіреледі. Co-opetiton, яғни кешегі бәсекелестердің бірігуі, оларға жаңа нарықтарды игеріп, жаңа өнімдер ұсынуға жол ашады.

«Дүние жүзінде қазір мұндай мысалдар аз емес: Co-opetiton феномені негізінде Nike секілді ірі компаниялар Chanel, Armani сынды luxury брендтерімен коллаборацияға келіп, өте жақсы көрсеткіштерге қол жеткізуде. Не болмаса, Қазақстандағы құрылыс компанияларын алайық, олар қазір өз өнімдерін жетілдіріп, нарыққа жаңа бірегей шешімдер әзірлеп ұсынуда, сату схемаларын өзгертуде. Мұндай түзетулерді олар отандық банктермен бірлесіп енгізуде: бұл тиімді ынтымақтастық. Әрине, біз постковидтік фазаға әлі жеткен жоқпыз, бірақ Co-opetiton әдісі қазірден-ақ өз өміршеңдігін көрсетіп отыр. Бірақ Қазақстанда бұл мүмкіндікті нарық іші толыққанды елеп-ескеріп жатқан жоқ», – дейді Данияр Медетов.

Бизнеске жаңа мүмкіндік ұсынатын гибридтік формулалар ішінде сарапшы: менеджментті «қайта жүктеу», корпоративтік мәдениетті сауықтандыру (қызметкерлердің мотивациясын арттыру бағытында), өнім мен қызметті тараптандыру мәселелеріне көңіл бөлуді ескертеді. «2010 жылға дейін құрылған компаниялардың тұрақтылық көрсеткіштері жоғары болмақ: өйткені олар бұған дейінгі дағдарыстармен бетпе-бет келді. Бұл компаниялар мұндай жағдайда резервтік қорлар керектігін жақсы біледі», – дейді сарапшы Медетов.

Galamat Integra компаниясының бас директоры Сейітжан Сыпабеков те, бүгінгідей жағдайда компаниялардың өз ішкі резервтері болуы өте маңызды деп отыр. «Резервтік қордың бар-жоғына қарай компаниялардың даму мүмкіндігі үш бағытта өрбуі ықтимал: 1) бизнесті жабу; 2) жекелеген бағыттарды нығайтып, басқаларын жабу; 3) жаңа сегменттерді игеріп, компанияны жаңа деңгейге шығару. Бұл тұрғыда, ең алдымен, ішкі аудит жүргізіп, компанияның қаржылық жағдайын, өнімдері мен технологиялық мүмкіндіктерін, бизнес барысы мен жағдайын, персоналдың деңгейін сарапқа салып, талдаумен қатар, нарық ішін зерттеп, клиенттердің әлеуетін зерделеу керек. Сонда коронадағдарыстан кейінгі бизнестің аяқ алысын дұрыс түсінуге болады», – дейді сарапшы маман.

Қазақстандық бизнеске тән тетік-құралдарға тоқталған Марина Тютюнникова, KPMG Kazakhstan жүргізген «Қазақстан экономикасының негізгі салаларына COVID-19 ықпалы» атты зерттеу қорытындысын мысал етеді. Бүгінде отандық компаниялардың 70%-дайы әкімшілік шығындарын оңтайландырғанды дұрыс көрген. Оның ішінде: іссапарлар шығындары, консультациялық, маркетингтік шығындар мен қызметкерлерді оқыту және еңбекақы шығындары (персоналды қашықтан жұмыс істеуге көшіруіне не ақылы және ақысыз демалыстарға жіберуіне орай) біршама қысқарған. Бұлардың арасында, мысалы, авиация, қаржы секторлары мен бөлшек сауда сегментінің үлесі басым. Кей компанияр қызметкерлерін өзге секторларға ауыстыруда, айталық, сату бөліміндегілер call-орталық қызметіне бейімделіп, даяшылар курьер болып жұмыс істеуде.

Сарапшының айтуынша, бүгінде қазақстандық компаниялардың бірқатары (сауалнамаға қатысқандардың 48%-ы) тауар және қызмет түрлерін сатып алуда ауқым мен құрылым көрсеткіштерін қайта қарап, сұранысқа ие және маржасы жоғары өнімдерге басымдық беруде. Желі жұмысында жүктеме ауқымы артып, кептелістер көрініс беруі себепті, телекоммуникациялық компаниялар өз инфрақұрылымын толықтай жаңартуға мән беруде. Ал сауалнамаға қатысқандардың 58%-ы компанияның стратегиялық даму жоспарын қайта қарап, өзгерту керек деген сенімде.

Инвестициялар бағыты

Сейітжан Сыпабековтің пікірінше, қазір инвесторлар логистика, IT-индустрия, азық-түлік дүкендерінің желісі сынды бизнес түрлеріне қызығушылық танытуда. Әрине, медицина мен фармакология да инвестициялық тұрғыда тартымды салалар қатарында. «Кей инвесторлар бүгінде клиника құрылысына не медициналық заттар шығарушы зауыттарға инвестиция салуға мүдделі. Кей инвесторлар коронавирусқа қарсы препараттарды жеткізу бизнесіне ақша салғанды жөн көреді», – дейді ол.

Данияр Медетовтың айтуынша, қай уақытта да инвестиция үшін ең ыңғайлы кезең – дағдарыс деп саналған, бірақ соған сәйкес тәуекелдер де бұл арада біршама жоғары болады. «Ия, дағдарыс барысында акциялар айтарлықтай арзандап, қысқа мерзім ішінде едәуір табыс әкелуі ықтимал: инвестициялаудың дәл осы жолы әсіресе Орталық Азия мен Қазақстанда кең тараған. Бірақ, мәселе нарықтағы спекуляциялармен ғана шектелмейді: дағдарыс кезінде компаниялардың банкротқа ұшырауы жиі кездеседі, олай болса, ақшадан қағылу тәуекелі бұл арада өте жоғары», – деп ескерткен сарапшы, қазір туристік салаға, әуе компанияларына, мейрамхана бизнесіне (әсіресе, классикалық сегменттегі), ойын-сауық индустриясына (оффлайн негіздегі) оңай емес деп отыр. Инвесторлар қалауы бүгінде: онлайн-сала, Amazon, IT-компаниялар, сондай-ақ ауыл шаруашылығы, бірақ бұл сала тұрақты табыс береді деп болжау мүмкін емес, мұнда дағдарыстан өзге табиғат факторы да маңызды көрсеткіш. Ал стратегия және стратегиялық менеджмент тұрғысында, Данияр Медетов, ірі компанияларға шағын IT-стартаптарды өздеріне қосып не сатып алу жөнінде кеңес береді.

Бизнес сарапшысы Марина Тютюнникова, қазақстандық компаниялар сұранысқа ие жаңа өнім шығаруға икемделіп, жаңа қызметтерді игеруге осы бастан бейімделе бергені дұрыс деп отыр. Сол сияқты, цифрлық технологияларға инвестиция ауқымын ұлғайтып, оффлайн дүкендер форматын қайта қарауды ұсынады. «Биыл жұрт үнемшілік туралы ойланып, тұтынушылардың таңдауы, талғамы өзгере бастады. Қазір көпшілік адам өзіне қажетін үйіне жақын дүкендерден сатып алуға тырысады. Бүгінде экологиялық таза материалдардан жасалған тауарларға деген сұраныс өсе түскен: отандық бизнес жаһандық негіздегі әлеуметтік және экологиялық проблемаларды шешуге үлес қосуы тиіс деп есептейді сатып алушылар. Карантин әсері болса керек, қазір қазақстандықтардың біразы әуестік құралдарына, яғни хоббиге мән бере бастады. Бизнес өкілдері бұл бағытты да ескеріп, өз ұсыныстарын әзірлей алады», – дейді сарапшы. Ол, сондай-ақ отандық бизнеске кроссиндустриялдық ынтымақтастыққа көңіл бөліп, сатып алушылардың цифрлық қадамын жақсарту мақсатында өнім, контент және цифрлық технологияларды біріктіру туралы кеңес береді.

Зерттеуші Данияр Медетовтың айтуынша, Ұлыбританияда локдаун аясында ағылшын үкіметі микро және- шағын бизнеске жарты жыл бойы айына 3 мың фунт төлеп отырған. «Қызметкерлердің 70%-ның жалақысын мемлекет өзі өтеді, шынайы қолдау деген осы», – дейді ол. Сарапшы, сондай-ақ бүгінде әлем бойынша материалдық емес трендтер бой түзей бастады дейді, яғни бизнес қаржы ауқымы мен тұрақтылық көрсеткішіне қарай емес, сапа көрсеткіші бойынша өзгеріп, түрленуде. «Әлемдік бизнес өзінің стратегиялық мақсаттары мен міндеттерін пысықтау барысында тек қана ақша мен пайдаға негізделмей, сезім көрсеткіштеріне де мән беруде: олар өз сегменттеріндегі қажеттіліктерге жанашырлық танытып, жаңа жоспарлары мен ұсыныстарын әзірлеуге эмпатиялық тұрғыдан келуде. Өз кезегінде бұл – сапа көрсеткішін арттыруға негіз болуда. Ал бизнестегі экожүйенің бұлайша өзгеруіне коронавирус пандемиясы себеп болды», – дейді сарапшы.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить