КҚК: Күретамыр құбырдағы кедергілер

34540

Наурыздың соңында белгілі болғандай Новороссийск аумағындағы қатты дауыл салдарында айлақ терминалындағы үш қондырғының екеуі зақымданып, Каспий құбыр консорциумы желісінде мұнай тасымалдау ағыны күрт қысқарды

ФОТО: архив пресс-службы КМГ

Тәулігіне 1,2 млн баррель мұнай өткізетін Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы Қазақстан мұнайының 80%-ы экспортқа шығарылады. Желі операторының мәліметінше, терминалдағы жөндеу жұмыстары ағымдағы сәуір айының соңына дейін жалғасуы мүмкін.

Балама құбырлар бар, бірақ әлеуеті төмен...

«Күретамыр құбыр терминалы» құрылымы жұмысындағы кедергілер төңірегінде қоғам ішінде әртүрлі алыпқашпа әңгіме жүр, оның ішінде «диверсия», «қастандық», «қасақана жасалды» дегендей пікірлер де бар, бірақ бұл жағдайдаға саяси астар берудің қажеті жоқ, - дейді ККҚ бойындағы кедергілерге қатысты Forbes.kz-пен пікір бөліскен экономист, қоғам қайраткері Жақсыбек Құлекеев. – Бұл жерде мәселенің мәнісін техникалық тұрғыдан және кадрлар тапшылығынан іздеген орынды болар. Қара теңіздің дауылы жойқын, ол бұрыннан белгілі, порт салынған кезде бұл жағдайдың бәрі ескерілді. Бірақ бүгінге дейін бұл портта мұндай қүрделі апат болған емес».

Жақсыбек Құлекеев
Жақсыбек Құлекеев

Терминалда орын алған оқыс жағдайды Жақсыбек Құлекеев былайша түсіндіреді: «22 наурызда кезектен тыс тексеру барысында арнайы үшінші жабдықтың тірегі орнынан жылжып кетіп, сонымен бірге арнайы екінші жабдықтың жүйесіне де зақым келгені белгілі болды. Жалпы, Новороссийскідегі танкерлерге мұнай тиеуге арналған терминал үш жабдықпен жасақталған. Сол жерде танкерлерге мұнай құятын қондырғылардың бәрін теңіздің ортасына шығарады. Сөйтіп, ұзын шлангалар арқылы құбырмен келген мұнайды танкерлерге құйып, тиейді. Осыған дейін соның екеуі тұрақты жұмыс істеп, біреуі резервте тұратын. Ал, апаттан кейін тек резервтегі қондырғы ғана жұмыс істеуде».

Сарапшының айтуынша, апат салдарында Қазақстанның мұнай кеніштері «бірнеше күн резервуарға сүйеніп жұмыс істейді деген сөз». Ал егер айлақтағы жылжымалы қондырғылардағы жөндеу жұмыстары ұзаққа созылса, «Қазақстандағы үш ірі мұнай кенішінде өнім өндіру көлемі қысқаруы әбден мүмкін. Және де мұндай штаттан тыс жұмыс режимі мен рыногтың қазіргі конъюнктурасы жағдайында жаңа бөлшектерді жеткізуде де қиындықтар туындауы ықтимал. Мұның өзі мұнай тасымалы көлемінің 40%-дай төмендеуіне алып келмек», - дейді ол.

«Отандық мұнай тасымалы саласында Каспий құбыр консорциумының алатын орны ерекше, - деп жалғастырады Жақсыбек Құлекеев. - Былтырғы мәліметтерге жүгінсек, Қазақстан бір жылда 65,7 млн тонна мұнай және мұнай өнімдерін экспортқа шығарды, соның 54 млн тоннаға жуығы осы Каспий құбыр консорциумы арқылы жүзеге асырылды. Қазақстанда өндірілетін мұнайдың 80%-ы КҚК арқылы Қара теңізге жеткізіліп, әрі қарай әлемдік рыногке кетеді. Дәл қазір бізде Каспий құбыр консорциумын толықтай алмастыратын балама құбыр жоқ».

Дегенмен, сарапшы, еліміздің әртүрлі бағытта мұнай тасымалдау мүмкіндігі бар, «бірақ олардың әлеуеті анағұрлым төмен» деп отыр. «Кеңес дәуірінен келе жатқан Атырау – Самара құбырының мұнай тасымалдау қуаты 17 млн тонна шамасында. Сол сияқты, КҚК іске қосылғанша біз жылына 12 млн тоннаға жуық мұнайды Каспий теңізі арқылы экспортқа шығардық. Бірақ соңғы он шақты жылда мұндағы инфрақұрылым біршама әлсіреп қалды. Қалай десек те қазақ мұнайын тасымалдайтын басты инфрақұрылым осы Каспий құбыр консорциумы», - дейді ол.

КҚК бір мемлекеттің меншігі емес

«Каспий құбыр консорциумы жекелеген бір мемлекеттің меншігіндегі кәсіпорын емес. Ал порт пен оның айлақтары КҚК меншігіндегі құрылымдар. Онда түрлі мемлекеттің мамандары жұмыс істеп келді. Алайда, Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс аясында шетелдік компаниялар ондағы өз кадрларын алып кетті. Біздегі бар деректерге қарағанда, осыдан кейін онда жұмыс істейтін мамандар тапшылығы, техниканың жетіспеуі байқалаған.  Ол жерде үлкен күрделі құрылымдар тұр. Оларды басқару үшін өте жоғары біліктілік керек, ал шетелдік мамандардың орнын басқан жергілікті кадрлардың деңгейі оған жетпей жатса керек. Апаттың бір себебі осыдан туындауы ықтимал. Бұл – менің жеке өз тұжырымым. Зерттеу жұмыстары жүргізілген соң мамандар қорытынды жасап, мәлімет береді дп күтемін», - дейді Жақсылық Құлекев КҚК бойындағы апат себептері туралы.

Сарапшының айтуынша, Новороссийскідегі мұнай құятын қондырғылардың екеуі де жұмыс істегенде, сағатына 10 мың тонна мұнайды танкерге құятын. Қазір біреуі ғана жұмыс істеп тұр. Мұндай жағдайда толық қуатпен жұмыс істегеннің өзінде бір қондырғы сағатына 6 мың тонна ғана мұнай құя алады. «Бұл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда сағатына 4 мың тоннаға аз. Әрине, мұның бәрі Қазақстанға әсер етпей қоймайды. Екінші қондырғы жуық арада іске қосылмаса, біздің мұнай өндіретін ірі кен орындарында өндірісті 40%-ға дейін қысқартуға тура келеді. Бұл – біздің елде жұмыс істейтін мұнай компаниялары үшін қиын жағдай», - дейді Жақсыбек Құлекеев.

Сарапшы маман, сонымен қатар: «Қазақстан КҚК арқылы айына 5 млн тоннадан астам мұнай экспорттайтын. Соның шамамен 60%-ын алатын болсақ, бұл – 3 млн тонна. Сонда біз айына енді 2 млн тонна мұнай аз экспорттайын деп отырмыз. Қазір мұнайдың бағасы тоннасына 800 АҚШ доллары деп алатын болсақ, біздің компаниялардың қалтасына 1 млрд 600 млн доллар қаражат кем түседі деген сөз. Ал оны отыз күнге бөлсек, біздің компаниялар күніне 54 млн доллардан қағылмақ. Әрине, бұл – қыруар шығын», - деп түйіндейді өз пікірін.

Қазіргі таңда Қазақстан мен Каспий құбыр консорциумы Новороссийскідегі теңіз терминалының жұмысын қалпына келтіру мерзімдері бойынша кеңесуде. Бұл ретте еліміз мұнай экспортын баламалы бағыттар негізінде ұлғайту мүмкіндіктерін де қарастыруда. Мұнай экспортындағы баламалы бағыттар туралы Жақсыбек Құлекеев былай дейді:  «Біріншісі, жоғарыда айтылған Атырау–Самара құбыры, ол кейін Ресейдің жүйесіне қосылып, Қара теңіз бен Балтық теңізіне дейін жетеді. Сол құбыр арқылы қазір қосымша 6 млн тоннаға дейін мұнай жіберуге болады. Екіншісі – Ақтау теңіз порты. Кезінде бұл порттың қуаты 12 млн тоннаға дейін кеңейтілген, бірақ қазір шектеулі. Бұл порт арқылы 5 млн тоннаға дейін мұнай тасымалдап, әрі қарай Баку арқылы Қара теңізге дейін жеткізу мүмкіндігі бар. Темір жол арқылы да мұнай тасымалдауға болады, бірақ, өкінішке қарай, бізде вагондардың саны шектеулі. Атасу–Алашаңқай бағытының әлеуеті де шектеулі».

Бұған дейін айтылғандай, КҚК бойындағы жөндеу жұмыстары сәуірдің соңына дейін жалғасуы ықтимал. Жақсыбек Құлекеевтің пікірінше, мәселе алдағы екі аптаның ішінде шешіледі деген үміт бар. «Өйткені қажет материалдың бәрі Новороссийскіде тұр. Бірақ соларды түгел алмастырып, қондырудың өзіне едәуір уақыт керек. Оның сыртында, экологиялық талаптар да бар: жөндеу барысында теңізге мұнай төгілмеуі керек. Сондықтан қондырғының ішіндегі мұнай толығымен алынуы тиіс, ал бұл оңай шаруа емес. Дегенмен, сарапшылар екінші қондырғы 10 сәуірге дейін қосылады деп отыр. Егер бәрі ойдағыдай жүзеге асып жатса, онда ел экономикасына шектен тыс зиян келмеуі тиіс. Бәрі де орнына келетін дүние», - дейді ол.

Естеріңізге сала кетсек, КҚК арқылы еліміз биыл жалпылай алғанда 56,7 млн тонна шамасында мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдайды деп көзделген болатын. Күкірт құрамы аз қазақ мұнайын тұтынушы Еуропа елдерінің алғашқы үштігін Италия, Нидерланды және Франция құрайды. КҚК бойындағы кедергілер аясында, ең алдымен, осы және өзге де еуропалық бірқатар ел қазақ мұнайының тиісті ауқымынан қағылып отыр.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить