Кез келген реформаның өз құны бар және ол тіпті де арзан емес

КІМЕР Университетінің ғалымдары биыл жазда жүргізген кезекті зерттеуінде қазақстандықтардың саяси реформаларға қатысты пікірін сарапқа салған болатын

Зерттеу авторлары – Нығмет Ибадильдин, Тампере Университеті (Финляндия) саясаттану және халықаралық қатынастар саласындағы PhD, Динара Писарева және Бермонд Скоггинс (Bermond Scoggins) Австралия ұлттық университетінің PhD докторлары.
Зерттеу авторлары – Нығмет Ибадильдин, Тампере Университеті (Финляндия) саясаттану және халықаралық қатынастар саласындағы PhD, Динара Писарева және Бермонд Скоггинс (Bermond Scoggins) Австралия ұлттық университетінің PhD докторлары.

«Қазақстандықтар ел ішін демократияландыру қажеттілігін сезініп отыр. Бұл таңдаудың жүгі ауыр: ел халқы мұны жақсы түсінеді, әйтсе де олар демократия асуының қиян соқпақтарынан жүріп өтуге дайын. Әрине, бұл тұрғыда өзіндік алаңдаушылық та жоқ емес. Саяси реформалар еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдай қиындай түскен тұста қолға алынуы ықтимал, бірақ халықтың түпкілікті пікірі «ішкі саясатта статус-кво жағдайына жол жоқ» дегенге саяды», - дейді саясаттанушы ғалымдар.

Статистикалық сауалнама қорытындысына сүйенген зерттеушілердің айтуынша, дәл қазір «алдымен экономика, тек содан кейін саясат» деген ұран өзекті емес. Сауалнамаға қатысқан қазақстандықтар, тіпті инфляция деңгейі 40–50%-ға шыққан күннің өзінде «саяси модернизациядан бас тартпау керек» деген түйін жасаған.

Forbes.kz тілшісі аталған зерттеу авторларымен кездесіп, саясаттанушылармен пікір алмасқанды жөн көрді.

Сонымен, бұл зерттеудің басты мақсаты қандай? Зерттеуде қандай сұрақтардың жауабы сарапқа салынды?

Бермонд Скоггинс: - Зерттеудің басты мақсаты – Қазақстан билігі ұсынған соңғы реформаларға қатысты жергілікті халықтың пікір-көзқарасын айқындап, түсіну болатын, әсіресе, бүгінгідей геосаяси жағдай шиеленісіп, әлеуметтік-экономикалық жағдай қиындай түскен кезеңде қазақстандықтар қандай таңдау жасайтынын білгіміз келді.

Көптеген жылдар бойы қалыптасқан бір көзқарас бар: «Қазақстан халқына ел ішін демократияландыру қажет емес», қазақстандықтарды алаңдатар басты мәселе «тек экономика» деген. Осы зерттеуде біз қазақстандықтарды дәл қазір мазалап отырған қандай мәселе, сондай-ақ ел халқы президент Тоқаев ұсынған ішкі (елді демократияландыру сынды) және сыртқы саясатқа негізделген бағытты қолдауға қаншалықты дайын дегенді түсінсек дедік. Біздің сауалнамаға қатысқандардың пікіріне жүгінсек, бүгінгі таңда Қазақстан халқы президент Тоқаевтың демократиялық реформаларға негізделген бағытын қолдап, ел билігінен жаңаша өзгерістер күтуде. Тіпті, инфляция шарықтап кетсе де, азаматтар саяси реформаларға үміт артуға әзір, мәселен, Қазақстан статус-кво жағдайын сақтаған жағдаймен салыстырғанда.

Статус-кво жағдайы дегенде нені меңзедіңіздер?

Динара Писарева: - Ішкі саясаттағы статус-кво жағдайы деп, біз, президент Тоқаев барлық шешімді бір өзі қабылдап, қалғандары оның бұйрықтарын орындап қана отыратын жағдайды сипаттадық, яғни елімізде әкімдер, соттар сайланбайды, бәрі бір деңгейде шешіледі деген сияқты...

Яғни, бүгінгі жағдай ғой?

- Ия, жалпылай алғанда солай деуге болады. Ал елді толығымен демократияландыру дегеніміз, бұл, әрине, әділ сайлау, тәуелсіз соттар мен саяси партиялар, тәуелсіз БАҚ, билік тармақтары арасындағы өзіндік баланс, т.т. Зерттеу барысында біз респонденттерге – «демократияға біртіндеп өту» және «толығымен өту» деген тұрғыда әртүрлі «сценарий» ұсындық. Сонда, олар сатус-кво жағдайынан гөрі толық демократияға көбірек үміт артатынын анық көрсетті.

Ал респонденттер саны қорытынды түйін үшін жеткілікті ме?

Нығмет Ибадильин: - Біздің зерттеуге бүкіл Қазақстан бойынша 630 респондент қатысты. Бұл айтарлықтай репрезентативті іріктеме. Оның сыртында, біз респонденттерге кем дегенде он шақты сценарий бойынша таңдау жасауды ұсындық, яғни іс жүзінде біз 6300 таңдауды сарапқа салдық.

Яғни, респонденттер сіздер ұсынған «сценарийдің» біреуін ғана таңдауы тиіс болды ғой?

- Сауалнама бойынша олар біз ұсынған екі портфолионың (не сценарий деуге де болады) біреуін таңдап, жауап берді. Оның бірінде: «Қазақстан Ресеймен тығыз байланыста, демократияландыруға біртіндеп кірісуде, бұл кезеңдегі инфляция 40–50%-ды құрайды», ал екіншісінде: «Қазақстан Еуроодақпен қарым-қатынасты қолдайды, демократияландыруға біртіндеп кірісуде, инфляция 40–50%» делінген. Респонденттер өздері үшін ұнамды сценарийді көрсетіп, таңдау жасады. Және әрқайсысына 1-ден 5-ке дейінгі аралықта баға берді. Мұндағы «3» деген баға респонденттің бейтарап қатынасын білдіреді. Үштен жоғары – оң ілтипат, төмен болса – теріс ишарат. Төмендегі графикте көрсетілгендей, инфляция 40–50%-ға шығар болса, жұрттың көңіліне кірбің түседі. Ал 7-ден 12% аралығындағы инфляцияға берілген баға үштің о жақ, бұ жағында, яғни «шыдауға болады» деген мағынада. Ал елді ішінара және толық демократияландыруға қатысты берілген баға үштен жоғары, яғни «позитивті» деген сөз.

Халық көңілінде үрей бар.

Зерттеу авторларының айтуынша, сауалнамаға қатысқандардың ішінде синофобиялық көзқарасқа бой бергендер де жоқ емес. Ал еліміздің Еуроодақпен, Түркиямен, Ресеймен жақындасуына респонденттер берген баға бір деңгейде қалыптасқан.

Нығмет Ибадильдин
Нығмет Ибадильдин

Нығмет Ибадильдин: - Зерттеу барысында біз, былайша айтқанда, респонденттердің нақты бір сценарийге қатысты қарым-қатынасын тестілеп, талдадық. Айталық, белгілі бір саяси шешімдердің салдары елімізді экономикалық тығырыққа тіреп, сыртқы саясатта келеңсіз жағдайларға әкеліп жатса, халық қандай таңдау жасауы мүмкін? Бұл үшін біз респонденттерге үш түрлі инфляция мен үш түрлі геосаяси факторға сүйенген (Еуроодақпен, Түркиямен не Ресеймен жақындасу деген тұрғыда) сценарий ұсынып, бұл жағдайлар ел ішіндегі саяси реформаларға қалайша әсер етуі мүмкін деп сауалдадық. Сөйтсек, тіпті инфляция шарықтап өскен жағдайда да, біздің респонденттер демократиялық өзгерістерге дайын отыр және ел билігі өзі уәде еткен реформаларды жүзеге асырады деген үмітте.

Осы сауалнаманың екінші бөлігінде біз сыртқы саясатқа да мән беріп, Қазақстан үшін қай елдермен тығыз серіктестік маңызды дегенді анықтамақ болдық. Респонденттердің басым бөлігі еліміздің Қытаймен барынша жақындасу мүмкіндігіне шындап алаңдаушылық білдірді.

Диана Писарева
Динара Писарева

Динара Писарева: - Сауалнама аясында біз байқаған тағы бір мәселе – ел ішінде Қазақстан қандай да бір әскери қақтығысқа не әскери әрекетке қатысуға мәжбүр бола ма деген үрей бар. Бұл тұрғыдағы алаңдаушылық деңгейі өте жоғары. Сол сияқты, олар елдің қаржылық жағдайы одан әрі нашарлап кете ме деп те қауіптенеді.

Зерттеуде сыртқы саясаттағы таңдауға мән берілді дедіңіздер.

- Ия, зертеу барысында респонденттер еліміздің қай елдермен жақындасқанын құптайды дегенге мән берілді. Байқауымызша, отандастарымыз еліміздің Түркиямен де, Ресеймен де тығыз қатынасына қарсы емес. Бұл екі ел бойынша респонденттер ұстанымы бір деңгейде және олар, айталық, Қытайдан гөрі Түркияға қарай ығысқан анағұрлым тиімді деген пікірде.

Әлеуметтік желілер мен БАҚ-тағы пікірлерге жүгінсек, Ресейге қатысты көзқарас, сіздер айтқандай, оң деуге келмейді.

Бермонд Скоггинс: - Соңғы оқиғалар аясында бұл көзқарас өзгеруі де мүмкін, ал біздің зерттеуіміз жаз соңында өткізілді. Айтқандай, әлеуметтік желідегі пікір, көзқарас қоғам ішіндегі жағдайдың нақты көрінісі бола алмайды. Өйткені Интернет мүмкіндігі ірі қалалар мен ауылдар бойынша бірдей емес, бұған шағын қалалар мен кеңшарларды қосыңыз. Әдетте әр адам өзі араласатын әлеуметтік ортадағы болмысқа, жағдайға жүгінеді, ал бұл орта әркімнің өз таңдауымен қалыптасады.

Нығмет Ибадильдин: - Зерттеу барысында біз қолданған әдістің артықшылығы – бұл арада респонденттердің көкейіндегісін дөп басып табумен қатар, олардың бойындағы жасырын үрей, қорқыныш сезімдерін де бірден байқауға болады. Біздің сауалнамада: «Сізге Ресей ұнай ма?» немесе «Сіз демократияны қалайсыз ба?» деп тіке қойылған сұрақ жоқ. Бұл сұрақтар бізде белгілі бір сценарий арасында «жасырылған», респонденттердің таңдауына қарап біз олардың ұстанымын, көзқарасын түсінуге талпынамыз. Яғни, олар ұсынылған сценарийдің біреуін таңдап, біреуінен бас тартып, өз қалауын білдіреді.

Елді демократияландыруды қалайтындар кімдер, жас шамасы нешеде?

Бермонд Скоггинс
Бермонд Скоггинс

Бермонд Скоггинс: Реформаларды қолдайтындардың басым көпшілігі жастар. Жалпы, зерттеу қорытындысы бойынша жасалған негізгі түйін – қазақстандықтар демократиялық өзгерістерді қолдауға дайын. Тіпті, инфляция 40–50% деңгейіне шығып жатса да, олар, ішкі саясаттағы статус-кво жағдайына қарағанда, «елге демократиялық өзгерістер керек» деп есептейді. Бірақ, егер инфляция одан әрі шарықтап жатса, бұл қолдаудың екпіні төмендеп кетуі ғажап емес.

Нығмет Ибадильдин: - Кез келген реформаның өзіндік экономикалық және саяси құны бар және де бұл құн тіпті де арзан емес. Біздің отандастарымыз мұны жақсы түсініп отыр, әйтсе де олар ел билігі уәде еткен жаңа реформаларға үміт артуда.

Ал осы зерттеу аясында президент мандатын 7 жылға ұзарту және кезектен тыс сайлау өткізу сынды шешімдер туралы не айтасыздар?

Динара Писарева: - Меніңше, кезектен тыс президент сайлауына біздің билікті сыртқы саясаттағы белгісіздік итермелеп отыр, өйткені экономикадағы, сыртқы саясаттағы жағдайдың алдағы жылы қалайша қалыптасып, дамитынын ешкім дөп басып болжай алмайды. Оның сыртында Тоқаевқа қазір легитимділік өте қажет – өз елімізде де, сыртқы саясат ернеуінде де. Ол сонда өзін қолдайтын ел-жұрт, халық бар екенін көрсете алады, мысалға, бүкіл әлемге, оның ішінде Ресейге (Путинге), сондай-ақ ел ішіндегі ескі номенклатураға.

Дәл қазір кезектен тыс сайлауға қандай да бір баға беру қиын – әзірше алдағы жылдары еліміз қандай саясат ұстанатыны түсініксіз. Негізі, уақыт өте демократияландыру бағытын таңдайтын авторитарлық модернизация, әлем бойынша, сирек құбылыс емес. Бәлкім, бұл құбылыс бізде де көрініс беріп қалар. Бұл үшін алдымен азаматтық бостандықтарды кеңейтіп, саяси тұлғалардың емін-еркін саясатқа араласуына жол ашу сынды либералдық процестерді бастауға болады. Оны нақты бір элиталық топ не көшбасшы жүзеге асыра алады. Бұл процесс демократияландырусыз либералдау деп аталады және де ол кейін нақты демократияландыруға ұласуы мүмкін. Меніңше, Қасым-Жомарт Тоқаев дәл осы нұсқаны алға жылжыта алады: алдымен ел ішіндегі саяси алаңды дамыту, бұдан кейін бәсекеге қабілетті саясаттың барлық элементтерін әрі қарай толыққанды ендіру деген тұрғыда.

Бірақ, әрине, бәріне де уақыт – төреші, алдағы жеті жылдың қалай өрбитінін біз қазір тек уақыттың еншісіне ғана қалдыра аламыз.

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
49976 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Об авторе:

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить