Халық әкім сайлауға дайын: бірақ билікке әлі де күмәнмен қарайды

24966

Алматы тұрғындары әкімдерді тікелей жолмен сайлағанды дұрыс санайды. Қала жұртының бұл тұрғыдағы пікіріне зерттеу жүргізген отандық саясаткерлер осындай тұжырым жасап отыр

ФОТО: © Depositphotos/romsvetnik

Биылғы маусым саяси оқиғаларға толы: Ата Заңға өзгеріс енгізу жөніндегі референдум, Ұлттық құрылтай, жаңа облыстардың әкімдерін сайлау...

Естеріңізге сала кетсек, республикалық референдум нәтижесінде ҚР Конституциясына енгізілген өзгерістер бойынша, мемлекет басшысы әкім болуға лайық екі үміткерді жергілікті мәслихат назарына ұсынады.

Былайша айтқанда, ендігі кезеңде өңір басшылары, жанама түрде болса да, сайлауға түседі деген сөз. Оларды сайлайтын мәслихат депутаттары. Ал аудандық маңызы бар қалалар мен ауыл, кеңшар, ауыл округтерінің әкімдерін тікелей сайлау процесі биыл да жалғасуы тиіс.

Бір қарағанда, ел билігі жергілікті өзін-өзі басқару үрдісін дамытуға шын мәнінде бел шеше кірісті деуге тұрады. Дегенмен, отандық саясаттанушы-зерттеуші мамандардың пікірінше, еліміз, бұл тұрғыда біраз мүмкіндікті жіберіп алып, «қолын өзгелерден кеш сермеген» кейіпте отырса керек.

«Реформалар өте кеш қолға алынды: мысалға, Алматы жұрты қала әкімін бұрыннан өздері сайлағысы келеді. Бірақ тіпті алматылықтарға мұндай мүмкіндік берілген күннің өзінде – оларды биліктің іс-әрекеті қанағаттандыра қоятыны күмәнді» дейді қоғам пікіріне арнайы зерттеу жүргізген саясаттанушы мамандар.

Тампере Университетінің (Финляндия) саясаттану және халықаралық қатынастар саласындағы PhD докторы Нығмет Ибадильдин, Австралия Ұлттық Университетінің PhD докторы Динара Писарева, Австралия Ұлттық университетінің PhD докторы Бермонд Соггинс (Bermond Scoggins) және ізденуші Жәңгір Қабдулқайыр биыл мамыр айында «Қазақстандағы саяси реформалар мен олардың әлеуметтік және саяси тұрақтылыққа оң әсері» деген тақырыпта ауқымды зерттеу жүргізген болатын.

Динара Писарева
Динара Писарева

Динара Писарева: Біз әкім сайлау мәселесіне барынша көңіл бөлуге тырыстық. Себебі, Алматы халқы дәл осы мәселеге бұрыннан ден қоюда. Саяси зерттеуші ретінде, біз үшін бұл өте өзекті әрі қызықты тақырып: егер бұл тұрғыдағы реформалар шындап қолға алынса, ел ішіндегі саяси тұрақтылық жақсара ма? Басқаша айтқанда, қаңтар оқиғасы қайталануы мүмкін бе? Мұны анықтап, бағалау үшін – елдің, халықтың осы ұсынылған реформаларға қатысты пікірін, реакциясын сарапқа салып, өлшеу керек болды. Бұл зерттеуде біз таңдауға негізіделген эксперименттік әдісті қолдандық. Мұндай әдіс бізде әзірше сұранысқа ие бола қойған жоқ. Біздегі әлеуметтану көбінесе сауалнама, сұхбат сынды тетіктерге жүгінеді.

F.: Бұл эксперименттің ерекшелік мәні неде, сонда?

Д.П.: Зерттеуде – оған қатысушылар үш топқа бөлініп, қарастырылады, яғни эксперименталдық топтар және бақылау тобы деген тұрғыда. Біз кездейсоқ негізде 500 адамды алып, оларды үш топқа бөлдік. Алматы үшін бұл, мейлінше, репрезентативті көрсеткіш.

F.: Әр топтың сұрақтары әртүрлі дейсіз ғой?

Д.П.: Солай деуге де болады, бірақ біздің зерттеудегі басты ерекшелік – әр топқа қойылған сұрақтың өзіндік негізі бар. Айталық, бірінші топқа қойылған сұрақ бүгінгі қалыптасқан жағдайға негізделген: бізде қазір Алматы әкімін президент өзі тағайындайды. Бұл тұрғыда бірінші топ – осы жағдай олардың көңілінен шыға ма, жоқ па, үкіметтің іс-әрекеті көңілдегідей ме деген сұрақтарға жауап берді. Екінші топтағыларға: «Ұсынылған реформада мәслихаттар әкімдерді сайлауға қатысады. Бұл жағдай сіздің көңіліңізден шыға ма, егер осы реформа жүзеге асса, үкіметтің іс-әрекетіне көңіліңіз толар ма еді?» дегендей сұрақ қойылды. Ал үшінші топтың сұрағы: «Ел үкіметі Алматы қаласының әкімін сайлауды енгізіп жатса...» деп басталып, әрі қарай жоғарыдағы сұрақтарға ұласады.

F.: Зерттеу қорытындысы не дейді?

Д.П.: Зерттеу қорытындысы бойынша, әкімді президенттің өзі сайлауын қолдаушылар үш топта да көп емес, бар болғаны – 30%-дың о жақ, бұ жағы. Ал әкімдерді мәслихат арқылы сайлауды қолдаушылар – шамамен 80%-дай. Ең көбі – әкімдерді тікелей сайлауды қолдаушылар: 95%.

Bermond Scoggins
Bermond Scoggins

Bermond Scoggins: Айта кету керек, біз респонденттерді этникалық тобына, жас ерекшілігіне, білім деңгейіне қарай да бөліп қарастырдық. Зерттеу қорытындысы бойынша, жоғарыда айтылған ерекшеліктеріне қарамастан, респонденттердің басым көпшілігі әкімдер сайлауын қолдап отыр. Оның ішінде, әкімдерді «сөзсіз тікелей сайлау керек» деп есептейтіндер, әсіресе, жастар. Ал орта жастағылардың ішінде мәслихат арқылы сайлауды қолдайтындардың үлесі басымдау.

Д.П.: Бір қызығы: әкімдерді сайлауды не тағайындауды таңдағанына қарамастан, респонденттер түгелдей үкіметке көңілі толмайтынын ашық айтқан. Яғни, тіпті, әкімдерді тікелей сайлау енгізілген күннің өзінде халық бәрібір үкіметке күмәнмен қарайды деген сөз.

Нығмет Ибадильдин: Былайша айтқанда, жұрт сайлауды қолдағанымен, бұдан олардың үкіметке деген көзқарасы, ұстанымы бірден өзгеріп кетеді деген сөз емес. Елімізде реформа қажеттілігі бұрыннан бар. Біздің адамдар мұны жақсы түсініп отыр. Халық бізде өте саналы, парасатты, бірақ үкіметке айтарлықтай күмәнмен қарайды. Иә, бұл зерттеу алматылықтардың арасында жүргізілді, ал оңтүстік астана қашан да оппозициялық ой елегінде болған. Қазір біз осындай зерттеуді бүкіл ел бойынша жүргізгелі отырмыз. Сөйтіп, ел ішінде белгіленген реформалар бойынша бүкіл қоғамның пікір-қатынасын өлшеп, талдайтын боламыз. Қазақстанның сыртқы саясатында орын алуы мүмкін өзгерістер мен соған сәйкес ілесуі ықтимал экономикалық салдарлар аясында ел халқы ішкі реформаларды қалай және қаншалықты қолдайды деген мәселелер бойынша да ізденіп, талдау жүргіземіз.

F.: Алматылықтардың ой елегі бөлек дедіңіз, ендеше бұл зерттеудің қорытындысы да күтпеген жағдай деуге келмейді, сірә. Үш топқа негізделген эксперименттің басты мән-мағынасы неде?

Н.И.: Бұл эксперимент біздің тіршілік ортамыздағы екі әлемді бөліп көрсетті деуге болады. Біріншісіне сәйкес – алматылықтардың 30%-ы әкімдерді президент өзі тағайындағанын қолдайды, яғни бұл біздің бүгінгі болмысымыз, бүгінгі жағдайымыз. Екіншісінде – біз, егер елімізде әкімдерді тікелей сайлау қолданысқа енсе, жұрт қандай күйде болады дегенді болжап көрдік: байқасаңыз, зерттеуге қатысушылардың 50%-дан астамы тікелей сайлауды қолдап отыр. Қандай да бір заң не реформа енгізбес бұрын, халықтың көңіл-күйін, ұстаным-қатынасын, пікір-көзқарасын бағамдап, бағалаудың бірден-бір жолы – эксперимент жүргізу.

Нығмет Ибадильдин
Нығмет Ибадильдин

B.S.: Зерттеушілер жақсы біледі, «респонденттің лақап жауабы» деген ұғым бар. Дәстүрлі сауалнамаларда сұрақ қою әдісінің өзі кейде жауап берушіні жетелеп, бұрып әкетуі мүмкін. Айталық, бірер сұрақтан кейін ол өзінен қандай жауап «күтілетінін» түсініп, соған «икемделіп» жауап бере бастайды. Ал біз қолданған зерттеуде мұндай «жетелеу» жоқ, сондықтан да сұраққа жауап берушінің ұстанымы туралы дерек, бұл арада, мейлінше дәл әрі айқын.

Н.И.: Дәстүрлі сауалнамалар, айталық, расизм, сексизм, гомофобия сынды мәселелерді өлшеп, талдауға толыққанды мүмкіндік бермейді. Өйткені, «сіз гомофобсыз ба, жоқ па?» деген сұраққа көп адам «иә» не «жоқ» деп бәрібір тіке жауап бермейді. Ал авторитарлық елдерде мұндай сауалнама жүргізу тіптен қиын, өйткені жұрт қасақана алдауға барады – олардың бойында ішкі цензура бар. Мысалға, таяуда ресейліктердің арасында жүргізілген сауалнаманың бірінде халықтың 77%-ы Украинадағы соғысты қолдайтыны айтылған. Бірақ бұл қаншалықты шындыққа жанасады – бұл белгісіз. Сол сияқты, Қоғамдық пікірге экспресс-мониторинг жүргізуші Demoscope бюросының Қазақстандағы атышулы сауалнамасын алайық. Олардың тұжырымынша, қазақстандықтардың 36%-ы қазір “Украинада Ресейдің нацистерге қарсы анайы операциясы жүріп жатыр” деп есептейді екен. Тағы 26%-ы “НАТО әскерлерінің орналасуына жол бермеу мақсатындағы Ресейдің Украинамен соғысы” деген сенімде болса, 13%-ы “Ресейдің Украинаны өзіне қосу мақсатындағы соғысы” деген пікірде көрінеді. Ал бұл сауалнаманың сұрақтары қалай құрылды, сонда, респонденттерге нақты қандай сұрақтар қойылды – мәселе осында. Меніңше, респонденттердің басым көпшілігі бұл соғысты қолдайды дегенді елестетудің өзі оңай емес.

F.: Қалай ойлайсыздар, біздің билік референдум өткізуге неге асықты?

Д.П.: Ұлттық жоспарға сай, біздің билік, биылғы жылдың соңына дейін ауқымды реформалар пакетін қолға алып, жүзеге асырмақ. Оның ішінде жергілікті өзін-өзі басқару мәселелері, парламенттік сайлау, т.б. бар. Бұл реформаларды жүргізіп бастауда, билік үшін легитимділік мәселесін біржақты ету өте маңызды.

Н.И.: Президентке – ішкі элиталар алдында, халық алдында және сыртқы ойыншылардың алдында сенім мандаты қажет. Жасыратыны жоқ, 2019 жылғы сайлаудың артында Назарбаевтың «көлеңкесі» кес-кестеп тұрды, бұл баршаға мәлім. Ал қазір оның ықпалы көмескі тарта бастады. Референдум сайлаудың суррогаты іспетті шара деуге болады. Президент қазір «үлкен адамның» қолындағы артықшылық мүмкіндіктерді қайтарып алуға әрекеттеніп жатқан сияқты. Мәселе – қандай мақсатта? «Өз адамдарының» арасында үлестіру үшін бе әлде қоғам мен мемлекеттің арасын жақындату мақсатында ма? Бұл жағы әзірше бұлыңғырлау. Сол сияқты, биліктегілердің біразы «қаңтардан» кейін есеңгіреп, қорқып қалды. Бұл тұрғыда, референдум – қаңтар оқиғасына өзіндік жауап іспетті деуге де болады.

F.: Конституцияға енгізілген өзгерістердің нақты қайсысы Қазақстанның болашағына әсер ете алады деп ойлайсыз?

Н.И.: Мәслихат сайлауы тәртібіндегі өзгерістер мен саяси партиялардың парламентке өту шегіне қатысты өзгертулер. Сондай-ақ, Тұңғыш Президентке қатысты атышулы норманы алып тастау. Меніңше, осылар ғана...

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить