Қазақстан экономикасындағы санкциялар дүмпуі: алдымен логистиканы түзеу керек

Ресейге қарсы санкциялар күшейген сайын еліміз импорт және экспорт жолдарын тараптандыруға мүмкіндік беретін балама бағыттар іздестіруге көңіл бөлуде. Алайда ел экономикасының бүгінгі құрылымында түпкілікті өзгеріс болады деуге әлі ерте

Новороссийскідегі мұнай танкері
ФОТО: © Depositphotos/Igor-SPb
Новороссийскідегі мұнай танкері

Ресей-Украин қақтығысы аясында әлем халқын апыр-топыр еткен қазіргі геосаяси жағдайға қатысты пікір білдірген саясаттанушы Нығмет Ибадильдин, бұл тартыстан Ресейдің абыроймен шыға қоятыны екіталай деген ойда, әсіресе, Батыс елдері мен әлем жұрты Украинаны қолдап отырғанын ескерсек. «Қай жағынан алып қарасақ та, бұл кәдімгі соғыс әрі супердағдарыс. Ядролық қару риторикасы бар мұндай жағдайға қайта ораламыз деп кім ойлаған?» - дейді сарапшы.

Нығмет Ибадильдин
Нығмет Ибадильдин

Әйтсе де ол Ресейді SWIFT халықаралық аударымдар жүйесінен ажырату шарасы Қазақстан үшін айтарлықтай салмақ түсірмейді деген пікірде. «Бұл арада, әрине, Ресей бағытындағы және рубль түріндегі төлемдер бойынша қиындықтар туындап жатқаны белгілі, ал рубль қазір онсыз да құлдырап жатыр. Бірақ аударымдарды доллар түрінде не теңгеге сай етіп жүргізуге болады. Біз үшін бүгінгі таңдағы маңызды мәселе: алдағы уақытта әртүрлі деңгейдегі ұйымдар мен жекелеген адамдар санкцияға ұшыраған тауарлардың реэкспортымен, яғни «сұр импортымен» айналысуға ден қоюы ықтимал. Мұндай жағдай шындап көрініс берсе, отандық компанияларға, банктерге, жекелеген тұлғаларға қатысты санкциялар мүмкіндігі өзекті болмақ. Біздің билік те, бизнес те мұндай өрескел әрекеттерге бара қоймас деген үміттемін», - дейді саясаттанушы Ибадильдин.

Ал қаржы саласының кеңесшісі Расул Рысмамбетов болса, Ресейдің SWIFТ жүйесінен тыс қалуы – Қазақстанның Ресеймен арадағы тауар айналымына тікелей ықпал ететін санкциялық шараның бірі деген пікірде. Сарапшы бұл арада өзге де түйінді мәселелер жинақталып қалғанын ескертеді: «Бүгінде жекелеген мемлекеттер мен компаниялар, ұйымдар, тіпті, қарапайым адамдар ресейлік тауарларды сатып алудан бас тартуда, оның ішінде Ресей мұнайынан да. Ал Ресейге тиесілі мұнай ауқымында Каспий құбыр консорциумы арқылы тасымалданатын біздің мұнай да бар. Сол сияқты, әскери қақтығыс логистика саласына ауыр тиіп отыр. Еуропаға экспортталатын өнімдерді енді ұшақпен жеткізгеннен басқа амал жоқ, не барлық үміт транскаспий бағытында».

Сарапшы, сондай-ақ антиресейлік санкциялар аясында қазақ бизнесіне шүйлігетіндер де табылады деген пікірде. «Шет елдердің біразында қазақстандық бизнесті ресейлікпен шатастырып жатады. Қазірдің өзінде біздің кәсіпкерлер билікке арыз-шағымдарын жеткізіп, көмек сұрап жүр. Әрі екі елдің бизнесмендері бірқатар елдерде өзара тығыз байланыс орнатып, бірлесіп жұмыс істйді. Бірақ дәл қазір санкцияға ұшыраған компанияларға көмек қолын созатын кез емес, қазақ бизнесі олардан бойын аулақ ұстауы керек. Әйтпесе отандық бизнеске қиын соғады», - дейді сарапшы Рысмамбетов.

Айтқандай, Қазақстан бизнесі қазір Еуропаға ресейлік делдалдарсыз шығуға мүмкіндік беретін балама жолдарды іздестіруде. Саясаттанушы Нығмет Ибадильдиннің айтуынша, бұл арада қазақстандық басты өнім – «қара алтынға» іркіліссіз жол керек: «Күн тәртібіне Ақтау-Баку-Тбилиси- Жейхан» транскаспий құбыры қайта оралса керек. Бұл бағыт біраз уақыт назардан тыс қалды, өйткені Каспийдің құқықтық статусы туралы Конвенцияға Каспий бойындағы бес елдің басшылары тек 2018 жылы ғана қол қойды. Кезінде бұл бағытта тұрба тартуға Ресей мен Иран рұқсат бермеген. Еліміздің мұнай экспорты үшін өзге де тиімді жолдардың қатарында, мүмкін, Новороссийск порты мен ирандық Бендер-Аббасты және қытай айлақтарын айтуға болар. Меніңше, соңғы екеуі таяу арада белсенді түрде дами бастайды».

Сарапшы, сондай-ақ соңғы уақытта ел ішінде кеңінен талқыға салынып жатқан – Еуразиялық экономикалық одақтан шығу мәселесіне де тоқталды. «Егер мұндай қажеттілік шындап орын алар болса, онда одаққа мүше болу құзырын уақытша тоқтатудың шұғыл жолдарын ойластырған дұрыс. Мұны, негізі, қисынсыз дей алмаймыз, өйткені, одақ аясындағы кедендік төлемдерді қайта бөлу барысында әділетсіздік көп – түсім мен пайданың басым бөлігі тікелей Ресейге кетіп жатыр. Оның сыртында, құрылымдық тұрғыдан алғанда Қытаймен де, Орталық Азия елдерімен де өзара саудаға салатын өнімдеріміз бірдей, еш айырмашылық жоқ. Меніңше, бұл арада басқа нарықтарға бет бұруға мән берген жөн», - дейді саясаттанушы Ибадильдин.

Өз кезегінде, қаржы кеңесшісі Расул Рысмамбетов, Ресей бағытындағы санкциялар легі әлі де шиеленісе түседі деген пікірде: «Қазіргі кезде ұзаққа негізделген болжам деп әрі кетсе жарты жылды айта аламыз, ал қысқа мерзім аясындағы болжам бір аптаны құрайды. Ескеретін жайт – санкциялар бір күндік емес, олардың дүмпуін біз күн сайын естіп жатырмыз. Ресей бизнесі қазірден-ақ шығынға батуда, алда да біраз шығын болмақ. Санкциялар енгізілген алғашқы аптаның үш күнінде ресейлік компаниялар шамамен 100–110 млрд доллар капитализациядан қағылды және де тек бағалы қағаздардың құлдырауы салдарында ғана. Ал қазір логистикалық тізбектердің мәні кетіп, талқаны шықты, бұл кез келген компанияның көрсеткішінен сыр бермек. Бұл дүмпудің салдары Ресеймен импорт-экспорт негізінде әріптескен қазақстандық компанияларды да шарпуда. Өзге бағыттарды қамтыған отандық компаниялар, мысалы, бізде оңтүстік аймақ Өзбекстанмен, Иранмен, Қытаймен көбірек жұмыс істейді – жағдайдың қиындай түскенін әлсіреп қалған теңге бағамынан байқай алды. Әрине, жағдай қиын, бірақ үмітсіз емес. Бұл арада, меніңше, өзіндік мүмкіндіктер де жетіп асады. Дәл қазір, біз өзіміздің тәуелсіз экономикамызды құруға шындап кірісе аламыз. Не болса соны Ресейден сатып алуды тоқтату керек».

Сарапшы Расул Рысмамбетовтың айтуынша, дағдарысқа қарсы шаралардың арасында имидж мәселесіне көңіл бөлуді де ұмытпау керек. «Мемлекет отандық бизнеске Ресейдің ығынан шығуға жол ашып, санкциялардан сақтап қалады деп сенгім келеді. Сол сияқты, дәл қазір логистиканы дұрыстау керек. Халықаралық жолдардың басым бөлігі бізде Мәскеу арқылы жұмыс істейді. Қазір бұдан бас тарту керек. Айталық, бұған дейін Мәскеуде орналасқан ірі компанияларды Нұр-Сұлтанға шақырып, орналастыру деген сияқты, бәрін емес, әрине, қалай дегенмен, біздің нарық көлем жағынан шағындау. Транскаспий бағытын қолға алып, Түркия, Қытай сынды маршруттарды ойластыру керек. Дәл қазір біз үшін маңызды мәселе – егін науқаны. Ауыл шаруашылығындағы әріптестерді қайта қарап, алмастыруды ескеру керек: сала қажеттілігін тасымалдап, жеткізушілердің басым бөлігі ресейлік компаниялар. Ал санкциялар салдарында олардағы өндірістік циклдар бұзылып жатыр, өйткені олар енді шетелдік компоненттерге қол жеткізе алмайды. Егін науқаны барысында осыларды алдын-ала ескеріп, дұрыс шешім қабылдауға міндеттіміз», - дейді сарапшы.

Саясаттанушы Нығмет Ибадильдин болса, бүгінгі қалыптасқан жағдайда Қазақстанға Ресейден толық бас тарту еш тиімді емес деген пікірде. Дәл қазір Ресеймен қарым-қатынасты бұзғаннан біз бәрібір ештеңе ұтпаймыз, деген ол, еліміздің мұнай экспортының маңызды бағыты «Теңіз – Новороссийск» құбыры Ресейдің бақылауында екенін еске салады.

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
71152 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Об авторе:

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить
Dream Team House переезжает в Казахстан? Смотреть на Youtube