Айдын Бикебай: Бізде тек адвокаттардың жұмысы ғана минутпен саналады

20350

Құқық қорғау алаңында «қызыл» адвокаттардың пайда болуына заңнама мен мемлекеттік органдардың іс-әрекеті септік етуде

ФОТО: © unsplash.com/jessica45

Соңғы кездері – қылмыс процесін жүргізуші органның тағайындауымен жұмыс істейтін адвокаттарға қатысты сыни пікір қоғам тарапынан жиі айтылуда. Тағайындалған адокаттар «өз клиентінің емес, тергеудің мүддесіне жұмыс істейді» деген мысалдар көбейіп кетті. Осыған байланысты мен жағдайды түсіндіріп, пікір танытқанды жөн көрдім.

Сөз басында айта кетейін: отандық адвокаттардың басым бөлігі клиенттердің мүддесін алға қойып, адал жұмыс істейді. Әйтсе де бізде «қызыл» адвокаттар мәселесі жоқ емес және уақыт өте олар кең тарап барады. Бұл құбылыспен адвокатура өз күшімен күресіп те келеді, мысалы, адвокаттардың біліктілігін жүйелі түрде арттырып, арнайы тренингтер өткізу, түсіндіру жұмыстарын жүргізу деген сияқты, тіпті, жазалау тетіктері де қолданылуда. Былтыр біздің тәртіптік комиссия – этика талаптары мен заңнаманы бұзғаны үшін 180-нен астам адвокатты жазаға тартты. Сол сияқты, өткен жылдың сәуірінен бері Республикалық адвокаттар алқасы жанынан қоғам өкілдерінің қатысуымен тәуелсіз тәртіптік комиссия жұмыс істейді. Бірақ бұл мәселенің негізгі себебін заңнама мен мемлекеттік органдардың іс-әрекетінен іздеу керек. Қазір адвокатура осы проблеманың себебімен емес, салдарымен күресуде. Ал оның себебін мемлекет жоюы тиіс.

Аталған проблеманың негізгі себептері төмендегідей.

Біріншісі. Бізде адвокат мамандығына өту барысын адвокаттар алқасы емес, мемлекет өзі бақылайды. Адвокат болғысы келетін адам емтиханды адвокаттар алқалары жанындағы емес, аумақтық әділет органдары жанындағы аттестациялау комиссиясына тапсырады. Ал бұл комиссияның төрағасы мен мүшелерінің көпшілігі адвокат болып табылмайды да. Емтиханды тапсырған адамға лицензия беретін де мемлекет. Яғни, бізде адвокат мамандығына жол ашатын адвокатура емес, мемлекет.

Әрине, біздің тарапымыздан да проблемалар бар, бірақ олар дәйекті түрде шешілуде. Жақында тағылымдамадан өту ережелеріне бірқатар өзгерістер енгізілді. Тағылымдамадан өтушілер міндетті түрде өз мамандығы бойынша теориялық даярлықтан өтуі тиіс, сол сияқты, құқық қорғау органдарында қызмет ете отырып, сонымен бір мезетте адвокатурада тағылымдамадан өтуге тыйым салынды. Адвокаттардың процессуалдық оппоненті болып табылатын тұлғалардың мұндай тағылымдамадан өтуінің өзі әдепке жатпайды және мемлекеттік қызмет пен адвокатураның мүдделеріне қайшы келеді. Сондай-ақ, адвокат мамандығына өту үшін емтихан тапсыру барысы адвокатура құзырына берілуі тиіс. Сонда адвокатура өз қатарындағы барлық әріптес үшін моральдық және құқықтық жауапкершілікті мойнына алады.

Екіншісі. Адвокат атану үшін емтихан тапсыру барысында кандидатпен ауызша сұхбат өткізілмейді, яғни оның моральдық және психологиялық қасиеттерін ешкім тексермейді. Құқық қорғау органдарына, сот жүйесіне жұмысқа орналасу үшін әрбір үміткер көптеген тексеріс, сұхбат, келісулерден сүрінбей өтуі тиіс, оның ішінде, судья немесе прокурор ретінде жұмыс істеуге қажетті мінез-құлық көрсеткіштері бойынша да. Ал адвокат болу үшін мұндай талаптар қарастырылмаған. Нәтижесінде кездейсоқ кадрлар да адвокат атанып жатады. Олардың іс-әрекеті біз үшін сын, бірақ олардың мамандыққа өту ережелерін белгілеген біз емес.

Үшіншісі. Мемлекет кепілдік берген заңгерлік көмек бағдарламасына қатысатын адвокат іс жүзінде тергеуші мен судьяға тәуелді. Бұл тұрғыда сыншылар дұрыс айтады. Біздің заңнамада мемлекеттік бағдарлама бойынша адвокаттың жұмысына ақы төлеуде негізге алынатын құжат – тергеушінің немесе судьяның қаулысы. Ал өз клиентін белсенді түрде қорғап, тергеушіні өтініш-арыздармен (ходатайство) бастырмалап тастайтын, оның іс-әрекетіне шағымданып жүретін адвокаттың төлемін тергеуші барынша кешіктіріп, орындалған жұмыс көлемін азайтып, басқа да түрлі кедергілер келтіруі әбден мүмкін. Процессуалдық оппонентке деген мұндай қаржылық тәуелділік адвокатты қорлауға тән жағдай және, жалпы, адвокат жұмысының идеясы мен мағынасына қарама-қайшы. Бұл жағдай клиенттердің құқықтарын қорғау барысын әу бастан тиімсіз етеді әрі «қызыл» адвокаттардың пайда болуына негіз жасайды.

Төртіншісі. Қылмыстық процесті жүргізетін органдар өз опоненттерін, яғни өздеріне қарсы тұратын адвокаттарды өздері таңдаған жағдайлар да кездеседі. Бірақ бұл фактілер жөнінде әдетте аумақтық адвокаттар алқалары хабардар етілмейді. Мұндай әрекеттің азаматтардың құқықтарын қорғауға еш қатысы жоқ. Бұл – азаматтың білікті заң көмегін алудағы конституциялық құқығын аяққа басу деген сөз. Мемлекет есебінен тағайындалатын адвокатты қорғалушы өзі таңдауы қажет не оны біздің аумақтық алқалар жүзеге асыруы тиіс, немесе ақпараттық жүйеде «көзсіз» таңдау мүмкіндігі болуы керек. Адвокатты тергеуші таңдайтын келеңсіз практиканы жою туралы біздің талаптар, өкінішке қарай, назардан тыс қалуда.

Бесіншісі. Мемлекет кепілдік берген заң көмегі бағдарламасы бойынша адвокаттың жұмысын қаржыландыру көлемі мен төлем ставкалары тым төмен. Адвокаттардың көмегін қаржыландыруға мемлекеттік бюджетте шамамен 2 млрд теңге қарастырылған. Яғни, бұл ондаған мың қылмыстық істі жүргізгені үшін 1800-ге жуық адвокатқа төленетін сома. Орташа есеппен алғанда, бір адвокатқа айына 80 мың теңге шамасында, бірақ іс жүзінде нақты сома бұдан әлдеқайда аз шығады. Салыстыру үшін айта кетейік, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға мемлекет жыл сайын 2,5 млрд теңге шығындайды, ал олардың күнделікті жұмысын қамтамасыз етуге шамамен 1 трлн теңге жұмсайды.

Оның сыртында, адвокаттың көмегіне ақы төлеу сағатпен емес, минутпен есептеледі. Ал қолданыстағы заңнамаға сәйкес елімізде барлық мамандықтар үшін жалақы есебі сағат, күн және аймен есептеледі. Тек адвокаттардың жұмысы ғана минутпен саналады. Адвокаттарды бұлайша алалау себебі түсініксіз. Көп жағдайда адвокаттарға процессуалдық әрекеттерге қатысқаны үшін 200–300 теңге есептелетінін біз көріп отырмыз. Әдетте адвокаттың құқық қорғау ғимаратына жетудегі жол шығыны оған мемлекет төлеген сомадан да асып түседі. Өз кезегінде, бұл аталған мемлекеттік бағдарлама бойынша жөнді, білікті адвокаттардың жұмыс істеу ниетіне сызақ түсіріп, керісінше, тергеушілер үшін ыңғайлы адвокаттарға жол ашады.

Жоғарыда айтылғандардан көрініп отырғандай, кепілдендірілген заң көмегінің мемлекеттік бағдарламасы қылмыстық қудалау шеңберіне тартылған азаматтардың құқықтарын тиісті дәрежеде қорғауды қамтамасыз етпейді. Соңғы екі жылда осы бағдарлама бойынша жұмыс істейтін адвокаттар саны 62%-дан 31%-ға дейін екі есе азайған. Бұл бағдарламаны түбегейлі қайта қарау қажет. Осы жылдың өзінде ғана біз бұл мәселе туралы мәжілістің жалпы отырысында, ҚР әділет министрлігінде, Бас прокуратурада және басқа да мемлекеттік органдарда мәлім еттік, сондай-ақ «Хабар» телеарнасына берген сұхбатта да, «Казправда» және «Егемен Қазақстан» газеттерінде жарық көрген мақалаларда да баяндап бердік.

Біз өткізген бірқатар кездесулер мен талқылаулардан кейін биыл Әділет министрлігі адвокаттардың түнгі мезгілдегі және демалыс күндергі еңбекақысын көтеру туралы үкімет қаулысының жобасын дайындады. Бұл жоба қазір премьер-министр кеңсесінде. Дегенмен, адвокаттың еңбегін сағатпен тарифтеу, мемлекет кепілдік берген заң көмегі бағдарламасы бойынша мөлшерлемелерді көтеру, тергеушіге деген тәуелділікті алып тастау мәселелері әлі күнге дейін жабулы қазан күйінде қалып отыр. Адвокаттар көтерген ауқымды мәселенің тек шағын бір бөлігін ғана шешу ұсынылғанына қарамастан, Республикалық адвокаттар алқасының төралқасы осы қаулының қабылдануын қолдады. Бірақ, бұл тұрғыда, бізге бәрібір түбегейлі өзгерістер қажет.

Республикалық адвокаттар алқасы реформаларды ілгерілету мақсатында заңнамаға енгізуге ұсынатын түзетулер пакетін дайындады. Мемлекеттік бағдарлама бойынша ставкаларды дербес есептеу жүргізіліп, негіздемелер дайындалды, бірқатар инстанцияларға өтініштер жолданып, көптеген кездесулер мен талқылаулар өткізілді. Бірақ шешім шығаратын біз емес, мемлекет.

Біздің айтарымыз – бұл мәселені әрі қарай соза беруге болмайды, бұл тұрғыда бізге нақты қимыл, нақты шешім қажет.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить
ЧТО НЕ ТАК С СУДОМ НАД БИШИМБАЕВЫМ Смотреть на Youtube