Этно-Эрато-2019: Алматы Сән және дизайн колледжінің шеберлері Мәскеудегі ұлттық киімдер байқауында қалай топ жарды

Еуразиялық Жоғарғы сән байқауына қандай елдер қатысты, отандық дизайнерлер еңбегі қалай бағаланды

Бұл туралы Forbes. кz тілшісіне Мәскеудегі байқауға қатысып қайтқан Алматы Сән және дизайн колледжінің шеберлері айтып береді.

Мәскеу. 2019 жылдың желтоқсаны. Ресей астанасында жылдағы дәстүрге сай ұлттық костюмдердің «Этно-Эрато» Еуразиялық Жоғарғы сән  байқауы өтті.  Ұйымдастырушылардың мәліметінше жоба мақсаты- Еуразиялық бірлікті одан әрі нығайту, этно-мәдени қоғамдық бірлестіктердің этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік құрылымдармен ынтымақтастығын дамыту, Еуразия халықтарының мәдениетін өзара байыту, олардың  өзіндік ұлттық ерекшелігін, мәдени және тарихи мұраны сақтау және насихаттау болып табылады. Биыл  байқау қатысушыларының  қатарын  алғаш Алматы Сән және дизайн колледжінің мамандары толықтырды.

- Өткен жылы шеберлерімен арнайы әңгімесінде колледж директоры Надежда Яковлева: «Әріптестер! Сіздер бірнеше жыл қатарынан Мәскеуде өтіп жүрген «Этно-Эрато» байқауының талаптарымен, өткен байқаулардың бейне деректерімен жан-жақты танысып, зерделеп көріңіздерші. Біздің де сол байқауға қатысуға шығармашылық қарымымыз жететін сияқты» - деген еді.  Өткен байқаулардың деректерімен жан-жақты танысқан әріптестер тәуекелге бел буып, келесі байқауға қатысуымыз керек деп шештік-дейді коллекция авторларының бірі, - Жәмиля Нұрманова.

Жалпы, Мәскеуде Алматы Сән және дизайн колледжінің  оқу өндіріс  шеберлері, коллекция авторлары  Балжан Оспанова, Жәмиля Нұрманова, Балауса Рауанова, Ақтолқын Бекмұратованың үлгілері ұсынылды. Олар Ресей астанасына аттанбас бұрын онда өз үлгілеріп ұсынып, алдын ала жобаларын жолдаған. Ал араға уақыт салып арнайы шақырту алады.

- «Көз қорқақ, қол батыр» деген ғой дана халқымыз. Ұрыста тұрыс жок, кірісіп кеттік. « Жастар киіміндегі этно -элемент» коллекциясы үлгілерінің жоба суреттерін Мәскеуге жолдап, олардан қабылдаған,қуаттаған  қуанышты хабарды  естіп, қанаттанып,шабыттанып «Жастар киіміндегі этно-элемент» және «Шығыс» костюм үлгілеріне  арналған жобаларымыздың эскиздерін жібердік. Бұл да Мәскеу тарапынан қуатталды. Біз байқауға шақырту алдық. Зор шығармашылық шабытпен іске кірістік. Оқу өндірісі шеберлері мен кәсіп меңгеруші студенттеріміздің жұмыла, бірлесе атқарған еңбектерінің нәтижесінде идеялар нақты іске  айналып, қараса көз тоймастай замануи дизайнмен сәні үйлесе салтанат құрған үздік үлгілер бірінен кейін бірі жарқырап; он – оннан екі коллекция дайын болды. Эскиздік жобаның нақты іс үстінде тың шешімдермен өзгерістерге түскен сәттері де болды. Студенттер мен ұстаздардың шығармашылық тобы атқарған осы жұмыстар елімізде өріс алып отырған «Рухани жаңғыру» идеяларын іспен нақтылаудың, идеяны іс жүзіне асырудың да үздік үлгісі болды деп зор мақтанышпен айта аламыз, - дейді колледж шебері Балжан Оспанова.

Жоғары сән байқауы негізінен 2000 жылдан бері өткізіліп келеді, 2013 жылы сайыс халықаралық мәртебеден Еуразиялық деңгейге ауысты. Биыл да Мәскеудің Ұлттар үйінде Ресей мен Еуразия елдерінің әр аймағынан келген дизайнерлер, модельерлер мен халық шеберлері өз коллекцияларын ұсынды. «Этно-Эрато -2019» байқауына Ресейдің 36 аймағынан бөлек,  Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Армения, Моңғолия, Қытай және Финлияндияның сән шеберлері қатысты.  Биылғы жылғы үлгілер сегіз номинация бойынша бағаланады, сондай-ақ қазылар алқасының үш арнайы сыйлығы болды. Әр ұлт, әр мемлекетттің шеберлері өзіндік қолтаңбаларымен ерекшеленді. Қазақстан ұсынған үлгілер тек сахна үшін ғана тігілген жоқ, олар күнделікті өмірде  киюге болатындай етіп әзірленді.

Бұл коллекцияда әр костюмді өз жөніне қарай емін-еркін, күнделікті өмірде, көшеге, мәдени демалыстарға, той-жиынға, тіптен күнделікті қызметке киюге болады.Осы тәріздес пікірлерді біз өз құлағымызбен байқауды тамашалаған кәсіби мамандардың ауызынан да естіп қуандық. Бұл коллекцияларды дайындау барысындағы басты мақсатымыз – ұлттық мәдениетті, оның салтанатын мадақтау. Оның заман көшіне ілесе алар жасампаздығын дәлелдеу.  Сәукеле формасымен көтерілген тақиялар, иықты киімдер түсімен үйлестірілді. Заманауи жаңаша үлгідегі барқыт пен жібек материалдарынан тігілген комзолдарға көйлек түсі үйлестіріліп ұлттық оюлар үйлесімімен толықтырылды. Коллекция костюмдерінде бірін-бірі қайталау жоқ. Ал топтама ретінде көрсетілгенде нағыз замануи киімдердің ұлттық айшықпен безендірілген жарқын нұсқасы болды да шықты, - деді байқау қатысушысы Балауса Рауанова.

Жалпы, Еуразиялық сән байқауы этникалық костюм негізінде киім жобалауда күтпеген және ерекше идеялардың кең ауқымды тұсаукесеріне арналған платформаны ұсынады. Байқау  құрылған сәттен бастап   көптеген талантты суретшілер мен жаңа модельерлердің есімдері белгілі болды, олардың еңбектері тек осы бір іс -шарада ғана емес, әлемдік деңгейде мойындалды, олардың біразі жоғарғы сән әлемінде танылып үлгерді. Байқаудың негізгі басымдықтары- ұлттық дәстүрге, өзіндік ұлттық мәдениетті  сақтауға және дамытуға, оларды қазіргі заманның үрдістері мен технологиялармен байыта отырып, ұлттық  құндылықтарды сақтауға үлес қосу. Осылайша  оларды дамытатын талантты модельерлер  мен суретшілердің шығармашылығын кеңінен дәріптеу болып табылады. Ал қазақстандық талантты шеберлер ұлттық мәдениетті бүгінгі заман талабына сай паш етіп қана қомай, әділ қазылардың жоғарғы бағасына лайық болып табылды.

- «Шығыс» үлгілеріненде қиялымыз бен кәсіби шеберлігімізді аямадық. Ұжымдық еңбек, шығармашылық шабыт өз жемісін берді. Мәскеулік байқауда маңдай алдылардың қатарынан жарқырап көріндік. Жастар киіміндегі этно-элементтер номинациясы бойынша біздің «Aiqyz» коллекциясы II  орынды, «Шығыс» номинациясы бойынша «Omirkul» коллекциясы III орынды иеленіп, Алматыға жеңіспен оралдық. Бұл жеңістер бізге бастаған істерімізді алға апару үшін үлкен күш жігер, шалқар шабыт сыйлары анық, - деді колледж қызметкері Ақтолқын Бекмұратова.

 

Жарыраған жаңа  сән үлгілері,  көздің жауын алатын ерекше ұлттық киімдер, сан түрлі мәдениет, ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан бай мұра. Байқау шарты бойынша ұсынылған еңектер бірнеше номинация бойынша бағаланды. Олар:  «Ең үздік славян костюмі», «Ең үздік Кавказ халқының костюмі», «Ең үздік Шығыс костюмі», «Ең үздік финн-угор халқының костюмі», «Ең үздік Солтүстік, Сібір және Қиыр шығыс халқының костюмі»  «Заманауи костюмдегі этникалық мазмұн»,  «Этникалық костюмдегі ретро», сахнадағы іс әрекетке негізделген «Ең үздік этникалық сахна костюмі». Сонымен қатар, «Кәсіпқойлығы үшін», «Келешегінен үміт күттірер кутюрье», «Халықтық құндылықтарды көздің қарашығындай сақтағаны үшін»   атты арнайы жүлделер болды. Алматылық шеберлер   осылайша жоғарыда аталған екі бірдей жүлдені олжалап қайтты.

- Өскелең ұрпағымызды заман көшінің алдыңғы легіне  қосу игі мақсат. Алайда сол көшбасшылар бойында ата – дәстүрдің ұлтқа етене, табиғи қасиеттердің сіңісіп бірге қалыптасуы; сол қасиеттерді өз бойларына сіңіріп қана қоймай,алға қарай дамытуы, жалғастыруы әрі парыз, әрі міндет.  Келешек тігінші сәнгер мамандарға кәсіп  үйрету кезінде «Сендер өз істерінің шебері болуымен қатар, өз ұлтыңның осы кәсіптегі  игіліктерін жалғастырушысыңдар, ата-бабалар киімдері де ұрпаққа аманат. Саналы ұрпақ баба аманаттарына адал болуы керек»  дегенді сөзімізбен де, ісімізбен де сіңіруге тырысамыз.   Алматы Сән және дизайн колледжінің тігінші бөлімінің оқу өндіріс шеберлері мен кәсіби пәндер оқытушыларының осы бір ұстанымы Мәскеу қаласында 7 - 8 желтоқсан күндері өткен Ұлттық костюмдерден үздік сән үлгілерінің Еуроазиялық «Этно-Эрато» байқауында игі нәтижеге жеткізіп отыр. Бұл біз үшін үлкен нәтиже, - деді Жәмиля Нұрманова.

Айта кетейік, жоба жетекшісі «Еуразия әйелдері форумы» Үйлестіру кеңесінің төрайымы, отандасымыз Рушан Қанапьянова, ал ұйымдастырушылар Мәскеу Үкіметі, Мәскеу қаласының ұлттық саясат және өңіраралық байланыстар Департаменті, Мәскеу қаласының «Мәскеу Ұлттар үйі» мемлекеттік бюджеттік мекемесі, Еуразия халықтарының Ассамблеясы, «Еуразия әйелдері форумы» этномәдени дәстүрлерді сақтауға жәрдемдесудің аймақтық қоғамдық ұйымы екен.  Еуразия шеберлерінің басын қосқан халықаралық байқау біздің жерлестерімізді алдағы жылы да күтетін болады.

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
8410 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Об авторе:
Загрузка...
4 апреля родились
Айгерим Стамбекова
президент АО «Казахстан ГИС Центр»
Рашит Сарсенов
Основной владелец АО «Нурбанк», №6 в рейтинге "50 богатейших людей Казахстана - 2019"
Самые Интересные

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить