Еркебұлан Кәкімбеков: Америкаға алғаш келгенде қалтамда небары $100 ғана болды

14993

Қарапайым қазақ жігіті Нью-Йоркте риэлторлық қызметті қалай жолға қойды

Бұл туралы кәсіпкер Еркебұлан Кәкімбеков  Forbes.kz тілшісіне берген сұхбатында айтып берді.

F: Еркебұлан, негізгі мамандығың қандай, қайда білім алдың, қандай мамандықты меңгердің?

- Мен Қостанай облысы, Торғай ауданының тумасымын. Мен негізі мектептен кейін  Арқалық қаласында  2 жылдық колледжде заңтану мамандығы бойынша білім алдым және оны тәмәмдап, Алматыдағы  әль-Фараби атындағы Казақ Ұлттық Университеті   шығыстану факультетінің парсы тілі мамандығын меңгердім.

F: Алматыдағы Қазақ Ұлттық университетінде, Тегеранда білім алған екенсің.  Сол алған білімдерің бойынша  туған елде жұмыс істеу ойда болды ма? Әлде лайықты жұмыс табылмады ма?

- Иә, үшінші  курсты бітіргеннен кейін Иран мемлекетінің Тегеран Университетінде 1 жыл оқып, елге келген соң оқуды бітіріп, мамандығым бойынша жұмыс іздедім. Бірақ өз салам бойынша жұмыс таба алмадым.  Сосын, араға уақыт салып Америкаға бару туралы шешім қабылдадым. Әрине, билет алып, бірден мұхит асып кеткен жоқпын. Бір жылдай өз мамандығыма қатысы жоқ жұмысты істеп, біраз  ақша жинап, оны work & travel бағдарламасына төлеп, 2008 жылдың жаз айында Нью-Йорк қаласына аттанып кеттім. Алда мені Америка күтіп тұрды.

F: Нью-Йорке небары 100 доллармен келген екенсің. Сені бұл қалада кім қарсы алды, қалай күн көрдің, қайда тұрдың? Алғашында қандай жұмыс істедің, оны қалай таптың? Табыс қандай болды?

- Шынында алғаш Америкаға алғаш келгенде қалтамда небары $100 ғана болды. Оның $60 сол күні таксиге төледім. Әрине, күтіп алған адам болды. Онсыз өзге қаладағы өмір одан сайын қиынға соғар еді. Қуанышқа орай бұл қалалада өзімнің досым тұратын, сол қарсы алып, жұмыс тапқанша көмектесті. Ол екеуміз КазГУ-дың 8-ші жатақxанасында 3 жыл бірге тұрған болатынбыз. Ол Америкаға менен бір жыл бұрын ертерек келген. Өздеріңіз білетіндей 2008 жылы дүниежүзінде әлемдік кризистің көкесі болып жатқан. Дағдарыс жағдайы бұл жақта да қатты сезілді. Бір ай жұмыссыз жаттым. Сосын бір ресторанға жұмысқа кіріп, онда 2 аптадай жұмыс істеп,  қайтадан шығып кеттім. Себебі, өте ауыр болды. Күніне 18 сағат жұмыс істедік. Жолға 2-3 сағат уақыт кететін. Сосын одан кейін басқа ресторанда «басбой» болып, яғни официанттың көмекшісі ретінде 3 күнге жұмысқа тұрып, онда үш күнге $400-$450 жалақы алып, қалған 4 күнді ағылшын тілін меңгеруге және басқа да сертификаттар алуға жұмсадым.

F: Тіл мәселесі қалай болды? Сен ағылшын тілін бұған дейін білдің бе, әлде барып үйрендің бе?

- Әрине, Америкаға дейін аздап ағылшын тілін білетінмін. Соған қарамастан тереңдетіп меңгеруге көңіл бөлдім. Өйткені ағылшын тілін терең меңгеру негізгі мақсат болатын. Сөйтіп, екі жылдан кейін ҚР Нью-Йорк қаласындағы Бас Консулдықтың Бас Консулының көмекшісі болып жұмысқа орналастым. Әрине, бірінші 2 айдай тәжрибеден өттім. Онда 2,5 жылдай жұмыс жасаған соң, Америкада біраз жыл қалу туралы шешім қабылдадым. Сол сәттен  бастап бизнеспен айналысам деген нақты шешімге келдім. 

F: Ал кәсіпті қалай  қолға алдың? Қолыңда қандай да бір бизнес жоспар болды ма? Әлде бәрі көздейсоқ басталды ма? Неге жылжымайтын мүлік нарығын таңдадың?

- Бәрі анау айтқандай оңай болмады. Өйткені қолымда ақша да, бизнес жоспар да болмаған еді. Сондықтан барлығын қайтадан жоқтан, төменнен бастау керек болды. Сөйтіп бірнеше жыл такси, үш дөңгелекті педикап жүргізушісі, times square-de картина сатып және Airbnb арқылы өзімнің тұрып жатқан үйімнің бір бөлмесін жалға беріп жұмыс істедім. Яғни, 2-3 жылда бірнеше жұмысты істеп көріп, олардың құпияларын біле бастадым. Жылжымайтын мүлік саласымен үш дөңгелекті педикапта ақша бар екенін түсініп, сол салаларды одан әрі дамытуға бел будым. Real Estate Agent, яғни риелтор мамандығына оқып, соның куәлігін алып, сол салада жұмыс істей бастадым.

F: Кімдерге қызмет көрсетесің, міндетіңе не кіреді? Тұрақты кеңсе бар ма, әлде қазіргі заманға сай онлайн жұмыс істейсің бе?

- Көбінесе интернет арқылы жұмыс істеймін. Ал бөлмелерді, үйлерді туристерге және негізінен иммигрантарға жалға беремін. Кеңсе арқылы да жұмыс жасаймын. Сонымен қатар, 15 шақты педикабым бар. Онда 15 шақты адам жұмыс істейді және  туристерге қаланы көрсетіп гид болады.

F: Оларды қалай алдың? Қызмет ақысы қандай?

- Мен алғаш сатып алған кезде біреуі $5 000  болатын. Мен оларды ақырындап ала бастадым.  Ал серуен қызметі минутына $4-$7 болады.    

F: Нью-Йоркте жылжымайтын мүлік нарығының беталысы қандай? Үйлердің құны қандай, жалдау қанша тұрады?   

- Нью-Йоркта жылжымайтын мүлік нарығы әрқашан сұраныста. Өйткені, бүкіл әлемнен иммигранттар мен туристер көп келеді. Мысалы, бір бөлмені тәулігіне $50-150 жалға беруге болады. Ал айына  $1500-2500 болады. Үйлердің бағасы өте қымбат. Бағалар ауданға  байланысты. Бір бөлмелі үй $150 000 басталып жоғары кете береді,  жақсы жер үйлер кем дегенде $500 000 және одан жоғары бағаланады.

F: Сенің клиенттерің негізінен кімдер? Сұраныс кімдердің тарапынан туындайды? Жұмыс қалай жолға қойылған?  

Егер клиенттер бөлмені тәулігіне алатын болса, онда олар көбінесе туристер. Олар әлемнің барлық түпкірінен келеді. Олармен Airbnb және басқа веб-сайттар арқылы жұмыс жасаймын. Ал пәтерлерді жалға беру веб-сайттар және кеңсе арқылы жүзеге асады.  Көбінесе азияның тұрғындарына қызмет көрсетемін. Өйткені мен өзім азиялықтар көптеп шоғырланған ауданда  жұмыс істеймін.

F: Бұл саладағы табысың қалай белгіленеді, қаншалықты табысты, кіріс көлемі неге  байланысты? 

- Кірістің бәрі  үйді, пәтерді және бөлмені қандай мерзімге жалға бергеніңе  тікелей байланысты, бірде бір тәулікке, енді бірде бір айға немесе бірнеше айға жалға бересің.

F: Америкада бизнес бастау қаншалықты қиын? Салық мөлшері қандай, әкімшілік кедергілер көп емес пе? 

- Америкада бизнес жасау үшін бірқатар жеңілдіктер бар және қолайлы жағдай жасалған. Жылына бір рет төленетін салықты және басқа да төлемдерді уақытылы төлеп тұрсаң болды. Еш мәселе жоқ.

F: Әлеуметтік желіде белсенді екеніңді байқап жүрміз. Бұл бағытта қандай жобаларың бар?

- Әлеуметтік желіде белсенділік танытып тұрамын. Қазіргі уақытта Американың басқа штаттарын жиі аралап, оның қалаларын және онда тұрып жатқан қазақстандықтардың өмірін видеоблогтарға түсіріп YouTube -тағы Half Amerikan каналыма қойып жүрмін.

F: Америкада жұмыс істеп жатқан қазақтар қаншалықты көп? Байланысың бар ма?

- Америкада қазақстандықтардың саны өсіп келеді. Олардың көбісімен араласып тұрамын. Солардың басын біріктіретін және америкалықтарға елімізді кеңірек таныстыру мақсатында Қазақтың Мәдени Орталығын ашсақ  деген ойдамыз. Оны уақыт көрсете жатар.

F: Алдағы жоспар қандай? Жүзеге асыратын бизнес жобалар бар ма? Қазақстанмен қаншалықты байланыстасың?

- Сонымен қатар, болашақта әлемді аралап көрсем деген мақсатым бар. Қазақстанға жиі келіп тұрамын. Әрине, елді сағынамын. Көптеген жоспарлар бар. Оны кейін біле жатарсыздар.

F: Сен қаншалықты өзгердің? Өзің сияқты өзгергісі келетін жастарға не айтасың?  

- Міне, өздеріңіз көріп отырғандай өмірімде көптеген жағдайларды  басымнан кешірдім. Киын күндердің, қуанышты сәттердің куәсі болдым. Алматыда оқып жүргенде түнде күзетте немесе ресторанда жұмыс істеп жүріп тілдерді меңгердім. Қазір 4 тілде еркін сөйлесе аламын.  Студенттік кезде кейде  аш  қалып, көп нәрсеге қол жеткізе алмасам,  қазір өзіме жоқ деген сөзді айтпауға тырысамын. Алғым келген нәрсені, барғым келетін жерге еш қиындықсыз бара аламын.  Американың көп қаларында, әлемнің кейбір мемлекеттерінде болдым. Келесі жылдан бастап жер жүзін аралап көрсем деген ойдамын. Бұның бәрін айтып жатқан себебім, маған кейбір кездері жастар көп жазады, хабарласады. Қазақстанда жағдай жоқ, уақыт жоқ, Америкаға кеткіміз келеді деп айтып жатады.  Ол меніңше мемлекетке байланысты емес. Негізі ниет болса, уақытты табуға болады, жағдайды да жақсартуға болады. Оның бәрі еңбекке келіп тіреледі. «Еңбек етсең ерінбей,  тояды қарның тіленбей». Абай. Адамды адам еткен еңбек деген. Ізденіңіздер, еңбек етіңіздер. Мақсат қойып, оған жете біліңіздер. Алған беттеріңізден қайтпаңыздар. Сонда ғана бәрі жақсы болады.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить