«Жасыл» энергетика: Үміт пен күдік арасындағы негізгі тренд

16401

Алдағы он жылда елімізде электр энергиясын таратып, жеткізуде жоспарлы үзілістер орын алуы ғажап емес

ФОТО: pixabay.com

2022 жылдың алғашқы алты айында елімізде 48 108,4 млн кВт/сағат электр энергиясы өндірілген. Бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,4% төмен көрсеткіш.

Электр энергиясын өндіру көрсеткіші, әсіресе, Солтүстік Қазақстан облысында едәуір қысқарған: былтырғы жылмен салыстырғанда -46% деңгейінде. Есесіне, Жамбыл ГРЭС-і есебінен оңтүстіктегі көрсеткіштер күрт өскен: +46,8%.

Өндіру көрсеткіштері төмендеген тұста, электр энергиясына деген сұраныс ел бойынша жыл сайын қарқындап өсіп келеді. Энергетика нарығындағы бүгінгі конъюнктураға сай – сұраныс өскен сайын, электр қуатының құны да жоғары өрлеуде. Бағаның өсуінің бір себебі деп, сала мамандары, электр энергиясын тарату желілерінің ескіріп, тозуын мысал етеді. Олар, сондай-ақ энергетика жүйесінің апат балансын бір деңгейде ұстап отыру үшін елеулі қаражат керек дегенді алға тартады. Электр қуатын өндіру және тарату мәселесінде өзіндік саяси астарлар да жоқ емес, мысалға, гидроэнергетика саласына қатысты.

Негізі, Қазақстанда электр энергиясын өндіруге қажет ресурс көздері баршылық, дегенмен, сарапшылардың айтуынша, алдағы он жылда елімізде электр энергиясын таратып, жеткізуде жоспарлы үзілістер орын алуы ғажап емес. Содан да болар, соңғы кездері – қоғам ішіндегі күдік пен күмәнға қарамастан, «жасыл» энергетика мүмкіндіктері мен жаңартылатын энергия көздері туралы әңгіме жиі айтылуда. KEGOK ұлттық компаниясының деректерінше, 2030 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің үлесі ел бойынша жалпы энергетикалық баланстың 50%-на дейін жеткізілмек.

Айта кетейік, биыл республика бойынша жалпы қуаты 55 МВт-ты құрайтын 3 күн электр станциясы қолданысқа енгізілген. Жыл соңына дейін жаңартылатын энергия көздеріне негізделген жалпы қуаты 290,6 МВт болатын тағы он шақты өндіріс ошағы іске қосылады деп жоспарлануда.

Бейбіт атомға балама әлде «серіктес»?

Электр энергетикасы нарығындағы соңғы он жылдықтардағы танымал «жасыл» трендтердің бірі – күн панельдері мен жел турбиналары. «Жасыл» энергетика технологияларының осынау негізгі түрлерінің танымалдылығы климаттың жаһандық деңгейдегі өзгеруі мен ауаға тасталатын көмірқышқыл газы үлесінің артуымен түсіндірілуде.

Сол сияқты, бұл саладағы жаңа бағыттардың бірі – электрохимияны дамыту мен жаңа энергия көздерін іздеп-табу жолындағы ізденістер: мысалға, қазір литий-ион батареяларымен қатар, қағаз не бетон аккумуляторлары, экологиялық жаңа генераторлар пайда болуда. Бұлар, әсіресе, электр көлігі индустриясын дамытуға ерекше леп беруде.

Десек те жаңартылатын энергия көздері электр энергиясымен қамту нарығының түйткіл мәселелерін түгелдей шешіп бере алмайды. Бүгінде әлем бойынша энергетикалық қуат тапшылығы көрініс беруде. Соңғы мәліметтерге жүгінсек, биыл Қазақстанда бастапқы жоспарланған 347 МВт қуат көрсеткішінің 31%-ы ғана қолданысқа енгізілмек. Мұндай жағдайда  көміртексіз экономика мен көміртегі бейтараптылығына қол жеткіземіз деуге әлі ерте. Айтпақшы, ҚР энергетика министрлігінің деректерінше, Қазақстанда өндірілетін электр энегиясының 69%-ы көмір жағу есебінен қамтамасыз етіледі. Сол себепті де бүгін отандық сарапшылардың бірқатары бізге атом электр станциясы қажет деп есептейді.

Мысалға, энергетика маманы Жақып Хайрушев, бүгінде қалыптасқан жағдайдың өзі соған итермелеп отыр деген пікірде.

Жақып Хайрушев
Жақып Хайрушев

«Бізде қазір электр қуатын өндіруші және таратушы негізгі құралдар әбден тозған. Мұндай жағдайда электр энергиясын тұтыну көрсеткіші өскен сайын ықтималды апат қаупі арта түседі. Дегенмен, Қазақстанның өз отыны бар, яғни уран. Қазір оның бағасы да тиімді. Мен басқа технологияларды көріп отырған жоқпын. Ал жаңартылатын энергия көздерін бейбіт атомның орнына емес, онымен қатар дамыту керек», - дейді ол.

Шуақты күндер көп болса...

Қазақстан үшін энергетиканың қай түрі тиімді деген пікірталас қоғам ішінде әлі де жүріп жатыр, ал электр энергиясының бағасы соңғы үш жылда екпінді түрде жоғары өрлеуде. 2021 жылы бағаның өсуі 7%-ды құраса, биылғы өсім – 8,7%. Электр энергиясы жыл соңына дейін арзандай қоятыны өте күмәнді. Мұндай жағдайда қарапайым тұтынушы да электр желісіне балама бағыттарды іздестіре бастауы әбден мүмкін.

Өз кезегінде, «АЛСИ-Азия-Систем» компаниясының директоры Александр Камаев, таяу жылдары қазақстандық тұтынушылар тарапынан электрлендіру нарығындағы заманауи «жасыл» технологияларға деген сұраныс арта түседі деген пікірде.

Александр Камаев
Александр Камаев

«Бізде қазір жарықтандыру өнімдерін өндіруде де, жеткізуде де бәсекелестік орта жоқ деуге болады. Мамандардың есептеуінше, Қазақстанның энергия үнемдеу әлеуеті – энергия тұтынудың жалпы деңгейінің 30%-ы шамасында. Мұндай жағдайда энергия үнемдеуші жарық құралдары мен өнімдері қазақстандық сатып алушылар үшін тартымды ұсыныс болмақ. Сұраныс, меніңше, тұрғын үй, әкімшілік және қоғамдық ғимараттар мен іргелі өнеркәсіптер тарапынан орын алмақ», - дейді ол.

Қарапайым тұтынушылар үшін, Александр Камаев, күн энергиясынан қуат алатын панельдер тиімді болады деген сенімде. «Еуропа елдерінің біразында тұрғын үйлер шатырында күн панельдері орнатылып, электр энергиясын үнемдеу әдетке айналған. Қазақстанда күннің белсенділігі баршаға мәлім, шуақты күндер бізде көп, олай болса, бұл тәжірибені біз де қолдана аламыз. Қазір, мысалы, күн энергиясынан қуат алатын экологиялық жаңа генераторлар бар, олардың күші үйдегі көптеген электр құралдарын нәрлендіруге жетеді. Күн энергиясын күнделікті тұрмыста қолдана отырып, біз қаражат үнемдеумен қатар, қоршаған ортаны қорғауға да үлес қосамыз», - дейді ол.

Өз кезегінде, KEGOK ұлттық компаниясы электр қуаты тапшылығын шешуде жинақтау жүйесін енгізуді ұсынуда. Компания мамандарының айтуынша, жаңартылатын энергия көздерінің мүмкіндігі табиғат жағдайына тікелей тәуелді, олай болса, энергия өндіруде бұл ресурстарды тұрақтылық кепілі деу артықтау. Ал электр энергиясын жинақтау технологиясы желі бойындағы жүктеме ауыртпалығын төмендетуге септік етпек.

Қалай десек те, елімізде қазір энергетикалық инфрақұрылымды жаңарту қажеттілігі алға шығуда. Күн тәртібіндегі басты сұрақтардың ішінде – smart grid, яғни ақылды желілер технологияларын іске қосумен қатар, декарбонизация, атом электр станциясын салу сынды мәселелер талқыға түсуде. Сала маманы Жақып Хайрушевтің пайымынша, алдағы 2023 жылы электр энергиясына деген тапшылық Қазақстанда 2 ГВт-ты құрауы мүмкін.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить