Энергетикалық геосаясаттың ашуы қатты

Ресейдің Украинаға қарсы әскери жорығы әлемдік экономикадағы экожүйенің астан-кестенін шығарды

ФОТО: © Depositphotos.com/adrenalina

Апта басында АҚШ ресейлік мұнай, газ, көмір импортына тыйым салғанын мәлім етті, ал Еуроодақ ресейлік энергоресурстарға деген тәуелділікті жыл соңына дейін екі еседей қысқартуды қарастыруда.

Ресей-украин соғысынан бастау алған мұнай саудасындағы тұрақсыздық әлі де жалғасуда: бүгінгі таңда мұнай бағасы құбылмалы. Құрама Штаттардың ресейлік энергоресурстарға қатысты соңғы мәлімдемесінен кейін сейсенбі, 8 наурызда әлемдік нарықтарда бір баррель мұнайдың бағасы орташа есеппен алғанда 130 доллардан асып кетті. Дегенмен, сәрсенбі, 9 наурызда мұнайдың эталонды маркаларының бағасы ептеп төмендеп, Brent маркасы бойынша мамыр фьючерстері бір баррельге 126,14 долларды, WTI бойынша сәуір фьючерстері бір баррельге 121,4 долларды құрады. Бұған ықпал еткен басты себеп – Құрама Штаттардағы мұнай қорының ұлғаюы туралы ақпарат, яғни бұл көрсеткіш сарапшылар күткендей төмендеп емес, керісінше, 2,8 млн баррельге ұлғайғаны белгілі болды. Бұған дейін Халықаралық энергетикалық агенттікке мүше елдер (29 ел) өздеріндегі стратегиялық қорларды ашып, нарыққа 60 млн баррель мұнай шығаратындарын мәлім еткен-ді. Бұл ауқымның 30 млн баррелі АҚШ-қа тиесілі болса, екінші кезекте – нарыққа 7,5 млн баррель мұнай шығаруға келіскен Жапония тұр.

Мұнай бағасына қатысты бүгінгі, яғни 10 мамырдағы соңғы ақпараттарда Brent бойынша мамыр фьючерстері бір баррельге 112,51 доллар, WTI бойынша сәуір фьючерстері бір баррельге 109,27 доллар деп көрсетілді. «Қара алтын» бағасындағы бүгінгі құлдырауға ОПЕК+ келісіміне қатысты Біріккен Араб Әмірліктері тарапынан артылған сенім септік етті. ОПЕК+ құндылығына сенім білдірумен қатар, БАӘ мұнай өндіруші елдердің соңғы келісіміне және мұнай өндірудегі бүгінгі қолданыстағы механизмдерге бейілді екендігін мәлім етті. Айта кетейік, ОПЕК+ елдері сәуір айында мұнай өндіру ауқымын біртіндеп ұлғайту жөніндегі жоспарға сай әрекет етпек. Ал тамыздан бастап ай сайын мұнай өндіру ақымын тәулігіне 400 000  баррельге арттырмақ.

Дәл қазір мұнай бағасына қатысты сарапшылардың арасында біржақты болжам жоқ. Егер АҚШ-тың ресейлік энергоресурстар импортына қатысты тыйымын Еуроодақ қолдап жатса, мұнай бағасы қайтадан жоғары өрлейді деген пайым бар, мүмкін, тіпті, 150 долларға дейін (бір баррельге). Бірақ АҚШ-пен салыстырғанда Ресейдің мұнайы мен газына деген тәуелділік Еуропада әлдеқайда жоғары. Еуропа елдері мұндай шешіммен келісе қоятыны өте күмәнді. Мұнай өндіруде әлем бойынша үшінші орынға шыққан Ресейдің мұнай экспортындағы ауқымды үлес Еуропаға бағытталған: тәулігіне 4 млн баррель. Ал былтыр Құрама Штаттарға импортталған мұнайдың жалпы ауқымында Ресейдің үлесі бар болғаны 3%-ды құрады. Bloomberg мәліметінше, АҚШ-қа Ресейден жеткізілетін мұнай және мұнай өнімдерінің көрсеткіші тәулігіне 700 мың баррель шамасында. Яғни, АҚШ Ресей мұнайының орнын өзге елдер есебінен оңай толтыра алады деген сөз. Дәл қазір Канада бұл тұрғыда АҚШ-қа ұсыныс жасап та үлгерді. Айтпақшы, Ресейден шикі мұнай жеткізуге алғашқы болып тыйым салған Канада болатын (мұнай өндіруде әлем бойыншы төртінші ел).

Дегенмен, мұнай нарығындағы тұрақсыздық таяу күндері қалыпқа келіп, баға біртіндеп төмендеуі мүмкін деген де жорамал жоқ емес. Мұнай бағасына ықпал етуші елдердің біразында қазір көктем басталғанын ескерсек, отынға деген сұраныс алдағы уақытта саябырсуы тиіс. Алайда Украинаға Ресейдің шабуылы тоқтатылмай, энергоресурстар нарығындағы антиресейлік санциялардың бәсеңсуі екіталай.

Естеріңізге сала кетсек, антиресейлік санкциялар аясында Ресейдің энергетика нарығындағы өз қызметін алғашқылардың бірі болып тоқтатқан ірі компания – британдық ВР. Ол «Роснефтьтегі» өзіне тиесілі 19,75% акциядан (құны 25 млрд доллардай) бас тартқалы отыр. Бұдан кейін норвегиялық Equinor Батыс Сібірдегі кен орындарын өндіруге негізделген бірлескен компаниялардағы үлесін сататынын мәлім етті. Кейін бұл ұсынысқа британдық Shell қосылып, «Газпроммен» бірлескен кәсіпорындары мен «Сахалин-2» зауытындағы 27,5% үлесін сатуды ұйғарды. Мұнай нарығындағы әлемдік танымал компаниялардың арасында Ресей нарығынан әзірше бас тартпаған ірі компания француздық TotalEnergies, бірақ ол алдағы уақытта Ресей нарығындағы жаңа жобаларға капитал салмайтынын мәлім етті.

Халықаралық сарапшылар, санкциялар нәтижесінде Ресей мұнай өндіру көрсеткішін төмендетуге мәжбүр болады деп отыр. Өз кезегінде солтүстік көршіміз, егер Еуроодақ ресейлік мұнайы импортына тыйым салып жатса, мұнай бағасы барреліне 300 долларға дейін қымбаттайды дегенді алға тартуда. Дәл қазір әлемдік нарықтар Ресейдің энергоресурстар қуатын шектеуге қатысты Еуропа қандай шешімге тоқталады деп алаңдаулы. Бұл мәселені Еуроодақ басшылары бүгін, 10 наурызда Францияда басталатын екі күндік саммитте талқыға салмақ.

Әрине, Еуроодақ Құрама Штаттар секілді ресейлік мұнай мен газдан, көмірден бірауыздан бас тартуы екіталай. Еуропа Ресейге қатысты толыққанды энергетикалық санкция қолдануға мүдделі емес. Бұл тұрғыда, әсіресе, Германия мейлінше қарсы. Бүгінде Еуроодақтағы импорттан келетін мұнайдың 27%-дайы Ресейге тиесілі болса, оның 11%-ын Германия сатып алады.

Анығы сол, Еуропа қандай шешімге тоқталса да, әлемдік экономикалық экожүйеде дәл қазір тізбектелген ұзын-сонар кедергілер көрініс беруде, ал оның қаржылық салдары дүние жүзін түгел шарпымай қоймайды. Мұнай бағасының шарықтап өсуі салдарында әлемдік деңгейдегі іргелі экономикалардың бірқатарында рецессия сыр беруі ықтимал. Мұнай саласының танымал сарапшысы Дэниел Ергин айтпақшы, «энергетикалық геосаясаттың бүгінгі ашуы өте қатты».

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
32090 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Об авторе:

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить