Экономикадағы ақшаның ағымдағы құнына әсер ететін не?

39054

Сарапшылар болжамы пессимистік сарында

ФОТО: © Depositphotos/MaxZolotukhin

2022 жылдың 5 қыркүйегінде ҚР Ұлттық банкінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешімі жария етілмек. Ресми мәлімдеме қарсаңында отандық сарапшылар экономикадағы ақшаның негізгі құнына қатысты өз пікір, болжамдарын ортаға салды.

Бір анығы сол – екінші деңгейдегі банктердің кредит және депозит бойынша мөлшерлемелері биыл күзде қалайша өзгеріп, түзетілетіні Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты жөніндегі комитетінің алдағы шешіміне тікелей байланысты. Айта кетейік, биыл Қазақстанда базалық мөлшерлеме төрт рет жоғары көтерілді, оның ішінде бір рет – еліміздің бас банкінің кезектен тыс шешімі аясында.

Мәлімет

  • 2022 жылдың 25-қаңтарында базалық мөлшерлеме 10,25% деңгейіне дейін көтерілді.
  • 2022 жылдың 24-ақпанында базалық мөлшерлемені 13,5%-ға дейін көтеру жөнінде Ұлттық банктің кезектен тыс шешімі шықты.
  • 2022 жылдың 9-наурызында базалық мөлшерлеме ақпанда белгіленген деңгейде қалатыны жария етілді.
  • 2022 жылдың 25-сәуірінде базалық мөлшерлеме 14%-ға дейін көтерілді.
  • 2022 жылдың 6-маусымындағы шешім бойынша базалық мөлшерлеме өзгерген жоқ.
  • 2022 жылдың 25-шілдесінде базалық мөлшерлеме 14,5%-ға дейін көтерілгені мәлім болды.

Барлық гәп... инфляцияға келіп тіреледі

Қаржы саласындағы сарапшы мамандардың пікірінше, базалық мөлшерлеменің соңғы сегіз айдағы төрт мәрте құбылып, өзгеруіне септік еткен басты фактор – инфляция.

Сергей Лукьянов
Сергей Лукьянов

«Бұрындары Ұлттық банк бұл тұрғыда екі бірдей мандатты ұстанатындай көрінетін, яғни инфляциядан бөлек, реттеуші мекеме, экономикадағы өсім көрсеткішіне де жүгінгенді жөн көретін (2020 жылдың наурызында базалық мөлшерлеме күрт өсіп, кейін қайтадан күрт төмендегені естеріңізде болар). Алайда, соңғы кездері еліміздің бас банкі инфляция бойынша таргет түріндегі өзінің жалғыз мандатына сүйенуде. Биыл инфляция шарықтап өсуде, олай болса, базалық мөлшерлеменің көтерілуіне басты триггер болған да осы инфляция», - деп түсіндіреді өз ойын «Фридом финанс» АҚ басқармасының төрағасы Сергей Лукьянов.

Дегенмен, сарапшының пікірінше, базалық мөлшерлеме бойынша биылғы шешімдер инфляцияға не болмаса айырбас бағамына көп жағдайда айтарлықтай әсер ете қойған жоқ.

«Жеке тұлғаларға берілетін кредиттер бойынша мөлшерлемелер бұрынғы деңгейде қалды, ал оларға берілген қарыз көрсеткішінің үлесі 60%-ды құрайды. 2021 жылдың наурызынан бері жеке тұлғаларға берілген кредиттер ауқымы ай сайын өсіп келеді. Ал депозиттер бойынша долларсыздандыру үрдісі байқала қойған жоқ: депозиттер бойынша мөлшерлеме өскенімен, теңге түріндегі депозиттер ұлғайып, артты дей алмаймыз. Есесіне заңды тұлғалар үшін қарыз мөлшерлемелері жоғары өрлеуде, олар енді мейлінше қымбат кредиттерге қызмет көрсетуге мәжбүр. Бірақ бұл тұрғыдағы мөлшерлеменің өсуі айырбас бағамына не инфляцияға айтарлықтай әсер ете қойған жоқ», - дейді Сергей Лукьянов.

Оның айтуынша, бұл арада мәселе, ең алдымен, сыртқы инфляцияға келіп тіреледі: АҚШ-та ол 8,5%, ЕО және Еуропа елдерінде: 9–10%, Ресейде – 15%. Оның сыртында, теңгенің құнсыздануы тағы бар, бұған, өз кезегінде, елден сыртқа кетіп жатқан капитал ағынының күрт артуы әсер етуде дейді сарапшы: «ол мұнайдың қымбаттауы аясында қалыптасқан ағымдағы позитивті шоттың негізгі бөлігін жеп жатыр»...

Ал, сыртқы факторлардың әсеріне қарамастан еліміздегі бүгінгі қолданыстағы ақша-кредит саясатын «айтарлықтай тиімді» деп сипаттаған «Астана-Инвест» Инвестициялық үйі» АҚ сарапшылары, өкінішке қарай, бүгінгі қалыптасқан жағдайға еліміздің бас банкі бәрібір ықпал ете алмайды деген пікірде.

«Негізгі фактор – жаһандық инфляцияның шарықтап өсуі. Бұл жағдай Қазақстанды да айналып өтпейді, инфляцияның біздің елде де қарқындап өсуі осыдан. Дүние жүзін шарпыған инфляцияның өсуі біздің экономикаға да әсер ете береді. Мұндай жағдайда Ұлттық банк тарапынан жүргізілетін негізгі тиімді әрекет-қадам – базалық мөлшерлемені көтеру және нарық ішіндегі ликвидтілік ауқымын қысқарту», - деп есептейді «Астана-Инвест» сарапшылары.

Базалық мөлшерлеме өзгере ме?

Ал қаржыгер Расул Рысмамбетовтың айтуынша, Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты жөніндегі комитетінің базалық мөлшерлемеге қатысты алдағы шешімі әдеттегідей ұлттық статистикалық бюроның инфляцияны есептеу мәліметтеріне тікелей қатысты болмақ.

Расул Рысмамбетов
Расул Рысмамбетов

«Бұл процеске Ұлттық банктің араласу қажеті бар ма, жоқ па, оны статистикалық бюроның осы есебі көрсетіп бермек. Меніңше, мөлшерлеме бойынша шешім – қашан болса да – болжамға емес, статистикаға негізделетін ретроспективті тәсіл. Және бұл дұрыс тәсіл», - дейді Расул Рысмамбетов.

Ол, сондай-ақ монетарлық саясатты күшейту әлеуеті қашанда өзекті дегенді алға тартады. «Ұмытпасақ, 2015 жылы базалық мөлшерлеме біртіндеп өсіп, 2016 жылы белгіленген дәлізден асып, 17%-ға дейін жеткені бар», - деп еске алады қаржыгер. Сол себепті де, дейді сарапшы, «мөлшерлеменің көтерілуі биыл да жалғасады» деген болжамға осы бастан әзір болған дұрыс.

Айтқандай, Ақша-кредит саясаты жөніндегі комитет экономикадағы ақшаның базалық құнын арттыру бойынша «бұған дейінгі ұстанымын әрі қарай жалғастырады» деген пікірмен Сергей Лукьянов та келісіп отыр.

«Ұлттық банк ағымдағы саясатын жалғастырған жағдайда, ол ең алдымен инфляция бойынша тамыздағы мәліметке сүйенеді, - дейді «Фридом Финанс» АҚ басқармасының төрағасы. – Біздіңше, тамыз қорытындысы бойынша жылдық инфляция 15,3%-ға дейін көтерілуі ықтимал. 23 тамыздағы жағдайға сай, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрінің бағасы ай басынан бері 0,5%-ға өскен. Ал былтырғы жылдың сәйкес кезеңінде олардың бағасы, орташа есеппен алғанда, 0,1%-ға төмендеген-ді. Бұл тұрғыда, егер рубль бағамының жоғары деңгейі әлі де сақталатын болса, онда біздегі жылдық инфляция да біршама өседі деп күтуге болады. Яғни, Ұлттық банк үшін қазір базалық мөлшерлемені өзгертудегі ең басты фактор – инфляция десек, қыркүйекте базалық мөлшерлеме тағы да көтерілуі әбден мүмкін».

Өз кезегінде «Астана-Инвест» сарапшылары, базалық мөлшерлеме бойынша түпкілікті шешім қабылдауда еліміздегі сол тұстағы инфляция деңгейімен қатар, жаһандық инфляция қарқыны және өзге елдердің орталық банктерінің инфляциямен күрес көрсеткіші есепке алынады дегенді ескертеді.

«Сол сияқты, бұл арада соңғы кездері белең алған логистикалық тізбектер бойындағы ақауларды да ескеру керек, инфляция деңгейіне бұлардың да теріс ықпалы жоқ емес. Мысалға, 26 тамызда АҚШ-тың Федералдық резервтік жүйесінің басшысы инфляциямен күресте қосымша шаралар қажет болуы ықтимал деп мәлім етті. Бұл – бағалардың өсуімен арадағы күрес әлі де жалғасады дегенді білдірсе керек. Сондықтан да елдегі инфляция қарқынын тежеу мақсатында, Ұлттық банк ақша-кредит саясатын әрі қарай күшейтуге ден қоюы әбден мүмкін», - деген «Астана-Инвест» сарапшылары, бағалардың шарықтап өсуі аясындағы халықтың табыс жағдайының жетімсіз деңгейі әлеуметтік түйінді мәселеге ұласуы ықтимал дегенді де ескертеді.

Рахымбек Асанов

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить