Техникалық білімге пәрмен беру: cұраныс пен ұсыныс арасындағы пікірталас

18217

Отандық еңбек нарығын техникалық бағыттағы жергілікті мамандармен қамту мәселесіне мемлекет басшылығы биыл жыл басында айрықша көңіл бөлді

Дәурен Қаупынбаев
ФОТО: личный архив
Дәурен Қаупынбаев

«Техникалық бағыттарға ден қою» аясында «Болашақ» бағдарламасын қайта пішімдеп, ондағы техникалық университеттер тізіміне ресейлік жоғары оқу орындарын қосу және отандық білім ордаларындағы техникалық мамандықтар бойынша грант үлесін 40%-дан 60%-ға (бұрынғы 20 мыңнан 30 мыңға дейін) ұлғайту сынды ұсыныстар айтылды.

«Білікті техникалық мамандық иелерін оқытып, дайындау Қазақстан үшін өте маңызды» дейді нарық ішіндегі сарапшылардың біразы, алайда, бұл тұрғыда жауапсыз қалып жатқан сұрақтар да аз емес. Айталық, еліміздің еңбек нарығы техникалық бағыттағы нақты қандай мамандықтарға мұқтаж? Білім беру жүйесін техникалық негізде қайта құру үшін не істеу керек, жалпы, бұл шараны қалай және неден бастау керек? Бұл арада мемлекеттің рөлі қандай болуы тиіс?

Forbes.kz тілшісі білім беру саласындағы танымал сарапшы, Tamos Education, Prometheus School сынды жеке мектептер желісінің негізін қалаушы Дәурен Қаупынбаевпен кездесіп, еліміздегі техникалық мамандықтарға деген мұқтаждық мәселесі төңірегінде пікір алмасты.

Дәурен мырза, қалай ойлайсыз, елімізде кәсіптік-техникалық білім беру деңгейі қандай, жалпы, кәсіптік білімге қол жеткізу қазір қиын емес қой?

- Меніңше, соңғы жылдары Қазақстанда кәсіптік білімге айтарлықтай оңай қол жеткізуге болады, оның ішінде, сапалы білімге де, бірақ бұл арада өзіндік бірқатар ерекшеліктер бар. Мысалға, қазір ірі қалалардың бірқатарында НЗМ, Нұр-Сұлтанда Binom (мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде құрылған мемлекеттік эксперименталды мектептер – F.) сынды өзіндік дәрежесі бар мектептер ашылып жатыр, ал ауылдық жерлерде инфрақұрылымы ортанқол бұрынғы шағын комплектілі мектептер өлместің күйін кешуде. Меніңше, жекелеген мектептерді дамытып, өзгелеріне мән бермеу, әсіресе, ауылдық жерлерде – ойға қонымсыз нәрсе. Бұдан кім, не ұтады, өзіңіз пайымдай беріңіз. Кезінде НЗМ желісі еліміздегі орта білімді ілгері тартып, өзгелерге үлгі болатын көш бастар мектеп деп қарастырылды, бірақ іс жүзінде бәрі де басқаша өрбіді. Мен өзім де РФММ түлегімін, бірақ онда блім алған оқушылар бір емес, бірнеше сүзгіден өтетін... Өз басым, орта білімді бір деңгейде дамытуға мән берген елдердің тәжірибесін дұрыс санаймын. Айталық, Құрама Штаттарда не Финляндияда мемлекеттік мектептер мен жеке мектептер арасында іліп алатын айырмашылық жоқ: инфрақұрылым тұрғысында да, білім алу мүмкіндіктері мен мамандармен қамту мәселесінде де. Айтайын дегенім – Нұр-Сұлтанда дүниеге келген бала Binom мектебінде оқуға лайық, ала Түлкібас не Нарынқолдың баласы дәретханасы далада қалған, маман тапшылығын бастан кешкен ескі мектепте оқысын деген ұстанымнан біржолата арылу керек. Келер ұрпаққа қалдырар құндылығымыз осы болса, басқасына не үміт? «Ел болам десең – бесігіңді түзе» деп бекер айтылмаса керек...

Егер орта білім жүйесінде әлі де инфрақұрылымдық қиындықтар өзекті болса, онда бізге амбициялық мақсаттар қаншалықты қажет?

- Бұл арада мынаны ескеру керек: біздің елімізге тән өзіндік бірқатар ерекшеліктер бар, мысалы, географиялық тұрғыда ауыл, қала, облыс аралары бір-бірінен едәуір қашық орналасқан. Оның сыртында бізде белсенді түрде урбанизация жүріп жатыр, қалалардың тартымдылық күші ауыл халқын жаппай өздеріне тартуда. Әйтсе де, «жаман айтпай, жақсы жоқ» демекші, біз сияқты елдер жаһандық пандемия аясында цифрландыру деңгейін, әсіресе, білім саласында айтарлықтай жоғары көтере алды. Әдеттегі жағдайда 20 жылда игеретін цифрлық белестерді біз 1,5 жылда еңсердік – бұл технологиялық тұрғыда керемет серпін. Кезінде салынып, іске қосылған талшықты-оптикалық кабель ел аумағының 96%-дайын қамтып, оқу орындары қашықтан оқыту мүмкіндігін пайдалана алды. Онлайн білім бағытындағы осындай серпілістен кейін, біз енді гибридті білімді, яғни аралас негізде оқыту тетігін де қолдана аламыз. Жоғарыда айтқанымдай, еліміз – кең байтақ, ал жергілікті деңгейлерде маман тапышылығы әлі де өзекті, әсіресе, білікті мамандарға, педагогтарға деген сұраныс көп. Амбициялық мақсаттар бізге сол үшін де аса қажет. Бірақ олардың нәтижесін біз тек 15–20 жылдан кейін көріп, қолдана аламыз: түлектердің толыққанды екі буынын оқытып, тәрбиелеген соң ғана.

Гибридті білім дегенде нені меңзедіңіз?

- Біріктірілген оқу форматы. Оқушылардың бір жартысы дәстүрлі форматта, яғни оқытушымен бірге бір аудиторияда, офлайн негізде оқыса, қалған бөлігі – географиялық ерекшеліктерге орай (ауылда, шағын қалаларда отырып), онлайн қосылып, қашықтан білім алады.

Десек те, қашықтан оқытуды барлық мектептер түгелдей оңай игерді дей алмаймыз...

- Иә, келісемін, бірақ онлайн-формат, негізінен, ертеңгі күннің тетігі болатын, біз оған пандемияның «арқасында» уақытынан бұрын қол жеткіздік. Бұл арада, ең алдымен, оқытушының ұстаным, көзқарасы түзу болып, оқушы өз бойындағы когнитивті қабілетке саналы түрде ерік беруі тиіс болды. Меніңше, ойламаған жерден іске қосылған бұл тетікті оқушы мен оқытушы ғана емес, жалпы қоғам іші дұрыс қабылдап, қолдана алды.

Сіздіңше, бізге қазір техникалық бағыттағы қандай мамандықтар аса қажет?

- Бізге қазір жұмысшы мамандықтарының барлық санаты түгелдей қажет. Мысалы, тас қалаушылар, ағаш ұсталары, электриктер, монтерлер, дәнекерлеушілер, т.т. Бізде, жалпы, өндіріске қажетті мамандар өте аз. Сол сияқты, технологтар, техникаға бейімделген мамандық иелері, ІТ сала мамандары қажет, бірақ ІТ нарығы бізде мейлінше шағын әрі шектеулі. Қосарлы негізде, яғни дуалды кәсіби білім беру туралы бұрыннан айтып келеміз: теориямен қатар, жұмыс орындарында практикалық білім беру тұрғысында – бірақ іс жүзінде ол әлі толыққанды жүзеге асқан жоқ.

Қалай ойлайсыз, техникалық мамандықтарға оқытуды қай деңгейден бастаған дұрыс?

- Бұл тұрғыда, меніңше, орта мектептердің мәні кетіп, әлсізденіп барады. Осыдан 30 жылдай бұрын, мысалы, Алматының кез келген орта мектебін бітірген баланың математикалық білім деңгейі жоғары болатын. Бүгінде олай емес, бүгінде математикаға дұрыс көңіл бөлініп жатқан жоқ, бұған, көп жағдайда, мұғалімдердің өздерінің қарым-қабілетінің төмендігі және, меніңше, әртүрлі гаджеттердің кең тарауы ықпал етуде. Байқап қарасақ, бүгінде мектеп түлектерінің ішінде техникалық мамандықтарды таңдайтындар өте аз, ал жұмысшы мамандықтарына барып жатқандар атымен жоқ. Техникалық мамандықтар бойынша абитуренттерге бөлінетін гранттардың әрі кетсе 10%-ы игерілуде, айталық, 2020 жылы техникалық білім бағытындағы 10 гранттың тек біреуіне ғана сұраныс болған.

Егер бұл салаға қызығушылық болмаса, қосымша 10 000 грантты кім және қалай игермек?

- Бұл отандық білім саласы алдағы 20–30 жылда қалыпқа келтіріп, түзетуі тиіс түйінді мәселе. Өз басым, мемлекеттік деңгейде жарияланған техникалық бағытты ұстану идеясын қолдаймын, бұл дұрыс ұсыныс. Бірақ оны жүзеге асыру үшін, біріншіден, білім беруде барлық балаларға бірдей жағдай жасауды ескеру қажет, мысалға, жаңа технологиялардың көмегімен шалғайдағы және шағын комплектілі мектептерді біріктіріп оқыту деген сияқты. Екіншіден, кәсіптік-техникалық білім беру жүйесін (арнайы орта білім беруді) түбегейлі өзгерту керек.

Қалайша?

- Кәсіптік-техникалық білім беру жүйесіндегі оқу бағдарламасы бүгінде толық ескірген. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының деректерінде, Қазақстан колледждеріндегі 180 мамандық бойынша оқыту мерзімін бүгінгі 2–3 жылдан 3–6 айға дейін қысқартуға болады делінген. Менің ойымша, алдағы уақытта кәсіптік-техникалық білім жүйесі өз-өзінен жойылып, олардың орнын сертификаттау орталықтары басуы ықтимал. Бұл орталықтар мамандандыру бағытында қысқа мерзімді әрі сапалы курстар ұсынып, кез келген адамды оқыта алады.

Таяуда белгілі болғандай, ендігі кезеңде колледждерде сырттан оқып, білім алу мүмкіндігі 53 мамандыққа ғана қатысты болмақ...

- Иә, бұл өте дұрыс шешім, қолдаймын. Бірақ, меніңше, дәл қазір мұнымен тоқтап қалмай, басқа да ұсыныстарды ескерген жөн. Мысалға, кәсіптік-техникалық білім беру жүйесінде тек жұмысшы мамандықтарды қалдырып, ондағы экономикалық, гуманитарлық бағыттардан бас тартсақ, дұрыс болады.

Жыл басынан қоғам ішінде талқыға түскен тақырыптың бірі – отандық білім нарығына шетелдік университеттердің келе бастауы. Мысалға, «Болашақ» тізіміндегі техникалық ЖОО қатары ресейлік университеттер есебінен ұлғайтылмақ. Әлбетте, бұл, әлдекімдердің мүддесі, лоббиі мықты дегендей әңгімелерге ұласты...

- Меніңше, бұл арада ең бастысы – біздің жастардың елде қалып, ел ішінде білім алғаны өте маңызды. Жоғарыда айтқанымдай, дәл қазір біздің нарық техникалық мамандық иелерін өзі де дайындай алады. Оның сыртында, Польшаның, Италияның техникалық университеттері біздің түлектерді тегін қабылдауға әзір. Математикалық, техникалық тұрғыда дарынды, алғыр оқушыларға деген сұраныс қай елде болса да жоғары. Нарыққа жасанды жолмен кедергі қоюдың қажеті жоқ, керісінше артықшылық мүмкіндіктерді ескеру керек. Бүгінде Массачусетс технологиялық университетіне онлайн негізде оқуға түсіп, біріктірілген форматта оқуға да болады. Техникалық мамандықтардың жетіспеуіне отандық жоғары оқу орындары кінәлі емес, олар қайсысы болса да мемлекеттің тапсырысын орындауға дайын. Бұл арада мәселе орта мектепке келіп тіреледі: техникалық білім беруді мектептен бастаған дұрыс.

Қалай ойлайсыз, отандық білім беру жүйесі дәл қазір қандай міндеттерді ескеруі тиіс?

- Қазақша мәнді де сапалы, жанды контент әзірлеуді қолға алу керек. Сонда шетелдік жеке мектептер бізге келіп, бәсеке құра алмайды. Бұл үшін оларға жергілікті мықты серіктес керек болады. Мысал ретінде соңғы төрт жылда Украинада онлайн білім беруде чемпион атанған Prometheus мектебін айтуға болады. Бұл мектеп өз тұтынушыларына украин тілінде өте сапалы, мықты контент ұсына білді.

Қазақстанда білім беру саласында көшбасшы болам деген ұйым не мекеме мемлекеттік тілде бірінші болып сапалы, ең бастысы, жанды контент ұсынуға кіріскені жөн. Уақыт талабы көрсетіп отырғандай, қазір қазақ тіліндегі тетік-құралдарға деген сұраныс қарқындап өсуде. Алдағы кезеңде қазақ аудиториясының үлесі 9:1 деңгейіне жетеді. Біздің немерелеріміз түгелдей қазақша оқитын болады.

Техникалық бағытты күшейтіп, техникаға бейінді мамандықтар әзірлеу барысына мемлекет қалайша араласа алады?

- Ең алдымен, мемлекет қашықтан және онлайн оқытуды бекітіп, бұл форматты дәстүрлі білім беру деңгейімен теңдестірсе жақсы болады. Екіншіден, кәсіптік-техникалық білім беруді толығымен жеке секторға бергені дұрыс (бұл арада мәселе орта білім беретін не шағын комплектілі мектептер туралы емес). Сонда кәсіптік тұрғыда білім берудің, оның ішінде техникалық мамандықтарды әзірлеудің тиімділік көрсеткіші екі-үш есе артып, шынайы бәсекелестіктің арқасында баға да төмендеп, қалыпқа келеді. Ал жаңа технологиялар мен онлайн форматты ұтымды қолданатын жеке сектор оқушылардың елеулі бөлігіне сапалы білім беруді тиісті жолға қоя алады. Өз кезегінде, мемлекет қосымша мектеп салуды қажет етпейді, өйткені нарық бәрін де өзі кесіп-пішіп, реттеп береді.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить