Шет елдерде оқып жүр, талай қазақ баласы...

43667

Білім миграциясы – соңғы жылдары қазақ тілінің сөз қорына осындай тіркес келіп қосылды. Білім саласындағы жаңа тренд ел экономикасы үшін қаншалықты пайдалы, қаншалықты зиянды?

ФОТО: © Depositphotos.com/joruba75

Шетелдік танымал университетте білім алу – бүгінде айтарлықтай дәреже, жарқын болашақ кепілі. Шетелдік білім ордасының дипломын алған жас маман өз елімізде де, өзге елде де елеулі жетістікке жете алады деген ұстаным бар. Ресми емес деректерге сүйенсек, жыл сайын Қазақстаннан шамамен 100 мыңдай студент шет елдерде білім алуға аттанады екен. Өкінішке қарай, біз соңғы жылдары қанша шәкірт, қай елдерге білім іздеп кеткені туралы ресми ақпаратқа жете алмадық – бейне бір түпсіз тұңғиық дерсің. Қолымызға іліккен статистикалық мәлімет UNESCO  ұйымына тиесілі: 2017 жылды қамтыған бұл деректе дәл сол кезеңде шет елдерде 83,5 мың қазақстандық студент білім алуда делінген. Бірақ UNESCO статистикасында олардың қаншасы Қытай мен Ресейде оқитыны көрсетілмепті.

Негізі, Қытай мен Ресей қазақстандық білім миграциясында басымды бағыт саналады: жетуге ыңғайлы әрі қолжетімді деген мағынада. Әрі қарай Чехия мен Түркия. Көп студент арман еткен елдердің қатарында АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея, Сингапур, Ұлыбритания да бар, бірақ бұл бағыттар қымбаттау. Қазақстандық жастардың дамыған елдерде білім алуы, бір қарағанда, оң фактор дейтін көрсеткіш, бірақ білім қуған жастар кейін елге қайтып орала ма ма? Білім миграциясы төңірегіндегі басты түйткіл де осы тұрғыда.

Еліміздің Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов білім миграциясын жаһандық дертке теңегені бар (вице-министр қызметінде жүргенде). 2018  жылы сарапшы Дархан Жұмашев аталған министрліктің тапсырысымен 2015–2017 жылдардағы иммиграциялық көрсеткіштерге қатысты зерттеу жүргізіп, елімізден сыртқа кетіп жатқан жұрттың құрамын зерделеп, талдап берген-ді. Зерттеуші Жұмашев сонда төмендегідей түйін жасады: «Білім іздеген жастар елден кетіп жатқан жоқ. Эмиграцияға адамдар неғұрлым есейген шақта бейім. Біздегі білім беру жүйесінің түлектері өздері орналасқан елдерде білім алу жағынан да, тіл меңгеру тұрғысында да айтарлықтай қиындық көріп жатқан жоқ. Олар әдетте өте білімді, құқықтық қоғам қағидаларымен жақсы таныс, зайырлы өмір салтын ұстанады,  Қазақстандағы байланыс көздерін де, тіпті, бизнестерін де сақтап қалуға мүдделі. Әлемдегі кез келген ел мұндай нәтижеге риза болатыны сөзсіз».

Зерттеуші Дархан Жұмашевтің бұл зерттеуіне сол тұста қайшы пікір айтқандар да кездесті. «Бүгінгі таңда біздің студенттердің 14%-ы шет елдерде оқып жүр, бұл өте көп. OECD (Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы) елдерінде бұл көрсеткіш 1%-дан 8%-ға дейінгі аралықты қамтиды», - деп мәлімдеді 2019 жылдың соңында өткен парламент отырысының бірінде Қазақстан халық партиясының төрағасы Айқын Қоңыров (сол кезде ҚКХП өкілі).

Әрине, білім миграциясы аясындағы басты мәселе жастардың білім іздеп шет елдерге аттануында емес. Бүгінгі таңда білім алу мәселесі жаһандық деңгейге шығып, академиялық миграция – әлемдік трендке айналған. Ескеретін жайт – Қазақстан Жоғары білім берудің Болон жүйесіне 2010 жылы өз еркімен қосылып, ел азаматтарының шет елдерде білім алуын ашық қолдайтынын әлем алдында паш етті. Яғни, білім миграциясы аясындағы Қазақстан үшін түйінді мәселе: шет елде білім алған студенттердің бірқатары елге оралуға құлықты емес. «...Әу баста менде елге қайтпаймын деген ұстаным болған жоқ, бірақ артынан жоспарым өзгерді. Қазір мен Питерде жұмыс істеп жүрмін, мұнда достарым да аз емес. Алматыға қайтып оралсам, мамандығым бойынша жұмыс табуым күмәнді. Мен құрылыс саласының маманымын, бірақ менің тәжірибем жер сілкінісі ерекшеліктеріне бейімделмеген», - деп әңгімелейді Ресейдің Санкт-Петербург қаласында тұрақтаған отандасымыз. Аты-жөнін атамауды өтінген ол Ресей университетін қызыл дипломмен тәмамдаған, бірақ туған қаласы Алматыға қайтып оралуға дәл қазір дайын емес.

Баршаға аян, Қазақстанның «Болашақ» бағдарламасы жыл сайын көптеген жеткіншектерге әлемдегі алдыңғы қатарлы оқу орындарында білім алуға мүмкіндік беруде. Бағдарлама аясында студенттердің елге қайтып оралуына кепілдік беретін арнайы тетіктер де ескерілген: шет елде білім алған жас маман өзі таңдаған мамандық бойынша белгілі бір мерзім аралығында ел ішінде еңбек етуге міндетті. Студенттің елге қайтуына «негізгі серт» ретінде, көп жағдайда, ата-анасының жылжымайтын мүлкі (үйі, пәтері) кепілдікке қойылады.

«Болашақ» келтірген былтырғы деректерге сай, аталған бағдарлама аясында білім алған 11 мың студенттің ішінен 179 түлек әртүрлі себептермен елге қайтып оралмапты. Бірақ бүгінде олар оқу шығынын түгелдей өтеп берсе керек. «Болашақ» студенттерінің шет елдерде қалуына басты себептің бірі – тұрмыс құру, отау құру болса, екіншісі – шет елде жұмысқа орналасып, карьера жасау дегенге саяды. Алайда, мамандар басқа да себептерді жоққа шығармайды.

Каспий қоғамдық университетінің проректоры Оксана Киричок, шет елде білім алуға бакалавр деңгейіндегі емес, магистр дәрежесіндегі жастарды жіберген дұрыс шешім деп есептейді. «Бакалавр деңгейінде білім алатын студент оқудан бұрын, әлеуметтік байланыс орнатуға құлықты (жаңа орта, жаңа достар, серіктестер дегендей), өйткені ол балбыраған жас, оның өмірлік талабы соған бейім болып тұрады. Ал бүгінгі таңда білім беру жолдары да, көрсеткіштері де жылдамдап өзгеріске ұшырап жатыр. Сондықтан да шет елде білім алуға PhD дәрежесін алуды мақсат еткен ересек жастағы магистрларды жіберген дұрыс. Бұл оларға тәжірибе жинақтаумен қатар, өзі таңдаған сала бойынша кәсіби байланыс орнатуға да жол ашады», - дейді ол.

Бүгінде Қазақстанда 120-дан астам жоғары оқу орны бар. Салалық министрлік те, білім ордалары да отандық университеттердің дәреже-деңгейін, абырой-беделін арттыру жолында барынша әрекеттеніп жатыр. Бірақ қоғам санасында қалыптасқан қатаң қағида бойынша еліміздегі білім беру деңгейі ойдағыдай емес, тіпті, «орташаға» жетер-жетпес. Дегенмен ЖОО өкілдері бұл көзқараспен мүлдем келіспейді, «жағдай өзгерген» дейді олар. Айта кетейік, «Болашақ» халықаралық білім стипендиясы шет елдерде бакалавр деңгейінде білім алуға қаражат бөлуді 2011 жылы тоқтатқан. Бағдарлама өкілдері, мұның «объективті себебі» ретінде «елімізде халықаралық стандарттарға сай мамандарды дайындай алатын жоғары оқу орындары бой түзеуде» деген уәж айтады.

Жаһандық пандемия аясында жетекші тұғырға шыққан цифрландыру үрдісі білім саласы үшін елеулі мүмкіндіктерге жол ашуда. Ашық көздерден алынған деректерге сүйенсек, бүгінде Қазақстандағы 120 шақты жоғары оқу орнының шамамен қырықтайы соңғы жылдары «қос диплом» бағдарламасына ден қойған, яғни шетелдік білім ордасымен серіктестік орнатып, студентке екі бірдей университеттің (отандық, шетелдік) дипломын ұсыну деген тұрғыда. Бірақ ғаламтордың қазақстандық бөлігінде бұл жайында шынайы ақпарат беріп отырған ЖОО кемде-кем. Біз бар болғаны он шақтысын ғана байқай алдық. Қос диплом бағдарламасын жүзеге асыру оңай емес, бұл үшін едәуір қаражат шығындау қажет және де шетелдік серіктес тарапынан да.

Дегенмен, Қазақстанның білім нарығына қызығушылық танытқан шетелдік білім ордалары аз емес. Айталық, 2020 жылы Arizona State University (ASU) Алматы менеджмент университетімен (AlmaU) 20 жылға «институционалдық серіктестік» орнатқаны белгілі. «Аталған серіктестік аясында қазақстандық студенттер 3+1 схемасы бойынша білім алуда, яғни алғашқы үш жылда Қазақстанда тереңдетілген білім алса, соңғы жылын серіктес университетте өткізеді. Бұл, жалпы, Орталық Азия үшін эксклюзивті серіктестік: біздің студенттер аса шығындалмай-ақ екі бірдей университеттің дипломын алатын болады», - дейді AlmaU ректоры Гүлнәр Күренкеева.

Қазақстанда әлемдік деңгейдегі жетекші білім ордаларының филиалдарын ашып, отандық жоғары білім беру саласының дәрежесін, деңгейін, сапасын көтеру қажеттігі тұрғысында жыл басындағы үндеулерінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та бірнеше рет баса айтты. Бүгінде бірқатар шетелдік ЖОО Қазақстанның білім нарығына ресми түрде жол ашып, орнығуға талпыныс білдіруде. Айтқандай, «қос диплом» бағдарламасы БАӘ, Катар, Малайзия, Қытай сынды елдерде бұрыннан танымал оң тәжірибеге айналған. Әлемдік білім саласында тиімді қолданылып жүрген бұл үрдіс жоғарыда аталған елдерде жергілікті студенттерге ғана емес, шетелдік студенттер үшін де мейлінше қолжетімді. Бұл еліміздің білім саласы үшін ой қозғатар мәлімет болады деген үміттеміз...

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить