Отандық 57 колледж бірқатар мамандықтар бойынша оқытуды тоқтатты

26613

Биылғы қыркүйек айының қорытындысы бойынша, елімізде кәсіптік орта білім беру құны бір жылда 19,5%-ға қымбаттаған

ФОТО: © Depositphotos

«2022 жылдың қаңтарынан бастап маусым айына дейінгі аралықта еліміздегі техникалық және кәсіптік орта білім беру саласында көрсетілген қызмет ауқымы 84,2 млрд теңгеге жетті», - деп хабарлайды Ranking.kz. Сарапшылардың мәліметінше, бұл өткен жылмен салыстырғанда 14,5%-ға жоғары көрсеткіш.

Ал бұл секторда көрсетілген қызмет ауқымын таратып айтар болсақ, Ranking.kz мәліметінше, техникалық және кәсіптік орта білім беруде бюджет қаражатынан 73,8 млрд теңге, тұрғындардың өз есебінен 9,8 млрд теңге, кәсіпорындар есебінен 669 млн теңге жұмсалған.

Отандық сарапшылар бұл көрсеткішті өткен жылғы деректермен салыстырып, «2021 жылдың сәйкес кезеңінде сектор ішіндегі қызмет ауқымы 73,6 млрд теңгені құрады, яғни жылына +7,8%-ға артық көрсеткіш» деп түсіндіреді.

Зерттеудегі мәліметтерге сүйенсек, техникалық және кәсіптік орта білім беруде ең ауқымды қызмет үлесі Алматы қаласында көрсетілген, яғни 11,1 млрд теңгеге сай қызмет ауқымы – бұл, өткен жылмен салыстырғанда 18%-ға артық көрсеткіш.

Көш басында, сондай-ақ Түркістан облысы (5,6 млрд теңгенің қызметі: бір жылда 3,9%-ға төмендеу байқалған) және Шымкент қаласы бар (5,5 млрд теңге: +21,5%). Сектор бойынша ең төмен ауқым Ұлытау облысына тиесілі: 1,5 млрд теңгенің қызметі көрсетілген. Әрі қарай көш соңында Атырау және Абай облыстары тұр.

Ал техникалық және кәсіптік орта білім беру саласындағы қызмет ауқымының елеулі өсімі Елордада байқалған: өсу көрсеткіші жылына 27,1%, яғни 4,6 млрд теңгенің қызметі көрсетілген. Бұл тұрғыдағы ең төмен өсім Шығыс Қазақстан облысында тіркелген: қызмет ауқымы 42%-ға қысқарған, яғни 3,1 млрд теңгеге дейін.

Ranking.kz өз зерттеуінде, еліміздің «техникалық және кәсіптік орта білім беру саласында қызмет көрсетіп отырған мекемелердің 76,7%-ы мемлекеттік» деп атап көрсетеді. Жыл басынан бері мемлекеттік мекемелер, бұл секторда 64,6 млрд теңге ауқымында қызмет көрсеткен: өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,9%-ға артық.

Осы сектордағы жеке бизнес қызметінің үлесі 23,3%: тарата айтсақ, 19,7 млрд теңгенің қызметі көрсетілген, бір жылдағы өсім – 24,3%. Ал шетелдік кәсіпорындар тарапынан көрсетілген қызмет ауқымы 1,9 млн теңге шамасында ғана, деп мәлімдейді Ranking.kz сарапшылары.

Айтпақшы, білім беруші мекемелердің көлем сипатына да талдау жасаған отандық сарапшылар, биыл қаңтар-маусым айлары аралығында аталған сектор ішінде көрсетілген қызмет ауқымының елеулі үлесі орта бизнеске тиесілі болды деп отыр. Бұл тұрғыда орта бизнес тарапынан 46,4 млрд теңгенің қызметі көрсетілген: өткен жылдың сәйкес кезеңіне шаққанда 11,3%-ға артық.

Сектор ішіндегі шағын бизнес көрсеткіші 30,5 млрд теңгені құраған (бір жылдағы өсім +20,1%). Ал ірі бизнес тарапынан көрсетілген қызмет ауқымы 7,3 млрд теңге (+13%).

Ranking.kz мәліметінше, үстіміздегі жылдың қыркүйек айының қорытындысы бойынша елімізде кәсіптік орта білім беру құны бір жылда 19,5%-ға қымбаттаған. Бағаның өсуі, әсіресе, Атырау облысында байқалған: бір жылға шаққанда 65,9% деңгейінде. Бұдан кейін Батыс Қазақстан (35,4%) және Түркістан облыстары (34,5%) тұр.

Ал баға айтарлықтай көтеріле қоймаған өңір деп Ақмола облысын айтуға болады. Ranking.kz мәліметінше, мұнда бір жылға шаққандағы бағаның қымбаттауы 1,3% шамасында ғана байқалған.

Айта кетейік, 2 қарашада ҚР оқу-ағарту министрлігі, отандық «колледжерде 133 мамандық және 164 біліктілік бойынша лицензиялардың күші жойылды» деген ақпарат таратты.

«Оқу-ағарту министрлігі колледждерді профильдеу бойынша өз жұмысын әрі қарай жалғастыруда. Кадрларды даярлау үшін жағдайы жоқ оқу орындарынан бейінді емес мамандықтардың лицензиясын қайтарып алу – ТжКБ ұйымдарына «сұранысқа ие» және бейінді мамандықтарға барынша назар аударуға мүмкіндік береді. Бұл, әсіресе, техникалық және кәсіптік орта білім беру сапасын арттыру үшін аса қажет. Білім алу үшін қажетті жағдай жасалмаған, құрал-жабдық, шеберханалары ескерілмеген, мұғалімдері мен оқытушылары жетіспейтін колледждердегі мамандықтарды қысқарту бойынша жұмыстар өз жалғасын табуда», - деп мәлімдейді бұл тұрғыда ҚР оқу-ағарту министрлігінің Білім сапасын қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Ернұр Дәукенов.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 2022 жылдың басынан бері 57 қазақстандық колледж 133 мамандық пен 164 біліктілік бойынша лицензиялардың қосымшаларын қайтарып берген. «Оқытуы сапа стандарттарына сәйкес келмейтін, кадрлар даярлауға жағдай жасалмаған немесе сұранысқа ие емес мамандықтар бойынша лицензиялардың күші жойылды» делінген оқу-ағарту министрлігінің ақпаратында.

Былайша айтқанда, ел ішіндегі бірқатар колледждердің «білім беру ұйымының бейініне сәйкес келмейтін мамандық түрлері бойынша» лицензиялары болған. Министрлік дерегінше, енді сол лицензиялардың күші жойылуда. «Мысалы, педагогикалық колледжде заңгерлерді, ал экономикалық колледжде мұғалімдерді даярлауға лицензиялық қосымшасы болған. Сол сияқты, кейбір колледждер қажетті оқу құралдарынсыз мамандар дайындап келген», - деп түсіндіреді өз ақпаратында оқу-ағарту министрлігі.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить