Онлайн білім оңай білім бе?

COVID-19 салдарынан бес тоқсан бойы мектеп оқушылары онлайн білім алуға мәжбүр болды

ФОТО: © Shutterstock

Бұрын-соңды мұндайды көрмеген отандық білім беру ошақтары бірнеше түйінді мәселемен бетпе-бет келді.

Білім сапасы: өсті ме әлде өшті ме?

Білім және ғылым министрлігінің Forbes Kazakhstan басылымына берген мәліметіне қарағанда, биыл 145 мыңнан астам талапкер Ұлттық бірыңғай тестілеуден өткен. ҰБТ қорытындысы бойынша, 88 мыңнан астам түлек шекті балды жинаған. Бұл – қатысушылардың жалпы санының шамамен 60%-ы. Осы жылғы орташа көрсеткіш 69 балл болған. Министрлік мамандарының айтуынша, нәтиже өткен жылмен салыстырғанда, 5 балға жоғары. Сонда әлемдік пандемия тұсында біздің оқушылардың білімі артып кеткен бе?

Бұған сену – қиындау. Себебі халықаралық сарапшылардың пікірі керісінше. Мәселен, Бүкіләлемдік банктің болжамы бойынша, індеттің кесірінен адамзат ондаған жыл зиян шегеді. Тіпті онлайн оқудың олқылығынан жасөспірімдер арасында сауатсыздық артады деген де болжам бар. Сарапшылар пандемияның Орта Азия елдерінің экономикасына 44 млрд доллар шамасында залал келтіретінін айтады. Демек, шаруашылық құлдырағаннан кейін ел-жұрттың әлеуметтік ахуалы да әлсірейді.

«Осындай жағдайда білім сапасы артуы мүмкін бе?» – деген сауалды әлеуметтанушы Камила Ковязинаға қойған едік. Сарапшы мұндай пікірмен келіспейтінін жеткізді. Оның ойынша, онлайн оқу болған жыл қорытындысын есепке алмау қажет. Ал мектеп бағдарламасы бойынша өтті деген материалды кейінгі жылдарға бөліп, қайта оқытқан абзал және оны қайталамау – қателік. «Онлайн білім беру кезінде кеткен кемшіліктің орнын толтыруға мемлекет атсалысқаны дұрыс. Әсіресе, ауыл оқушылары мен әлеуметтік тұрмысы нашар отбасылардың балаларына қосымша білім беріп, оларға репетитор тағайындау керек. Егер елдімекендердің бәріне интернет тартылатын болса, онда онлайн-мектептерге балаларды бекіткен жөн және ол білім ордалары балаларды өз қаржысына оқытпауға тиіс. Өйт-кені, мұндай қызметтерге мемлекеттік тапсырыс және субсидиялар бар», – дейді ол.

2020–2021 оқу жылы басталмай тұрып министр Асхат Аймағамбетов арнайы берген брифингте елдегі оқушылардың 80%-ы қашықтан оқитынын айтқан еді. «Алдын ала болжам бойынша, интернет-платформа мен телевизияны пайдалана отырып 2,6 млн оқушы қашықтан оқиды. Ал кезекші сыныптарда 530 мың бала, штатты режимде 157 мың оқушы оқиды», – деді ол.

Бірақ оқу жылы аяқталғаннан кейін министрлік цифрдың өзгергенін мәлімдеді. «2020–2021 оқу жылының соңында елдегі 3,4 млн оқушының 64,7%-ы (2,2 млн) дәстүрлі форматта, 35,3%-ы (1,2 млн) қашықтан оқытылды», – деп жазылған Forbes Kazakhstan басылымына берген жауапта. Бұған 4-тоқсанда 3 мыңнан аса мектептің (білім алушысы 300 адам болатын шағын жинақты мектептер) дәстүрлі форматта жұмыс істегені себеп.

«Төртінші тоқсанда дәстүрлі форматта 300 білім алушы контингенті бар 3605 мектеп жұмыс атқарды. Жоғары қауіпті аймақта (қызыл аймақ) орналасқан өңірлерде мектептерде оқыту аралас форматта (1–5, 9, 11 (12) сыныптар) және қашықтан (6, 7, 8, 10-сыныптар) ұйымдастырылды. Тәуекелі төмен және орташа аймақтарда (жасыл және сары аймақтар) орналасқан өңірлерде барлық сыныптар аралас форматта оқытылды», – делінген ведомство жауабында.

«Министрлік қашықтан оқыту технологияларын пайдалануға арнайы мониторинг жүргізді, оның қорытындысы бойынша оқушылар біліміндегі олқылықтар анықталды. Оқушылардың білімін толықтыру мақсатында 2021 жылдың 19 маусымына дейін штаттық форматта жазғы мектептерде оқу жылы ұзартылды. Бұдан басқа, балалар мен олардың ата-аналарының қалауы бойынша 62 мыңнан астам оқушы үшін жекелеген оқу пәндері бойынша сабақтар ұйымдастырылды. Қазіргі уақытта білімдегі орын алған олқылықтарды толықтыру бойынша жұмыс жалғасуда. Оқу сабақтарын жоспарлау өткен жылғы жоғалтуды ескере отырып жүзеге асырылып жатыр», – делінген министрліктің біздің басылымға берген түсініктемесінде. Бірақ оқушылардың білімінде қандай олқылық орын алғанын министрлік мамандары ашып айтпады.

ФОТО: © Shutterstock

2020–21 оқу жылында министрліктің тікелей араласуымен 13 мың-нан астам телесабақ түсіріліпті. Теледидар сабақтары министрліктің онлайн edu.kz білім беру платформасында, «Ел арна» және «Балапан» телеарналарының YouTube желісінде, сондай-ақ Kundelik.kz электронды журналында орналастырылған. «Осындай жұмыстарға бюджеттен қанша қаржы көзі қа-
растырылды, кеткен шығынның сомасы қандай?» деген сауалымызға да министрлік мамандары жауап бермеді.

Жауапкершілік кімде?

«Онлайн оқу – оңай оқу», – дей-ді Forbes Kazakhstan сөйлескен ата-ананың бірі Арайлым Қайыпова. «Екі жыл бойы онлайн өткен сабақтан баламның білімі төмендеп кетті. Ұлым сабақты жүрдім-бардым, қызықпай оқыды. Мен де оқы деп күштемедім. Өзіне салдым. Мұғалім мен оқушы жүзбе-жүз кездеспеген соң онлайн білім – оңай білім».

Әрине, онлайн оқу кезіндегі олқылықтың орнын кез келген ата-ана өз бетінше толықтыра алмайды. Олар бар жауапкершілікті мектепке артады. Ал ол мекемелерде құлдыраған білім сапасының жауабын кімнен сұраймыз, оны қалай жетілдіреді? «Forbes» бұл сауалды сарапшы, республикалық QAZBILIM орталығының директоры Аятжан Ахметжанұлына қойған еді: «Біздің қоғамда мәселеге біржақты қарау басым, қандай да бір түйінді мәселеге тірелгенде ел-жұрт көбіне Білім және ғылым министрлігін қаралайды. Проблемаға кешенді көзқарас жоқ. Мысалы, интернеттің әлсіздігі, тіпті болмауының бұл министрлікке қатысы қанша? Оған Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жауапты емес пе? Сол сияқты, оқушылардың гаджетпен толық қамтамасыз етілмеуіне де біз тағы Білім және ғылым министрлігін кінәладық. Айналып келгенде, мәселе елдің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына келіп тіреледі. Оны шешу үшін уақыт керек. Біз алдағы жағдайдың қалай қалыптасатынын білмейміз. Егер індет асқынып, карантин күшейтіліп, қайтадан онлайн оқуға оралатын болсақ, алғашқы қателіктерден сабақ алып, соны болдырмауға тырысқан абзал», – дейді ол.

Осы орайда мектеп жасындағы екі баланың анасы Әзиза Тоқтарбайқызы мынадай ойымен бөлісті: «Онлайн білім сапалы болмады деген пікірмен толық келіспеймін. Оқушының сабаққа қатысу-қатыспауы, тапсырманы орындау-орындамауы, жалпы білім деңгейінің артып-кемуі өзінің, ата-ананың жауапкершілігіне байланысты. Сондықтан ұстаздарды жөн-жосықсыз кіналай беруге болмайды. Олар қолынан келгенше сабақты мазмұнды өткізуге тырысты. Қайта онлайн оқу кезінде оқушылар өздігінен жұмыс істеуге бейімделді. Бұл балалардың өз бетінше әрекет етіп, шешім қабылдау қабілетін шыңдайды. Сондықтан оларға бір мезгіл еркіндік берген дұрыс».

Жекеменшік мектеп: стимул да, сұрау да бар

Онлайн оқу тек мемлекеттік оқу ордаларына ғана емес, жекеменшік білім беру жүйесіне де сынақ болды. Білім берудегі жекеменшік ұйымдар қоғамдастығының төрайымы Роза Садықованың мәліметінше, еліміздегі жекеменшік мектептерде 50 мың оқушы білім алып жатыр.

Ол шәкірттерге 10 мың педагог сабақ береді. Карантин кезінде жекеменшік білім ордаларының оқушылары да мемлекеттік мектептердегідей әрі онлайн, әрі офлайн білім алды.

Онлайн форматта білім алу кезінде жекеменшік мектептерге оңай болмағаны рас. Өйткені сабақ онлайн жүргеннен кейін төлем кестесінде өзгерістер болды. Төлемақы төленбегеннен кейін кейбір мектептер ағымдағы шығындарды жаба алмай қиналды. Осындай сәтте олар «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы Білім және ғылым министрлігіне бір емес, бірнеше рет балаларды офлайн оқуға жіберуге рұқсат сұрады. Бірақ ведомство Денсаулық сақтау министрлігінің кеңестерін алға тартып, әзірге тоқтата тұруды айтқан еді.

Түйін

Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, биыл жаңа оқу жылында еліміздегі 7 мыңнан астам білім ошағында 3,4 миллион оқушы дәстүрлі күндізгі форматта оқуын бастады. Білім ордасына «Ashyq» қосымшасы арқылы кіруге рұқсат етілді. Білім және ғылым министрлігінің таратқан мәліметіне қарағанда, бұл ауру жұқтырған немесе байланыста болған адамдарды анықтауға, ата-ана, педагогтар мен оқушылардың қауіпсіздігін сақтау үшін қажет. Ал балалар QR-кодты сканерлемейді. Жаңа ереже бойынша, оқушылар да, мұғалімдер де үнемі бетперде тағады, қызметкерлер мен білім алушылардың температурасы өлшенеді, мекемелер дезинфекциялау құралдарымен қамтамасыз етіледі. Сыныптарда бір мезгілде 40–50 пайыздан аспайтын адам болуға тиіс. Министрліктің мәлімдеуінше, оқу процесі бес күндік болып бекітілді. Алайда жекелеген білім ошақтарының оқу барысы 5 күндік форматқа сай келмесе, карантиндік шектеулерді ескере отырып, сенбі күні сабақ өткізуге мүмкіндік бар. Егер балаңызды мектепке жіберуге қорықсаңыз, онда онлайн оқытуға мүмкіндік қарастырылған. Індет анықталған мектептерде алдымен бір инкубациялық кезеңдегі (14 күн) жағдайдың санына байланысты карантин енгізіледі. Егер ауру жұқтыру деңгейі артатын болса, онда оқу онлайн режимге көшіріледі.

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
5043 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить