Жекеменшік білім қалай үш ауысымды мектептер проблемасын шешеді?

Елімізде урбанизация және демографиялық процестерге байланысты 2025 жылға қарай мектептерде шамамен 1 миллион орын қажет болады

ФОТО: BINOM School баспасөз қызметі

Қазірдің өзінде 225 мың орын тапшы. Бұл мәселені шешу үшін бес жылда мың жаңа мектеп салу жоспарланған. Мектеп құрылысы төрт механизм арқылы іске асырылады: мемлекеттік-жекеменшік әріптестік, жеке мектептер желісін дамыту, мемлекеттік бюджеттен нысаналы құрылыс және модульдік конструкциялардан мектептер салу.

Елорданың өзінде 26 мың бала мектептегі орын тапшылығын сезінуде. Бұл мәселені шешу үшін және үш ауысымды мектептердің жүктемесін азайту мақсатында биыл BI Group құрылыс холдингі мен Нұр-Сұлтан әкімдігі арасындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмі арқылы алғашқы BINOM мектебі бой көтереді. БАҚ-тарда бұған дейін жарияланған ақпаратқа сай, 2000 орындық мектептің құрылысы 7,5 миллиард теңгені құрайды: 5,7 млрд – ғимарат құрылысы, 1,3 млрд – технологиялық жабдықтау, 350 млн – авторлық және техникалық қадағалау, 150 млн теңге – кітапхана қоры.

Forbes Kazakhstan BINOM SCHOOL басқарушы компаниясының директоры Шолпан Қадыровамен мектеп құрылысы және оның ерекшелігі жайында сұхбаттасты.

Шолпан Маратқызы, алғашқы BINOM мектебінің ашылуымен құттықтаймын! Бұл қандай жоба?

– Бұл жобаға осы жылдың басында ауысып келдім. BINOM жобасы бірінші кезекте үш ауысымды мектептердегі жағдайды жеңілдетуге бағытталған. Себебі бір сыныптағы бала санының шамадан тыс артуы ұстаздар мен оқушылардың мүмкіндігін едәуір шектейді.

Жалпы қазіргі заманауи мектеп қандай болуы керек? Осы сауалға жауап іздеу жолында BINOM SCHOOL жобасы жүзеге асырылды. Бұл – білім саласындағы мемлекеттік-жекешілік әріптестік жүйесі арқылы жүзеге асырылатын инновациялық жоба.

BINOM SCHOOL – оқушыларға интеллектуалдық, физикалық және психологиялық, әдеби-эстетикалық бағытта қосымша білім беретін, материалдық-техникалық жағынан толықтай жабдықталған заманауи мектеп. Мектептеріміздің басқа білім ошақтарынан тағы бір айырмашылығы – ерекше күтімді қажет ететін балалардың білім алуы үшін ыңғайлы орта жабдықталған.

BINOM SCHOOL білім ошағындағы білім беру жүйесін цифрландыруға да аса мән берілуде. Бұл қолайлы жағдай мектеп ұстаздарын қағазбастылықтан құтқаруға, digital-технологияны қолдану арқылы әр сабақты қызықты етіп өткізуге мүмкіндік береді. Атап өткенім, BINOM мектебінің жақсы жақтарының бірқатары ғана.

ФОТО: BINOM School баспасөз қызметі

Қателеспесем оқу жылының соңына дейін елордада тағы осындай 3 мектеп ашылады. Алдағы жылда қанша баланы оқытып, қанша ұстазды жұмысқа аласыздар?

– Биылғы оқу жылында Нұр- Сұлтан қаласында төрт бірдей BINOM мектебін іске қосу жоспарланып отырғаны рас. Әр мектептің бір ауысымы 2000 оқушыға есептелген. BINOM мектебінде білім алу тегін болғандықтан қаланың әр оқушысы үшін қолжетімді болмақ.

Инвестор жобаны бес жыл қаржыландырады. Жыл сайын төрт мектептің әрқайсысында 4000 оқушы білім алады. Алғашқы мектепке әзірге 258 мұғалім жұмысқа қабылданды, сонда төрт мектепте шамамен 1000–1100 мұғалім жұмыспен қамтылады.

Екі кезеңдік байқау нәтижесінде ең мықты, ең білікті деген 300 мұғалімді жұмысқа қабылдаған екенсіздер. Іріктеу қалай өтті? Педагогтерге қандай талаптар қойылды? Қызметкерлерге әлеуметтік пакет қарастырылған ба?

– Мектепке еліміздің әр өңірінен мықты ұстаздар іріктелді. Олардың құжаттары Smartnation Jumys сайты арқылы онлайн қабылданды. Байқаудың өту барысы жөнінде сайттағы жеке кабинеттеріне хабарлама жіберіліп отырды. Іріктеу екі кезеңде өтті. Тестілеуден өткен ұстаздар әңгімелесуге шақырылды.

Оларға қойылған басты талап – өз саласын жетік білуі. Әрине, одан кейін оқушыны жақсы көруіне, баланың психологиялық ерекшелігін түсіне білуіне, өз ісіне сүйіспеншілігіне назар аудардық. Мұғалімдерді іріктеу үшін білім саласындағы сарапшылардың қатысуымен комиссия жұмыс жасады. Ашықтық болуы үшін әңгімелесу видеоға жазылды. Іріктеуден өткені жөнінде ақпарат сайтымызда жарияланып, хабарлама жеке кабинеттеріне жолданды.

Араларында 3–4 тілде еркін сөйлейтіндер, республикалық жобалардың жеңімпаздары, әдістемелік құралдар мен ғылыми жобалардың авторлары, шәкірттері республикалық пән олимпиадасының жеңімпазы атанған, өңірдің «Жыл мұғалімі» байқауының бас жүлдесін жеңіп алған ұстаздар бар. «Болашақ» бағдарламасымен шетелде білімін жетілдірген оқытушылар да жоқ емес. Алғашқы BINOM мектебіне 11 педагог-шебер, 50 педагог-зерттеуші, 29 педагог-сарапшы, 36 педагог-модератор санатындағы мұғалімдер жұмысқа орналасты. Ал өзге өңірден келген отбасын құрмаған мұғалімдерге жатақхана қарастырылды.

ФОТО: BINOM School баспасөз қызметі

Қарапайым орта мектептерден қандай артықшылығы бар?

– Заманауи жобамен салынған мектептің бес қабатты ғимаратында 127 кабинет, жетілдірілген 9 зертхана бар. Үштілділікті жетілдіру үшін 100 орындық кинозал, мұғалімдер мен балаларға арналған коворкинг-аймақтар, телестудия, ойын бөлмелері, смарт-сыныптар, шығармашылық эксперименттерге арналған 3D-принтер, робототехника кабинеттері, металл және ағаш ою шеберханалары, Speaking Club, TedxBinom ұйымдастырылды. Асхана, медициналық пункт жұмыс істейді. Екі спорт залы, ауладағы бірнеше алаң балаларға футбол, волейбол, баскетбол және басқа да спорт түрлерімен айналысуға мүмкіндік береді. Workout аймағы да бар. Яғни, өзге мемлекеттік мектептерден материалдық базасымен ерекшеленеді. Ал білім бағдарламасы барша орта білім беру ұйымдарына арналған стандартқа сай.

Ең бастысы BINOM мектебі балаларды емтиханмен іріктеп алмайды. Біз алдымызға білім алуға құлшынысы бар кез келген баланы сапалы мектепте оқытамыз деген мақсат қойдық. Сапа тек заманауи ғимарат пен материалдық базада емес, білім мен тәрбиеде де көрініс табады.

BINOM мектептеріне оқушыларды қабылдау қалай жүргізіледі?

– BINOM мектебінде білім алу кез келген оқушы үшін тегін. Балаларды мектепке қабылдау Қазақстан Республикасының білім беру ұйымындағы оқуға типтік ережелері негізінде жүзеге асырылды. Бізге Нұр-Сұлтан қаласының білім басқармасы мектеп қамтитын үйлер мен тұрғын үй кешендерінің тізімін берді. Алғашқы BINOM мектебі ашылған Nova City шағын ауданында 19 мың оқушы тұрады. Олардың бәрін қамти алмаймыз, себебі мектептің жобалық қуаттылығы 4000 оқушыға арналған.

Осы оқу жылының үшінші тоқсанынан, яғни 2022 жылдың қаңтарынан бастап тағы үш BINOM мектебі жұмысын бастайды. Байтұрсынов көшесі, 49А және «Capital park» шағын ауданында 38-көше, 9/5 мекенжайында ашылатын екі мектебіміз №75, 82, 84, 85, 76 мектептердің бала саны бойынша жүктемесін азайтады деп күтеміз.

Биыл бірінші сыныпқа неше бала барды? Алдағы уақытта ашылатын мектептерді есепке алғанда қанша бала BINOM-да білім ала алады?

– Бірінші сыныптарда 675 оқушы бар. Олар 27 сыныпқа бөлінді. Қазір елордада 26 мың оқушыға орын тапшы. Осы оқу жылында Нұр-Сұлтан қаласында төрт BINOM мектебін пайдалануға беру арқылы 16 мың оқушы орынмен қамтылады. 2022 жылдың соңына дейін тағы екі мектеп ашу жоспарда бар. Яғни BINOM мектептері қаладағы өткір мәселені шешуге біраз үлес қосқалы тұр.

ФОТО: BINOM School баспасөз қызметі

Оқу қай тілде? Ағылшын тіліне басымдық беріле ме? Қосымша білім беретін үйірмелер, спорт секциялары және әртүрлі курстар қарастырылған ба?

– Оқушылар қазақ және орыс сыныптарында білім алады. Ағылшын тілі пәні типтік оқу бағдарламасына сәйкес оқытылады. Мемлекет стандарт бойынша белгіленген пәндердің бәрін оқиды. Көшбасшылық, терең ойлау, зерттеу дағдыларын қалыптастырады. Қазір бас санитардың қаулысына сәйкес үйірмелер өткізіліп жатқан жоқ. Кейін «Үйірмелер жәрмеңкесін» ұйымдастырамыз, қандай үйірмелер мен курстарға басымдық берілетіні сонда анықталады.

Елордадан бөлек Алматы, Шымкент секілді ірі қалаларда ашыла ма?

– Әзірге белгісіз. Өңірлердегі әкімдіктермен келіссөздер жүргізіп жатырмыз, сол себепті мектептеріміз тағы қай қалаларда бой көтеретінін нақты айта алмаймын.

ФОТО: BINOM School баспасөз қызметі

BINOM мектептерін ауыл-аймақта салу жоспарда бар ма? Сапалы әрі қолжетімді білім беру мәселесі қаладан гөрі ауыл-аймақта өзекті болып отыр.

– Балаларға мектептен орын жетіспеушілігі, үш ауысымды оқыту облыс орталықтарында да өзекті. Ал ауылдардағы мектептерде керісінше бала саны жетіспей, кей мектептер тоғыз жылдық, бастауыш болып қысқарып жатыр. Өңірлермен келіссөздер жүргізілуде. Біздің мектептер мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы салынатын болған соң, жергілікті билік мектеп жобасына қолдау көрсетсе өңірлерден мектеп салуға әзірміз.

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
5163 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Об авторе:

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить