Екі жағалау

13773

Пандемия қазақстандық білім беру саласындағы теңсіздікті одан әрі қиындатты

ФОТО: © Depositphotos.com/kzwwsko

Кез келген геймердің сленгінде «лаг» деген сөз бар. Бұл сөзбен әдетте интернет-сервистің жұмысындағы немесе файлды жүктеу кезіндегі кедергілерді сипаттайды. Өткен жылдың көктемінде әлемдік білім беру саласындағы ең үлкен лаг болды. Білім ошақтары өте аз уақыт ішінде жабылып, оқытудың дистанциялық форматына өтуі керек еді. Бұл жағдай Қазақстанды да айналып өтпеді.

Халықаралық сарапшылардың сөзінше, бұл лагтың салдары бүкіл әлем үшін зиянды, әсіресе, табысы төмен және табысы ортадан төмен елдер тіпті қатты зардап шегеді. Ол елдердегі онлайн оқудың барлығына бірдей қолжетімді болмауы, бюджетті қысқартулардан болатын тым жоғары тәуекел және мектептердің ұзақ уақытқа жабылуынан оқушылардың дұрыс білім алуға мүмкіндіктері де азаяды.
Дүниежүзілік банктің болжамынша, білім беру жүйесі пандемияның салдарынан әлі ондаған жыл зардап шегетін болады. Орта Азиядағы экономикалық шығын кем дегенде 44 млрд долларды құрайды. Сарапшылардың пікірінше, бұл жасөспірімдер арасындағы функционалды сауат-сыздықтың өсуіне алып келеді. Күнделікті өмірде оқу, жазу және математика қабілеттерін толық пайдалана алмайтын мектеп түлектері де көбейе түспек.

Қазақстандық білім беру саласындағы бір проблема екіншісіне жалғасып жатыр. Пандемия, оқушылардың функционалды сауатының, мұғалімдердің өмір сүру деңгейінің төмендігі – мұның бәрі айсбергтің жоғарғы жағы ғана. Бұл мәселелердің барлығы елдегі әлеуметтік және экономикалық жағдайға негативті әсер ететіні сөзсіз. Қазір жағдайдың ауыр екенін мойындап, бәрін ақ парақтан бастайтын кез жетті. Себебі жүйені тек жіберілген қателіктер ғана емес, оларға реакцияның дұрыс болмауы да құртады.

Мұғалімдердің мойнында

2020 жылдың наурызында төтенше жағдай жариялағаннан кейін бір аптадан соң сол кездегі ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев төртінші тоқсаннан бастап оқушылар білім берудің қашықтан оқу форматына өтетінін хабарлады. Сол уақыттан бастап білім және ғылым министрлігі онлайн-оқуға «ауырсынусыз» өтіп кететін механизмдерді талқылай бастады.

Мұғалімдердің сөзіне құлақ түрсек, қашықтан оқу негізінен Zoom және Microsoft Teams видеобайланыс түрлері немесе мессенджерлер арқылы жүргізілген. Сондай-ақ «Балапан» және «Ел Арна» телеарналары арқылы да сабақтар өтті.

Локдаун басталған соң BilimLand, Mektep Online және Daryn.online тәрізді жеке интернет-платформалардың да белсенділігі артты. Мұғалімдер ол платформаларда жұмыс істеу әдісін оқып үйренумен қатар «Күнделік» жүйесіне де ақпарат салып отыруы керек еді.

Forbes Kazakhstan-мен сөйлескен мұғалімдердің сөзінше, 2020 жылдың соңына дейін БҒМ оларға қашықтан білім беруге қатысты нақты жоспар ұсынбаған. Тәуелсіз зерттеуші және әлеуметтанушы Камила Ковязина оқушылар үшін өткен жылды есептеудің мүлде қажеті жоқ, сол кездегі оқу материалдарын қайта пысықтап шығу керек деп есептейді. «Не болғанын ойлаңыз, ешкім дайын болған жоқ.

Көпішілігінде (мұғалімдер мен оқушылар – ред.) интернеті, нұсқаулықтары да болған жоқ. Мұғалімдер оқу кестесін қалай реттеуді білмеді. Тіпті кейбірі Zoom-конференцияны қалай өткізуді де білген жоқ», – деп түсіндіреді ол. Ковязинаның сөзінше, оқу материалын өтті деп есептеп, келесі жылы оны қайталамау өте үлкен қателік болады.

Пандемия отандық білім беру үшін ең жайсыз кезде болды. Педагогтар 2016 жылы енгізілген жаңаланған бағдарламаға енді үйреніп келе жатқан еді. (Алғашында ол бағдарламаны да мұғалімдер мен ата-аналар тосырқай қарсы алды). Алайда коронавирус мұғалімдерге одан сайын күш салды.

Таңдаулыларға арналған білім

«COVID-19 өршігенге дейін Қазақстанда он баланың алтауы функционалды сауатсыз еді және бұл табысы ортадан жоғары, бір бала орта есеппен 13,7 жыл оқитын елде болып отыр. Пандемиядан кейін тағы да 100 мың оқушы функционалды сауатсыз атануы мүмкін», – деп жазады өзінің блогында Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі Жан-Франсуа Марто.

Елдегі білім беру саласының деңгейі туралы мәлімет алу үшін халықаралық PISA рейтигіне көз жүгірту жеткілікті. Қазақстан соңғы рет зерттеуге 2018 жылы қатысты. Сол кезде республика балалардың білім деңгейі бойынша ең соңғы 73-орында тұрған еді. Рейтинг құрастыру үшін оқушылардың математика, жаратылыстану және оқу бойынша білімдерін тексерген.

«Жеткен прогреске қарамастан, Қазақстандағы PISA көрсеткіштері Экономикалық әріптестік және даму ұйымындағы (ЭӘДҰ) елдер арасындағы орта көрсеткіштен төмен. ЭӘДҰ-ның осыған дейінгі есептерінде де әлеуметтік жағынан әлжуаз топтағы және оқу қиынға соғатын оқушыларға ұдайы қолдау көрсету керек екені жазылған», – дейді ЭӘДҰ-ның PISA тестілеуінің нәтижесі бойынша есебінде.
PISA зерттеуінде білім беру сапасы қарапайым мектептегі балалардың білімімен бағаланады. Ол балалардың қандай нәтиже көрсеткеніне байланысты елдегі орта балл шығады. Мұндағы қарапайым мектеп дегеніміз күндізгі мемлекеттік жалпы білім беретін мекемелер. Қазақстанда олардың саны – 6,9 мың. «Ақпараттық-сараптамалық орталық» АҚ-ның мәліметінше, 2020 жылы мұндай мектептерде оқитын балалар саны 3,2 млн адамды құраған, олардың жартысына жуығы (1,4 млн) ауылды жерде оқиды.

Пандемия және онлайн оқу елдегі білім берудегі айырмашылықты ұлғайта түседі деп есептейді халықаралық ұйымдар. Қарапайым ауылдағы немесе шағын қаладағы оқушыға Республикалық физика-математикалық мектепте немесе Назарбаев зияткерлік мектебінде оқитын оқушыға жету әлдеқайда қиын болды.

ЭӘДҰ мәліметінше, НЗМ оқушылары өз қатарластарынан 124 балл немесе үш жылға алға озып отыр. Дүниежүзілік банктің болжамынша, ондай айырмашылықтан кейін Қазақстандағы PISA көрсеткіштері жақсармай одан әрі төмендей түседі, тіпті сегіз балға дейін азаюы мүмкін. «Біраз уақытқа мектептердің жабылуынан кейін бай және кедей отбасындағы балалардың оқу үлгерім айырмашылығы 18%-ға дейін ұлғаяды», – деп атап өтеді Жан-Франсуа Марто.

«Төрт Қазақстан»

ҚР Тұңғыш Президентінің қорымен серіктесіп, елдегі адам капиталының дамуы бойынша кешенді зерттеу жүргізген «Зерттеу және консалтинг орталығы» сарапшыларының пікірінше, бүгінде елімізде «төрт Қазақстан» бар.

Сарапшылар халықтың жұмыспен қамту құрылымын пайдалана отырып ел аймақтарын төрт типке бөлген. Олар: постиндустриалды, аграрлы-индустриалды, аграрлы және өндіріске назар қойғандар. Әрқайсысының арасында табыс деңгейі, туу көрсеткіші, өмір сүру ұзақтығы және адам капиталына әсер ететін басқа да көрсеткіштер бойынша айырмашылық бар.

«Төрт аймақтар (аймақтар сипаты бойынша – ред.) арасындағы айырмашылықты көру таңғаларлық. Мәселен, жоғары және төмен көрсеткіштегі аймақтар арасында табыс деңгейі бойынша төрт есе айырмашылық бар. Бала туу бойынша елдің солтүстігін Еуропамен салыстыруға болады, оңтүстіктегі елді мекендер табысы төмен болып есептеледі. Ал елдің солтүстік-батысы өмір сүру ұзақтығы бойынша Африка елдеріне ұқсас», – дейді Жан-Франсуа Марто.

PISA-2018 көрсеткіштеріне қарап отырып үлгерімі төмен аймақтар үлгерімі жоғары аймақтардан төрт жыл артта келе жатқанын нақтылай түседі. Ковязинаның пікірінше, ең әлсіз топ ретінде ауылдағы және аз қамтылған отбасылардың балаларын айту керек. Оларға қосымша репетиторлардың оқуы керек болады.

«Егер (елдің барлық елді мекендеріне – ред.) интернет жүргізілсе, онда әрбір онлайн-мектептерге балаларды бекіту керек. Әрине, онлайн-мектептер балаларды өз ақшаларына оқытпауы қажет. Мемлекеттік тапсырыс, субсидиялар бар емес пе?» – деп атап өтеді әлеуметтанушы. Оның сөзінше, егер мұқтаж балалар сапалы онлайн-білімге қол жеткізе алмаса, келесі буында білім берудегі айырмашылықты еңсеру қиын болады. Дұрыс білім ала алмағандар өз балаларына өмірде жақсы старт сыйлай алмайды. Дегенмен Ковязина БҒМ аталған жағдайды ұзақ мерзімде реттеу үшін жұмыс жүргізіп жатыр деп есептейді.
«Қазір министрлік педагогикалық кадрлердің деңгейін көтеруге тырысып жатыр. Жақында ғана ведомство өткен жылы педагогика мамандығына түсу үшін шектік балдың көтерілгенін айтты. Ал пединститут студенттерінің стипендиясы екі есе өсті. Сондай-ақ БҒМ интернет-қызмет жеткізушілерді ауылдарға кіргізуге тырысып жатыр», – дейді сарапшы.

Ковязина пікірін Daryn.online білім беру платформасының басшысы, Forbes Kazakhstan-ның «30-дан жас 30» рейтингінің қатысушысы Айбек Қуатбаевтың тәжірибесі де растайды. Қуатбаевтың сөзінше, БҒМ басшысы Асхат Аймағамбетов елдегі эпидемия басталмай жатып қазақстандық EdTech өкілдерімен кездесуді қолға алған. Министрлік онлайн оқу туралы білгендей елдегі ақпараттық технологияларды меңгеру деңгейін көтеруге тырысып, мектептерде «Цифрлық сауат» пәнін оқытуды осы жылдан бастамақ.

Белгісіз жағдайда

2021 жылы қаңтарда Аймағамбетов Қазақстанда мектептегі білім беруге реформа жүргізілетінін мәлімдеді. Олардың бірі балаларға қосымша білім беруге мемлекеттік тапсырыс енгізу туралы заңдық норма. Министр мәлімдеуінше, мемлекет жеке білім беру ұйымдарына қосымша білім бергені үшін мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында қаржы төлейді. Мұндай шешім ірі бюджеттік шығынсыз балалардың үйірмелерге, секцияларға, дамыту орталықтарына қатысу тәрізді мәселені кезең-кезеңімен шешуге мүмкіндік береді.

Елдегі білім беру деңгейін көтеру бойынша тағы бір шара – іске қосылғанға дейін оқу бағдарламаларына сараптама жүргізу. БҒМ асығыстық таныту, соңына дейін ойланбау деген проблемамен күресу үшін бұл мәселені өте маңызды деп есептейді.

Forbes Kazakhstan сұрақ қойған отандық EdTech өкілдері мен сарапшылары министрлік бағыт алған курс дұрыс деп есептейді. Бір жағынан ол мектептегі білім беруге жекеменшік идеялардың араласуына кедергі келтірмейді. Тек Қазақстанда білім беруге жауапты шенеуніктердің жиі ауысатынын ескерсек, қазіргі реформалардың қаншалықты ұзақ мерзімді болатыны белгісіз.

Бәлкім,үкімет халықаралық қауымдастықтың кеңестеріне жиі құлақ асуы керек шығар. 2009 жылдан бастап ЭӘДҰ Қазақстанға нашар және үздік оқитын оқушылар арасындағы айырмашылықты қысқарту туралы ұсыныстар айтып келеді. Forbes Kazakhstan дереккөзінің айтуынша, БҒМ тапсырыс бойынша жергілікті сарапшылар да өз ұсыныстарын дайындаған. Бірақ отандық та, шетелдік те сарапшылардың ұсыныстары шенеуніктердің жұмысына өзгеріс әкелмеген. «Барлығы үстел үстінде қалды, шын мәнінде ешкімге керек болмады», – дейді дереккөз.

Әзірге үкіметтің білім беруге қаржыландыруды 2025 жылға қарай ЖІӨ-нің 3,4%-ынан 7%-ға дейін ұлғайту туралы өзгерісі үміт береді. «Бұл жақсы идея, елге ЭӘДҰ білім беру шығыны бойынша орта көрсеткішіне жақындауға мүмкіндік береді. Бірақ инвестицияның тиімді болғаны және барлық балаларға пайда әкелгені маңызды», – деп атап өтеді Жан-Франсуа Марто. Сондай-ақ сарапшылардың сөзінше, пандемиядан келген соққыны жұмсарту үшін үкімет білім беру ұйымдарының тиімділігіне қатысты жүйелі мониторинг жасап, оларға жан-жақты қолдау көрсетуі керек.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить