Бүгінгі білім және адам

«Ең маңызды капиталымыз – адам» деген пікірді естімеген адам жоқ шығар? Білім – дәл сол капиталды қалаудың ең басты жолдарының бірі

ФОТО: pixabay.com

Адам баласы білім арқылы ғана адами қасиеттерге ие бола алады. Басқаша айтар болсақ, жануарлар негізгі түйсіктермен өмір сүрер болса, адам баласы мен қоғамның жалғасымды болуын қамтамасыз ететін фактор – білім. Білім дегеніміз – қоғамдағы мәдени капиталды, мәдени жинақты жас буынға тапсыру ісі болумен қатар, алдыңғы буынның өздеріне ұқсас адамдарды қалыптастыру үшін жасайтын іс-әрекеттерінің атауы. Мұны іске асыру барысында белгілі бір типтегі «идеал адам» моделі қашанда көз алдымызда тұрады және жас буынды сол идеал адамға ұқсатуға тырысамыз.

Соңғы 1–2 ғасырда білім беру саласы әлдеқайда демократияланды және осының нәтижесінде білім барлық таптар мен топтарға қол жетімді болды. Қазіргі таңда білім беру жүйесінен қоғам мен гуманизмнің не күтетіні бұрынғыға қарағанда әлдеқайда анық: әрбір қоғам өзінің білім беру жүйесінен өздеріне тән ұлттық ерекшеліктерге бай «азамат» қалыптастыруды көздесе, гуманизм бұл азаматты «жалпыға ортақ құндылықтармен» көмкеруді міндеттейді, өйткені «адам сияқты өмір сүру» тек қана белгілі бір қоғамның емес, бүкіл адамзат атаулының негізгі қажеттілігі.

Сонымен қатар қазіргі таңда білімнің мәні мен жиегі де кеңейді; диджитал технологиялық төңкеріс пен COVID-19 пандемия кезеңі де білім беру мен білім алуға байланысты көптеген жағдайды өзгертті.

Біріншіден, қазіргі таңда білім алу дегеніміз «мектептен бұрын басталатын» үдеріске айналды. Сонымен қатар мектептен кейін де жалғасын табатын, тіпті «өмір бойы білім алу» сынды идеалдармен көмкерілген іс-шараға айналды. Осылайша «білім – адам баласы туғаннан өлгенге дейінгі өмірінің әрбір сәтінде болатын жағдай» түсінігі қалыптасты.

Екіншіден, білім тек қана мектептердің, колледждердің немесе университеттердің өнімі болудан қалды. Әлеуметтанушылар айтып жүрген «қосымша мектептердің» де білім беру үдерісінен орын алған кезең басталды. Яғни, білімнің көптеген мөлшері формалды оқу орындарында емес, осы «қосымша мектептер» арқылы қалыптасады. Бала білім алып жүрген мектебінен тыс қоршаған ортадан, үнемі өзіне назар аудартатын стимуляторлардың ықпалы мен әсерінде қалады. Медиа, соның ішінде смарт технологиялармен жабдықталған медиа қазіргі кезеңдегі балалардың ең көп «баратын» «қосымша мектептері».

Қысқасы, балаға білімді қоршаған орта құралдары береді. Бұл жағдай міндетті түрде балаға әсер етеді және болашағындағы кейбір жеке ерекшеліктерінің қалыптасуында рөл ойнайды. Осылайша қазіргі таңда «білім беру» немесе «білім» деген феномендердің мағынасы бұрынғыға қарағанда әлдеқайда кеңейген – шындық осы! Сондықтан да медиа білім берушілерге бір жағынан «көмекші» болса, екінші жағынан – әртүрлі проблемалар туғызатын қайнар көз.

Үшіншіден, білімнің «контенті» кеңейді. Қазірге дейін білім адам баласының тек қана ақылы немесе жадымен айналысқан болатын. Білім Батыстағы 17-ғасыр, біздегі 19-ғасырдың соңы мен 20-ғасырдың басындағы «мәдениетті адамнан» белгілі бір құндылықтардың ізімен жүруді талап етті. Заманауи білім, адам «аяғы басқан» барлық салаға енуді көздейді. Олай болса қазіргі таңда білім беру үрдісі адамның санасын, сезімдері мен жосықтарын дамыту, оларды адами мақсаттарға бағыттауға арналған іс-шаралардың тұтастығын қамтиды: ұлттық мәдениеттердің байлығы мен құндылықтарынан бас тартпай, оны жалпыға ортақ құндылықтармен толықтыру; мына дүниедегі орнын білетін саналыға айналдыру; келешегінің өз қолында екенін сездіру және бұл жөнінде сенім қалыптастыру.

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
6663 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить
Naimi.kz: Казахстанцы не хотят работать Смотреть на Youtube