Қазақшаңыз қалай? Елімізде қазақ тілін меңгеру курстарына деген ерекше сұраныс байқалуда

40226

Таяуда жария етілгендей, Қазақстан Республикасының азаматтығын алу үшін мемлекеттік тілден емтихан тапсыру керек болады: аталған шара елімізде 2023 жылы пилоттық режимде енгізіліп, байқалмақ

ФОТО: © unsplash.com/Compare Fibre

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің түсіндіруінше, мұндай мтихан, алдымен, құжатында ұлты көрсетілмеген қандастарға қатысты ескерілмек. Жалпы, 2027 жылға дейінгі отандық миграциялық саясаттың жаңа концепциясы бойынша, Қазақстан Республикасының азаматтығын алам деушілер үшін қазақ тілін базалық деңгейде білумен қатар, ел тарихы және Ата Заң туралы хабардар болу да талап етілмек.

Ал осы тұста ел ішінде қазақ тілін үйренуге деген сұраныс пен құлшыныс артып, қазақша сөйлеу өзіндік трендке айнала бастаған түрі бар.

Қазақ тілін үйретуге негізделген әртүрлі оқу курстары мен онлайн-мектеп өкілдерінің айтуынша, қазақша үйренуге ниет танытушылардың арасында тек жергілікті тұрғындар ғана емес, релоканттар, шетелдік мамандар, тіпті туристер де бар. Оқытушылардың пікірінше, «қазақша сөйлеу» үрдісі алдағы уақытта әрі қарай нығая түспек, өйткені биылдан бастап жалпы білім беретін мектептердегі орта және жоғары сынып оқушылары қазақ тілінен емтихан тапсыруы тиіс.

Қазақша сөйлеу біртіндеп трендке айналуда

«ELC Қазақша сөйле» тіл үйрену орталығының атқарушы директоры Гүлназым Мұқаш, өз сөзінде, бұрындары қазақша үйренуге жас шамасы «30-дардың о жақ, бұ жағындағы ересек аудитория», яғни ірі компаниялардың өкілдері, бизнесмендер, депутаттар, әкімшілік қызметкерлері мүдделі болатын дегенді айтады. Себебі олар қызмет бабында мемлекеттік тілді білуі шарт. Бірақ қазір қазақ тіліне деген ынта-зейін, әсіресе, жастар жағынан көбірек байқалуда.

 

«Жастардың арасында қазақша сөйлеу өзіндік бір жаңа тренд, сәнге айнала бастады. Олардан тіл меңгеру мақсаты туралы сұрасақ, көбісі «өзім үшін» деп жауап береді, яғни, тек жұмыс бабымен ғана емес. Олар қазақша емін-еркін сөйлеп, қоғам ішінде өздерін еркін сезінгісі келеді», - дейді тіл үйрену орталығының басшысы.

Гүлназымның айтуынша, қазақша үйренуге ерекше ықылас танытушылардың өзіндік бір тобын халықаралық отбасы өкілдері құрайды: қазақша біле қоймайтын ата-аналар, қазір балаларының қазақша сөйлеуіне ниетті.

Тілге деген қызығушылығы бар екінші топты, Гүлназым, «нарық ішіндегі қызмет көрсетуші сегмент» деп сипаттайды: «Қызмет саласы өкілдерінің айтуынша, қазір орысшадан гөрі қазақша сөйлеуге құлықты немесе орысша білмейтін клиенттер үлесі көбейіп келеді. Әлбетте, олар клиент аясын қысқартуға мүдделі емес, тұтынушының тілінде қызмет көрсетуге ден қоймақ».

Қазақша сөйлеуге мүдделі үшінші топтың ішінде сарапшылар, әртүрлі деңгейдегі спикерлер, әлеуметтік желідегі каналдар мен аккаунт иелері бар, мысалға, желіде өз парақшасын ашқан психологтар сияқты. «Бұрын олардың парақшалары тек орысша болатын, қазір олар қазақ аудиториясын да қамтығысы келеді. Ал клиенттің сенімінен шығып, онымен тіл табысу үшін, оның проблемасын сезініп, түсіну үшін клиентпен бір тілде сөйлеу керек», - дейді Гүлназым Мұқаш.

Ол, сондай-ақ қазақша үйренуге қазір жергілікті де, сырттан келген де өзге этнос өкілдері қызығушылық танытуда деп отыр. «Оның ішінде ресейліктер де, украиндар да бар» деп қосады ол бүгінгі геосаяси жағдайды меңзеп. Мысалға, Қазақстанға келген бір шетелдік дәрігер «базалық деңгейде болса да өз қызметі аясында қазақша сөйлеуді маңызды санайды».

Гүлназымның айтуынша, «ELC Қазақша сөйле» тіл үйрену орталығында қазақша үйренем деушілердің саны соңғы айларда, орташа есеппен алғанда, 15–20%-ға артқан.

Бір жылда 365 сөз үйренуге болады...

Бүгінде Қазнет аумағында қазақ тілін үйретуге негізделген онлайн курстар аз емес. Тіл үйренушінің сөздік қорын арттырып, қарапайым сөз тіркестерін қолдана отырып, дұрыс сөйлеуге үйрететін мобильді қосымшалар да бар. Қазақ тілін үйретуді кәсіп еткен блогерлер саны артуда. Олардың арасында грамматикадан сабақ берумен қатар, қазақша әндерге сүйене отырып, тіл үйретуді қолға алған оқытушылар да кездеседі. Дегенмен, желі ішінде қаулап өсе бастаған онлайн курстардың оқытушылары түгелдей білікті педагог, диплом алған лингвист не тәжірибелі оқытушы деп айта алмаймыз...

Әрине, креативті идеялар мен әдістерді тиімді қолданып жүргендер де баршылық – олардың дені жастар. Мысалға, Оксана Набиева-Драчева (Тиктокта: qazaqtili.oxana) қазақ тілі мектебін осыдан 5 жыл бұрын ашқан. Жамбыл облысында туып-өскен ол, қазақ мектебінде оқып, білім алған. Қазақша білмейтін ата-анасы кезінде қыздарын қазақ мектебіне өздері алып барған.

 

Бүгінде Оксана кәсіби аудармашы. Ол қазақшадан орысшаға және орысшадан қазақшаға ілеспе аударма жасаумен қатар, өзі ашқан тіл мектебінде онлайн және оффлайн форматта сабақ береді, корпоративтік тренингтер жүргізеді. TikTok пен Instagram-да қазақша үйретуді қолға алған. Тілүйретуде Оксананың өз арнайы әдістемесі бар.

 

«Мен 8 сыныптан бері қазақша еркін әрі таза сөйлеймін деп айта аламын. Қазақ тілінің барлық ереже-заңдылығын өз бетіммен оқып, үйрендім. 14 жасымнан өзгелерге үйрете бастадым. Алматыда үш жыл бойы оқушыларымның үйіне өзім барып, сабақ бердім. Сөйтіп, 20 жасымда алты ай бойы кеңсе жалдауға жететін ақша жинап, керек-жарақ алып, өз мектебімді аштым. Бүгінде 600-ден астам оқушыға қазақша үйретіп, сабақ беремін», - деп әңгімелейді Оксана.

Қазір оның мектебінде Алматы, Ақтау, Атырау, Астана, Қарағанды қалаларынан және Эстония, Ресей, Украина елдерінен, тіпті Құрама Штаттардан да оқушылар бар. «Украинадан қазақша үйреніп бастаған қыз бала, домбыра тартуды да меңгеріп алды», - деп қосады ол мақтанышпен.

Қазақ тілін үйретуде Оксана толығымен өзі арнайы дайындаған тәсілдерге сүйенеді, оның ішінде аудио- және видео-сабақтар, геймофикация әдістері ескерілген. «Қазір қазақ тілінің 120 сабағы деген толыққанды бағдарлама дайын. Тіл ұстарту курсын да дайындап қойдық, жаңа жылдан бастап қолдана бастаймыз», - дейді ол.

Бүгінде Оксана Набиева-Драчева ашқан мектепте 12 қызметкер бар, оның 9-ы сабақ береді, сонымен қатар мұнда SMM-маман, мобилограф және әкімшілік қызметкер жұмыс істейді.

«Қазақ тілін дамыту перспективасынан өз басым орасан-зор мүмкіндік көріп отырмын. Бұл сала тың бастама, креативті ізденістерді қажет етеді. Мысалға, мен былтыр Жаңа жыл қарсаңында өзім ойлап тапқан, авторлық күнтізбе жасап шығардым. Күнтізбеде жылдың он екі айын қамтыған 12 грамматикалық құрылым және 365 жаңа сөз берілген. Яғни, қазақша мүлдем білмеймін деген адамның өзі бір жылда 365 сөз бен 12 ережені игере алады. Қазақ тілін үйретуде жаңа, тың идеялар ешқашан көп болмайды, ең бастысы, отандастарымыз мемлекеттік тілді бала кезінен дұрыс меңгеріп, түсіне алатындай жағдай жасау керек», - дейді Оксана.

 

Қазақша үйрену қымбат па, арзан ба?

Айта кету керек, мемлекеттік тілді игеріп, меңгеруге құлшыныс таныта қоймаған отандастарымыздың едәуір бөлігі жылдар бойы «қазақ тілінде тиімді, ыңғайлы әдістеме жоқ» дегенді алға тартумен болды.

Бүгінде ғаламторда қазақша үйретуге бейімделіп, негізделген небір бірегей ұсынысты оңай іздеп табасыз, оның ішінде өз бетімен тегін оқып, үйрену мүмкіндігі де жоқ емес. Мысалға, kaz-tili.kz сайтында қазақша үйренудің кайдзен әдісі берілген. Ал QazComics бренді қазақша комикстер шығаруға ден қойған.

Сол сияқты, Фейсбук желісінде қазір тіл ұстарту мақсатында құрылған әртүрлі клубтар да жеткілікті, олардың біразы тегін, бірқатары ептеген мөлшерде ақы сұрайды. Ұсынылған әдістердің арасында пікірталас клубы, дайын диалогтарды талқылап, игеру, сондай-ақ қазақ тілін ел тарихы, қазақтың дәстүр-мәдениеті немесе эпос-жырлары негізінде үйрету тәсілдері де бар.

Тіл меңгеруде оқытушының қадағалауымен, арнайы топқа ілесіп оқуды қалайтындар да өзіне жайлы ұсыныс таба алады. Айталық, Жеңіс Алиев, қазақ тілін бір айдың ішінде қарапайым тұрмыстық деңгейде игеру мүмкіндігін ұсынып отыр.

 

«Менің курсым қазақша сөйлегісі келетіндерге арналған – аптасына 2 сағат. Мұнда оқушының жас ерекшелігі, не тілді игеру деңгейі маңызды емес. Мен оларға қазақ тіліндегі жалғауларды дұрыс қолдана отырып, сұраққа жауап беруді, өз ойын қазақша жеткізуді үйретемін. Кез келген тілді оқып, меңгерген адам, әдетте, сол тілде бірден сөйлеп бастауға жүрексінеді. Мен ұсынатын курс осы үрейден арылып, бір айда сөйлесіп бастауға, белгілі бір деңгейде сөз қорын меңгеруге негізделген», - дейді Жеңіс.

Мамандығы бойынша Жеңіс Алиев тарихшы, өз клиенттерін ол ғаламтордағы, мессенджерлердегі әртүрлі чаттар арқылы тауып, шақырған, мысалға, өзге елдерден қоныс аударушылардың телеграмдағы қоғамдастықтары секілді. Оның айтуынша, шетелдіктерге кеңес беруші осындай чаттарда: «Қазақстанға келгенде қазақша білу маңызды емес, орысша білсең жетеді» дегендей пікірлер де кездесіп қалады. «Осы сынды көмекші-сымақтардың бұл «кеңесі» қазақ тілін үйренсем дегендердің шын ниетін су сепкендей басып тастайды», - деп қынжылады ол.

Байқауымызша, қазақша үйрету курстарындағы бүгінгі таңдағы оқу құны, орташа есеппен алғанда, бір сағатқа 2 мың теңге төңірегінде (оффлайн негізде).

Бірқатар курстарда балаларға арналған онлайн сабақтар айына 15 мың теңге, ал ересектер үшін, шамамен, 20 мың теңге төңірегінде. Әдетте, қазақша үйретуші курстардың басым бөлігінде бірінші сабақ тегін.

Қазақ тілін үйрету курстары өкілдерінің айтуынша, бүгінде қазақша үйренуге ықылас танытушылардың басым бөлігі тіл үйренумен қатар, Қазақстанның тарихы, мәдениеті, салт-дәстүрі туралы да мәлімет алуға ниетті, байқасаңыз, ізденем деген кәсіпкерге, бұл ой салатын мәлімет...

Фотосуреттер кейіпкерлердің жеке архивінен алынды

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить