Асхат Аймағамбетов: Офицерлер дайындау – ортақ міндет

28705

Елімізде әскери-патриоттық тәрбиеге мән берілмек

ФОТО: facebook.com/askhat.aimagambetov

Отандық университет түлектері әскери қызметтен өткен жағдайда, жоғары білім алу үшін берілген мемлекеттік грантты үш жыл бойы өтеу мерзімінен босатылуы мүмкін. Бұл жайында Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында ҚР ғылым және білім министрі Асхат Аймағамбетов мәлім етті.

Министр өз жазбасында, бүгінде жоғары оқу орындарында «мемлекет есебінен оқыған» студенттерге грантты «өтеу талабы қойылатынын» ескертеді. Ғылым және білім министрлігінің ұсынысы жүзеге асар болса, министр Аймағамбетовтың пікірінше, «бұл оқуға түсушілерді ынталандырып, әскери қызметке деген қызығушылықты арттыруы тиіс».

Ғылым және білім министрі Facebook желісіндегі парақшасында, кеше, яғни мамырдың 19-да ҚР қорғаныс министрлігімен бірлесіп «мектептерде әскери-патриоттық тәрбие беру, еліміздің әскери жоғары оқу орындарында кадрларды даярлау және әскери қызметтің тартымдылығын арттыру мәселелерін талқыладық» деп жазды 20 мамырда.

«Еліміздің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету, отансүйгіштікке тәрбиелеу, жастарды алғашқы әскери дайындықтан өткізу және офицерлер даярлау – ол ортақ міндет. Ал осы бағытта біздің министрлік өте маңызды рөл атқарады», - деп жазған министр Аймағамбетов, жастардың арасында әскери-патриоттық тәрбие беру жұмысын арттыруды «Мемлекет басшысы тапсырғанын» алға тартып, ҚР ғылым және білім министрлігі атынан «Президенттің тапсырмасын жүзеге асыруға бағытталған» бірқатар ұсынысын жария етті.

Оның ішінде, мысалы, әскери борышын өтеген университет түлектері мен «Кадет» сыныбын бітірген түлектер грант алу үшін, оларға 5% квота бөлу жөнінде де айтылған. «Бұл жыл сайын 3000-нан астам студент» деп көрсеткен ғылым және білім министрі, аталған шара «мерзімді әскери қызметті өткерудің тартымдылығын арттырады» деп қосады.

Асхат Аймағамбетов, сондай-ақ: «Әскери қызметте немесе бітімгершілік және басқа да арнайы операцияларға қатысып, қаза тапқан әскери қызметшілердің балаларына университеттерде оқуға гранттар беру туралы норманы енгізуді» ұсынады.

Сол сияқты, еліміздегі мерзімді әскери қызметін өтеп жүрген жастардың қазір «білім алуға мүмкіндіктері көп емес» деген ол, алдағы уақытта әскери борышын өтеп жүргендерге арнап «жаппай онлайн курстар ашылады» деп отыр. «Біз, сондай-ақ сарбаздардың оқу нәтижелерін қайта тексеруге және қысқа мерзімді курстардан өтіп, біліктілік емтиханын тапсырып, оларға жұмысшы мамандығын алғаны туралы диплом беруге дайынбыз», - дейді Асхат Аймағамбетов.

Министр тарапынан айтылған «тағы бір маңызды бастама»: әскери бөлімдердің кейбіреуінде колледждер ашу тұрғысында. «Осы мәселе бойынша талдау жүргізіліп, нақты шешім қабылданады», - деп жазады ол.

Жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруге негізделген іс-шаралар қатарында еліміздің Ғылым және білім министрлігі тарапынан ұсынылған өзекті мәселенің бірі – жоғары оқу орындарындағы «әскери кафедраларды оңтайландырып, қайта  қарау» тұрғысында.

«Бізді олардың жұмысының сапасы мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдері алаңдатады» деп жазған Асхат Аймағамбетов, «студенттерге нашар білім беріп, сапаны көтеруді ойламайтын әскери кафедраларды жабу қажет» деп есептейді. Министр, сондай-ақ, әскери кафедралардың барлық қызметкерін «қайта аттестациядан өткізу керек» деп отыр.

Сол сияқты, егер отандық кадет сыныптарының түлектері әскери-техникалық бағыттағы жоғары оқу орындарында білім алуға ниетті болса, онда Ғылым және білім министрлігі оларға арнап квота бөлу мүмкіндігін қарастырмақ. Министрдің мәліметінше, қазір елімізде жалпы білім беретін мектептердегі кадет сыныптарында 22 мыңнан астам оқушы білім алады. Кадет сыныптарының жұмысы «НҚА-да регламенттеледі» деген Асхат Аймағамбетов, «оқу бағдарламалары, ынталандыру пакеттері және басқа да мәселелер Қорғаныс министрлігімен бірлесіп  шешіледі» деп жазады.

Ғылым және білім министрі, сонымен қатар, «Алғашқы әскери және технологиялық дайындық» пәні бойынша да сөз қозғап, бұл тұрғыда «оқу бағдарламасын тәжірибеге бағытталған білім мен машық алу бағытында жаңартудамыз» деп көрсетеді.

«Біз Қорғаныс министрлігінен 5 күндік әскери-дала оқу-жаттығу жиындарын өткізу үшін оқу полигондарын беруді сұрадық, бұл «алғашқы әскери және технологиялық дайындық» пәнінің бағдарламасында бар» деп жазады Асхат Аймағамбетов.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить