Құрылыс саласы: Отандық өнім бар, бірақ баға қымбат

Елімізде құрылыс материалдарын өндіру көлемі артып келеді, бірақ құрылыс заттарының бағасы бәрібір қымбат. Неге? Бұл сұрақты Forbes.kz сала ішіндегі мамандар мен сарапшыларға жолдаған болатын

ФОТО: © unsplash.com

Статистикалық мәліметтерге ден қойсақ, 2022 жылдың наурызында елімізде жаңадан салынған тұрғын үй құны ақпан айымен салыстырғанда бірден 5,5%-ға қымбаттаған. Ал 2021 жылдың наурызына қарағанда 20,3%-ға өскен. Бүгінде тұрғын үйдің бір шаршы метрінің орташа бағасы 408,95 мың теңге төңірегінде.

Екінші деңгейдегі нарықтағы жылжымайтын мүлік бағасы бір айда 4,6%-ға, бір жылда 27,7%-ға өскен. Мұндағы шаршы метрдің орташа құны 451,3 мың теңге шамасында. Сарапшылардың айтуынша, жылжымайтын мүлік нарығындағы бағаның өсуіне теңгенің күрт құлдырауы және құрылыс материалдарының қымбаттауы қатты әсер еткен.

«Мәселе зейнетақы жинағында емес»

ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің деректерінде, Қазақстандағы құрылыс материалдарының 57%-ын отандық кәсіпорындар өндіреді, 43%-ы импорттан келеді делінген. Ел үкіметі импортталатын құрылыс материалдарының үлесін 60%-ға төмендетуді жоспарлап отыр. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың мәліметінше, былтыр Қазақстанда құрылыс материалдарын өндіру 9,8%-ға артқан. «Қазақстандық өнім өндірушілер ішкі нарықтың бетон, цемент сияқты құрылыс материалдарына деген қажеттілікті толық көлемде жаба алады. Барлық жерде ғимараттарды салу және жөндеу кезінде тек қазақстандық гипсокартон мен құрғақ құрылыс қоспалары пайдаланылады», - деді таяуда министр БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Талғат Ерғалиев, Қазақстан құрылысшылары одағының төрағасы
Талғат Ерғалиев, Қазақстан құрылысшылары одағының төрағасы

Өз кезегінде, Қазақстан құрылысшылары одағының төрағасы Талғат Ерғалиев бұл дерекпен келіспейтінін айтады. «Қазақстан құрылыс материалдарының шамамен 60%-ын шетелден алады. Біз цементті, кірпішті, пластик терезені, арматураны өзіміз өндіргенімізбен, ол отандық нарықтың қажеттілігі үшін бәрібір жеткіліксіз. Сондықтан көбін шетелден алуға тура келеді. Айталық, арматураны, темірбетонды өзіміз өндіреміз. Бірақ ол аздық етіп, көп бөлігін сырттан алдырамыз. Мысалы, бетон түрлі қоспадан тұрады. Ал ол қоспалар Германиядан, Скандинав елдерінен жеткізіледі. Біз кірпіш те өндіреміз, бірақ ішкі нарық үшін ол әлі де жеткіліксіз. Оның орнын толтыру үшін тағы да шетелден алдыртамыз. Яғни, елімізде өндірілетін өнімдердің шикізаты шет елдерден әкелінеді, сол себепті олардың құны валюта бағамына орай ауытқи береді», - дейді Құрылысшылар одағының төрағасы.

Ашық көздердегі ресми мәліметтерге жүгінсек, Қазақстанда өндірілетін негізгі тауарлардың арасында бағасы бір айда шамамен 4%-ға дейін, бір жылда 32,9%-ға дейін өскен құрылыс материалдары бар. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, бір айда ерітінділер және қатырма қоспалары 3,6%-ға, қабырға блоктары 2,6%-ға, қара металдан жасалған конструкциялар 2,4%-ға қымбаттаған. Ал бір жылдың ішінде барынша қымбаттаған тауарлар: қара металдан жасалған конструкциялар (3,2%), темірбетон шпалдар (31,6%), силикат және қож кірпіштер (27,6%), ерітінділер және қатырма қоспалары (16,6%), қабырға блоктары (15,3%).

Қазақстандағы құрылыс материалдарын өндіруші әсіпорындардың ішкі нарықтағы бағасы қалай өзгерді/Теңгемен

 

2022 ж. наурызы

2022 ж. ақпанымен салыстырғанда

2021 ж. наурызымен салыстырғанда

 

Силикат және қож кірпіштер (тонна)

12 512

100%

127,6%

Темірбетон шпалдар (тонна)

40 368

100%

131,6%

Ерітінділер және қатырма қоспалары (тонна)

11 4297

103,6%

116,6%

Қара металдан жасалған құрама конструкциялар (тонна)

55 1452

102,4%

132,9%

Бетон (тонна)

8 650

100,2%

108,6%

Қабырға блоктары (тонна)

23 072

102,6%

115,3%

Әктас, оның ұнтағы және басқа да әктас тастар (тонна)

1 533

100%

92,7%

 

Тұрғын үй-жайларды жөндеуге арналған материалдардың бөлшек саудадағы бағасы

 

Цемент (50 кг)

1 787

103,9%

116,2%

Құрғақ қоспалар (25 кг)

3 129

108,8%

117,8%

Қабырға кафелі (ш.м.)

 3 364

102,7%

107,6%

Тұсқағаз (10 м)

9 923

102,2%

105,5%

Дерек көзі: Ұлттық статбюро

Ал тұрғын үйді жөндеуге қажет материалдардың ішінде құрғақ қоспалардың бөлшек саудадағы құны бір айда 8,8%-ға, бір жылда 17,8%-ға қымбаттаған. Цементтің бағасы бір айда – 3,9%-ға, бір жылда 16,2%-ға өскен.

Талғат Ерғалиев, құрылыс материалдарының қымбаттауы салдарында «кей қалаларда құрылыс атаулы тоқтап жатыр, оның ішінде мемлекеттік бағдарламалар бойынша тұрғызылып жатқан нысандар да бар» дегенді айтады. Құрылысты жалғастыру үшін «жоба-смета құжаты қайта қаралуы керек» деген ол, «құрылыс материалдары бағасының өсуі жылжымайтын мүліктің қымбаттауына тікелей әсер етуде» деп ескертеді.

«Кез келген құрылыс объектісі құнының 50-60%-ын құрылыс материалдары құрайды. 20%-ға жуығын құрылысшылардың жалақысы, қалған бөлігіне механизм, үстеме ақысы және басқа да шығындар кіреді. Тұрғын үй нарығындағы бағаның өзгеруіне құрылыс материалдарының әсері орасан. Құрылыс материалдарының бағасы өссе, соған сай құрылысшылардың жалақысы да өседі. Өйткені сондай ереже бар. Объектінің сметасы материалдың өзіндік құнымен тікелей байланысты етіп жасалады. Демек, адам өмірі қымбаттайды, азық-түліктің, әртүрлі қызметтердің бағасы өзгереді. Соңында тұрғын үйдің шаршы метрінің бағасы өседі», - дейді Талғат Ерғалиев.

Кей сарапшылар, Қазақстан нарығында тұрғын үйдің қымбаттауына «мемлекеттік бағдарламалар мен зейнетақы жинағы әсер етті» деп отыр, бірақ Талғат Ерғалиевтің пікірінше, мұндай болжам – қате. «Жылжымайтын мүлік нарығындағы баға 2020 жылдың көктемі мен жазында едәуір өсті. Ал қазір ол тоқсан сайын, ай сайын қымбаттап барады. Ресми статистика – баға тек 5–6% өсті деп отыр, ресми емес көрсеткіштер айтарлықтай жоғары. Қазір кей сарапшылар, тұрғын үй бағасының өсуіне зейнетақы жинағының жұмсалуы әсер етті деп жүр, бұл жаңсақ пікір. Зейнетақы қаражаты шаршы метрдің құнын емес, мәмілелер санын ғана көбейтті. Сарапшылардың біразы – зейнетақы жинағын қолдану тұрақталғасын, тұрғын үй нарығындағы баға да төмендеп, қалыпқа келеді деп болжады. Бірақ олай болмай шықты», - дейді ол.

Айта кетейік, Қазақстанға құрылыс материалдарының көп бөлігі Ресейден, Түркиядан, Қытайдан, Скандинав елдерінен, Германиядан, Польшадан, Ираннан жеткізіледі. «Ресей экономикасына қойылған санкциялардың әсерінен тауар тасымалы бойынша түйінді мәселелер туындап жатыр, көлік жолдары бұзылуда. Сондықтан кей елмен жаңа келісімшарт жасалуда. Бұл да өнім тасымалдау құнына, шаршы метрдің бағасына әсер етпей қоймайды», - дейді құрылыс саласының сарапшысы. 

«Түбегейлі реформа қажет»

Талғат Ерғалиев, қазақстандық кәсіпорындардың құрылыс материалдарын өндіруге толық мүмкіндігі бар деп отыр: «Бұл бір айда немесе бір жылда шешіле салатын мәселе емес. Бірақ бірте-бірте іске асыруға болады. Ішкі нарықты 100% қамту үшін, үкімет тарапынан отандық тауарларды дамыту бағдарламасы қажет. Қазақстанның Даму банкі қаржыландырған бірнеше ірі жобаның көбі қазір жұмыс істемейді. Кішігірім цех, кәсіпорындарды қолдайтын бағдарлама бойынша шетелдік тәжірибені мысалға алуға болады. Скандинав елдерінде кәсіпорын ашсаң, мемлекет қызметкерлердің жалақысын, салығын, жалға алу ақысын, коммуналдық төлемдерді төлеп береді. Нәтижесінде, нарықты сапалы тауармен қамтып, өндірісті, технологияны дамытуыңыз керек. Қытайда мемлекет жер береді, зауыт немесе цех салуға көмектеседі. Ал кәсіпкердің міндеті – технологияны құрастыру. Тіпті, мемлекет технологияға да көмектесуі мүмкін. Кәсіпкердің міндеті жұмысты өнімді етіп ұйымдастырып, нарықты тауармен қамту. Осындай әдістер арқылы көптеген елдер ілгері дамуда, ал біз ескі жүйенің кесірінен өркениеттің соңында қалып қойдық».

Жамбыл Мелдебай, «Бәйтерек» астана құрылысшылары одағының президенті
Жамбыл Мелдебай, «Бәйтерек» астана құрылысшылары одағының президенті

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, ішкі нарықты сұранысқа ие құрылыс тауарларымен қамтамасыз ету үшін – импортты алмастыратын жалпы сомасы 601 млрд теңге болатын 35 жобаны іске асыру көзделген. Жаңа жобалар 2025 жылы құрылыс материалдарының 10 түрі бойынша қажеттілікті өтеуі тиіс. «Темірбетон бұйымдары, бетон, құрғақ қоспалар, лак-бояу бұйымдары, кірпіш, шыны, кабельдер сияқты құрылыс материалдары бойынша ішкі нарықты 100% жабу жоспарланған», - деді Қайырбек Өскенбаев таяуда.

Дегенмен, құрылыс саласының ардагері, «Бәйтерек» астана құрылысшылары одағының президенті Жамбыл Мелдебай Қазақстандағы құрылыс саласына түбегейлі реформа керек дегенді алға тартады. Маманның айтуынша, Қазақстанның құрылыс саласын жемқорлық жаулап алған.

«Қазір барлық салада құрылыс бар, бірақ оларды ешкім тексермейді, елде құрылыспен айналысатын арнайы орган жоқ. Он бес жылдай болды, осы мәселені көтеріп, барлық деңгейде айтып келемін. Бірақ құлақ асатын ешім жоқ. Менің ұсынысым: құрылыс саласымен жүйелі негізде айналысатын министрлік болуы тиіс. Ең алдымен, біз кез келген саладағы құрылыспен айналысатын органдарды жемқорлықтан тазартуымыз керек. Осыдан 5–6 жыл бұрын астанадағы көпке танымал бір ғимаратты тексеруге барып, ондағы кемшін тұстарын тізбектей бастағанымызда жоғарыдан тапсырма келіп, қайтарып жіберді», - дейді Жамбыл Мелдебай.

Құрылысшының айтуынша, елімізде құрылыс материалдарының зауытын не цехын ашу оңай емес, себебі монополист компаниялардың мүддесі бірінші кезекте қорғалады.

«Елдегі құрылыс саласын монополиялап алған ірі компаниялар бар, оларды бәріміз жақсы білеміз. Ешкім олардың жұмысын тексермейді, маңайына да жолай алмайды. Себебі олардың жоғарыда тірегі бар. Осының бәрін өз бақылауында ұстап, сала ішін реттеп отыратын министрлік болса, мұндай заңсыздықтар азаяр ма еді?! Құрылыс материалдары алдағы уақытта да қымбаттай береді, өйткені валюта тұрақсыз. Оның үстіне бақылаудың болмауынан жемқорлық дендеп, бәрі бетімен кетті. Арнайы мемлекеттік орган бекітілсе, ең болмағанда, бағаны 20–30%-ға дейін түсіруге мүмкіндік болар еді. Қазіргі құрылыс саласының жағдайына қарап, Қазақстан үкіметінің 30 жылда немен айналысқанын білуге болады», - дейді Жамбыл Мелдебай.

Жамбыл Мелдебай, сондай-ақ құрылыс саласында маман жетпейтінін алға тартады. Оған бірден-бір себеп – жалақының аздығы. «Құрылыс істері комитетінде кірпіштің көлемін білмейтін мамандар бар, ал жоғары оқу орындарын бітіргендердің көбі чертежді оқи алмайды. Оқу бітіргендердің көбі басқа салаға кетіп жатыр. Құрылыс саласында жүргеніме 53 жыл болды. Бұрын әр облыста екі-үш техникум болды. Сонда электрик, сылақшы, ағаш ұстасы және т.б. мамандарды оқытты. Бітірген соң олар облысқа, басқа қалаларға жұмысқа жіберілді. Қазіргі жастардың құрылысқа бармауына бірден-бір себеп – жалақының аздығы. Олардың орнын толтыру үшін шетелден жұмысшылар шақыртылады. Әдетте оларға төленетін жалақы біздікімен салыстырғанда жоғары. Жалпы, елімізде бір-екі ұлттық университет қана жақсы маман дайындап жүр. Ал өңірлерде оқыған мамандардың деңгейі шикілеу. Бұл саланы түбегейлі бақылауға алмаса, мәселе әрі қарай өрши береді», - дейді құрылыс саласының ардагері.

 

 

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
25404 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Об авторе:

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить