«Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы қалайша әлемдік рейтингке енді

8542

FDi Magazine сарапшылары оның мүмкіндігі мен әлеуетін қалай бағалады?

Фото: Архив пресс-службы

Бұл жайында Forbes.kz тілшісіне «Оңтүстік» АЭА Басқарушы компаниясының Басқарма Төрағасы Әділет Ғайнуллаұлы айтып берді.

F: «Оңтүстік» АЭА әлемдік рейтингке қалай және қашан ілікті?

- «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының Басқарушы компаниясының инвестициялық алаңды таныту бағдарламасы аясында  қол жеткізген маңызды жетістіктерінің бірі- Дүниежүзілік арнайы экономикалық аймақтар ұйымының Орталық Азиядағы ресми өкілдігі мәртебесін иелену болды. Бұл мәртебе әлемнің жетекші экономикалық аймақтарымен ынтымақтастық орнатуға, инвестицияларды тарту және озық зерттеулерге қол жеткізуге мүмкіндік берді. 

Сонымен қатар, 2018 жылдың 28 сәуірі мен 2 мамыры аралығында Дубай қаласында «Өркендеу жолы» тақырыбы шеңберінде Дүниежүзілік арнайы экономикалық аймақтар ұйымының ұйымдастыруымен 4-ші халықаралық конференциясы өтті. Аталмыш іс-шараға арнайы экономикалық аймақтарды дамыту және стратегиялық жоспарлау салаларының үздік мамандары мен сарапшылары да қатысты. Жиын барысында әлемнің «Conway», «Systemiq», «fDi Magazine» және «Investment Consulting Associates» секілді беделді халықаралық сараптамалық және консалтингтік ұйымдармен ынтымақтастық туралы келісімдерге қол жеткіздік. «FDi Magazine» рейтингісі туралы хабардар болдық. Рейтинг жүйесін зерттей отырып, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының инвестициялық мүмкіндіктері сипатталған концепциясын әзірлеп, мамыр айында рейтингке қатысуға өтініш бердік. 20018 жылдың қазан айында «FDi Intelligence» «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағын алты бірдей номинацияда жеңімпаз жариялады. 

Әділет Ғайнуллаұлы
Әділет Ғайнуллаұлы

F: Рейтинг қалай жасалды, қандай өлшемдерге негізделеді?

- Бүгінгі таңда, «FDi Magazine» басылымы жаһандық инвестициялық әлеует пен ахуал жайында әлемнің 120 еліне ақпарат тарататын бірегей басылым. Бұл басылымның белсенді оқырмандары – ірі ұлттық және жеке компаниялар, инвестициялық қорлар, қаржылық ұйымдар, банктер мен даму институттары, трансұлттық корпорациялар сондай-ақ, шетелдік тікелей инвестициялардың бөлінуіне жауапты саяси және бизнес элита өкілдері кіреді. Тұтастай алғанда бұл әрдайым журналды оқитын 500 миллионнан  астам әлеуетті инвестор.

Жыл сайын жарияланып тұратын бұл рейтингті жасау барысында халықаралық «FDi Magazine» беделді аналитикалық басылымының сарапшылары әлемнің үздік арнайы экономикалық аймақтары мен бизнес үшін ең қолайлы инвестициялық алаңдарды анықтайды. Жалпы, бұл рейтинг әлемнің арнайы экономикалық аймақтарын 10 индикатор бойынша бағалайды. Соның ішінде орта және шағын кәсіпорындарының саны мен пайыздық үлесі, тұрақты жұмыс орындарының саны мен пайыздық үлесі және аумақтың кеңеюінің пайыздық көрсеткіштері бағалаудың негізгі критерийлері болды.

F: Алты бірдей номинация бойынша жеңімпаз атанғандарыңызды айттыңыз. Олар қандай номинациялар, не үшін беріледі?

 - «FDi Magazine» рейтингісінің сарапшылары «Оңтүстік» АЭА басқарушы компаниясын - тікелей шетелдік инвестицияларды тарту, өндіріс көлемін арттыру, экспорт аясын кеңейту, халықаралық ұйымдармен тығыз қарым-қатынастар орнату, қайырымдылық іс-шараларын ұйымдастыру және өткізу бағыттарындағы жүргізілген жұмыс нәтижелерін ескеріп, алты номинацияда көшбасшы жариялады. Атап айтар болсақ: «CHINA STRATEGY» -«Қытай стратегиясы»; «EXPANSIONS»- «Өндіріс көлемін кеңейту»;  «MARKETING SLOGAN»- «Үздік жарнама ұраны»; «CHARITY INITIATIVES»- «Қайырымдық бастамалары»; «COMMUNITY OUTREACH AWARD»- «Ақпараттық қызмет»; «EDITOR’S CHOICE: ONE’S TO WATCH»- «Редактордың таңдауы:  Болашағы бар арнайы экономикалық аймақ» номинацияларында үздік атанды. Халықаралық рейтингтің тарихында тұңғыш рет, Қазақстандық арнайы экономикалық аймақ бір емес, бірнеше номинацияда жеңімпаз атанып отыр.

F: Рейтинг жасаушылар әлемдегі 50 арнайы экономикалық аймақты қамтыған екен. «Оңтүстік» АЭА солардың ішінде қай орынға табан тіреді?

- Рейтинг сарапшылары жыл сайын әлемнің үздік 10 және үздік 50 арнайы экономикалық аймақтарының тізімін жариялайды. «Оңтүстік» АЭА әлемнің үздік 50 арнайы экономикалық аймақтарының қатарына кірді. Бұл көрсеткіш- еліміздегі инвестицияларды тарту, оларға қолайлы жағдай жасау және инвесторларға қызмет көрсету саласында жүргізіліп отырған тиімді мемлекеттік саясатқа халықаралық инвестициялық сарапшылар қауымдастығы тарапынан берілген оң баға екендігі сөзсіз.

F: Жалпы бұл көрсеткіштер инвестициялық климаттың қолайлығына байланысты берілген екен. Жалпы онда қанша инвестор жұмыс істейді? Қанша инвестиция тартылды және қайдан?

- Қазіргі таңда «Оңтүстік» АЭА аумағы жеңіл өнеркәсіп, химия және мұнай химиясы өнімдерін шығаратын 12 озық өндірушілердің қолайлы мекеніне айналып, жалпы құны 28,4 млрд теңгені құрайтын  жобаларды  жүзеге асырып, 1346 адамды тұрақты жұмыс орнымен  қамтып отыр. Дайын өнім әлемнің 15 еліне экспортталып, тұтынушы үшін жоғары сапа және қолайлы баға ара қатынасымен ерекшеленіп, шетелде үлкен сұранысқа иеленіп отыр. Сонымен қатар, АЭА қатысушылары арасында ұйымдастырылған өнеркәсіптік ынтымақтастық, салықтың негізгі түрлерінен (ҚҚС, КТС, мүлік және жер салығы) босату, сондай-ақ кедендік баждардың болмауы сияқты жеңілдіктер шетелдік және отандық инвесторлар үшін үлкен қызығушылық тудырады. 2021 жылдың аяғына дейін іске қосылатын жобаларды қоса есептегенде «Оңтүстік» АЭА-на тартылған инвестициялардың жалпы құны  173 млрд теңгені құрайтын  болса, ашылатын жұмыс орындарының саны  4 мыңнан аспақ

Қазіргі таңда, «Оңтүстік» АЭА аумағында шетелдік қатысы бар жобалардың қатарында «Бал Текстиль» ЖШС- еліміздегі ең ірі кілем зауыты.

Жобаның серіктесі - әлемдегі ең ірі 5 кілем өндірушілердің бірі болып табылатын және әлемдік нарықта 20 жылдан астам тәжірибесі бар «Kartal Hali» (Түркия) компаниясы».  Түркиялық инвестормен бірлесе ашылған «БК «Lux Shoes» ЖШС- отандық ірі аяқ киім тігетін фабриканың бірі. БК «Lux Shoes» ЖШС өнімдері заман талабына сай итальяндық технология бойынша тігіледі. «Әлем БТ» ЖШС – отандық шұлық шығаратын ірі кәсіпорын. Зауыт - корей технологиясы мен қазақстандық кәсіпкерліктің біріккен жұмысының нәтижесі.  

F: Бұл рейтинг «Оңтүстік» АЭА үшін не береді? Болашақта не күтесіздер?

- Халықаралық рейтингке ену- бірінші кезекте, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының шетелдік серіктестермен ынтымақтастық орнату мүмкіндіктерін кеңейтеді. Екіншіден, халықаралық рейтинг арнайы экономикалық аймағымыздың және еліміздің әлемдік инвестициялық қауымдастықтағы беделі мен танымалдылығын арттырады. Ал бұл өз кезегінде, отандық бизнеске оң әсерін тигізіп, инвесторлардың келуі мен жаңа жұмыс орындарының ашылуына жол ашады.
Алдағы жоспарда, Қазақстан мен Қытай мемлекеттерінің бірлескен қызметке алғашқы қадам болып жобалық  іске асыру құны 40 млрд теңге болатын "Сяньяндік тоқыма корпорациясы" АҚБ жіп иіретін фабрикасының салынатынын айта кеткен абзал. Сонымен қатар, Германия, Иран, Түркия және Өзбекстанның кәсіпорындарымен бірлескен жобаларды іске асыру және инвестиция тарту  мақсатында келіссөздер жүргізіліп жатыр.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить