Қазақстан экономикасы диверсификацияға дайын ба?

2020 жыл әлемдік экономикаға жаңа міндеттер жүктеп отыр: короновирус пандемиясы салдарында мұнайға деген сұраныс төмендеп, «қара алтын» бағасындағы тербелістер үдей түсті. Әлемдік мұнай нарығының 30 млрд баррелін, немесе 1,8%-ын құрап, шикізат өндірісінде 12-ші орынды алатын Қазақстан экономикасы үшін бұл нені меңзейді?

ФОТО: © Depositphotos.com/iqoncept

Еліміздің энергетика министрлігінің мәліметтерінше, мемлекеттік бюджеттің 40%-ы мұнай-газ секторынан келетін табысқа тәуелді. Экономиканы қалпына келтірудің кешенді жоспарында ел үкіметі салық стимулдары, кредит шараларын кеңейту, ішкі өндірісті қолдау тәрізді бірқатар бағыттарды қарастырған. Үкімет ұсынған макроболжамдарға сүйенсек, номиналды ЖІӨ көлемі 69,7 трлн теңгені құрап, жылдық инфляция  9-11%-ға дейін өсуі ықтимал.

Ресми мәліметтердегі Қазақстан экономикасының даму сцеранийі соңғы көрсеткіштер бойынша шындыққа жанасқанымен, жағдайдың оңалуы я ушығуы мұнай бағасына тәуелді болып қала бермек. Айталық, сәуірдің соңында WTI маркасының фьючерстері барреліне -40 долларға дейін төмендеп (шілде фьючерстері бойынша 40,11 долл/барр), мұнай тарихында бірінші рет нөлден төмен көрсеткішке бірақ түсті. Ал Brent мұнайының құны 25%-ға дейін құлдырады (шілде фьючерстері бойынша 43,14 долл/барр).

Халықаралық FinReview есебінде Қазақстан экономикасы ЖІӨ бойынша 2,3%-дан 2,7%-ға дейін жоғалтатыны мәлімделсе, Еуропаның қайта құру және даму банкі бұл көрсеткіш 3%-ға дейін жетуі мүмкін деп ескертеді.

Ұлттық қорға сенім бар...

Қасымхан Қаппаров
Қасымхан Қаппаров

Экономист Қасымхан Қаппаров, мұнай бағасының құлдырауы мемлекеттік бюджет пен отандық бизнес үшін ғана емес, халықтың әлеуметтік жағдайы үшін де едәуір соққы болды деп отыр. Сарапшының пікірінше, ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша, мұнай бағасы орта есеппен 40 АҚШ долларынан кем түссе, үкімет күткен болжамдар жүзеге асуы неғайбыл.

- Карантин шаралары ұзарған сайын, экономикаға келер зардап та еселей түседі, бұл Қазақстанға ғана қатысты жағдай емес. Бірақ бізде Ұлттық қор бар. Онда мұнайдан түскен салық есебінен 60 млрд АҚШ доллары шамасында қор жинақталған. Бұл елдің екі жылдық бюджетіне тең қаражат, - дейді ол.

Айта кетейік, Ұлттық экономика министрлігінің ресми ақпаратына сүйенсек, пандемия салдарындағы дағдарысқа қарсы республикалық бюждеттен жұмсалатын 14,3 млрд АҚШ долларының 4,7 млрд доллары Ұлттық қор үлесінен алынып отыр.

Ал дағдарыстың теңге тұрақтылығына ықпалы туралы айтар болсақ, сарапшылар бірауыздан: «ұлттық валютаның пандемияға дейінгі бағамы (АҚШ долларына шаққандағы) қайта орнықпайды» дейді. Бұл орайда үкіметтің өз мүддесі бар екенін алға тартқан экономист Қасымхан Қаппаров мәселені былайша түсіндіреді: «Биыл, карантин салдарында, бюджетке салықтан түсетін кіріс едәуір төмендеді. Ал теңге бағамының 17%-ға төмендеуі үкіметке әлеуметтік міндеттемелерді толық көлемде орындап шығуға көмектеседі. Үкімет барлық әлеуметтік төлемдер жылдық көрсеткіштің 10%-дық деңгейінде индекстеледі деп жариялады. Егер жыл соңына дейін экономикалық жағдай түзеле қоймаса, онда бұл көрсеткіштерді тағы бір мәрте индекстеу қажеттілігі туындауы әбден мүмкін».

Осы арада ескерте кетсек, үкімет болжаған мұнайдың сәуір-желтоқсан айларындағы орташа бағасы барреліне 20 долларды құрауы ықтимал, ал ұлттық валютаның долларға шаққандағы болжамды бағасы 440 теңге шамасында болуы мүмкін. Бұған қоса, үкімет 2020 жылы мұнай экспортынан түсетін пайдаға үміт артпайтынын мәлімдеді, алайда мұнай саласына салық базасын өсіруді жоспарлап отыр.

Ал әлемдік қаржы орталықтарының болжамынша, мұнайдың жылдық бағасы барреліне шамамен 34-41 АҚШ доллары арасында орнығуы ықтимал.

Үміт артар қай сала?

Данияр Молдоканов
Данияр Молдоканов

Өз кезегінде экономист Данияр Молдоканов, COVID-19 салдарында мұнай бағасының құлдырауы Ұлттық банк үшін «күтпеген жағдай емес» деген пікірде.

- Орталық банк сыртқы экономикалық соққыларға дайын болды, оның алдын-ала жабдықталған резервтері де бар-тын. Резервтердің көлемі ақпан айында 28,8 млрд долларды құрады. Бұл көп пе, әлде аз ба? Оны түсіну үшін 2019 жылдың валюталық айналымына назар аудару керек: ол 8-8,5 млрд долларды құраған-ды, - дейді ол.

Сарапшы, ішкі нарықты тұрақтандырып, дағдарысты реттеудің басты құралы деп фискалдық саясатты, яғни мемлекеттік шығындар саясатын таниды.

- Қазір Халықаралық валюта қорының немесе Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея тәрізді елдердің жеңілдетілген кредиттеріне үміт артуға болады. Әрине, бұл шығындардың ретімен жұмсалуына да жіті назар аудару керек. Ең бастысы, ресурстардың тұтынушыға жетуіне кепілдік берілуі тиіс. Мұндай траектория халық пен биліктің қауіпсіздігі жағынан да, экономиканы ынталандыру жағынан да өте маңызды тетік. Қазір отандық шағын және орта бизнеске қолдау көрсету қолға алынуда, бұл дұрыс қадам. Бірақ ертең қолдаудың басым бөлігі басымдыққа ие бизнес өкілдеріне көрсетіліп жатса, онда біз аңсаған экономикалық трансформация жүзеге аспайды, - дейді Данияр  Молдоканов.

Келесі қадам – диверсификация

Эдвард Чоу
Эдвард Чоу

Энергетика саласының маманы, АҚШ-тың CSIS зерттеу орталығының сарапшысы Эдвард Чоу, ОПЕК+ келісімі де, оның мұнай бағасының баррелі 60 доллардан асады деп сендірген уәдесі де «өз тұрақсыздығын көрсетті» деп отыр.

- Мен орта мерзімді перспективада мұнай бағасының 30-дан 50 долларға дейін тұрақтануын күтемін. Қазіргі жағдай Қазақстан саясаткерлеріне мұнайдың өте күрделі циклдік бизнес екендігін көрсетуі тиіс. Және де бұл бизнес табиғи, адами ресурстар саласындағы басқа да активтерді пайдалану арқылы экономиканы диверсификациялаудың маңыздылығын еске салуы керек. Мұнай дағдарысы көрініс берген тұста экономиканы әртараптандырып, түрлендіру күрделі көрінгенімен, экономикалық құлдырау кезінде ол міндетті талаптың бірі. Естеріңізде болса, 2008-2009 және 2014-2016 жылдары мұнай бағасы күрт өсті де, артынша бірден құлдырап кетті: бұл мұнай дүрбелеңін ескерткен алғашқы дүмпулер болатын. Соңғы 160 жылдағы мұнайдың орташа бағасы барреліне 40 АҚШ долларын құрап отыр (нақты көріністе және инфляцияны ескерсек). Бұл елеулі ескерту, - деп түйіндейді өз пікірін шетелдік сарапшы. Айта кетейік, 2014 жылы Brent маркасының орташа бағасы барреліне 100 долларға дейін өсіп, 2015 жылы 52 долларға, ал 2016 жылы 27,72 долларға дейін құлап түскен болатын.      

Айтқандай, сарапшы Эдвард Чоу Қазақстан экономикасын диверсификациялауда Индонезия мен Мексиканы мысал етеді.

- 1997 жылы Азиядағы қаржы дағдарысы салдарында мұнай бағасы құлдырап, бұл елдер өз экономикаларын диверсификациялауға кірісті. Олар бұған шикізаттық емес сектор инвестициясының құрылымдық кедергілерін жою арқылы қол жеткізді. Қазақстан өзіне тән артықшылықтарды ескере отырып, диверсификация стратегиясын ойлап тапқаны дұрыс және де оны ұйымдасқан түрде орындауы керек. Сәйкесінше, жергілікті элитаның іскерлік мәдениеті де біртіндеп халықаралық бәсекеге қабілетті өндірістер құруға ауысуы керек, - дейді ол.

Мәселе инвестицияда...

Антон Бугаенко
Антон Бугаенко

Әлемдік экономика және саясат институтының бас сарапшысы Антон Бугаенко болса, «Қазақстан экономикасы үшін тиімді бағыттың бірі – елге трансұлттық компанияларды (ТҰК) тарту» деп есептейді.

- Бұл дамудың жаңа тренді, оны әлемдік экономиканы аймақтандыру саясаты арқылы жүзеге асыруға болады. Коронавирус дағдарысынан кейін трансұлттық компаниялар өз өнімдерін диверсификациялау туралы ойлана бастайды, соған сәйкес, бірнеше параллельді өндірістік циклдар құрылуы мүмкін. Қазақстан үшін аймақтық деңгейдегі өндіріс айналамына ТҰК тарту өзекті болып қала бермек, ал олардың қызметі тиімді болуы үшін ашық экономика саясатын күшейтуді ұсынар едім, - дейді ол.

Экономист Қасымхан Қаппаровтың пікірінше, мұнайға деген тәуелділіктен құтылу үшін өңдеу өнеркәсібін дамыту қажет. «Бұл ірі капиталды және шетелдік технологияларды қажет ететін процесс. Сондықтан Қазақстан шетел инвестициясынан бас тарта алмайды, керісінше инвестиция үшін қолайлы жағдай жасауға басымдық беру керек. Маңызды бағыттың бірі – білім саласы, яғни адам капиталына да тиісті көңіл бөліну керек», - деп есептейді экономист маман.

Жалпы, сарапшылардың ортақ пікірі: Қазақстан экономикасының өзін-өзі қамтамасыз етуі шетел инвесторларынсыз мүмкін емес. Әлем бойынша карантин шаралары аяқталған соң, елдер арасындағы тауар айналымы қайтадан қозғалысқа еніп, жаһандану процесі жалғасын таппақ. Теңізге шығу мүмкіндігі жоқ және салыстырмалы түрде халық саны аз мемлекет ретінде Қазақстан үшін өзін-өзі қамтамасыз етудің бірден-бір жолы – қосымша жоғары құны бар экспортқа бағытталған ашық экономика саясатын жүргізу. Экономикасының негізгі тірегі мұнай экспорты болып табылатын Қазақстан үшін нарықты диверсификациялау кезеңі келіп жетті деп есептейді сарапшы мамандар. Бұл үшін алдағы төрт жылда ел үкіметінің саяси жігері ғана емес, қоғамның қолдауы да қажет деген пікірде олар.

Автор: Эльвира Айдарханова

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
6148 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Загрузка...
29 октября родились
Владимир Ким
крупный акционер и член совета директоров KAZ Minerals PLC, президент ТОО «Kazakhmys Holding»
Самые Интересные

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить