Экотуризм: инвестиция үшін тартымды сегмент

11040

Жапондық телеарналардың біріндегі көрермен қызығып қарайтын «Әлемдегі құпия-жұмбақтарымен танысу» атты әйгілі телебағдарлама – 2012 жылы Қазақстанның батысындағы Үстірт, Бозжыра шатқалдарын көрсетіп, Маңғыстау өңіріндегі құпияға толы тылсым табиғат жайында әңгімелеп бергені бар

ФОТО: Depositphotos.com/kongsak_kk

Ертесіне маған Қазақстанның әсем табиғатын өз көзімен барып көруге әзірлік танытқан біраз танысым хабарласты: бәрінің сұрағы – елдегі туристік инфрақұрылымның әлеуеті және экотуризм ұсыныстары дегенге келіп тірелді. Бұл осыдан 8 жыл бұрынғы оқиға.

1980-жылдардың ортасында дамушы елдердің халқы өз үкіметтерін ағаш кесу, пальма майын өндіру, ауыл шаруашылығындағы жайылым жерлерді игеру, банан плантацияларын кеңейту дегендей экономикалық секторлардың орнына, табиғатқа зиян келтірмейтін экотуризмді дамытуға шақыра бастады. Оңтүстік Африкада жүргізілген зерттеу қорытындылары көрсеткендей, сол жылдары бұл өңірде табиғатты тамашалау турлары ауыл шаруашылығына қарағанда 11 есе көп табыс әкелген.

Экотуризм ұғымы әлемдік туризм индустриясында 1990-жылдары қалыптасты – Чикагода өткен Халықаралық саяхат көрмесінде Дүниежүзілік туристік ұйым сарапшылары туризм саласына екпін берген мемлекеттерді: «Саяхаттайтын жердің жағдайы нашарласа, пайдаң азаяды» деп ескертті. Сол көрмеде табиғат аясына саяхаттауға негізделген «жасыл туризм» тренді де бастау алып, дамыған елдердегі турис-
терді бірден орап әкетті. Қазірде көптеген мемлекеттер экотуризмді табиғатты қорғау және жергілікті аймақты дамыту құралы деп таниды.

Жапонияның әр аймағында, әр өңірінде өз экотуризмі, өз экотуры жақсы дамып, тараған. Және де бұл бағыттар бойынша шетелдік туристермен қатар, жергілікті саяхатшылар легі де ешқашан басылған емес. Жапондық ішкі туризмге сай ерекшеліктің бірі – әрбір аймақтың тек өзіне тән меншікті өнімі, қызметі, тартымды жерлері, арнайы кәдесыйы, тағамы, өзіндік бойтұмар-кейіпкері бар. Мысалы, Хоккайдода дайындалған затты сіз Окинавадан таппайсыз, өз кезегінде бұл сол аймаққа деген қызығушылықты тереңдете түседі. ХХ ғасырдың орта тұсында экономикасы қарқындап дамыған Күншығыс елінде бірқатар экологиялық апаттар орын алғаны белгілі (жаңа ғасырда әлем экономикасында сыр берген Фукусима апаты тағы бар). Сол себепті де экотуризмге негізделген ұсыныстар – Жапонияда кең сұранысқа ие өзіндік бірегей туристік бағыт.

Жапондар экотуризмді ерекше қорғалатын аймақтардағы жергілікті тұрғындардың қаржылық тәуелсіздігін қолдау (жұртты жұмыспен қамту) және сол аймаққа инвестиция тарту мүмкіндігі (жекелеген туристерден бастап, ірі компаниялар қаражатына дейін) деп қарастырады. Былайша айтқанда, экотуризм – экономикалық тұрғыда тиімді, экологиялық негізде пайдалы туристік сегмент және де жергілікті аймақ деңгейінде ғана емес, тұтас мемлекет экономикасы үшін де.

Әрине, қазіргідей пандемия жағдайында туристік сала тұтас-тай алғанда шектеулі режимде жұмыс істеуге мәжбүр. Бірақ Қазақстан үшін экотуризмге негізделген ішкі туризмді дамыту мүмкіндігі дәл қазір өзекті әрі тиімді: ел ішінде саяхаттаушы отандық туристер саны көбейген сайын жергілікті өңірлердің қаржылық мүмкіндіктері артып, ел азаматтарының табысы сыртқа ағылмай, ішкі нарықтарда қала береді әрі ел ішіндегі экологиялық мәселелерге билік пен қоғам ортақтасып ықпал ете алады деген сөз.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить