Қазақстанда жылына 5 млрд килловат-сағат, 70 млрд теңге үнемдеуге болады

11186

EcoSocket жобасын ойлап тапқан бірегей команда, қаржы мен қуат көзінің тиімділігі, әлемді таңқалдырған отандық IT- мамандары

Санжар Мырзағалым -Microsoft Kazakhstan компаниясының қызметкері, электр қуатын үнемдейтін EcoSocket технологиясының негізін қалаушылардың бірі, IT –маманы, өнертапқыш. Forbes Kazakhstan идея мен инвестицияға дейінгі жетістіктерімен белгілі стартапшылар белсендісімен тілдесті.

F: Санжар, IT саласын таңдауыңның себебі неде? Microsoft компаниясына қалай келдің?

- Иә, бала кезден электроникаға,техникаға жақын болып өстім. Әртүрлі құрылғыларды ақтарып,оларды қайта жинағанды жақсы көрдім. Кейін ата-анам авиа модельдеу үйірмесіне апарды, онда ұшақтарды құрастырып, Байсерке аэродромында ұшыратынбыз. Негізінде ұшақты құрастыруда инженерлік ой керек, сондықтан 3 жыл қатысып, өте көп тәжірибе жинадым. Мен үшін жоғарғы сыныптарда геометрия, алгерба сабақтары өте оңай болды. Сол кезде математикадан, физикадан әртүрлі олимпиадаларға қатыстым, кейін Жәутіков атындағы физика-математика мекебіне ауысып оқуды алтын белгіге бітірдім. Әртүрлі мамандықты таңдап жүргенде, бір журналдан IT саласы әлемдегі ең соңғы мамандық болады деген материалды оқыдым, кейін сол сала қатты ұнады, содан Қазақ-Британ техникалық университетінің ақпараттық технологиялар факультетіне түсіп, 2015 жылы ең үздік түлек ретінді бітірдім. Оқудан соң бірден Microsoft Kazakhstan компаниясына жұмысқа тұрдым.

F: Команда қалай, қай жерде қалыптасты, олар кімдер, алғашқы идея қалай пайда болды?

- Біздің командамыз университет қабырғасынан қалыптасты. Стартапты бастаған кезде 6 адам болды, ішінде ең үздік программистер болды, себебі олардың ішіндегі екі адам Codeforces бүкіләлемдік рейтингісі бойынша қазақстандағы ең үздік ондыққа кіретін. Ең басында Қуаныш Идрисов деген досыммен бастадық, онымен әлі де жобалар жасап келеміз, кейін қатарымызға Пернехан Өтемұратов,Темірұлан Мұсаев, Ольга Хван, Арай Сұлтанбекова қосылды. Өте керемет команда болатын, барлығы курстағы достар.Біраз адам электроникамен, бірі Project Management және стартаппен айналысты. Қызық жағдай. Оқуды бітірген соң, мен Microsoft Kazakhstan компаниясына жұмысқа тұрдым, Қуаныш Alma TV компаниясына басшылық қызметке барды, Темірлан Google компаниясына, Цюрихқа кетті, Пернехан болса қазір Ванкуверде, Amazon компаниясында, Арай Сан-Францискода тұрады, жұмыс істейді.

F: EcoSocket қалай дүниеге келді?

- Біз әртүрлі жобалармен, әртүрлі сайыстарға қатыстық, шамамен 20-30 стартап жобаға. Соның бірінде, яғни «HackDay» деген жарыс болды, онда 24 сағатта идеяны іске асыру мақсат болған еді. Біз онда Facebook арқылы үйді басқаруға болатын жүйені құрдық, яғни, тұрмыстық техникаларды қашықтықтан басқару мүмкіндігін қалыптастырдық, сіз өз үйіңізді дос ретінде тіркеп, бұйрық беру арқылы жарықты,телевизорды қосуға, өшіруге болады. Әділқазылар оны жоғары бағалады. Мәселен, олардың құрамындағы әйгілі Habrahabr порталының коммерциялық директоры «керемет идея» деген баға берді. Бәрі таңқалды, кейіннен гран-при жеңіп алып осы жобаны бастадық, бұл EcoSocket деген бастама болып табылды, яғни, біз оны жетілдіріп, электр қуатын үнемдейтін розетка ойлап таптық. Қосымша функциялар енгіздік, жетілдірдік, құрылғы орнатылған кезде өздігінен санау, анализ жасау арқылы энергияның мөлшерін есептеп,үнемдейді.

F: АҚШ, Сингапурдағы IT жобаларға қатыстыңдар? Әлем қандай баға берді?

- Біз EcoSocket жобасымен 2014 жылы стартап саласындағы студенттердің арасынан ең үздік кәсіпкерді таңдайтын байқауға қатыстық Біз соның финалына өттік, ол Вашингтонда өтті. Онда 40 мемлекеттің арасында үздік болдық. Ресейде қатты қызықты, ондағы стартап жобада энергия тиімділігі жағынан жоғарғы дәрежелі марапат алып, жеңімпаз болдық. Кейін, Echelon Asia Summit 2015 байқауында болдық, Орталық азия бойынша 500 стартапты таңдаған, соның арасынан 100 стартап қана қатысты, оған біз кірдік, содан Сингапурға барып, халықаралық жюридің шешімімен 500 стартаптан ең үздік 10 жобаның ішіне ендік. Біз үшін өте үлкен жетістік болды.

F: Егер жобаларыңды жаппай қолданысқа берсе, қанша қаржы,қанша энергия үнемдеуге болады?

- Біз қазір тұрмыстық деңгейден көтеріліп, өндірістік деңгейге ауысып жатырмыз. Мәселен, қазіргі тұрмыстық деңгейдегі розеткамен 40% үнемдеуге болады. 2013 жылы әртүрлі зауыт,фабрикалардың энергоаудит жүргізілді, нәтижесі бойынша 30-40% пайыза үнемдеуге болады деген шешім шығарылды. Негізі қазақстандағы электр қуатының 50% зауыт фабрикалар тұтынады. Сондықтан, біз солармен жұмыс істеуді қолға алдық. Жалпы, Қазақстанда жылына 5 млрд килловат-сағат, 70 млрд теңгені үнемдеуге болады

F: Жүз жаңа есім жобасына еніп, президентпен кездестің. Қандай қолдау жасалатын болды? Қазіргі нақты жоспар қандай?

- «100 жаңа есім» жобасына енгеннен кейін Президенттің өзі қолдау болатынын айтты, қазір оны сезінудеміз. Бұл біздің мақсатымызды жүзеге асыруға жол ашуда. Әртүрлі министрліктерден хабарласты, бірқатар компаниялар бізбен жұмыс істеуге әзір екендерін жеткізді. Алда Астанада ЭКСПО кешенінде құрылатын халықаралық «Астана IT-хаб» аумағына EcoSocket жобасымен алғашқы стартапшылар болып кіреміз деп отырмыз. Бұған қоса Алматыдағы «Шеберхана» деген жобаны, яғни идеядан бастап іске асыруға дейінгі өз зерхтанамызды дамыта береміз. Біз өзімізге қажетті көптеген құрылғыларды сатып алдық, студенттерге,оқушыларға үйретіп жүрміз. Стартапшыларды қолдау үшін инвестицияларды қарастырып жатырмыз.

 F: Қазақстандық IT саласының беталысы қандай? Әлемдік бәсекеге ілесе аламыз ба?

- Қазір қазақстандағы IT- мамандар әлемдегі әріптестерінен еш кем түспейді. Оған біздің достарымыз дәлел. Дүниенің әтүрлі компанияларында жұміс істеп келеді, өте талантты жігіттер мен қыздар бар. Болашақта біз IT компанияларын құрсақ, оларды өз елімізде қалдырып, өз елімізде дамытуға мүмкіндік туады.

F: Сен біздің тарихымыз әйгілі Стив Джобсқа ұқсайды деген едің. Соның дәрежесіне жетуге, болашақта Forbes тізіміне енемін деген сенім бар ма?

- Forbes тізімінен көріну біз үшін қызық,бірақ біздің жасап жатқан істеріміз негізінен ақша үшін емес. Әрине,бизнестің аты бизнес. Бірақ, біздің көздегеніміз стартап арқылы бизнесті дамытып, бизнес арқылы адам өмірін оптимизация жасау,одан әрі жақсарту арқылы табыс табу. Менің ойымша табысты азаматтардың тізіміне енуге мүмкіндік болады, бұл үшін стартапты дамытып, экономиканы көтеру керек, ал ол үшін үшін IT саласын дамыту керек. Себебі, бұл сала қатты дамып жатыр. Мәселен, Uber компаниясы Америкадағы силикон алқабында орналасқан. Бүкіл әлем оның қызмет комиссиясын сонда төлейді, солардың акционерлеріне. Бізде осылай жасауымыз керек. Бастысы ашып қана қомай, олар әлемдік деңгейде жұміс істеу тиіс. Сонда елге көптеп кіріс келеді, біздің басты мақсаттымыз да осындай дәрежеге жету.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить