ЕАЭО болашағы қандай болмақ?

5053

Ресей Украинаға соғыс ашқалы санкция құрсауында қалды. Бұл жағдай Қазақстанға қалай әсер етеді? Ресей мен Қазақстан – тығыз саяси-экономикалық байланыс орнатқан, ең ұзын шекарасы бар көршілер, Еуразия экономикалық одағын бірге құрған серіктестер

Жыл басынан бері болып жатқан оқиғалардан соң ЕАЭО болашағын қалай болжаймыз, ендігәрі бұл ұйымда қалудың мәні бар ма, сарапшыларға төмендегі сұрақтарды қоя отырып, жауабын табуға тырыстық:

  1. Ресей–Украина соғысынан кейін (Ресейге салынған санкцияларды қосқанда) Еуразия экономикалық одағының болашағын қалай болжайсыз?
  2. Еуразия экономикалық одағын қолдаушылар мүше мемлекеттер халқының өмір сүру деңгейін арттыруға жағдай жасау мақсатында құрылғанын алға тартады. Осы мақсаттар қаншалықты орындалды? Одақ Қазақстан экономикасын дамытуға ықпал ете алды ма?
  3. Кейінгі кезде біздің елдегі қоғам белсенділер тарапынан одақтан шығу туралы ұсыныс батыл айтыла бастады. Бұл ұсынысқа қатысты пікіріңіз қандай?
ФОТО: © Андрей Лунин

Меруерт Махмұтова, Public Policy Research Center директоры, экономист

  1   Қазақстан Еуразия экономикалық одағынан да, Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымынан да шығуы керек екенін соғыс басында жаздым. Соңғы жағдайлардан кейін бұл ұйымнан бізге келер қайран жоқ. ЕАЭО құру туралы құжатта одақтан шығу үшін бір жыл бұрын өтініш беру жеткілікті екені жазылған. Ары қарай процесс сол құжаттағыдай, бір жыл көлемінде шешіледі.

Қазіргі уақытта Ресейге дамыған елдер санкция салды, ірі халықаралық трансұлттық компаниялар бұл елге экспортын шектеп, кеңселерін жауып кетіп жатыр. Енді халықаралық сауда-саттық одақтың мүшесі Қазақстан арқылы жүреді және осындай сәтте бізге аса сақ болу керек. Санкцияда жатқан ресейлік банктерге болсын, жеке азаматтары мен компанияларына болсын қызмет көрсетудің соңы бізді де санкция құрсауында қалу қаупін төндіруі мүмкін. Неге? Өйткені, екі ел арасында кедендік шекара болмағандықтан, шетелдік тауарларды Қазақстан пайдаланып жатыр ма, Ресей тұтынып жатыр ма, белгісіз болып қалады. Сондықтан Қазақстанға бұл одақта мүше болып қала беру қауіпті. Сол себепті «Өзіміздің ЕАЭО-дағы мүшелігімізді шектейміз» деген мазмұнда өтініш беріп қойған дұрыс деп санаймын.

  2   Қазақстан мен Ресей арасында ЕАЭО-ның алғышарты ретінде құрылған Кеден одағынан бері кедендік шекара жоқ. Кеден одағы құрылғанда да, ол одақ ЕАЭО-ға айналғанда да оған мүше елдердің территориясы бір аумақ саналды. Сондықтан Қазақстан халықаралық сауда-саттық саласында тәуелсіз сауда саясатын жүргізу мүмкіндігінен ЕАЭО-ға қосылғанда айырылған.

Қазақстан Дүниежүзі сауда ұйымына мүше, халықаралық сауданы осы ұйым арқылы жасай беруіне болар еді. ЕАЭО-ға қосылмаған жылдары Қазақстан Дүниежүзі банкінің сауда еркіндігі рейтингінде елімізде өте төмен сауда тарифтері болғандықтан, алтыншы орында тұрды. Ішкі өндірісіміз төмен болғандықтан, импортқа салынатын кедендік алым да төмен бағада болды. Ал ЕАЭО құрылғанда Ресей Федерациясының Кеден кодексін пайдаланып, кедендік алымды екі есе арттырып жіберді. Салдарынан басқа елдермен сауда шартымыз нашарлап, Ресейге басымдық берілді. Сондықтан ЕАЭО-ға қосылғаннан бері Ресейдің Қазақстандағы саудасында импорт көлемі күрт ұлғайды. Оған 2014–2015 жылдардағы Ресей рублінің әлсірегені себеп болды. Бұл кезеңде бүкіл нарығымызды ресейлік тауарлар басып алды.

  3   ЕАЭО-ға қосылу туралы бастама көтерілгенде сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың, премьер-министр Кәрім Мәсімовтің және қаржы министрі Болат Жәмішевтің айтқан уәжі біз 170 миллион тұтынушысы бар нарыққа шығып жатырмыз дегеннен басталатын. Экспортқа ет жөнелтеміз, солай табысқа кенелеміз деген аргументтерді алға тартты. Бірақ ол жобаның іске аспады.

Қазақстан тәуелсіз ел болғандықтан тәуелсіз халықаралық сауда саясатын жүргізетін мүмкіндігі болуы керек. Ол үшін ЕАЭО ұйымынан шығуды ұзаққа созудың мәні қалмай барады. Ресей де, Қырғыз да бізбен көрші ел, бұл елдермен ЕАЭО болмаса да кеден арқылы сауда саясатын жүргізе аламыз және ол кезде өзіміздің сауда-саттық саясатымызға сүйенеміз.

ФОТО: © Берік Айтбақов

Оразбек Мырзабек, экономист

  1   Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс Еуразиялық экономикалық одаққа ауыр соққы болды деп санаймын. Оны біз қалыптасқан жағдайдан көре аламыз, бүгінге дейін салынған санкциялар шегіне жетті деуге болады. Дегенмен де санкциялар салдары толық көрініс тапқан жоқ. Орта мерзімде осы жылдың ортасынан бастап ашық көрініс табады деген болжам бар. Сонымен қатар одақтың арагідік ортақ валюта шығарамыз деп қоятыны бар, бұл одақтың өзіне келген ауыртпалықты мойындамауы сияқты. Себебі одаққа мүше елдердің экономикасы ортақ валюта шығаруды көтере алмайды. Сондықтан алдағы уақытта бұл одақ тарайды деп болжаймын.

Меніңше, одақтың мақсаты орындалған жоқ. Ресей үшін ғана орындалған шығар, ал Қазақстан үшін өз экономикасын дамытуға бұл одақтың ықпалы болған жоқ. Керісінше кері тартқан кезі көбірек, мысалы біз осы одақтың құрамындағы елдерге тауар айналымы Қазақстанмен салыстырғанда, 20 млрд теңгеден астам болуы керек, ал біз соның 35 пайызын ғана экспорттадық, 60–65 пайызын сырттан импорттап отырмыз. Экспортымыздың көп бөлігі шикізат, бидай, мұнай, металл қалдықтары, яғни біз дайын тауар өткізген жоқпыз, шикізат өткіздік. Ал ол жақтан дайын тауар импорттаймыз, бұл біздің өндірушілерді тұншықтыру деген сөз.

  2   Экономикалық одақтардан пайда алу үшін мемлекетте белгілі бір деңгейде өндіріс орындары болуы керек және ол мемлекет шикізатқа тәуелді болмауы қажет. Себебі, шикізатқа тәуелді мемлекет үшін мұндай одаққа кіру өзін ақтамайды, ол осы одаққа мүше елдерге қосымша құны жоғары тауар сата алмайды. Ал шикізат қосымша құны төмен тауар саналатыны белгілі. Егер біз шикізатты өзімізде өңдесек және оны дайын тауар ретінде сататын болсақ, онда оның үсіне қосымша құн салығы қосылады, яғни бағасы жоғары болады. Шикізатты сыртқа шығарып сату үшін шартты түрде 100 адам керек болса, оны өңдеу үшін тағы да 50 адам жалдайсыз, яғни бұдан келіп тауар құны өседі, жаңа жұмыс орындары ашылады және түптеп келгенде экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Бастысы, ішкі өндіріс дамиды.

  3   Қазақстанның одақтан шығуын толығымен қолдаймын. Себебі, жоғарыда айтып өткенімдей, біз онсыз да шикізатқа тәуелді экономикамызды одан ары әлсіретіп алдық, импортқа тәуелді экономикаға айналдырдық. Біздің экономиканың 65–70 пайызы импортқа тәуелді. Оны қайдан көруге болады, теңге девальвация болған сайын, доллар қымбаттаған сайын елде қымбатшылық болады. Себебі көптеген тауар сырттан келеді, ол тауарды валютамен алғандықтан, құны жоғарылайды. Ал халық табысы төмен қалып жатыр. Айлық жалақыны теңгемен алған соң, теңге құнсыздана түседі. Импортқа тә-
уелді экономика құрған елдің хал-қы кедейлене береді. Бұл мәселені тоқтату керек. Әрине, мұнайымызды сататын ең негізгі құбыр КТК бар, кей мәселелер бойынша Ресейдің қас-қабағына қарауға міндеттіміз дейтін шығар, бірақ соған қарамастан, осы одақтан шығуға тырысу керек деп есептеймін.

ФОТО: Мұрат Қастеевтің жеке мұрағатынан

Мұрат Қастаев, экономист

  1   Еуразия экономикалық одағының болашағы Украинадағы соғыстан кейін бұлыңғыр болып тұр. Бұл одақ соғысқа дейін де Қазақстан экономикасы үшін тиімсіз болды. Тауарларымыз Ресей мен Беларусь нарығына шыға алмады, себебі ол елдердегі билік органдары кедергі жасап отырды. Ал Қазақстан, керісінше, өз нарығын екі елдің өндірушілеріне айқара ашып қойды.

Сонымен қатар Еуразия экономикалық одағында кез келген шешім қабылдауда Ресейдің дауысы басым болғандықтан, барлық шешім сол ел үшін ғана тиімді. Ал одаққа мүше елдердің кеден бекетінде алынатын кедендік баж алымының 7% шамасындағы қаржы ғана Қазақстан бюджетіне түсіп тұр. Яғни, Еуразия экономикалық одағының қызығын Ресей мен Беларусь қана көріп келеді. Қырғыз бен Армения экономикасы шағын және әлсіз болғандықтан, олар үшін одақтың пайдасы да, зияны да аса байқалмайды.

Енді осы факторларға Украинадағы соғыс қосылды. Санкция салдарынан Ресей экономикасы құлдырап, төмендей береді. Ал экономикасы қирап бара жатқан мемлекетпен бір одақта болу Қазақстан экономикасын да кері кетіріп, тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген экономикалық дамуды жоққа шығаруы мүмкін.

  2   Қазақстан тәуелсіздіктің алғашқы он жылында экономикалық және саяси тұрғыдан дұрыс бағыт ұстанды. Әлемнің басты геосаяси күштерімен – АҚШ, Еуропа, Қытай, Ресей және өзге де маңызды мемлекеттермен тең қарым-қатынас, көпвекторлы сыртқы саясатты ұстанып келді. Алайда соңғы 10–15 жыл ішінде Қазақстан Ресеймен бірінші Кеден одағын құрып, сосын оны Еуразия экономикалық одағына айналдырып, сол одақтың еншісіне өзінің тәуелсіз сауда, кедендік, сыртқы саясатын беріп қойды. Біз АҚШ пен Еуропадан алыстап, Ресейдің одақтасы, оған тәуелді бауыры болып кеттік.

Қазақстан егемен ел ретінде толық дербес экономикалық, сауда және сыртқы саясатын жүргізуі тиіс. Біз экономикалық тұрғыдан Ресейге қатты тәуелдіміз, әсіресе мұнай экспортының 95% жуығы Ресей арқылы өтеді. Егер Ресей мұнай экспортымызға кедергі келтірсе немесе оны толық жауып тастаса, Қазақстан экономикасы тоқырауға ұшырайды. Сондықтан алғашқыда одақтағы мүшелігімізді уақытша тоқтатуға болады, егер оған біздің басшылардың батылы жетпесе, онда одақ ішіндегі жұмыстың белсенділігін азайтып, шешімдердің қабылдануын барынша созу керек. Осы уақыт аралығында мұнай экспортының басқа бағыттарын дамытып, одақтан 2–3 жыл ішінде шығуға дайындық жасауымыз керек.

  3   Саяси және саудадағы тәуелсіздігімізді қайта қолға алғаннан кейін, Мәскеудің көңіліне алаңдамай дербес, тек Қазақстан мүддесі үшін тиімді екіжақты қарым-қатынасты жүргізе аламыз. Әрине Ресейдің көршісі ретінде бұл елмен жұмыс істеу, сауда жасау керек, тек ол сауда біз үшін тиімді болуға тиіс. Біз Ресейдің қол астында қалмай, егемен ел ретінде Қытай, Түркия, Еуропа одағымен және бауырлас Орталық Азия елдерімен экономикалық қарым-қатынасымызды күшейткеніміз абзал.

Геосаяси, қорғаныс мәселесіне келгенде, Қазақстан егемендігіне, оның территориялық тұтастығына қауіп төндіріп отырған жалғыз ел – Ресей, мұны ұмытпауымыз керек. Украина қазір тек өзі үшін емес, бұрынғы Кеңес одағы елдерінің тәуелсіздігі үшін соғысып жатыр. Ал Қазақстан әзірге уақыт жоғалтпай, Ресейден барынша алыстап, бізге рухани жағынан жақын түркітілдес елдермен қарым-қатынасты күшейтіп, еліміздің экономикалық және әскери әлеуетін арттыруы керек. Себебі, солтүстік көршімізден қауіп төнсе, АҚШ пен Еуропа бізге Украинаға көмектескендей ауқымды көмек бермейді, басымызға жай түссе түрік, өзбек, қырғыз, әзірбайжан елдерінен ғана тікелей қолдау мен әскери көмек келуі мүмкін. Сондықтан АҚШ, Еуропамен жақсы саяси және экономикалық қарым-қатынас ұстанып, сыртқы саясат пен қорғаныс саласында түркітілдес мемлекеттермен жақындасқанымыз дұрыс болады.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить