Дәулеттілер кәсібі

7576

ФОТО: Андрей Лунин

Кеңес Рақышев (№6)
Ресей айлағының үлесін сатып алған, БТА Банкті Fincraft Group-қа беріп, Алматыда жеке мектеп ашты

2020 жылдың маусымында кәсіпкерге тиесілі «БТА Банкі» АҚ ресейлік «Норд Стардың» 90%-ын сатып алды. Компания Мурманск облысында орналасқан және «Витино» мамандандырылған теңіз айлағы» ЖШҚ-ның 49%-на иелік етеді. Қалған 51%-ы «Витино» БК» ЖШҚ арқылы Ресей азаматы Саян Доржиевке тиесілі. Ресейлік БАҚ мәліметінше, «Норд Стар» Витино теңіз айлағын қайта іске қосуға 2,9 млрд рубль (шамамен 38,3 млн доллар) салуға дайын.

Терминал 2014 жылдан бері жүк аударып тиеген жоқ. Жоба айлақ пен мұнай базасының инфрақұрылымын қалпына келтіруді көздейді (жалпы ауданы 48 га, төрт айлақ). Инвесторлардың пікірінше, айлақ бастапқы кезеңде-ақ жылына кем дегенде 4 млн тонна мұнай өнімін өткізу қабілетімен экспортқа мұнай және минералды тыңайтқыштарды аударып тиеумен айналыса алады. Айлақ нысандарын қайта құруды 2022 жылы аяқтау жоспарланған.

Өткен жылы Рақышев «БТА Банкі» АҚ-ның дауыс беретін акцияларының 29%-ын өзі бірден-бір жалғыз құрылтайшы болып табылатын «Fincraft Group» ЖШС-не берді. Акциялар жарғылық капиталға салым ретінде енгізілді. Кәсіпкер банк акцияларының қалған 68,79%-ын меншік құқығынсыз, бірақ компанияның дивидендтерді алу мүмкіндігімен Fincraft Group команиясына сенімгерлік басқаруға берген.

Бұл ЖШС Сингапур, Румыния, Мэн және Кипр аралдарында тіркелген компанияларды, сондай-ақ Ресейдегі жылжымайтын мүлікті басқару компаниясын біріктіреді. Өткен жылы бұл топ өзінің жарғылық капиталын Сингапурда орналасқан «БТА Банкі» АҚ-ның 100% еншілесі Novatus Holding PTE.Ltd компаниясында 8,1 млн долларға арттырды. Баяндамадан белгілі болғандай, «БТА Банкі» әр жылдары, 40%-ы Рақышевқа тиесілі израильдік стартаптарды басқарушы Singulariteam Lp Pte.Ltd-ге шамамен 5,3 млрд теңге салған, сондай-ақ украиндық «Оранта» сақтандыру компаниясы мен ресейлік AMT банкіне инвестиция жұмсаған.

2020 жылы кәсіпкер Алматыдағы Шоқан Уәлиханов атындағы жеке мектептің құрылысын аяқтады. Биыл бұл мектеп алғашқы оқушыларын қабылдады. Оқу орны 1-11 сынып аралығындағы қазақ және орыс тілдерінде оқитын 800 оқушыға арналған.

ФОТО: Андрей Лунин

Дінмұхамет Ыдырысов (№39)
«Аманат» сақтандыру компаниясын 11,7 млн долларға сатты

2020 жылдың қаңтарында KASE Дінмұхамет Идрисовке тиесілі «Аманат» сақтандыру компаниясын Кеңес Рақышев басқаратын «Fincraft инвестиция-
лық үйі» акционерлік қоғамына сату туралы жариялады (рейтингтегі №6). АҚ-ның жуырда жарияланған есебінен 2019 жылдың желтоқсанында топтың сақтандыру компаниясы үшін Ыдырысовқа 4,5 млрд теңге (сол кезеңдегі бағам бойынша шамамен 11,7 млн доллар) 100% аванстық төлемін аударғаны белгілі болды.

2020 жылдың сәуір айының соңында Fitch Ratings агенттігі «Аманат» сақтандыру компаниясы» АҚ-ның қаржылық тұрақтылығы рейтингінің болжамын «Тұрақты» деңгейден «Теріс» деңгейге өзгертті және «B» деңгейіндегі рейтингті растады. Болжам агенттіктің коронавирус пандемиясының әсерін бағалауына негізделген. Маусымда жалғыз акционер 2019 жылға дивиденд төлемеу туралы шешім қабылдады.

«Аманат» СК қаржылық есептілігіне сәйкес, 2020 жылдың бірінші жарты жылдығында сақтандыру қызметінен кірістер 4,2 млрд теңгені құрады, бұл
2019 жылдың бірінші жарты жылдығымен салыстырғанда 16%-ға артық. Сонымен қатар, компанияның таза пайдасы өткен жылдың бірінші жарты жылдығындағы 237,4 млн теңгеден биылғы сәйкес кезеңдегі 648 млн теңгеге дейін – 172%-ға өскен.

Сақтандыру компанияларының жалпы сақтандыру қызметіне негізделген Forbes Kazakhstan рейтингінде биыл «Аманат» СК 10-орынға ие болды. Қаржылық есептерге сәйкес, 2019 жылы оның таза капиталы 4,23 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылғы 4,04 млрд теңгеден сәл жоғары. Компанияның активтері өткен жылдың соңында 10,6 млрд теңгені, таза пайда 312 млн теңгені (2018 жылы – 64,6 млн теңге) құрады. Портфолиодағы негізгі үлес көлік құралдары мен мүлікті сақтандыру еншісінде.

ФОТО: Kazakhmys

Владимир Джуманбаев (№29)
ВТБ Банктен 640 млн еуроға несие алды, осылайша «Алтыналмастың» кредит желісін 1,1 млрд еуроға дейін ұлғайтты

ВТБ тобы «Алтыналмас АК» АҚ алтын өндірісі құрамына кіретін компаниялар тобына 640 млн еуроға дейін кредит берді. Кредит желісі жалпылай алғанда 1,1 млрд еуроны құрады. Владимир Джуманбаев «Алтыналмас АК» АҚ-ның 30% акцияларына иелік етеді және компанияның директорлар кеңесін басқарады.

«Алтыналмас» жаңа кәсіпорындар салуға және активтер базасын кеңейтуге қаражат алды. Қаражаттың бір бөлігі «Қазақалтын» ТМК» АҚ активтерін «Алтыналмас АК» АҚ-мен біріктіруді аяқтауға жұмсалады. Сондай-ақ, бұл қаражат қуат көрсеткіші жылына 5 млн тонна кен өндіретін «Мизек» жобасын іске асыруға; 2021 жылдан бастап алтын өндірудің жылдық көлемін 0,5 млн унциядан көбейтіп, оны сақтап қалуға; компанияның қарыз портфелін оңтайландыруға; күрделі құрылыс және өндірістік қуаттылық пен шикізат базасын ұлғайтуға арналған бірқатар бағдарламаларға бағытталады.

Еске салайық, өткен жылдың желтоқсанында «Алтыналмас АК» АҚ «Қазақалтын» ТМК» АҚ акцияларының 54,24% бақылау пакетін сатып алды. Бұдан кейін ВТБ тобы «Алтыналмас» компаниясына «Қазақалтынның» акцияларын сатып алуға
470 млн еуроға дейін шоғырландырылған несие берді. Ақшаның бір бөлігі қарыз портфелін оңтайландыруға, сондай-ақ «Мизек» жобасын дамытуға жұмсалды.

Соңғы мәліметтер бойынша, «Алтыналмас» портфелінде Қазақстан Республикасындағы 21 алтын кен орнын барлауға және игеруге арналған лицензиялар мен келісімшарттар бар.

ФОТО: Андрей Лунин

Александр Клебанов (№15) пен Сергей Кан (№19)
Вячеслав Кимнің серіктестері атанды (№8)

Үстіміздегі жылдың тамызында Александр Клебанов пен Сергей Кан тепе-теңдік негізде иелік ететін «ЦАТЕК» АҚ арқылы «Астана-ЕРЦ» ЖШС-нің тең иелері болды. Осылайша, олар бұған дейін компанияны 90%-ы өзіне тиесілі «Алсеко» АҚ арқылы басқарған Вячеслав Киммен серіктес атанды. «Астана-ЕРЦ» ЖШС-нің тағы бір акционері – «Нұр-Сұлтан қаласының активтер және мемлекеттік сатып алу басқармасы» ММ және 172 жеке тұлғаға тиесілі «Астанаэнергосервис» АҚ болып табылады.

«Астана-ЕРЦ» ЖШС – мамандандырылған кәсіпорын. Оның негізгі міндеті – есеп айырысу жүйесін жетілдіру және коммуналдық қызметтерге төлемдер жинау. Сонымен қатар, компания дербес шоттарды жүргізумен, есепшот-квитанцияларды қалыптастырумен, басып шығарумен және жеткізумен, ЕДБ арқылы төлемдердің қабылдануын қамтамасыз етумен, төлемдерді өңдеумен айналысады. Компания 2008 жылы тамызда құрылды, онда 127 адам жұмыс істейді. Компанияның мәліметі бойынша, ол 332 мыңнан астам жеке шоттарға қызмет көрсетеді және 752 қызмет жеткізушімен бірге қызмет етеді.

«ЦАТЕК» АҚ құрылымына «Орталық Азия электр энергетикалық корпорациясы» АҚ («ОАЭК» АҚ) еншілес кәсіпорны ретінде біріктірілген Қазақстан аймақтарындағы энергетикалық кәсіпорындар кіреді. Олардың арасында вертикалды негізде біріктірілген энергетикалық холдингтер «СевКазЭнерго» АҚ және «Павлодарэнерго» АҚ, сондай-ақ «Астанаэнергосбыт» ЖШС және Ақмола облысындағы «АРЭК» АҚ бар.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить
ЧТО НЕ ТАК С СУДОМ НАД БИШИМБАЕВЫМ Смотреть на Youtube