Дубайдағы қазақтар: Отандастарымыздың көбі неліктен БАӘ таңдайды, олар онда немен айналысады

31966

Елдер арасындағы визасыз жүйе бизнес пен туризмге қалай ықпал етті

Бұл сауалдарға Дубайдағы жерлестерімізбен тілдескен Forbes.kz тілшісі жауап береді.

Алматылық Алма Игібаева 15 жылдан астам уақыт бойы Халықаралық ІТ компанияларында жұмыс істеген. Қазақстанмен бірге АҚШ, Шри-Ланка, Моңғолия, Әзірбайжан және Орта Азия мен Кавказдың басқа да елдерінде (Грузия, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркменстан, Тәжікстан) тұрған және бизнес жүргізудегі мол тәжірибесі бар. Ол Motorola, Hewlett Packard (HP) сияқты танымал американдық IT компанияларында негізгі әрі жетекші позицияларда  жұмыс істеді, коммерциялық және мемлекеттік секторларда IT бизнес-жобаларды дамытуға ықпал еткен. Табысты жобалардың жиынтығында Қазақстандағы ХҚКО қызметін автоматтандыру, қан орталықтарында есепке алу және штрих-кодтау, темір жолда энергия ресурстарын жұмсауды есепке алу жүйесін енгізу, Қазақтелеком, Қазпошта, Magnum сияқты ірі компаниялардағы ірі IT жобалар бар.

- Біз Дубайда екі жылдан  астам уақыт тұрып келеміз. Осында көшіп келдік, өйткені менің жұбайым Әмірліктерде бизнес жүргізу үшін барынша қолайлы мүмкіндіктер жасалғанын көрді.  БАӘ-нің геосаяси тұрғыдан орналасуы  Дубайды ірі әлемдік логистикалық хабтардың біріне айналдырды. Бұл тауарлардың экспорты мен импорты үшін де ыңғайлы  аймақ болып табылады, сондай-ақ кәсіпті дамыту тұрғысынан, Таяу Шығыс пен Африка сынды елдерге бизнес түрлерін экспансиялау  тұрғысынан да қолайлы-дейді Алма.

Алманың жұбайы БАӘ-де инвестор және инвестициялық-консалтингтік компанияның негізін қалаушылардың  бірі  болып табылады. Себебі, Әмірлікте консалтингтік қызмет көрсету орта және ірі бизнес компанияларында үлкен сұранысқа ие. Алайда, осындай қызметке лицензия алу үшін өзіңнің кәсіби деңгейіңді растау қажет және БАӘ Экономика Министрлігінде өте маңызды емтихан тапсыру керек екен.

- Менің жұбайым бұл емтиханды  өз күшімен, бір дегеннен құламай тапсырған бірінші адам болды.  Бұндай жағдай  бес жыл ішінде болмаған екен.  Бұл жайында бізге жергілікті  шенеуніктер айтқан болатын.  Егер ол бұл сынақтан өте алмаса, онда ол өз білімін арттыру үшін және қайтадан емтихан тапсыру үшін жетекші ЖОО-ның бірінде 6 ай оқып, оған оқу ақысын төлеуіне  тура келетін еді. Бұл дегеніміз шамамен $20 мың.  Ал егер ол қайтадан құлаған жағдайда  тағы да 6 ай оқу үшін $20 мың кетеді және осылай  үшке дейін жалғасады.   Былайша айтқанда білім дегеніміз-күш деген бар,  бұл отбасылық бюджетті сақтап қалуға да ықпалын тигізеді- дейді компания өкілі.

Алма компания ашылған сәттен бастап жұбайымен бірге жұмыс істеп келеді. Инвестициялық мүмкіндіктерді, жобаларды, тәуекелдерді бағалайды, нарықты талдайды. Олар жуырда іске асырған жобалардың бірі- Қазақстандық етпен  байланысты болды, өйткені қазақстандық ет Таяу Шығыс үшін әлемдегі ең сапалы азықтың бірі болып саналады. Алманың айтуынша, оның бірнеше себебі бар. Бұл Қазақстанның аймақтарындағы мал бағуға қолайлы әрі ерекше климат, табиғи жайылым жағдайлары, сондай-ақ малды халал талаптары бойынша ұстау мен сою болып табылады. Ал бұның бәрі қазақстандық етке ерекше дәм береді.

- Бір жыл бұрын біз бір араб клиенті үшін шамамен 270 бас қазақ ақбас сиырын әмірлікке экспорттадық. Мен Қазақстан тарапына, ал жұбайым араб тарапына жауапты болды. Осылайша, 2018 жылдың қазан айында қазақстандық сиырлар Шейх Зайедтің жеріне жеткізілді. Кейіннен олар халықаралық сауда орталығында және үлкен араб отбасылары үшін ұсақ көтерме саудада сатылды. Бұл жобаның құны өте жоғары болды. Өйткені шығын тек мал сатып алуға ғана кеткен жоқ, оның ішінде жақын маңдағы әуежайға мал тасымалдау бойынша кеткен көлік шығындары, жүк тасымалдайтын «Бойнг» ұшағын жалға алу және қызмет көрсету құны, сондай-ақ мал жеткізілгеннен кейінгі зертханалық тексеру және ветеринарлық ауруға қарсы егулер болды. Ал Қазақстанда 270 сиырға азық беру үшін күніне $2 мың жұмсалды. Ал Араб Әмірлігінде $5 мыңға дейін жетті. Өйткені мұнда шөл дала, сондықтан шөптің өзін Африкадан импорттауға тура келеді-дейді ол.

Алма осы экспорттық жобаны жүзеге асыру үлкен мәртебе  болғанын айтады және олар Таяу Шығыстың халқы Қазақстанның жоғары сапалы етін  жоғары бағалағанын айтады. Бірақ, олар үшін  бәрі күткендей болмады. Себебі, уақыт өте Қазақстан және араб тарапынан  бірқатар қиындықтар туындаған. Алайда, олар Таяу Шығыста қазақ етін танымал ету жөніндегі  идеяны жалғастыра беруге ниетті. Олар бұл  жобаға  Қазақстанның БАӘ-ндегі жаңа Елшісі қолдау білдіреді деген үмітте. Оның айтуынша, бұл БАӘ үшін де, Қазақстан үшін тиімді. Қазіргі уақытта Алма жұбайымен бірге бұдан бөлек БАӘ, Бангладеш, Уганда және Конго арасында бірнеше коммерциялық жобалар бойынша жұмыс істеп жатыр.

Егер біздің болашаққа жоспарымыз туралы айтатын болсақ, біз біріншіден, Дубайдағы қазақтар тобында, Facebook пен Telegram-дағы,  белсенділігімізді жалғастыруды жоспарлап отырмыз. Бұл тек БАӘ-ндегі қазақстандықтарды ғана емес, өзбек, қырғыз, түркімен,  тәжіктерді біріктіретін жалғыз топ. Біз бәріміз бір-бірімізге іспен, кеңеспен көмектесуге, қиын сәтте бір-бірімізді қолдауға тырысамыз. Екіншіден, Таяу Шығыста айтылғандай, барлығы Жаратушының қолында. Бірақ біздің алдағы барлық ұзақ мерзімді жоспарларымыз Қазақстанмен байланысты болады-деді Алма.

Қазіргі күні Фейсбукте «Казахи в Дубай» тобы мен олардың Телеграмм каналы бар. Топ әкімшілігінің мәліметінше оның мақсаты – БАӘ-ндегі қазақстандықтардың басын біріктіру, қолдан келгенше көмек көрсету, қажетті ақпарат, жұмыс жарнамалары, түрлі іс – шаралар мен қызметтер жайлы мағлұматтармен бөлісу болып табылады.

- Біздің тобымыз қоғамдық болып есептелінеді, яғни мемлекеттік немесе басқа ұйымдарға қатысы жоқ. Белгілі бір офисіміз жоқ, негзінен виртуалды іс – шараларды жүргіземіз. Кез келген Қазақстандық қазақша, орысша немесе ағылшынша хабарлама жазып, өзін мазалаған сұрақтарға жауап ала алады. Жалпы, БАӘ Елшілігі мен Консулдығы мұндағы қазақстандықтарға жан- жақты құқықтық мәліметтерді, хабарламаларды, мәдени іс-шараларға қатысты ақпаратты және де басқа да қажетті көмектерді көрсетіп тұрады. Білуімізше Дубайдағы қазақстандықтардың саны 5 мыңдай болады(бұл ресми мағлұмат емес, тек тұспал бойынша). Қазіргі таңда тобымызға қосылғандар саны 4 мыңға жуық, оның ішінде Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және басқа да елдердің азаматтары бар. Қазақстандықтардың көбі бізді жұмыс тауып береді деп ойлайды, бірақ олай емес. Дубайда негізінен резюме және тәжірибенің үлкен рөл ойнайтынын айтқымыз келеді. Дубай және Әмірліктердегі қазақстандықтардың қай салаларда жұмыс істейтіні жайлы атап өтетін болсақ, отандастарымыз официанттан бастап үлкен мекеме басқарушысы қызметіне дейінгі түрлі қызметтерде жұмыс істейді. Негізінен қазақстандық мамандар істеріне жауапты әрі ұқыпты қарайды, сондықтан жұмыс беруші компаниялар оларды жақсы бағалайды. Қандастарымыз алғаш келгенде кейбір қиындықтарға тап болып жатады, бұл негізінен тіл, мәдениет, тағамдардың түрлілігі және климат ерекшеліктері. Осында жүрген қандастарымыздың арасында бизнесмендер де аз емес. Олар тағам, консалтинг, көлік, туризм, сауда – саттық және де басқа да салаларда табысты еңбек етіп келеді. Әмірліктердін заны бойынша шет ел азаматы бұл елдің азаматтығын ала алмайды. Сондықтан мұнда ұзақ уақыт өмір сүрген экспаттар уақыт өтісімен елдеріне қайтады. Айта кететін жәйт, бастысы отандастарымыз әмірліктерге келмес бұрын, елдін пайдасы мен қиыншылықтарын таразыға салып, жан- жақты саралап келсе, мақсатына берік болса, міндетті түрде жетістіктерге жетеді-дейді топ өкілдері.

Қарағандылық Назерке Әбдікәрім 26 жаста. Дубайда тұрып жатқанына 5 айдай уақыт болыпты. Жерлесіміз қызмет көрсету саласында еңбек етеді.

- Мен ағылшын тілі пәнінің оқытушысымын. Сондықтан,  әрдайым алыс елдердің біріне самғап кеткім келіп тұратын.   Менің туған жерім Қарағанды, сондағы мектептердің бірінде сабақ бердім. Ал  23  жасқа толған кезде Түркияға ұшып кеттім. Себебі, маған түрік тілі өте ұнайтын. Мен онда  3 жыл жұмыс  істедім, ағылшын тілінің оқытушысы болдым. Бірақ,  мені үнемі жаңа нәрсеге тартып тұратын және бағымды сынап көруді шештім.  Неге екенін  білмеймін,  ең алдымен ойыма  Дубай келді.  Мүмкін, бұл қала жыл бойы жылы болғандықтан шығар. Мен Түркияда Қара теңіздің жағасына тұрдым. Ол жақта да ауа райы қатал, әсіресе қыста суық. Ал Дубайда жұмыс табу қиынға соққан жоқ.  Бірақ бір айта кетері онда көңілің қалаған, өзіңе қолайлы іс табу өте қиын.  Мен hospitality саласымен өстім. Студенттік уақытта кафелерде, мейрамханаларда көп жұмыс істедім. Сондықтан, жұмысты дәл осы сала бойынша іздедім-дейді Назерке.

Жерлесіміздің ұзақ ойлануына  уақыты болмаған. Себебі, 1,5 ай демалыста болған. Сол себепті алғаш табылған жұмысқа бірден келісіпті.  Бұл- lobby hostess қызметі. Осылай Назерке  БАӘ-не көшу туралы шешім қабылдаған. Ол жұмыс істейтін 5 жұлдызды  қонақ үй жергілікті шейхтардың біріне тиесілі екен. Отелдің жалпы аумағы 1 км 600 м. Бұл жерде жыл сайын ат жарысы өтеді. Бәйгеге әлемнің әр түкпірінен белгілі тұлғалар, бизнесмендер, саясаткерлер, оның ішінде ТМД елдерінен атақты адамдар келіп тұрады.

- Мысалы, 2019 жылы Хабиб Нурмагомедов әкесімен бірге келіп, қонақ болып қайтты.  Жыл сайын ат жарысы бойынша әлемдік кубок өткізіледі. Осы кезде әлемге әйгілілердің көбі осында жиналады.  Жергілікті тұрғындар ерекше назарды жақсы көреді. Ал еңбек болса барлық жердегідей бірдей бағаланады. Жұмысқа қалай берілесің, солай төленеді.  Сондықтан кейде 100%,   150% дейін күш-жігеріңді салуға тура келеді.  Бірақ, тек осылай жұмыспен ғана өмір сүруге болмайды. Сондықтан бос уақытымды спорт залда өткіземін. Бұл өмір салтын Қазақстаннан ұстанып келемін. Әзірге елге  оралу жоспарда жоқ. Алдағы уақытта басқа елге көшуді жоспарлап отырмын.  Қазір осы  бағытта жұмыс істеудемін.  Сондықтан мен оны әзірге құпия ұстаймын. Мен фитнесті өте жақсы көремін. Өмірімді сонымен байланыстыруды жоспарлаймын. Ал отаныма аяққа тұрған кезде ораламын және елге инвестиция салуды жоспарлаймын. Мен елге келенде  фитнес залын және дұрыс тамақтандыру бойынша кафе ашқым келеді-дейді Назерке.

Қостанайлық Нұрлан Утельбаев Дубайға 2019 жылдың 1 қарашасында әйелімен бірге ұшып келген. Әмірлікке  туристік жолдамамен барған,   негізгі мақсаттары демалу емес, жұмыс істеу болыпты және онда барысымен бірден бос орындарды іздестіруге кірісіп кеткен. Нұрлан көп ұзамай  құрылыс компанияларының біріне жұмысқа тұрған. Олар Дубайда 5 жыл бойы жұмыс істеп келеді екен.

Жұмысты танысым арқылы таптым, ол маған көмегін берді, жұмысқа компаниядағы танысы арқылы орналастырды, сөйтіп 6 қарашадан бастап іске кірісіп кеттім.   Ал жұмысыма келсем, пәтердің ішін жөндеумен айналысамыз, қайта жөндеу жұмыстарын жүргіземіз, яғни, сантехникалық жұмыстар, сырлау, бояу,  кафель салу, бір сөзбен айтқанда пәтердің ішкі косметикасымен айналысамыз.    Тапсырыс берушілер, әдетте, ТМД елдерінен шыққандар. Жөндеу барысында заманауи технологиялар, заманауи материалдар қолданылады. Сапаға ерекше мән беріледі, интерьерге қойылатын талаптар  барынша жеңілдетілген. Бұл негізінен  агенттер жалға беретін пәтерлер-дейді Нұрлан.

Нұрлан қазір айына 8-10 мың дирхам жалақы алады екен. Бұл долларға шаққанда шамамен $2-$2,5 мың болады. Бәрі  жұмыс көлеміне байланысты екен. Неге Дубай? Жерлесіміз  бұған дейін бірнеше елді  қарастырыпты.  Данияға, Нидерландыға немесе Норвегияға баруды ойлаған.  Бірақ Литваға ұшып, бір жылға жұмыс визасын алу үшін белгілі бір соманы енгізу және сол жерден Еуропаға көшу керек болған. Бірақ, онда көптеген қиындықтар кездескен.  Сондықтан,  ол жарыммен  бірге БАӘ баруды шешіпті.

Біріншіден, Дубай Қазақстанға жақын, сонымен қатар мұнда Ислам мемлекеті, климаты жайлы және көпшілік айтқандай жалақысы жақсы. Мұнда маған тек қазақтар ғана емес, өзбектер, украиндар да көмектесті. Мұнда олардың бірлігі, ынтымағы жақсы.   Қазақстанда өндірісте жұмыс істедім. Қостанайлық компанияның бірінде сүт, шырын өндірісімен айналыстым.  Осында отбасымды көшіріп алу туралы жоспарым бар. Қазір әйелім Қазақстанда. Мен оған қызмет көрсету саласы бойынша жұмыс іздестіріп жатырмын. Дубайда біраз тұрақтап қалуды ойлап отырмын. Екі жыл ішінде бәрін ойланып, бір жақты шешімге келіп, орнығу керек-деді жерлесіміз.

Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірліктеріндегі елшілігінің  мәліметінше Дубайдағы қазақтардың ресми саны 2-3 мыңдай болады. Бұны соңғы сайлау көрсектен. Ал бейресми деректер бойынша олардың саны 5 мыңға жетуі мүмкін. Олардың ішінде негізінен өз бизнестерін ашқан кәсіпкерлер, телекоммуникация саласында жұмыс істейтін мамандар және қонақ үйлердегі менеджерлер бар.  Әбу Дабидегі ADNOC ұлттық мұнай компаниясында Қазақстаннан барған 30-ға жуық инженер жұмыс істейді. Ал визасыз режим Әмірліктерден Қазақстанға, сондай-ақ Қазақстаннан БАӘ-ге баратын туристер санының артуына оң ықпал еткен.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить