Дүние жүзінде су тасқыны қаупі 6%-ға өскен. Ал Қазақстанда ше?

15777

Елімізде көктем сайын бірнеше елді мекенді су басады

ФОТО: © Depositphotos/welcomia

Қазақстанда өрттен кейін жиі болатын табиғи сипаттағы төтенше жағдай – су тасқыны.

ҚР төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин 2022 жылдың 14 сәуірінде өткен сенат отырысындағы сөзінде кейінгі он жылдықта елімізде Маңғыстау облысынан басқа барлық өңірде ірі су тасқыны болғанын айтты. Су тасқыны салдарында 413 елді мекен зардап шегіп, 15 мыңға жуық тұрғын үй су астында қалған.

Естеріңізде болса, 2010 жылы Алматы облысындағы Қызылағаш ауылында және 2014 жылы Шығыс Қазақстан облысының Көкпекті ауылында бөгеттер жарылып, кейінгі он жылдықтағы ең ірі су тасқыны тіркелді. Бұлардың салдарынан 50 адам қаза тапты.

ҚР төтенше жағдайлар министрі (ТЖМ) келтірген деректер бойынша, 2014 жылы еліміздің бірқатар өңірін топан су басқан. Мысалы, сол жылы ақпанда Қызылорда облысын, наурызда Қарағанды облысын, сәуірде Ақмола облысындағы Атбасарды су алса, шілдеде нөсер жаңбырдан соң Көкшетау суға малынған. Ал желтоқсан айында Ертіс өзеніндегі кептеліс салдарында Шығыс Қазақстан облысындағы Восточное ауылын су басып, жаңа жыл қарсаңында Сырдария жағалауынан аққан су Қызылорда облысының Ботабай ауылына жеткен.

2017 жылы Қазақстанның жеті өңіріндегі су тасқынынан екі мыңнан астам үй зардап шегіп, Қарағанды, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарында төтенше жағдай жарияланды. Бұл – адам шығынына жол берілген ел ішіндегі ірі көлемдегі апатты оқиғалар туралы деректер. Ал өңірлерді су басу қаупі әлі күнге дейін сейілмеген. Жыл сайын көктемде бірнеше өңірдегі елді мекен суға кетеді.

2022 жылдың көктеміндегі су тасқынына байланысты Ақтөбе қаласында және Батыс Қазақстан облысының төрт ауданында төтенше жағдай жарияланды. Төтенше жағдайлар министрінің деректерінше, биыл көктем шыға республика бойынша 192 тұрғын үй су астында қалған. Оның ішінде БҚО-да – 140 ауланы (80 үй), Ақтөбе облысында 150 тұрғын үйді, 3 әлеуметтік объектіні, 11 елді мекенді, Павлодар облысында – 3, ШҚО-да – 6, Қарағанды облысында 2 тұрғын үйді су басқан.

Сенаттағы баяндамасында Юрий Ильин ауа температурасының көтерілуін әлемдік тенденция деп атап, дүние жүзінде су тасқыны қаупі 6%-ға өскенін айтты. «Бұл тенденция Қазақстанды да айналып өткен жоқ» деді ол сәуірдегі сөзінде. Яғни, күннің күрт жылуы, қардың жылдам еруі көктемгі су тасқынының негізгі себептері қатарында.

Эколог маман Елдос Абақановтың айтуынша, Қазақстанда атмосфералық ауаны, жауын-шашынды және т. б. гидрометеорологиялық құбылыстарды болжап, мониторинг жүргізіп отыратын басты ұйым – «Қазгидромет» РМК.

«Бұл ұйым қысқа және ұзақмерзімді болжам жасайды. Бізде гидрометеорологиялық зерттеу, болжау жақсы жолға қойылған. «Қазгидромет» басшыларының айтуынша, елдегі метеожағдайды толық болжау мүмкіндігі бар. Қазір барлық процестер автоматтандырылған бақылауға көшуде. Оған жыл сайын бюджеттен тұрақты қаражат бөлінеді. Метеостанциялар бүкіл өңірде орнатылып, автоматтандырылған. Олар күннің райын ғана емес, агрометеорологиялық зерттеу жасап, ауыл шаруашылық өсімдіктерін егу тиімділігін де болжайды», - дейді сарапшы.

Әйтсе де министр Ильиннің айтуынша, биыл «Қазгидромет» су тасқыны ушықпайды деп болжаған. «Себебі биыл қардың қоры аз болды. Бірақ көктем шыға жауын-шашын көбейіп, кейін климаттың күрт жылынуы қарды жылдам ерітті. Салдарынан бес өңірді су алды», - дейді ол.

ҚР төтенше жағдайлар министрлігінің ақпаратына сай, су тасқыны қаупінің өршуіне өзен немесе су қоймаларында гидротехникалық құрылыс нысандарының жетіспеуі не олардың тазартылмауы және иесіз қалуы септік етуде. Ал ел аумағындағы гидротехникалық құрылысты қамтамасыз етіп, оның иесін табуға ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі жауапты.

«Кей өңірде су тасқынының қайталануына жергілікті атқарушы органдардың немқұрайлылығы себеп болды. Аумақты қорғау жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру жергілікті атқарушы органдардың құзыретінде. ТЖМ мамандарының тексерісі кезінде анықталғандай, атқарушы органдардың бірқатары су тасқынына қарсы шараларды жергілікті бюджет есебінен қаржыландыру мәселесін елемеген. Былтыр жол картасы аясында 2,2 млрд теңгеге 37 іс-шара іске асқан, бірақ 22 шара орындалмай қалған», - деді төтенше жағдайлар министрі сенаттағы сөзінде.

ТЖМ мамандары жергілікті атқарушы органдардың жұмысын тексеру барысында елді мекен аумағына түскен қар жиналып қалып, уақытылы тазартылмағанын сынап, ескерту жасаған.Министрдің айтуынша, кей елді мекеннің суға кетуіне адами фактор әсер еткен.

«Тұрғын үйлердің ретсіз орналасуынан кей жерде арық салу мүмкін болмайды. Павлодар облысындағы Рождественка тұрғындарының сыртқа шығарып тастаған қары еріп, сол су ауыл бойында тасыған. Ал Ақтөбенің суға кетуіне 2018 жылдан бері өзендер түбін ағаштан, бұтадан, қамыстан тазартуға қарсы шыққан экобелсенділер кінәлі», - деді министр.

Өз кезегінде ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев елді мекендерді су басу фактілері гидротехникалық құрылыс нысандарының жұмысына қатысты емес дегенді айтады.

«Министрлік апатты су қоймалары мен гидротехника құрылыстарын қайта құру бойынша жұмыс істеуде. Кейінгі 5 жылда жалпы құны 12,8 млрд теңге болатын 16 нысан қалпына келтірілді. Биыл тағы 6 объектіні қалпына келтіру жоспары бар, бұл жұмыстарға республикалық бюджеттен 9,5 млрд теңге қаралған, қалған 19 объект 2025 жылдың аяғына дейін қалпына келтіріледі. Қазір, сондай-ақ «Гидротехника құрылыстарының қауіпсіздігі туралы» заң әзірлеу жоспары бар», - деп ақталды ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев.

Оның айтуынша, «Қазгидромет» ел аумағында температураның күрт көтерілетінін және қардың еритінін әкімдіктер мен мүдделі мемлекеттік органдарға уақытылы хабарлаған. Соған қарағанда, біздің шенеуніктер, «жыл мезгілінде төрт маусым бар» деген ақпартқа да зәру болса керек.

Байқасақ, ресми орындар ресми мәліметтерін алға тартып, әрқайсысы өз дерегімен ақталып бағуда, алайда, «Қазақстанды неге жиі топан су басады?» деген басты сұрақ әлі де сол қалпы жауапсыз.

Сенатор Дана Нұржігіттің пікірінше, су – ұлттық қауіпсіздік деңгейіндегі мәселе. Сол себепті уәкілетті органдар су мәселесі бойынша үкіметке үш айда бір рет есеп беруі керек.

«Су апатының алдын алуға бүгінде бізде алты министрлік жауапты, оған жергілікті әкімдіктердегі коммуналды мекемелерді қосыңыз. Бірақ жыл сайын топан судың бетін қайтаруға келгенде олардың бәрі бірдей қауқарсыз болып шығады. Өткені мемлекеттік органдардың арасында бірыңғай даму стратегиясы жоқ, жүйе жоқ, нақты жауапты орган жоқ. Салалық заңдарда, мемлекеттік органдардың ережелерінде көктемдегі су тасқынының алдын алуға қатысты бірде-бір заң нормасы жоқ. Президент Су кодексін әзірлеуді тапсырды. Онда сумен қамту және су бұру қауіпсіздігін реттейтін нормаларды қарастыру, әрбір уәкілетті органның құзіретін нақтылау, жауапкершілікті арттыру, сондай-ақ ведомствоаралық үйлестіру жұмыстарына бақылауды күшейту мәселесі ескертілді. Осы айтылғандардың барлығы жаңа кодексте заңдық негізін табады деп үміттенеміз», - дейді ол.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить