Пробиркадан «түскен» ақша

12698

Қазақстанда пандемияның басты бенефициары атанған «Олимп» зертханалар жүйесі COVID-19 дертіне қарсы вакциналау шарасына дайындықты бастады

Ерлан Сүлейменов
Ерлан Сүлейменов

Халықаралық WiseGuy Reports зерттеу компаниясының мәліметінше, COVID-19 диагностикасының әлемдік нарығы бүгінде 60,3 млрд АҚШ доллары шамасында деп бағалануда.

Сарапшылардың айтуынша, аталған нарық көрсеткіші 2021 жылы 84,4 млрд доллардан, 2027 жылға қарай 195,1 млрд долларға дейін өсуі тиіс: бұл кезең аралығында жыл сайынғы жиынтық өсім (CAGR) 15%-ды құрайды деген пайым бар. Мұндай өсім COVID-19 жағдайының артуымен, науқастарды емдеу барысын жақсарту жөніндегі үкіметтер талаптарының күшеюімен, медицина қызметкерлері арасында шұғыл тестілеу әдістерін кеңінен қолданумен және нарық ішіндегі басты ойыншылардың ғылыми-зерттеу қызметтеріне ауқымды инвестиция бөлуімен түсіндіріледі.

Қазақстанда COVID-19 дертін диагностикалау нарығы биыл көктемде қалыптасып, бой түзеді: мұндағы басты ойыншы «Олимп» кликиналық-диагностикалық зертханалар (КДЗ) желісі. «Олимп» желісінің негізін қалаған Ерлан Сүлейменовтың (рейтингте 48 орында) айтуынша, елімізде COVID-19 бойынша тестілеуді бірінші болып енгізген компанияның бүгінгі көрсеткіштері 60%-ға өскен.

Медицинадан – бизнеске

Ерлан Сүлейменов бала кезден дәрігер болуды армандаған. «Анам дәрігер, мен де анамның ізімен осы саланы таңдадым. Кардиолог болғым келді», – деп әңгімелейді кәсіпкер. 1997 жылы Ақмола мемлекеттік медициналық академиясын «емдеу ісі» бөлімі бойынша аяқтаған ол, оқуын әрі қарай жалғастыруды ойлайды. Сөйтіп, «терапия» бағытындағы клиникалық ординатураға келгенде, сол кездегі денсаулық сақтау жөніндегі агенттік басшысының, терапия бөліміндегі клиникалық ординаторларды жалпы практика дәрігерлері етіп ауыстыру жөніндегі бұйрығы шығады.

«Еліміздегі отбасылық медицина саласының негізін қалаған алғашқы мамандар ретінде біз барлық кафедрадан өттік: хирургия, тері венералогиясы, гинекология, т.т. Өзге де бейіндік бағыттардағы ординаторлармен бірге оқып, бірқатар медицина мамандықтары бойынша елеулі тәжірибе жинақтадық», – дейді Ерлан Сүлейменов. Әйтсе де 1998 жылы ол жалпы практика дәрігері болудан бас тартып, медицинаға негізделген бизнесті игеруге бет бұрады.

Бұл тұрғыда Сүлейменов қолға алған бірінші бағыт – кардиология саласындағы функционалдық диагностика. «Санкт-Петербургте ЭКГ (холтер) және артериялық қысым бойынша тәуліктік моиторинг жүргізу әдісін игеріп, артынша оны Астанада бірінші болып енгізе бастадым. Бұл үшін алдымен жеке кәсіпкер стаусын иелендім», – деп әңгімелейді ол. Кәсіпкердің айтуынша, 1990-жылдардың соңында бұл тұрғыдағы қызмет түрлеріне сұраныс өте жоғары болған, сондықтан да диагностикаға қажет құрылғыларды көптеп сатып алуға тура келген. Функционалдық диагностикаға тіпті ҚР Президенті іс басқармасының медициналық орталығы да қызығушылық танытқан.

Қажет құрылғыларды сатып алу үшін Ерлан Сүлейменов бастапқыда туған-туыстарынан қарызға ақша алуға мәжбүр болған: аппаратураның бір данасы ол кезде 1500–2000 доллар тұратын. «Алғаш рет 1000 доллар пайда тапқанымда, қарызымды қайтарамын деп қатты қуандым», – деп күледі ол. Кәсіпкер, диагностикалаудан түскен ақшаны үнемдеп, жинап, мейлінше қомақты бизнеске жұмсау туралы ойлана бастайды. «Холтерден кейін «Тыныс» деп аталатын жаңа медициналық орталық аштым. Онда емделушілер терапевт, кардиолог, гинеколог, эндокринолог, пульманолог, маммолог сынды мамандардың қызметіне жүгіне алды», – дейді Ерлан Сүлейменов. Тағдырдың қалауы болса керек, артынша, екі бірдей жоғары білім бар (медициналық және экономикалық) жас маманды ҚР Фармация комитетіне жұмысқа шақырады. Сүлейменов онда үш жылдай қызмет етіп, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың мониторингін жүргізеді. «Мониторинг маған нарық ішін бағамдап, баға беруді үйретті: нарық іші дәл қазір ашық екендігін түйсінуге көзімді жеткізді. Бұл салада еңбек ету мен үшін қиын болған жоқ. Уақыт өте – жинақталған ақшаға қарыз алып қосып, анализаторлар сатып алдық», – деп әңгімелейді кәсіпкер.

2007 жылы Ерлан Сүлейменов Елордада алғашқы диагностикалық зертханасын іске қосты. Ең бірінші сатып алған анализатор «Олимпус-400» деп аталатын – ол тестілеу барысын жылдам әрі сапалы етіп жүргізіп, нәтижесін ақпараттық орталыққа дереу жеткізіп беретін (әрі қарай пациенттердің электронды поштасына жіберіледі). «Аппарат жұмысы біздің қызметкерлерге ұнағаны соншалық, лаборант дәрігерлердің бірі зертхананы «Олимп» деп атауды ұсынды», – дейді Сүлейменов.

Кәсіпкердің айтуынша, бүгінгімен салыстырғанда сол жылдары мұндай зертхана ашу қиын емес еді: «Ол кезде нарық іші қандай да бір нормативтік-құқықтық актілерден ада болатын. Зертхана ашу үшін тіпті санитарлық тәртіп-ереже, талаптық нормалар да ескерілген жоқ: қайда ашам десеңіз де өз еркіңіз, ең бастысы – зертханалық диагностика жүргізуге рұқсат беретін лицензия болу керек. Біз сөйтіп алғай қарай адымдап өсіп жаттық». Ерлан Сүлейменов «Олимп» КДЗ желісімен бүкіл республиканы түгел қамтуды көздеп, өз алдына міндет қояды. Бұл үшін ақпараттық жүйелерді әзірлеумен қатар, стандарттарды белгілеп, тағайындау керек болды.

Сол жылы «Олимптің» екінші зертханасы Қарағандыда, үшіншісі – Ақтөбеде, төртіншісі – Петропавлда, бесіншісі – Өскеменде ашылды. Бүгінде «Олимп» клиникалық-диагностикалық зертханалар желісі – ел ішін түгел қамтыған клиникалық 24 зертхана және биоматериал жинауға арналған 370 процедуралық кабинет түрінде бой түзеген. Зертханалардан бөлек, Сүлейменов DiVera медициналық орталықтары желісін және дистрибуциямен айналысатын Meditec компаниясын дамытуды да қолға алған. «Бұл компания бізге медициналық бағыттағы бұйымдар мен реагенттерді, құрал-жабдықтарды жеткізіп береді. Біз Roche, Abbott, BeckmenCulter, BD сынды өзге де ірі өндірісшілермен келісім жасағанбыз. Ол бізге қаражат үнемдеп, қажет өнімдерді тұрақты әрі дер кезінде жеткізуді қамтамасыз етеді», – деп түсіндіреді кәсіпкер.

Төтенше сұраныс

COVID-19 пандемиясының таралуына Сүлейменов, өзінің айтуынша, өзгелерден бұрын қамдана бастаса керек. «Алғашқы ақпарат бізге Қытайдан келіп жетті: қытайлық құрылғыларды пайдаланатындықтан, біздің инженерлер сол бағытта іссапарға дайындалып жатқан, бірақ онда вирус жылдам тарап, біз тәуекелге бара қоймадық. Коронавирустың Қазақстанды да айналып өтпейтінін жақсы түсіндік, сондықтан қолымыз жеткен барлық ақпаратпен танысып, дайындала бастадық», – деп еске алады Сүлейменов.

2020 жылдың басында Ерлан Сүлейменов Тайландта өткен диагностикалық және зертханалық компаниялар директорларының құрылтайына қатысады. «Тайландқа жеткенде бірден көзге түскені – қытайлық туристер онда бетпердемен жүр екен. Біз оларға таңданып қараймыз, олар – бізге. Сол тұста біз коронавирусқа қатысты соншалықты үрейленіп, қауіптене қоймадық. Бірақ қытайлықтардың қимыл-әрекеттерін сырттай бақылап, қадағалап жүрдік. Соларға қарап, нені елепескеру керек деген тұрғыда ойлана бастадық», – дейді ол.

Қазақстанға оралған бойда Ерлан Сүлейменов ПТР тестілерге қажет реагенттер шығаратын ресейлік өндірушілер туралы ақпараттарды іздеп, таныса бастады. «Сол кезде олар нақты өнім ауқымын ұсынуға дайын отырды, – деп әңгімелейді кәсіпкер. – Бірақ біздің қолымызда қажетті тест ауқымы бойынша ешқандай болжам болған жоқ. Біз бірден Денсаулық сақтау министрлігіне хабарластық».

Министрлік көктемге қарай коронавирус бойынша ПТР тестілер жүргізуге рұқсат беретін негіздеме дайындап, ұсынды. «Сараптама жүргізуге рұқсат алуда көптеген қиындықтар туындап жатты. COVID-19 патогендік көрсеткіші бойынша екінші топқа жатады, ал біздің зертханалардың басым бөлігі үшінші және төртінші топтар бойынша жұмыс істейтін», – деп түсіндіреді Сүлейменов. Бірақ «Олимп» өз зертханаларын дереу қайта ұйымдастырып, жасақтап, коронавирусты тестілеуге кірісіп кетті: бұл тұрғыда тіпті кейбір инфекциялар бойынша диагностика жүргізуден бас тартуға да тура келген. «Біз коронавирус инфекциясын диагностикалау стандарттарын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының отырысына түгел қатыстық. Инфекция жұқтырған материалмен қалай жұмыс істеу керек? Оның жолдарын сол кезде ешкім де дұрыс түсініп, білген жоқ. Бізге, қызметкерлерді қорғау амалдарынан бастап, барлық кеңсе, бөлмелерді өңдеуден өткізу қажеттігін, жеке қорғаныс құралдарын қолданып, бетперде, арнайы көзілдірік кию талаптарын ұстану керектігін баршаға түсіндіріп, қатаң ескертуге тура келді. Осылайша, сараптама жасауды бастамас бұрын алдымен кең ауқымды дайындықтан өттік», – дейді кәсіпкер.

Көктем шыға Денсаулық сақтау министрлігі жекеменшік зертханаларды КВИ диагностикасына қатыстыру жөнінде шешім шығарғанда, нарықтағы ойыншылар түгелдей келісе қойған жоқ. Ал сол кезде сұраныстың артуына орай, мемлекеттік зертханалар жұмысында көптеген проблемалар туындап жатты: тест нәтижесін ұсынуда кідірістер орын алып, шығын материалдары мен реагенттерді жеткізу және логистика барысы қиындап кетті, өзге де ұйымдастыру шаралары бойынша түйінді мәселелер көрініс берді. «Сол кезде біздің көмегіміз өте орынды болды. Реагенттердің алғашқы партиясын біз алғашында Ресейден, кейін Қытайдан сатып алдық. Сондай-ақ, өндірісті, әсіресе, РНҚ бөлу барысын автоматтандыру қажеттігін бірден түсіндік, әйтпесе тапсырыс ауқымы бойынша үлгермейтіндей едік», – деп әңгімелейді Ерлан Сүлейменов.

Кәсіпкер, көктем бойы осынау процесті автоматтандыру ұсыныстарымен толық танысып, ең мықты да тиімді дегенін таңдаған. Сөйтіп, алғашқы ПТР тестілер 17 сәуірде Алматыда жасалынды. Бірақ сол тұста пациенттер ағыны соншалықты көп болатынын Сүлейменовтың өзі де білген жоқ. Кейде тіпті тестілеу барысын тоқтатуға да тура келген, өйткені келіп түскен биоматериалдар көлемі зертханалардың қуат мүмкіндігінен асып түскен. «Біз бұл жағдайдан да ойдағыдай шыға алдық: жаңа құрылғылар сатып алып, ПТР-зертханаларын еліміздің барлық өңірінде жұмысқа қостық», – дейді кәсіпкер.

ПТР тестілердің бастапқы бағасы сәуір айында 19 мың теңгеге дейін жетті. Ерлан Сүлейменовтың айтуынша, тестілеу құнының қымбат болуына өндірісшілердің «Олимпті» тестілеу әлеуеті мол ірі ойыншы деп қабылдамауы септік етсе керек. «Сондықтан да сатып алу бағасы біз үшін айтарлықтай жоғары болды, – деп түсіндіреді ол. – Әрине, бағаның қалыптасуына сол кезде 450 теңгені алқымдап қалған АҚШ долларының бағамы да әсер етпей қойған жоқ». Жыл соңына қарай бағаны төмендету мүмкіндігі туындады, қазір ПТР тестілеу құны пациент үшін 8,5 мың теңге шамасында.

Бүгінде ПТР тестілерді жеткізуде «Олимп» КДЗ желісі ресейлік және қытайлық компаниялармен жұмыс істейді: олардың ішіндегі ең негізгілері – Xi’an Tianlong Science and Technology Co және Zybio Inc. Сүлейменовтың айтуынша, тестілеу компоненттері өте сезімтал, сондықтан «Олимп» тест жеткізуші компанияларды Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсыныстарына сай етіп таңдаған.

Нарықтағы трансформация

Пандемияға байланысты қазірде Қазақстанның зертханалық сараптама нарығында бірқатар өзгерістер жүріп жатыр: ПТР жасаушы зертханалар саны көбейген, әсіресе, өңірлерде. «Бұл ойыншылар қазір нарыққа пандемия буымен келіп жатыр, біз оны түсініп отырмыз. Сұраныс болған жерде, ұсыныс та арта береді, бұл дегеніңіз – классика», – дейді Ерлан Сүлейменов. Оның сыртында зертханаларға қажет құрылғылар мен құрал-жабдық жеткізуші жаңа компаниялар да шыға бастаған.

Соған қарамастан, кәсіпкердің айтуынша, кей зертханалардың жұмысын тиімді деп бағалауға келмейді, өйткені оларда техникалық ақаулар көрініс беруде. Кейбіреуінде ақпараттық жүйелер орнатылмаған, оның сыртында, барлық зертханада тиісті деңгейде дұрыс сараптама жасай білетін мықты мамандар жеткілікті деп айта алмаймыз.

«Олимп» те жаңа зертханаларын іске қосуды жалғастыруда. Таяу арада Петропавлда ашылатын жаңа зертхана, тест жүргізу ауқымын 2 есе арттыруға мүмкіндік бермек. «Қазір біз күніне, орташа есеппен алғанда, 10–11 мыңдай сараптама жасаймыз, бұл – біздің бәсекелестердің көрсеткіштерінен айтарлықтай жоғары ауқым», – дейді Сүлейменов. Кәсіпкердің айтуынша, бүгінде еліміздегі ПТР тестілеу нарығындағы негізгі үш ойыншының үлестерін салыстырсақ, «Олимп» шамамен 50%-ға, Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығы – 35%-ға, Invivo 15%-ға ие. Зертханалық сараптамалар нарығын жалпылай негізде алғанда, «Олимп» үлесі, Ерлан Сүлейменовтың бағалауынша, 35%-ды құрайды.

«ПТР тестілеу аясында біз өсіп, ұлғая алдық. Жағдай былайша өрбіді: мемлекет тұрғындарды коронавирусқа тест тапсыруға міндеттей бастады, нәтижесінде – зертханалар жұмысына түскен салмақ ауырлай берді. Бұдан біздің түсімдер шамамен 60%-ға жоғары өсті. Бұған дейін жылдық өсім 30% шамасында болатын. Әдетте біз түскен табысты компаниядан шығармай, айналымға саламыз, сондықтан да жаңа зертханалар ашып, COVID-19 дертіне сараптама жүргізуге 5 млрд теңгеден астам қаржы инвестициялай алдық», – дейді Ерлан Сүлейменов.

Кәсіпкер, нарық іші әрі қарай өзгере береді деген сенімде. Оның пайымынша, алдағы уақытта дербестендірілген медицина перспективалы бағыт деп танылуы тиіс. Оның мақсаты – пациенттің денсаулығы туралы мейлінше кең ауқымды ақпарат беру. «Таяу арада геном карталары пайда болып, әр адамның шыққан тегі толық зерттеліп, сипатталады. Соған сәйкес, пациенттерді емдеу барысында әр адамның генетикалық жеке сипатына қарай терапия қолдану мүмкіндігі туындайды. Геном ерекшелігін ескеретін арнайы препараттар бүгінде әзірленіп, жасалған», – дейді Ерлан Сүлейменов. Былайша айтқанда, болашақта әр адамның өз шағын зертханасы болады деген сөз. Бұл оған өз бойындағы көрсеткіштерге мониторинг жасауға мүмкіндік береді: мәліметтер бірыңғай ақпараттық жүйелерде жинақталып, сараптама нәтижелері пациенттің электронды картасына енгізіледі де, емдеу барысындағы шешімдер осы мәліметтерге негізделіп қабылданатын болады.

Кәсіпкердің айтуынша, «Олимп» зертханасы қазірден бастап COVID-19 дертіне қарсы вакциналау шарасына дайындық жүргізіп, қамдана бастаған. «Біз халықты вакциналауды DiVera медициналық орталықтары арқылы ұйымдастыратын боламыз», – деп уәде етеді Ерлан Сүлейменов. Клиникалық сынақтар өтікізіліп, тиімді вакцина табылған бойда, ол дереу шешім қабылдауға әзір.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить