Кофеден жасалған былғары? Әбден мүмкін!

26078

Қазақстандық жас кәсіпкер кофенің кепкен ұнтағынан экологиялық тұрғыда таза, балама былғары жасауды қолға алды

Шыңғыс Жәкенұлы
Шыңғыс Жәкенұлы
Фотосуреттер Шыңғыс Жәкенұлының жеке архивінен

Таныс болыңыздар – Шыңғыс Жәкенұлы, 24 жастағы жас кәсіпкер, URPAQ атты стартап жобаның авторы. Өз жобасын іске қоса отырып, ол еліміздегі сән индустриясының өзгеріп, дамуына және қоршаған ортаны қорғау ұстанымына елеулі үлес қосқысы келеді.

URPAQ жобасының басты идеясы – өсімдік заттан алынып, өңделген табиғи былғарыға қол жеткізу.

Шыңғыстың айтуынша, экологиялық таза осындай балама былғарыдан күнделікті өмірге қажет көптеген дүние жасауға болады: аяқ киімнен бастап, әртүрлі аксессуарларға дейін. Мысалға, ол қазір сағат бауы, білезік, кілтке арналған әмиян сынды шағын заттарды жасауға кіріскен. Оның пікірінше, экобылғары өндірісі отандық креативті индустрия, сән индустриясы сынды тың идеяларды қажет ететін ерекше салалардың дамуына да серпін бермек. Айтпақшы, балама былғарыны өндіру барысында жан-жануар зардап шекпейді, қоршаған ортаға зиян келмейді, сондай-ақ бұл жобаның өнеркәсіптік көлемде су үнемдеу мүмкіндігі бар.

Математикадан экологияға дейін

Шыңғыс Жәкенұлы ҚазҰУ механика және математика факультетін «Механика және робот техникасы» мамандығы бойынша аяқтап, қазір Narxoz Business School МВА бөлімінде білімін ұштауда. Оқып жүріп, ол өз серіктестерімен бірге осынау бірегей стартап жобаны жүзеге асыруға бел буған.

Өздері қолға алған жобаның өндірістік сипаты туралы Шыңғыс: «қайнатылған кофенің қалдығын кептіріп, тоқыма қалдығымен араластырып, экологиялық таза былғары шығарамыз» деп түсіндіреді. Ол, сондай-ақ кофенің кепкен ұнтағы түріндегі шикізат мәселесі әу бастан оңай әрі тегін шешілген деп отыр: «жергілікті кофеханалармен арада өзіндік келісім бар».

«Кофенің қалдығынан жасалған биобылғары теріден жасалатын кез келген затты өндіруге жарай береді: аяқ киім, картхолдер, портмоне, киім-кешек, т.т. Экологиялық былғарының өзге түрлерінің құрамында полиуретан сынды синтетикалық қоспа бар, ал біздің өнімімізде ешқандай химиялық элемент жоқ. Біздің өнімді, тіпті, толыққанды «вегандық» деп те атауға болады. Бұл өнімге тән тағы бір ерекшелік – оның биологиялық тұрғыда ыдырау қасиеті бар», - деп түсіндіреді өз жобасын стартап авторы Шыңғыс Жәкенұлы.

Кәсіпкердің айтуынша, қазіргі таңда осы секілді ұқсас жобалар өзге елдерде де кең танымал. Мысалға, Германияда кофенің қалдық ұнтағынан саптаяқ жасаса, Тайваньда оны қайта өңделген пластикпен араластырып, тоқыма бұйымдарын жасауға пайдаланады екен. 

Жас кәсіпкер, өзі қолға алған бизнес идеяның туындауына жаратылыстану ілімінен бастап, мехмат, бизнес сынды үш бірдей іргелі саланың өзара қиылысып, ұштасуы септік етті деп қосады: «Мен өзім механика және математика факультетінде оқыдым, серіктесім – химик. Университеттің бірінші курсынан бастап әртүрлі бизнес әдебиетке үйір болдым, халықаралық ірі компаниялар өткізетін көптеген стартап бәйге, стартап сайыс сынды жобаларға үзбей қатыстым. Сол жобалар аясында білімімді шыңдап, тәжірибе жинақтадым, іскерлік байланыстар орнатып, мықты нетворкингке қол жеткіздім деуге болады».

Кофеге тән ерекше қасиеттер көп

Қазір URPAQ жобасы алдындағы басты мақсат – толыққанды өндіріс желісін іске қосып, бір жолға қою. Бұл тұрғыда жоба авторлары Алматы кофеханаларында «шоғырланған» кофе қалдығы түріндегі шикізаттың шамамен 10%-ын өңдеуге дайын. Жас кәсіпкерлер экологиялық таза өндіріс үлгісін көрсетуді де маңызды міндеттің бірі санайды.

«Жоғарыда айтып өттім, табиғи да, жасанды да былғары өндірудің дәстүрлі тәсілдерінің салдары қоршаған ортаға залалсыз емес, өйткені өндіріс барысында әртүрлі химикаттар қолданылады, ал ол ауаға да, топыраққа да, суға да әсер етпей қоймайды. Айталық, терінің бір келісін игеруге, кем дегенде, 17 100 литр су кетеді. URPAQ жобасы экологиялық тұрғыда таза, табиғи өнімдерге негізделген экологиялық шешім ұсынады. Кофе қалдығының химиялық құрамы ерекше әрі бірегей: ондағы микроскопиялық ұсақ тесікшелердің ультракүлгін сәулесіне (UV) қалқан болар қасиеті мол. Одан, сондай-ақ наноцеллюлоза, май алуға болады. Балама былғары шығаруға қажет ингридиент таңдауда біз үшін кофеге тән осындай ерекшеліктер басты фактор болды», - деп әңгімелейді Шыңғыс.

Кәсіпкердің айтуынша, жалпылай алғанда, жобаның өндірістік құрылымы көпке танымал жасанды тері және экологиялық былғары жасаудағы стандартты желілерге ұқсас. Тек, бұл жобада экологиялық өндіріске және шығын материалдарын үнемдеуге түпкілікті көңіл бөлінген.

«Өндіріс барысында, біз, ең алдымен, кофе қалдығын кептіріп, одан кофе майын аламыз, кейін оны косметика бұйымдарын өндіруге қолдануға болады. Бұдан кейін өсімдік негізіндегі табиғи ингридиенттерді араластырып, илектен өткізіп, кептіреміз. Теріні осындай жолмен өндіруге талап етілетін су шығыны, дәстүрлі әдістермен салыстырғанда 60–70%-дай төмен, оның сыртында электр энергиясы да үнемделеді, ауаға тасталатын СO2 шығарылымы да аса көп емес.

Бүгінде біз екі бірдей технологиямен жұмыс істеп бастадық, яғни екі түрлі өнім шығаруға кірістік. Бұл өнімдерді URPAQ future және URPAQ main деп белгіледік. Бірінші материал – URPAQ future – биополимерлер мен өзге де өсімдік элементтері негізінде өндіріледі. Қазір біз бұл өнімнің технологиялық сипаттамасын жетілдіруге барынша мән берудеміз: үлгі материалдарын органикалық мақта секілді табиғи тоқыма қалдықтарымен біріктіріп, сынақтан өткізіп жатырмыз.

URPAQ main өнімін шағын заттар әзірлеуде кесіп, пішіп, тігіп, тіпті, нақыштап сурет салу не жазу қосу дегендей мүмкіндіктерді ескеріп, байқап көрдік. Бұл өнімнің су өткізбейтін мықты қасиеті бар. Қазір негізінен осы өнімге барынша көңіл бөлудеміз. Таяу арада осы URPAQ main материалынан жасалған алғашқы балама былғары өнімдерін сатуға шығармақпыз», - деп әңгімелейді жас кәсіпкер.

URPAQ жобасы аясындағы өндіріс әзірше тек Алматы қаласында орналасқан. Стартап иелерінің айтуынша, қазіргі таңда жобаның техникалық мүмкіндігі шектеулі.

«Қазір біз отандық және халықаралық деңгейдегі ірі инкубаторлар мен акселераторларға белсенді түрде қатысып жүрміз. Бұл біздің тәжірибе, білімімізді шыңдап, нетворкинг аясын кеңейтеді. Сол сияқты, жобаның технологиялық базасын жетілдіріп, толыққанды өндірістік желі қалыптастыру үшін грант не өзге де инвестициялық мүмкіндіктерге жол ашады. Pre seed кезеңін 60 000 доллар шамасында сәтімен аяқтай алсақ, бұл бізге өндіріс ауқымы бойынша шектеулерді алып тастауға мүмкіндік берер еді», - дейді Шыңғыс.

Нарыққа артар үміт мол...

Халықаралық мәліметтерге жүгінсек, бүгінгі таңда былғары өнімдері нарығы әлем бойынша бизнес әлеуеті мол саланың бірі. Кей болжамдар бойынша (Straits Research), 2030 жылға қарай бұл нарықтағы қаржылай мүмкіндік 720.8 млрд АҚШ долларына дейін жетуі ықтимал.

Ел ішіндегі деректерге назар аударсақ, отандық жеңіл өнеркәсіптің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 2020 жылы 0,1%-ды құраған. Байқауымызша, соңғы 30 жылда бұл салада кері құлдырау көрініс берген, бірақ сарапшы қауым мұның «өзіндік объективті себептері бар» дегенді алға тартады.

Соның бірі – өткен ғасырдың 90-шы жылдары отандық өнім сапасы барынша төмендеп, нарық ішін «сұр импорт» үлесі жаулап алды (әсіресе, Қытайдан әкелінген). Осының салдарында жеңіл өнеркәсіптегі өндіріс көлемі күрт қысқарып, айталық, тоқыма өндірісі, орташа есеппен алғанда, 18%-ға дейін, киім-кешек шығару – 37%-ға дейін, ал былғары өнімдерін жасау көрсеткіші – 43%-ға дейін құлап түскен. Жалпылай алғанда, соңғы 30 жылда елімізде былғары бұйымдарын шығару алты есе, аяқ-киім шығару – 34 есе қысқарған.

Дегенмен, URPAQ жобасының авторлары өздері қолға алған кәсіптің алдағы әлеует мүмкіндігіне барынша сенімді.

«Нарық ішіндегі өсу тенденциясы мен сән индустриясы тарапынан жаңа ұсыныстарға деген сұраныс – біз үшін шынайы құлшыныс пен ынта екпінін мейлінше қамшылап, алға қойған мақсатымызды әрі қарай жылжытуға серпін береді деген үміттеміз.

Біздің өнім өсімдік негізінде алынған шикізаттан жасалады және оның ультракүлгін сәулелерден қорғау қасиеті жоғары, ал бұл – өнімді қолдану мерзімі ұзаққа созылады деген сөз. Оның сыртында, баға тұрғысында қолжетімді әрі қауіпсіз және биологиялық ыдырау қасиеті бар. Қазірдің өзінде бізге сән индустриясы өкілдерінен әртүрлі ұсыныстар түсіп жатыр, әлеуетті серіктестеріміз жоқ емес», - деп әңгімелейді жас кәсіпкер.

Экологиялық құрамына қарап, URPAQ жобасын еліміздегі әлеуметтік кәсіпкерлік үлгісінің нақты көрінісі деуге негіз бар. Шыңғыстың айтуынша, осынау бизнес идеяны талқылау барысында, жоба авторлары әлемдік деңгейдегі ұқсас жобаларды зерттеп, биоматериал таңдау тұрғысында әбден ізденген.

«Еуропа және Латын Америкасы елдеріндегі кәсіпкерлерге, қолөнершілерге хабарласып, олардың біраз жылғы тәжірибелерін сарапқа салдық. Бұл елдерде жыл сайын ірі экостартаптарды дамытуға арналған ауқымды шаралар өтіп жатады: оларда биопластиктің баламалары мен өсімдік негізіндегі былғары секілді өнімдерді шығаруға мейлінше көңіл бөлінген, тіпті, университеттерде арнайы зертханалар ашылып, жұмыс орындары да ескерілген.

Ал біз биостартаптарды дамыту басымдығы мен биоматериалдарды қолдану мүмкіндігіне енді ғана назар аудара бастадық. Болашақта елімізде әртүрлі биоматериалдарды зерттеп, шығарып, оларды өндіруге қажет инновациялық технологияларды жасауға кірісетін мықты мамандар қауымдастығы қалыптасса деген де ой бар, өз тарапымыздан соған үлес те қосқымыз келеді. Бұл бізге әу бастан экологиялық құрамы бар отандық өндірісті іске қосып, дамытуға жол ашады деген сенімдеміз», - дейді жас кәсіпкер Шыңғыс Жәкенұлы.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить