Жетістік жолы. Моңғолиядан Қазақстанға алғаш болып оралған Байтемір Ермұрат табыс көзін қалай тапты

21282

Кешегі даяшы, бүгінгі кәсіпкер ресторан бизнесі мен ауыл шаруашылығының негізін қалай қалады

F: Байтемір мырза, біздің білуімізше Сіз кезінде Бай-Өлкеде туған екенсіз. Моңғолиядағы өмір қалай болды? Қазақстанға қашан көшіп келдіңіздер?

- Иә, менің балалық шағым, бозбала күнім Бай-Өлкеде өтті. Әкем Байтемірден тым ерте айырылып қалдық.  Мен ол кезде небары 10 жаста едім. Шешеміз үш баламен қалды. Менің бір әпкем және бір інім бар. Анам бізді жеткіземін деп қалай шаршағаны әлі күнге көз алдымда. Шешемнің тапқан табысы бізге әупірімдеп әрең жететін. Ал 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздік алған сәтте Елбасы – Нұрсұлтан Назарбаев алыста жатқан біздерді отанға шақырды. Осылайшап атамекенге қарай Ұлы көш басталды. Мен де сол сәттен бастап тарихи отанымызға жететін күнді асыға күттім, аңсадым десем арттық айтқандық емес. 1992 жылы мектеп бітірген соң, Қазақ еліндегі университеттердің біріне оқуға түсудің жолдарын қарастыра бастадым. Арман алдамады, көптен күткен мақсат орындалып, Қазақстанға жеттім.  Ең бастысы, бабаларымыздың кіндік қаны тамған еліме табан тіредім. Жолым болып, қазіргі Сәкен Сейфуллин атындағы агротехникалық университетттің грантына түстім. Мен келген қала - Целиноград еді. Сол кезде балаша қуанғаным әлі есімде. Кері Моңғолияға кету деген ой мүлдем болған жоқ. Керісінше, артта қалған шешем мен әпке - інімді осында көшіріп алудың жолын іздей бастадым. Бірінші курсты бітіріп, Бай-Өлкеге барған соң үйдегілерді көшуге көндірдім. Осылай бәріміз 1993 жылдың күзінде сол кездегі Көкшетау облысы, Шоқан Уәлиханов ауданы, Ақбұлақ ауылына келіп қоныстандық.  Міне, бәрі осылай басталды.

F: Сіз үшін алғашқы жылдары қаншалықты қиынға соқты? Қазақстанда немен айналыстыңыз? Кәсіпті қалай бастадыңыз?

- Әрине, басында оңай болған жоқ. Шынында, 90 жылдардың басы өзге елден көшіп келген біз үшін ғана емес, жергілікті халық  үшін де ауыр тигені белгілі.  Дүкендер бос тұрды. Азық-түлік тапшы, ақша жоқ, жұмыс болмады.  Бірақ,  бұның бәріне  көндік, төздік, басқа түскен қиындықты елмен бірге өткердік, елмен бірге еңсеруге тырыстық. Естеріңізде болса, сол кезде «Montana»  джинсилері, «Аdidas» кроссовкалары, Моңғолияның былғары курткалары өте жоғары бағаланатын. Бір куртка - бір сиырға пара-пар еді. Сабақ оқып жүріп, сауданы қатар жүргіздік.  Сондықтан болар, мені курстастарым «бизнесмен» - деп атап кетті. Алайда, арзанға алып, қымбатқа сату жақсы табыс әкелгенімен, бұл  бизнестің баянды болмасына көп ұзамай көзім жетті. Өйткені, менің істегенімді көп адам істей бастады. Жалпы, әр күніміз жанталас еді. Сөйтіп жүріп диплом алдық. Оқу бітірген соң Алматыға аттануды  ойладым. Бірақ, менің бақытыма орай сол жылы Ақмола «Астана» атанды. Көп адам керісінше осында қарай ағылды. Жұмыс іздеп жүріп, бір күні «Интерконтиненталь» қонақ үйіне официант керек деген жарнамаға көзім түсті. Еліміздің бас қаласындағы алғашқы бес жұлдызды  қонақ үйді түріктердің салып бергенін білетін шығарсыздар.  Анадолыдан келген ағайынның талапшыл  екеніне сонда көзім жеткен еді.  Шаршау дегенді ұмытқанбыз, таңғы 4-5- ке дейін банкеттерде қызмет көрсетеміз. Екі жыл өмірім осы қонақ үйдің ішінде өтті. Осылай оның «ішкі кухнясын» жетік меңгердім. Талай тренингке қатысып, ағылшын, түрік тілін үйрендік. Екі жылда бір университет бітіріп шыққандай болдым. Алдағы арманым- ресторан ашу еді. Ал араға жылдар салып, 2000-шы жылы Астанада  «Ұйғыр асханасы» деген кафе аштым. Тамақтану индустриясы өте табысты бизнес екеніне көзім жетті. Жан-жақтан жұмыс бабымен келген «су жаңа астаналықтар» дәмді әрі қолжетімді тамаққа ақшаларын аямайтын. Осылайша табыс артты, іс алға басты, бизнесім кеңейе бастады. Одан кейінгі 5 жылда 5 бірдей тамақтану орнын аштым. Олар негізінен фастфуд желісі, ішінде өзім армандаған ресторан бар.

F: Кез келген бизнес бастапқы капиталды қажет ететіні белгілі. Сіз үшін қаржы мәселесі қалай шешілді. Қолыңызда белгілі мөлшерде ақша болды ма?

- Иә, келісемін, қандай да бір бизнесті бастау үшін инвестиция қажет. Бірақ, менің қолымда үлкен қаражат болды деп айта алмаймын. Кәсіп бастау үшін өзім тұрып келген пәтерімді сатып, тәуекелге баруға тура келді. Бұл баспананы алғаш Қазақстанға көшіп келген кезде үкімет берген болатын, себебі біз атамекенге  арнайы квотамен келдік. Сонымен қатар, банктен қосымша несие алып, жоспарлаған ісімізді бастап кеттік. Бастысы ауыр күндер артта қалды, қазір міне жылдар бойы атқарған еңбегіміздің жемісін көріп келеміз.

F: Ал ауыл шаруашылығына қалай бет бұрдыңыз? Төрт түліктің қайсысымен  айналысасыз? Шаруа қожалығы қалай негізін қалады?

- Иә, бәрі күні кеше ғана басталған сияқты еді. Уақыт шіркін, көзді ашып -жұмғанша зымырап өте шықты. Биыл міне астаналық болғаныма 28 жыл толды. Бас қаламен бірге бізде бірге көркейіп, қанатымызды кеңге жайдық. Кейінірек, ата кәсіп- мал бағуға бет бұрдым. Алғашында бір үйір жылқыдан бастадым. Мал жатқанға емес, баққанға бітеді! Қазақ аман саулықты «мал-жан аман ба» - деп, бастауында терең сыр бар. Қазақтың өмірі осы төрт түлік малмен тікелей байланысты өрбіді. Қанша бабамыз көшіп-қонып жүрсе де, ұрпағын жеткізіп, артынан өшпес мұра қалдырды. Біздің әулетте сондай деп мақтанышпен айта аламын. Бөбей-Қали бабамыздың мыңқырылған жылқысы, табын-табын сиыры, төскейде мыңдаған ұсақ малы болған. Көнекөз қарттардан естігенімді айтайын. Бөбей-Қалидың малы өрістен келіп суатқа тоқтағанда, Шежікті өзенінің сулары тартылып қалатын дейтін. Сол бабамыздың ата кәсібін Қазыбай атам жалғастырды. Өз еліне жомарттығымен аты шықты. Алайда, 1959 жылы конфискация басталып, өкімет бәрін тартып алды. Сонда әкем Байтемірге атамыз көк серкешті алып қалған. Сол серкешті сойған кезде ішінен 5 келі май түседі. Жәй май емес, сары май. Әулетіміздің малын айдап кетсе, маңдайымызға біткен құт қалды деп оны жақсылыққа жорыды. Міне, сол ата кәсіпті жалғастырып келемін. Қазір Ақмола облысында фермам бар, онда 1000  жуық жылқы ұстаймын. Малды бағу, ала жаздай оның жем шөбін дайындау оңай шаруа емес. Қыр қазағы болған соң, көз ашқалы мал көріп, ана қоңыр қозы менікі, ала бұзау сенікі деп өстік. Жалпы, мал бағудың қыр-сырын меңгеріп алдық. Керек кезде қала қазағы, керек кезде қыр қазағы болып өмір сүріп жатырмыз. Қысқасы, еңбек. Еңбек бәрін жеңбек!

F: Тек жылқы ғана бағасыз ба? Әлде қораны кеңейттіңіз бе?

- Үш жылдан бері ақ бас сиырларды бағып келеміз. Бастаған ісіміз жаман емес. Сиырларымыз сүтті. Әр бірі  бір сауғанда 20 литрден береді. Жалпы, малды семіртіп сату менің бизнесім емес. Негізгі мақсатым-сүтін сатып, мал басын көбейту. Биыл  Ақтөбеге барып, сүтті ешкілерді көрдім. Бір литрге дейін сүт береді екен. Оның сүті кез келген ауруға шипа, бойға қуат береді. Енді сол ешкі басын көбейтуді қолға алмақ ойым бар.

F: Болашақ жоспар қандай? Ауыл шаруашылығына инвестиция тарту, инновациялық жобаларды енгізу ойда бар ма?

- Иә, мен тапқан табысымды толығымен ауыл шаруашылығына инвестициялаймын. Бүгін түскен кіріс, ертеңгі күні мал басын, өнім көлемін арттыруға жұмсалады.  Қазір бәсеке заманы, санға емес, сапаға мән беретін уақыт. Сондықтан, біз келешекте технологиямызды жаңартып, инновация мүмкіндіктерін барынша пайдаланып, тек шикізат қана емес, дайын өнім шығаруға баса назар аударатын боламыз. Қымыз, сиыр және ешкі  сүтінің өндірісін жолға қоямыз деген үміттеміз. Тек Қазақстан нарығына ғана емес, Еуразиялық Одақ елдеріне, одан бөлек мемлектетерге экспорттауды жағын қарастыратын боламыз. Бұл үшін әрине, уақыт керек.  Қазір бұл бағытта бірқатар жоспаралымыз бар, оларды уақыты келгенде жария етеміз.

F: Туған жер кімге болсын ыстық. Бай-Өлкені сағынасыз ба? Моңғолиямен іскерлік байланыс бар ма?

- Адам туатын жерін таңдамайды ғой. Алтайдың биік шыңдары, шүйгін шөбі, таза суы қайдан сағындырмасын. Ол жерде әкеміздің басы қалды. Өткен жылы жазда сол әкемнің атына ас беріп, құран бағыштадық. Бай-Өлкеде ат шаптырып, балуан күрестірдік. Ата дәстүрге сай, той жайлауда өтті. Асқа Моңғолия, Қазақстан, Ресей, Қытай және Еуропадағы қандастарымыз келіп қатысты. 50 мың адам келіп астан ауыз тиіп, құранға қатысты. Бірінші палуан мен бірінші шабандозға көлік мінгіздік. Әрине, айтыскер ақындарымызды да ұлықтап, жеңімпазға жеңіл көліктің кілтін бердім. Ол жақтағы қазақтар салт- дәстүрді берік ұстанады. Асқа қатысқан адам 21-ші ғасырдан 18-ге ғасырға барғандай әсер алды. Ұмыт бола бастаған ас беру дәстүрін жаңғыртып, ата-баба аруағын ұлықтадық. Жасыратыны жоқ, бізде адамдар ресторанда отырып тойлауға үйреніп алған. Жайлауға шығып, ашық аспан астында ас беру кенже қалды. Бәрін айтта бірін айт, осындай қазақылықты өз көзімен көрген ұлдарым Қазақстанға үлкен әсермен оралды. Жалпы, осындай рухани және өзіңіз айтқандай  іскерлік байланыс үзілген емес.

F: Отбасыңыз жайлы айтсаңыз. Олар немен айналысады?

- Құдай берген 4 ұлым бар. Әйелім - Әсем сол ұлдардың тәрбиесімен шұғылданады. Інім – Серік дипломат болып қызмет етеді. Әпкем – Сәуле  ресторан бизнесімен айналысады. Әулеттің ақылшысы, бәрімізге жол сілтейтін 65 жастағы анам бар.

F: Қазіргі күн тәртібіңіз қандай? Бір күніңізді қалай бейнелеп берер едіңіз? Жоспарыңызды, идеяларыңызды қалай іске асырасыз?

- Иә, ерте жатып, ерте оянамыз. Кәсіпкер үшін бұл өте маңызды. Жалпы, жанұямызбен сондай тәртіпті ұстанамыз. Таңғы алтыда оянып,  таңғы серуенге шығамын. Әдетте, 60 минут баяу темппен көше аралап, біраз жаттығамын. Себебі, керемет деген идеялардың көбі таңғы серуен кезінде ойға келеді. Өзіңмен өзің оңаша қаласың. Басқа уақытта телефон дамыл таппайды. Қазақ айтады ғой «ерте тұрған еркектің ырысы артады» -деп, меніңше осы сөзді көп қазақтың жігіттері әлі түсіне алмай жүр. Расында, таңғы уақытта «үлкен береке бар». Өйткені, мені жетістікке жетелеген бизнес бастамалардың барлығы дерлік  осындай таңғы серуен кезінде пайда болды. Бір күн ұйықтап, серуендей алмай қалсам бір нәрседен  құр қалғандай сезінемін. Сондықтан, барлық бауырларыма «ерте тұрып, кеш қалмаңдар» -деп, кеңес бергім келеді.

F: Сіз бәрін жоқтан бастадыңыз, мемлекеттен ештеңе сұрамай, алдыңызға мақсат қойып, оған жете білдіңіз. Ал жас бүгінгі буынға, кәсіп бастағысы келетін жастарға қандай кеңес берер едіңіз?

- Кез келген шаруаны сапалы жасау керек. Сонда кез келген істің нәтижесі жақсы болады. Аса маңызды немесе маңызы аз қызмет болмайды. Официанттың өзі бір стакан суды күлімсіреп құйса, отырған қонақ риза болатыны белгілі. Мен сол принципті әлі ұстанып келемін. Адамдармен қарым-қатынаста қарапайымдылықты бағалаймын. Ал қалғаны ретімен бола береді.   

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить
ЧТО НЕ ТАК С СУДОМ НАД БИШИМБАЕВЫМ Смотреть на Youtube